28 Ақпан, 2014

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кәсіпкерлерді қолдау туралы Мәлімдемесі

313 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
27-02-01.9 Қымбатты қазақстандықтар! Құр­метті кәсіпкерлер! 27 ақпанда мен еліміздегі кә­сіп­керлік қызметтің дамуына қажетті жағдайларды жақсарту жө­ніндегі түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Мен 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге мораторий жариялаймын. Мен қазақстандықтардың бизнес жүр­гізуіне қажетті жағдайды әрі қарай жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдауды жүктедім. Бақылау қызметі саласында: Біріншіден, жоспарлы тексеріс тәжі­ри­бесінен бас тартамыз. Мемлекеттік органдар менің Әкім­шілі­гіммен келісе отырып, объективті, әлемдік та­лаптарға сай тексерістерді анықтау жүйе­сін әзірлейді. Бұл жүйе бойынша, 2015 жылдың 1 қаң­та­рынан бастап тек шынымен де заңды бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлер тексе­рілетін болады. Егер кәсіпкер заңның барлық талаптарын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлдем бармауға тиіс! Екіншіден, тексерісті жүргізу форматы кәсіп­керлерге қойылатын барлық артық талаптарды алып тастайтындай етіп, түбегейлі қайта қаралады. Нәтижесінде талаптардың жалпы саны 30 пайыздан артық мөлшерге азаяды. Ол үшін Үкімет барлық тексеріс жүргізу рег­ла­менттерін қайта қарауы қажет. Үшіншіден, тексерістерге балама ретінде үшінші тұлғаның алдында ерікті түрде сақтандыруды заң жүзінде бекіту қажет. Төртіншіден, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерін жою ресімі оңайлатылады. Бұл – елдегі барша тексерулердің үштен бірі. Бесіншіден, Бас прокуратура Ұлттық кә­сіп­керлер палатасына бизнеске қатысты тек­серістер жөніндегі ақпаратты қолжетімді етеді. Бұл тексеруші органдардың жұмысын ашық ете түсіп, қоғамдық мониторинг тиім­ділігін қамтамасыз етеді. Рұқсатнама ресімдері саласында: Біріншіден, рұқсатнамаларды беруді автоматтандыру аяқталады. Олардың кемінде 140 түрі электронды форматқа көшеді. Екіншіден, құрылыс саласындағы ресім­дер қыс­қартылуы тиіс. Бұл бағытта айтарлықтай кедергілер бар. Мен Үкіметке жер телімдерін беру және оларды пайдалану мақсатын өзгерту ре­сім­дерін, сонымен қатар, құрылысқа рұқ­сат беру және инженерлік жүйелерге қосу ресімдерін 50 пайызға азайту туралы тапсырма бердім. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жер телімдерін ресімдеу мерзімі 30 күннен аспауы керек. Институттық-заңнамалық салада: Біріншіден, мемлекеттік органдардың тиімсіз, қолайсыз және өзектілігін жоғалтқан актілерінің күші жойылатын болады. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың тұрғындарға қызмет көрсету жөніндегі ішкі ресімдері де қайта қаралады. Осы жылдың 1 маусымына дейін Үкімет ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, тиісті заңнамаларға толық ревизия жасауы тиіс. Екіншіден, бизнеске ыңғайлы болуы үшін Кәсіпкерлік кодексінің жобасына кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу жөніндегі заңдардың барлық нормалары шоғырландырылуы тиіс. Үшіншіден, Экономикалық ын­ты­мақ­тастық және даму ұйымы елдерінде қа­был­данған реттеуші ықпал қағидаты заңдық тұрғыда бекітіледі. Төртіншіден, Қазақстанда жаңадан Биз­нес-омбудсмен институты құ­ры­лады. Оның басты міндеті – кәсіпкерлердің құ­қығын қорғау. Мен атап өткен шаралар заңнамалық өзгерістерді талап етеді. Үкімет: 2014 жылдың 1 сәуіріне дейін рұқ­сат беру және хабардар ету мәсе­ле­­лері жөніндегі заңның жобасын; 2014 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кә­­сіп­керлік қызметке қажетті жағдайды түбегейлі жақсарту жөніндегі заңның жобасын; 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін өзін өзі реттейтін ұйымдардың қызметі мәселелері жөніндегі заңның жобасын Парламентке енгізуі керек. Құрметті қазақстандықтар! Кәсіпкерлікті, әсіресе, шағын және ор­та бизнесті дамыту – «Қазақстан 2050» Стра­те­гиясының ең басты міндеттерінің бірі. Менің Жарлығымды жүзеге асыру Қазақстанда кәсіпкерлік қызметті дамытуға қажетті жағдайларды түбегейлі жақсартуды қамтамасыз етеді. Бұл – бизнес жүргізіп отырған әрбір қа­зақстандыққа нақты көмек. Кәсіпкерлердің жұмысына қажетті жағ­дайды ұдайы жақсартып отыру әрқашан да мемлекеттің басты назарында болады. Бұл – Қазақстанның әлемдегі барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жо­лын­дағы тағы бір маңызды қадам. Осы шара және кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен қаражат бөлу экономикамыздың өсуіне, жұмыс орындарының көбеюіне, барша қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы­на серпін береді деп сенемін. ----------------------------------------- Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.