28 Ақпан, 2014

Баспанаға қолжетімділік артпақ

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев селекторлық режімде кеңес өткізіп, онда «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жайы мен перспективалары туралы» 2012 жылғы 7 желтоқсандағы парламенттік тыңдаулар қорытындысы бойынша берген Парламент Мәжілісінің ұсынысын орындау жөніндегі мәселелер қаралды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Кеңес жұмысына Праламент Мәжілісінің депутаттары, орта­лық атқарушы органдардың бас­шы­лары, облыстар, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері қатысты. «Тұтастай алғанда, тұрғын үй құрылысы мәселелері бойынша сая­сат халық үшін тұрғын үй қол­же­тім­ділігін одан әрі арттыруға бағыт­талатын болады», деді Б.Сағынтаев. Парламент Мәжілісінің ұсы­нысын орындау бойынша қабыл­данған шаралар туралы Өңірлік даму вице-министрі С.Нокин сөйледі. Ол «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы шеңберінде табысы төмен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, эко­ном-санатты шағын үйлер салу мен пайдалану туралы ше­шім қабылданғанын, сондай-ақ қар­жылық құрал сипатында халыққа тұрғын үй жинақ жүйесі немесе одан әрі сатып алу құқығы бар ұзақ мерзімді жалға алу арқылы мүм­кіндік берілетінін айтты. Кеңес барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Д.Назарбаева бүгінгі күнге ұсыныстың 70 пайы­зының орындалғанын, қалған мәсе­лелер бойынша Үкіметтің тиіс­ті жұмыстарды жүргізіп жатқа­нын атап өтті. Сонымен бірге, Д.Назарбаева инвесторларды әлеуметтік үйлер салуға, сондай-ақ үлгілік әлеуметтік нысандар жобаларын дайындауға ынталандыру қажеттігіне назар аудартты. Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министрдің бірінші орын­басары мүдделі мемлекеттік орган­дарға және облыстар, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағ­дарламасын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, Б.Сағынтаев «халық үшін аса маңызды осынау мәселені бірлесіп талқылау тиімді шешімдер қабылдау үшін өте пайдалы, дей келе, парламенттік тыңдаулар қо­ры­тындылары және басқа да маңыз­ды мәселелер бойынша ұсыныс­тар­дың орындалуы барысын бір­лесіп талқылау үрдісін одан әрі жал­ғастыру тиімді», деп атап көрсетті.