28 Ақпан, 2014

Шамшырақ

611 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Каким ШаяхметулыӨткен күннен бүгінге жалғасқан өмірдің сан тарау жолына көңіл көзімізбен үңілер болсақ, қазақ ғылымы мен өркениетіне үлкен үлес қосқан ғалым адамның өшпес те айнымас ізіне шиырлап кеп қайта түсіп жатамыз. Бүгінде 75-тің жотасына шыққан ғалым – Кәкім Шаяхметұлы Дүйсембаевтың жүріп өткен өмір жолына, көп зерттеген, зерделеген ғылым жолына аз-кем назар аударғымыз келіп отыр. Кәкім Шаяхметұлының бала­лық шағы Ұлы Отан соғы­сының елге салмақ салған ауыр тұсында өтсе де, оны өмір­дің өзі шыңдап, ұлы соқпаққа салғандай. Мектеп жасынан-ақ ересектермен бірдей еңбекке араласқан Кәкім Шаяхметұлы өгіз айдап, жер жыртыпты. Заманның таршылығына қарамастан, тырмысып жүріп білім алыпты. Өзі құралпы балалардың ішінде алғыр да зерек, өнерпаз әрі үлгілі шәкірт болса керек. Соны­сынан шығар, есейе келе тың және тыңайған жерлерді игеру ұраны көтерілген тұста қайнаған еңбектің басынан алғашқы тракторшы болып та табылып жүргені. 1956 жылы Тахтаброд орта мек­тебін ойдағыдай аяқтап шыққаннан соң С.М.Киров атын­дағы Қазақ мем­лекеттік уни­верситетінің экономика факуль­тетіне оқуға түседі. Ол кезде Одақ бойынша соғыстың ауыр зардабын жеңу үшін ел экономи­касына білімді мамандар ауадай қажет деген қағида қалыптасқан еді. Қашанда халқының бір кетігін жамауға асығатын Кәкім аға үлкен мақсатты алды­на қойып, көптің тісі бата бермейтін экономика са­ла­­сын терең зерттеуге, толайым зер­делеуге бел буады. Сөйтіп, 1961-62 жылдары университетті ерек­ше белгімен бітірген үлгілі шә­кіртке мұғалімдері мен тәлім бер­ген ғалымдар тарапынан осы бі­лім ордасының аспирантурасында білімін ұштай түсуге ұсыныс жа­салады. Білімнің тұңғиығына сүң­гіген Кәкім Шаяхметұлы бір жо­ғары оқудың белесіне шығумен шек­телмей, кейінірек Алматы халық ша­руашылығы институтының аспирантурасына да түсіп, аса күрделі экономика саласының ғылыми негіздеріне дендей берді. Ыждаһатты ізденіс пен телегей-теңіз еңбекқорлықты ту ете жүріп сол жылдары Кәкім аға өзінің өмірлік серігі Күләш Өтебаевамен көңіл жарастырады, әулеттің алтын қазығын бірге қағып, жарқын болашаққа бірге аяқ басады. Бүгінде немере сүйіп, қазы­на­лы қария болып отырған ғалымның өмір жолындағы қайталанбас әрі өшпес ізі экономика ғылымында ғана емес, халықтың сауатын ашу, білімді ұрпақтың санатын көтеру һәм ел мен елді, ұлт пен ұлтты жарастыру ісінде де сайрап жатыр. Аспирантураны бітірген соң Кәкім Шаяхметұлы Қазақ КСР Ор­та және жоғары білім беру ми­нистрлігінің жолдамасымен Ха­лық шаруашылығы институтының бух­галтерлік есеп және шаруашылық қызметін талдау кафедрасына ас­сис­тент болып қабылданады. 1966 жылы профессор М.Бутиннің же­тек­шілігімен кандидаттық диссер­тациясын қорғап, 1971 жылы КСРО Жоғары аттестация комис­сия­сы оған доцент ғылыми ата­ғын бер­ді. Одан кейін 1975-1979 жыл­дар аралығында Кәкім Дүйсем­баев КСРО Жоғары білім беру ми­­нистр­­лігінің жолдамасымен Моңғол Халық Республикасындағы мемлекеттік университеттің экономика факультетінде дәріс оқыды. Ол кісінің жан-жақты зерттелген ғылыми лекцияларынан моң­ғол­дың бір буын білікті экономист ма­мандары сусап шықты десек, қа­те­леспеген болар едік. Мем­ле­кет­тердің экономикалық саясаты, халықтар достығы, келешекте әлем­дік экономиканың ұстанар бағыты секілді күрделі тақырыпты қозғай жүріп, Кәкім аға сол кездегі моңғол жеріндегі қызу өмірдің де бел орта­сы­нан