Тәуелсіздік • 24 Қараша, 2021

Тәуелсіздікті әлемге танытқан қазақ күресі

805 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы шілде айында ұлттық спорттық бірегей жоба «Қазақстан барысы» турниріне бес жыл толған дүбірлі жарысқа бастан-аяқ қатысып, тәуелсіздік жылдары жаңаша бағыт алып, байырғы халықтық болмыс-бітімін сақтай отырып, заманауи жаңғыру арқылы дамып келе жатқан қазақ күресі жайлы толымды ой толғаған болатын.

Тәуелсіздікті әлемге  танытқан қазақ күресі

Қазақ күресін ЮНЕСКО мойындады

Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ұлттық күресіміз жайлы: «Бұл біздің халқымыз­дың дәстүрлі күрес өнері. Ауылдағы балалар ежелден күреспен шұ­ғылданып, өз машықтарын жетіл­дірген. Әкелер өз балаларына күрестің амал-тәсілдерін үй­реткен. Мен бұл жарысты толық қолдаймын. Болашақта жарыстың одан әрі дамитынына, ал оның қазіргі қатысушыларының арасынан Балуан Шолақ, Қажымұқан сияқты қазақтың көптеген ұлы балуандарының даңқты жолын жалғастыратын спортшылар шы­ғатынына сенімдімін. Турнир халықаралық деңгейге шығып, құрлықтық және олимпиадалық ойындар бағдарламаларының бір бөлшегіне айналады, еліміздің атын шығарады деп үміттенемін. Бұл – халық үшін үлкен мереке. Біздің жастарымыз саламатты өмір салтын ұстануға тырысып, денсаулығын жетілдіруі тиіс. Соның арқасында мемлекетіміз бен қоғамымыздың негізі мықты болады» деген еді.

Осы орайда, әңгімені әуелден бастасақ, еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап, қазақ күресі өзіндік жаңа жолымен дами бас­тады. Мемлекет тарапынан дене тәрбиесі және спорттың елімізде кең дамуына арналған заңнамалар мен шешімдер қабылданды, қаржы­лық көмек-қолдау өсе бастады, жаңадан спорт мектептері ашылып бұқаралық спортқа жол ашылды. Сондай-ақ қазақ күресінен ел чемпионаты мен кубогы, халықаралық және республикалық турнирлер, Азия, Әлем біріншіліктері, халық­аралық жарыстар өткізіліп балуандарды даярлау сапасы артты.

Сонымен қатар тәуелсіздік жылдары Республикалық қазақ күрес федерациясы, Халықаралық қазақ күресі федерациясы және Дүниежүзілік қазақ күресі федерациялары құрылды. Өткен жылы бұл федерациялардың басын біріктірген Qazaq kuresi ассоциациясы құрылды. Ассоциацияның басты мақсаты – қазақ күресін халықаралық дәрежеде дамытып насихаттау және бұқаралық спорт ретінде кең жол ашу екені анық.

Бұл жерде атап өтерлік үлкен қуаныш­ты оқиға – қазақ күресі 2016 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік материал­дық емес мұралар тізіміне енгізілді. Қазір­гі таңда қазақ күресін халықаралық спорт түрі ретінде 40-қа таяу мемлекет толық мойындап отыр.

«Қазіргі кезде қазақ күресін елімізде және халықаралық дең­гейде бұқаралық спорт түрі ретінде дамыту арқылы аза­мат­­тардың, ұйымдар мен спорттық және қоғамдық өмірдің басқа да субьек­тілері арасында әлеуметтік, мәде­ни, спорт­тық, шығармашылық, іскер­лік қарым-қа­ты­настарды нығайту мақса­тында, сон­дай-ақ осы күрес арқылы жастар­дың бойында отансүйгіш қасиетті қалып­тас­тыруға ықпал ету, қазақ күресі­нің ғылым ретінде зерттелуіне мүмкін­дік туғызу» дейді Qazaq kuresi ассо­циа­ция­сының басқарушы директоры, Қазақ­стан Республикасына еңбек сіңір­ген жат­тықтырушы Ербол Қуантайұлы мырза.

 Қазақ күресіне серпін берген жоба

Жоғарыда айтқанымыздай, тәуелсіз­дік жылдары қазақ күре­сінің жаңа саты­ға көтеріліп, заманауи сипат алуы­на һәм спорттық сайыс ретінде кө­рер­мендердің көзайымына айналуына әсер еткен «Қазақ­стан барысы» турнирі. Бұл жобаны негіз­деу­ші ұлтжанды тұл­ға – Арман Шораев. Бұл азамат бұқара­лық ақпарат құралдарына бер­ген сұхбат­та­рында, аталған идеяны моң­ғол ұлт­тық күресінің мирастық негізі­нен ал­ға­ны жайлы айтып жүр. Демек, бұл ұлт­тық жобаның арғы тегі байырғы көш­пен­ділер мәдениетінде жатқаны анық. Өйт­кені моңғол күресінің түп-тамы­ры біздің дәуірімізден екі мың жыл бұ­рын­ғы ғұн бабаларға тән екені баяғыда анықталған.

