Кеңес оқушысы дегенде көз алдыңызға не келеді?! Қара костюм шалбар мен ақ жейде киген, қызыл галстук таққан шашы қою бұзық баланы елестететініңіз анық қой. Ал біздің ойымызға балалар киносының шедеврі саналған режиссер Константин Бромбергтің «Электрониканың шытырман оқиғалары» фильмі оралады. Кейіннен «Терминатордың балалық шағы» деген лақап атпен белгілі болды. 1979 жылы Одесса киностудиясы түсірген комедиялық мюзикл өзінің әйгілі саундтрегі арқылы көрерменді бірден баурап алды. Кинокартинадағы «Қанатты әткеншек» әнін Елена Шуенкова мен Мемлекеттік академиялық Үлкен театрдың балалар хоры орындайды. Бізге таныс әрі ыстық нұсқасы сол.
Иә, саундтрек кез келген фильмнің айнасы. Оны режиссер жақсы бағамдаған. Әйтсе де атақты сазгер Евгений Крылатовтан ән жазуды өтінгенде, музыкант бірден бас тартады. Оның себебі, «Электронды» деген сөздің тым тұрпайы естілуі еді. Нотаға салуға келмейді. Мұны түйсінген фильм авторы композиторға еркіндік береді. Тек ретро әнші Алла Пугачеваның орындауындағы «Балалық шақ қайда асығады» әнімен рухтас болуын қалайды. Осылайша, екеуі ақын Юрий Энтинге өтініш жасайды.
Десе де, қаламгер ән мәтінінің болашағына сенбеді. Өйткені ол ескі үрдіс бойынша өлең жазуды ұнатпайтын. Оның үстіне бала кезінде тілалғыш болған адамға мұндай мәтін жазу оңайға соқпады. Бұл сәтті композитор Крылатов былайша еске алады.
«Ол әннің сөзін жаза бастағанда, қайырмасына бір буын жетпейтінін түсіндім. Хорға арналған музыка болғандықтан, әртүрлі ырғақтардың желісіне бойлауға мәжбүр боласың. Бәріміз киностудияға барғанда ғана ақын поэтикалық кейіпкерін ойлап тапты. Оған хордағы балалардың қылығы әсер еткен болуы керек», дейді сазгер.
Әйтсе де, қаламгер кейін поэтикалық бейнені өзінің балалық шағынан ұрлағанын жасырмады. Саябақта жасырынбақ ойнап жүрген кездерін еске түсіргенін айтады. Бірақ қызықтың көкесі ол емес. Ең қызығы, кинокартинадағы егіз ағайынды Торсуевтерді әйел дубляждағаны. Актерлердің күлкісінен басқасының бәрі кадр сыртындағы адамдардың еңбегі. Шыны сол, «Қанатты әткеншек» әнін италиялық танымал әнші Робертино Лореттидің даусына салып, 17 жастағы Елена Шуенкова шырқады. Бірақ хормен жұмыс істеу оңайға соқпаған. Хордағы оқушылардың немқұрайлығына қарап, әннің хитке айналарына киностудиядағы мамандардың ешбірі сенбеген екен. Кинодағы басқа әндерден айырмашылығын да байқамаған. Режиссер киностудияның есігін тарс жауып кетіп қалады. Тіпті сазгерге ән үшін ренішін де білдіреді.
Білесіз бе, фильм түсірудің қиындығы неде? Жауапкершілігі тым көп. Музыка дұрыс таңдалмаса, сюжет шынайы шықпауы мүмкін. Әп-әдемі кинокартинаны бүлдіріп алуыңыз да ғажап емес. Әр туындының тасасында кеңестік идеология жатқанымен, шығармаңыз мәңгілік болуы үшін барлық айла-тәсілді пайдалануыңыз шарт. Сондықтан да әннің атқаратын рөлі өте жоғары. Жалпы, Кеңес Одағында шыққан фильмдердің негізгі тірегі көңілде жатталып қалатын әндері. Музыка арқылы оқиғаны әдемі шиеленістіреді.
Енді қараңызшы, 1980 жылы «Электрониканың шытырман оқиғаларының» телевизиялық премьерасынан кейін киностудияға көрермендерден толассыз хат келді. Оған жауап беру мүмкін емес еді. Хаттың басым бөлігі басты кейіпкерлер ағайынды Торсуевтерге арналған. Содан кейін тыңдармандар композиторға алғысын жаудырған. Айта кету керек, негізінде фильмнің саундтрегі керемет әндерге толы. Әр кейіпкердің өзіндік үні мен мотивін тапқан. Тек әткеншек арқылы сол дәуірдің дауысын жеткізген Крылатовтың туындысына жетпейді.
Шыны керек, Кеңес өкіметі тарапынан 1988 жылға дейін фильмді насихаттаудан бас тартты. Себебі кино ішінде «Сен адамсың» атты композиция билікті шошытқан. Ән мәтіні халық арасында коммунистік партияға қарсы наразылық тудыруы мүмкін деген пікір қалыптастырды. Жалпы, Крылатовтың қай әнін алып қарасаңыз да философиялық түйткіл тұрады. Алып державаға деген наразылық жатыр. Бұл сол уақытта өзі қатарлы өнер майталмандарының бәрінде болған жағдай.
Кеңес Одағының ыдырауына санаулы жылдар қалғанда кинокартина ел ішінде кеңінен таралды. Бұл комсомол мен пионер болған түлектерді қанаттандыруға бағытталған бетбұрыс болуы да мүмкін. Дегенмен де, «Қанатты әткеншек» әні композитордың есімін ел ішінде асқақтатты. Көп ұзамай режиссер Крылатовқа телефон соғып, кешірім сұрайды. Бромберг елдегі барлық мейрамханаларда айтылатын динамикалық әнді армандағанын мойындайды.
Иә, қызығы да сол, композитор мейрамханада отырғанда үнемі «Қанатты әткеншек» әніне тапсырыс беріп, Бромбергке қоңырау шалады екен. Телефон тұтқасын көтерген режиссер туындыны соңына дейін тыңдап, көңілі босаған. Бұл үрдіс қос таланттың бірі дүниеден озғанға дейін жалғасқан.
Бала күнімізде музыка пәнінің мұғалімі «Қанатты әткеншек» әнін қайта-қайта айтқызатын. Сөйтсек өзінің балдәурен күндерін сағынады екен ғой. Ал қазір, қайта оралмас балғын шақтың бет-бейнесі сол әнді тыңдаған сайын кинолентадай біздің де көз алдымызға келеді. Сол алаңсыз арман қуған мезеттер қанатты әткеншек секілді аспанда қалықтап жүргендей...