Руханият • 23 Қараша, 2021

Сен маған шарфыңды бер

540 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ,

Мойныңа жұқа алқызыл шарф байлап ап,

Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,

Алыстан тұрдың көз қарасыңмен аймалап.

Қазір оқығандарыңыз жарықтық Жұма­тай Жақыпбаевтың жұрт жатқа айтып жүр­ген жыры. Иә-иә, меңді сұлу Ләйләға арнал­ған. Шіркін-ақ дерсіз... Бірақ біз бүгін Ләйлә жайлы емес, Ләйлә таққан алқызыл шарф туралы айтқымыз келеді. Сұлудың сұңғақ мойнына оралған түрлі-түсті лентадай құл­пырған матада несі бар екен ақынның...

Сен маған шарфыңды бер

Шынымен де, несі бар екен ақынның... Ал біздің онда неміз бар дейсіз ғой!? Жас қыздың суықтан қорғану үшін емес, сән үшін таққанын шайырдың өлеңінен-ақ аңғаруға болады. Көзге оттай басылған сол әдемі матаның тарихын тарқатсақ па деп отырмыз. Бұдан кейін оған Ләйләнің не қатысы бар деп көріңіз...

Шарф не болмаса галстук болсын, бұ­лар – адам өмірінде эстетикалық рөл атқа­ратын ерекше дүниелер. Олардың байлану тәсілдерінде, түр-түсінде, формасында, сан алуандығында өзіндік мән-мағына жатыр. Бірі білсе, бірі білмес, галстук безен­діру құ­ралы болса, шарф суыққа тоңбау үшін арналған зат. Кейінгі уақытта оның сән­дік бұйым ретінде маңызы артып, үлкен подиумдарға шыға бастады.

Осы тұстан артқа шегінейікші. Қытай им­ператоры Хуан Дидің қабіріндегі жа­уын­герлердің әйгілі терракоталық мүсін­ші­леріне назар салыңызшы. Онда ұзын ора­малдардың алғашқы прототиптерін көруге болады. Жауынгерлер мойындарын сұлулық үшін емес, суық пен желден қорғау үшін жапқан. Оңтүстік Италиядан солтүстікке, яғни Гер­манияны, Галлияны, Англияны жаулап алу үшін аттанған римдік легионерлер мойындарына осындай ұзын орамал ораған. Мәселен, Траянның колоннасында мойындарына орамал байланған сарбаздардың бейнелері сөзімізге дәлел бола алады. Римдіктер бұл киімді fokale деп атаған, латын тілінен аударғанда «фокус» – ошақ деген мағынаға саяды. Мұны тек әскери жорықтарда ғана емес, сонымен бірге денсаулығын сақтау үшін суық күндерде де пайдаланған екен.

Ренессанс дәуірінде «мойынға арналған киім» өз функциясын кеңейтті. Ханым біт­­кеннің шкафы жұқа орамалға толды. Тіп­ті бірте-бірте жеңіл матадан жасалған жо­лақ орамалдар иыққа дейін созылып жат­ты. Кейіннен «горжетка» (фр.«gorge» – «та­мақ») деген атпен белгілі үлбір орамалдар пайда болды. Оларды жануарлардың тері­сінен жасады. Мұны 1805 жылы жазылған француз суретшісі Жан Огюст Доминик Энгрдің «Мадемуазель Ривьердің портреті» атты ­кар­тинасынан байқауға болады. Ол аз де­сеңіз, италиялық суретші Франческо Пар­мид­жа­ниноның «Антея» туындысы не­гіз бола алады. Горжеткалар әдемі не жы­­лы ғана емес, қыз-келіншектердің шаш үл­гі­сімен және көйлектерімен сәй­кес­тендіріліп тігілетін болды. 1676 жылы «палантин» деген атпен тағы бір түкті шапанша пайда болды. Оны неміс курфюсті Пфальцтың әйелі сәнге айналдырды. Иығын толығымен жауып тұрған бұлғын терісінен жасалған керемет жамылғы әлемді бірден өзіне баурап алды. Арулар мерекелік кештерге палантин киіп баруды мақтан тұтты.

Палантиндер мен горжеткалардың XIX ға­­сырдың басында танымалдылығы тіп­тен арта бастады. Әйелдер иығы ашық көй­лектермен осындай шарф тектес ұзын ора­малдарды мойындарына орай бастады. Дегенмен де оның себебі басқада еді. Қыс келгенде тамағына суық тиіп, бойжеткендер әртүрлі сырқаттарға шалдыға бастады. Сондықтан арулар тамағын қорғайтын қолайлы аксессуар осылар деп таныды. Сөйтіп, XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында горжеткаларға ұқ­сас мойын­орағыштар қайтадан сәнге айнал­ды. Фран­цияда оларға «боа» деген жа­ңа атау берілді. Латынша «боа» – су жы­ланы. Сонымен бірге олар тек жүннен ға­на емес, құс қауырсынынан да боа жасай бас­тады. Ұзын боаларды әдетте үлкен ха­ным­дар кисе, ал жас әйелдер алдыңғы жа­ғы­нан атласты лентамен байланған қыс­қа үлпілдек шарфпен тамақтарын жауып жүрді. Қауырсынды боа сәні Бірінші дүние­жүзілік соғыстың басталуымен аяқталды. Бүгінде бұл экстравагантты киімді негізінен телеарнадағы шоу хабарлардан көріп қа­луы­ңыз мүмкін.