табыла білді. Ғылымды үй­ре­ту ісінде танбай еңбектенген қа­зақ ғалымының жанкешті еңбегін ес­керген Моңғолия өкіметі оны «Най­рамдал» («Достық») медалімен марапаттады. Сырт елдегі азаматтық бо­ры­­шын абыроймен атқарып келген Кәкім Шаяхметұлы Алма­ты халық шаруашылығы инсти­ту­тының бухгалтерлік есеп және ша­руашылық қызметін талдау кафедрасының доценті, есеп-экономика факультетінің деканы, өнеркәсіптегі бухгалтерлік есеп пен шаруашылық қызметін талдау кафедрасының меңгерушісі секілді бірқатар жауапты қыз­меттердің басында болды. Ел­ді­гі­міз есепке түсіп, ұлттың басына түскен ауыр сын – 1986 жыл­ғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ жастарын қудалап, әсіресе, студенттердің соңы­на шам алып түсіп жатқан кезде де Кәкім Шаяхметұлы декан бола тұрып өзінің студенттерінің ал­дағы өміріне үлкен алаңдау­шылықпен қарай білді. Алаңға шығып көзге түскен әрбір шә­кір­ті үшін шырылдап жүріп көптеген тағдырлардың күйреп кетуіне жол бермей, жойдасыз ауыр сынға кеудесін тос­ты. Ол жайлы Кәкім ағадан бі­лім нә­рін алған әрі желтоқсан оқи­ға­сының қаһарманы, бүгінде Па­р­ламенттің мінберінен елдік­тің сөзін айтып жүрген депутат Нұртай Сабильянов: «1986 жыл­дың желтоқсаны, қазақ санасын серпілткен ұлы қозғалыс көптеген жастың өмірін бұзып, талай тағдырды басқа арнаға салып кетті. Міне, осы ауыр кезеңде жастардың бұлқынысын үлкен адамгершілік жүрекпен түсініп, әрбір ұл мен қыздың тағдыры үшін араша болған, жаны ауырған және өз халқының тағдыры үшін шынайы қам жеген бір кісі болса, ол сол кездегі фа­культет деканы, қазіргі таңда ка­федра меңгерушісі Кәкім Шаях­метұлы Дүйсембаев деп біле­мін. Кәкім аға менің ғана емес, әрбір қазақтың жүрегіне жа­қын жан», деп еске алады 1996 жылы Желтоқсан оқи­ға­сының 10 жылдығына орай шы­ғарылған «Намыс найзағайы. 1986-желтоқсан-1996» атты кітапта. Заманның суық желімен ар­палыса жүріп ғылыми із­денісін, шәкірт тәрбиелеу, жас мамандарға тәлім беру ісін тоқтатпаған ғалым мойымады. «Орнында бар оңалар» деп, шүкір, еліміз егемендікке қол жет­кізген жаңа кезеңде Кәкім Шаях­метұлы тәуелсіз ел­дің тұғырын бекіту міндетіне өз білімімен де, білі­гімен де үлес қосты. Ол 1995 жылы Шот­­ландия төралқалық бухгал­терлер институтының шақыртуымен Эдинбург, Глазго қалаларында болып, өзінің ғылыми санатын тағы бір деңгейге көтеріп қайтты. Кәкім Дүйсембаев елімізде ең алғаш құрылған аудит қызметінің де бастауында тұрған адам. Қазақстан Республикасындағы аудиторлық қызмет тура­лы заңның жасақталуына қаты­сып, аяғынан енді тұрып келе жатқан жас мемлекеттің ал­ғашқы тәуелсіз аудиторлар буынын тәрбиелеген. Сол үшін де Қазақстан Республикасының алғашқы аудиторларының бірі ретінде мәртебелі атақ та берілді. Жаңа мыңжылдықтың басында Кәкім Шаяхметұлы экономика ғылымдарының доктор­лығына үміткер ретінде «Қар­жы басқару ісіндегі аудит және сараптама», «Теория және методология», «Қаражат, қар­жы айналымы және несие», «Бухгалтерлік есеп, аудит және шаруашылық ең­бектің бақылауы мен сараптамасы» атты бірнеше ғылыми ең­бек­терді жария етіп, диссертация қорғады. 2001 жылы ҚР Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен экономика ғылымдарының докторы атағы, ал 2002 жылы экономика саласындағы орасан еңбегі үшін профессорлық ғылыми атақ берілді. Өнегелі ғалымның аты да, хаты да келешек ұрпаққа жол көрсетер шамшырақтай жарқырай беретіндігі ақиқат деп сенеміз. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.