Уақыт өте келе, «Қазақстан бары­сы» жобасы қазақ күрес балуандарын елі­міздегі табыс­ты спортшылар қа­тар­ына қосып, күрестің кәсіби спорт түрі дең­гейіне көтерілуіне жол ашты. Республикада «Әлем барысы», «Еура­зия барысы», «Жас барыс», «Халық барысы», «Әскер барысы» сияқты маңызды турнирлер өмір­ге келді. Барлық облыста қазақ күресі спортшылары­ның саны мен сапасы артты, балуандар­дың әлемдік үлкен спорттық сайыс­тарда кү­ресу­леріне мүмкіндік жасалды.

Ең бастысы, Қазақстан Республи­касы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың жүлдесі үшін қазақ күре­сінен «Қазақстан барысы» республи­калық турнирі 2011 жылдан бастап жыл сайын тұрақты өтіп келеді. Биыл бұл турнир Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 30 жылдығы, Қажымұқан Мұң­айт­пасұлының 150 жылдығын мере­ке­­леу және ұлттық спорт түрлерін д­амы­­ту арқылы саламатты өмір салтын қа­лып­тастыру, жас­тарды ұлттық спорт түр­­лерімен шұғылдануға тарту арқылы олар­дың бойында отансүйгіштік сезім­ді қа­лып­тастыру мақсатында ұйым­дастырылды.

 Qazaq kuresi ассоциациясының Спортты дамыту директоры Бақдәулет Сәбитов: ««Қазақстан барысы» турнирі бұқаралық сипатқа ие болып отыр. Соңғы төрт жылда қазақ күресімен шұ­ғыл­данатын азаматтардың саны 30 мың­нан 130 мың­ға жетті. Телеаудитория Қазақ­станда 6 мил­лионға жетіп, әлем бойын­ша жар­ты мил­лиардтан асты. Ал бесінші турнир­ге әлем­нің 126 елі куә болды. Бұл турнир­ді кеңі­нен насихат­тау нәтижесінде ұлттық күрес­ке қызы­ғу­­шы­лар қатары өсіп келеді. Жыл санап жобаның қарқыны күшейіп, көрер­­мендердің саны артуда. Осы жылдар арасында жобаға ауыл, аудан, облыс деңгейінде 100 мыңнан астам балуан қатысты. Әр жылы турнирді 9 мыңнан астам жанкүйер, 8 миллионнан астам көрермен тамашалауда», дейді.

Қазақ күресінің болашағы қандай?

Тақырыптағы сұраққа келсек, бола­шақта қазақ күресі сөзсіз дамиды. Өйткені Елбасы жо­ғарыда «Мен бұл жарысты толық қолдаймын. Болашақта жарыстың одан әрі дамитынына, ал оның қазіргі қатысу­шыларының арасынан Балуан Шолақ, Қажымұқан сияқты қазақтың көпте­ген ұлы балуанның даңқты жо­лы­н жалғас­тыратын спортшылар шығатынына сенімдімін» деген сөзді бекер айтқан жоқ.

Өткен жылдан бастап Елбасы­ның тапсыруымен қазақ күресі мектеп бағдарламасына енгізіліп, осы мақсатта Qazaq kuresi қауым­дастығы мамандары тарапынан қазақ күресінің 100 сағаттық оқу бағдарламасы дайындалды. 2020-2021 оқу жылы қанатқақты жоба негізінде Нұр-Сұлтан қаласында 23 мектепте денешынықтыру пән­деріне қазақ күресі вариативті пән ретінде енгізілді.

Сонымен қатар Qazaq kuresi ассо­ция­циясының жанынан ашыл­ған Qazaq kuresi академиясы тарапынан мектептерде қазақ күресін оқытатын, денешынықтыру пәнінің мұғалімдеріне арнайы семинарлар ұйымдастырылуда. Семинар барысында оқытушыларға «Қазақ күресінің даму бағыты», «Секцияға арналған бағ­дар­­ламамен танысу», «Медициналық сақ­тық­тар мен талаптар» тақырыптарында дәріс оқылып, ұлттық құраманың бас бап­кері бастаған жаттықтырушылар күрес залын­да шеберлік сағатын өткізумен қатар, белдесу ережелері мен сақтық шара­лары тұрғысынан тәжірибелік кеңес­тер берілуде. Алғашында, бұл пән бар бол­ғаны 5 мектепте сынақтан өткізу жос­пар­ланған, алайда, білім саласының маман­дары, мектеп басшылары мен оқыту­шы­лардың өтініші бо­йынша 23 мектепке көбейіп отыр. Нәтижесінде, қазақ күре­сін мектеп бағдарламасы арқылы жас ұрпақтың санасына сіңіретін жүйе қалыптасты.