Жүнді боаларға келетін болсақ, 1960 жыл­дардағы «жастар төңкерісіне» дейін сән­нің символы ретінде қала берді. Мейрамха­на­ға не театрға барған сұлулар сырт киімін шеш­кенімен, кешкі көйлектің үстіңгі жағына оралған боаларды өздерімен бірге қалдырды. Мәселен, «Көктемнің 17 сәті» фильміндегі мойынына өте күлкілі манипуляция жасаған математиктің сүйікті­сін есіңізге түсіріңізші. Осы көріністен-ақ аңғаруға болады. Міне, осылайша, қытай жауынгерлерінің мүсінінен бастау алған үлбір орамалдар палантин мен горжеткаға телініп, бертінде боаға ұласып, XVIII ға­сырдың соңында шарфқа айналды.

Орыс халқы шарфты бастапқыда мо­йын жылытқыш ретінде қарастырды. Ал әскери­лер таққан жылы белбеу немістің Scharpe, поляктың Szarfo сөзінен шық­қан, яки «әс­кери белбеу» деген мағынаны білдіреді. Мұ­ны Петр I енгізген екен. Со­дан кейін бұл жұқа белбеу офицерлік шен­нің белгісі ре­тінде иықтан жамбасқа де­йін киетін күміс түсті мата жолағына өзгерді. Павел I бұл әдет-ғұ­рыпты жоюға тырысқанымен, офи­цер­лердің жарлары әрі қарай сәнге айналдырып әкет­ті. Айтпақшы, сіз сол ұзын шарфтың орыс­тың ұлы ақыны Сергей Есениннің сүйік­тісі Айседора Дунканның ажалына себеп­кер болғанын білесіз бе? Балеринаның мойын­орағышы көлік дөңгелегіне оралып, иесін тұншықтырып өлтірген. Мұндай да жайт­тар кездеседі. Әйтсе де, шарф ғасырдан ғасырға аттап, өз биігінен еш уақытта түскен емес.

Шарф тағуға келгенде әйелдерден ерлер де қалыспайды. XIX ғасырда ашық түс­ті жұқа жібек матадан тігілген қысқа ора­малдар әлемге кеңінен таралды. Оған, әсі­ресе, революционерлер қатты қы­зық­ты. Сол кезеңде сондай жұқа да шы­рай­лы шарфтар «еркін ойлаудың» бел­гісі ре­тінде сипатталды. Қарапайым жұмыс­шы­лар да шарф тағуды жөн көрді. Се­бе­бі жей­десінің жағасын таза ұстауға мо­йын­­орағыштардың септігі тиді. Оның функ­ция­сы күннен күнге артты. Белгілі бір ұйым­ның не қоғамдастықтың эмблемасы ре­тінде де қызмет атқарды. Ағылшын жа­бық мектептері мен университеттерінде сту­денттердің деңгейін бағамдау үшін ака­де­­миялық шарфтарды пайдаланған. Бұл тұс­та атақты Гарри Поттердің киімі еске түседі.

Егер де дейміз-ау, жыр қағаны Жұматай Жақыпбаевтың Ләйләға арнаған осы бір өле­ңін оқымасақ бұл мақала жазылар ма еді, жазылмас па еді. Алқызыл шарф­ты ай­тып отырып, хәл-қадірімізше оның шежі­ре­сін тарқатуға тырыстық. Қазақтың та­ғы бір аяулы ақыны Кеншілік Мырзабек «Тү­біт бөкебай тартқан ботам-ай» деп ару­дың жанарынан жыр өретіні бар. Бізді де шабыт­тандырған сол сұлудың көзқарасы мен мойнына үйлесе қалған шарфы еді. Сосын ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мына бір өлеңі.

Сен маған шарфыңды бер,

шарфыңды бер,

Сыйыңа сый жасаймын, нарқымды көр,

Қарызыңды мың есе қайтармасам,

Шапалақпен жағымнан тартып жібер.

 

Сен маған шарфыңды бер,

шарфыңды бер,

Сырдың желі мойнымды

шарпып жүрер,

Алатаудың арда өскен тентегімін,

Қайырымды құрбыңның нарқын білер...

Сол айтайын дегеніміз.