Аймақтар • 26 Қараша, 2021

Қоқыс өңдеу зауытының құрылысы қарқынды

397 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күнделікті тұрмыста пайдаланатын полиэтилен пакет, пластмасс бөтелкелердің табиғатқа төндіріп тұрған зиянын білеміз. Біле тұра шашамыз. Қоқыс контейнерлеріне түскен полиэтилен қалдықтар да полигонда жайрап жатады. Ұйытқыған желмен қала аспанында қалықтап жүретінін де көзіміз шалған. Бұдан былай бұл көріністен біржола арылатын шығармыз. Олай дейтініміз, Өскеменде қоқыс сұрыптайтын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Зауыт іске қосылғаннан кейін тұрмыстық қалдықтардың 30 пайызы қайта өңдеуге жөнелтіліп отырады.

Қоқыс өңдеу зауытының құрылысы қарқынды

Қоқыс полигонының кешені Өске­менге таяу жердегі 4,2 гектар аумаққа салынып жатыр. Оның құрылысымен рес­публика бойынша қалдықтарды жи­нау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жаратуды ұйымдастырушы «ӨКМ Оператор» компаниясы өкілдері таныс­тырған-тұғын. Қазіргі уақытта ғима­раттың іргетасы құйылып, коммуни­кация жүргізілді. Алғашқы аппараттар орнатылды. Грекияның SABO компа­ния­сының құрылысшылары металл конструк­циядан жасалған корпусты мон­таждау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– Жұмыс кестеге сәйкес атқары­луда. Ендігі кезекте электриктер, бағ­дар­ла­машылар келіп жұмысты жалғас­тырады. Олар қоқыс сұрыптауға арналған аппараттарды іске қосады, – дейді жоба менеджері Костас Соламадис.

Мамандардың айтуынша, кешен іске қосылған соң жылына 100 мың тон­наға дейін тұрмыстық қалдықтар сұрып­талады. Зауытқа келген қоқыстың пакеті арнайы машинада ашылады. Содан ке­йін төрт адамдық кабинада өңдеуге жарамсыз ірі қалдықтар қолмен алынып тас­талады. Одан әрі барабан сепараторда ұсақ, ірі қалдықтар електен өтеді, баллистикалық сепараторда қалдықтар тойтарылады, магнит сепараторда қара металдар іріктеледі, құйын ток сепа­ра­­торында алюминий металдарды сұрып­тайды, оптика сепараторында қалдықтар сәуле арқылы жеке-жеке (мысалы, қағаз, пластик, целлофан) бөлінеді де соңғы кезең – нығыздауға жіберіледі. Бұл бө­лімде сұрыптаудан өткен қалдықтар жи­налып, бункерге сақтауға қойылады. Қойма толғанда қалдықтар нығыздалып, пакеттеледі де өңдейтін зауыттарға жө­нелтіледі.

Автоматтандырылған Sabo брендінің жабдықтары Грекиядан 1,35 млрд тең­геге сатып алынып, қала әкімдігінің балан­сына берілмек. Ресми мәліметтерге сүйенсек, автомат жабдықтарды бас­қаруға отызға жуық адам жұмысқа алы­нады. Одан бөлек төрт-бес адам күзет­ші ретінде жұмыспен қамтылмақ.

Қазірдің өзінде Өскеменде тұрғын үй аулаларына сары, көк және жасыл түсті қоқыс контейнерлері қойылды. Әрқайсысының сыртында қандай қал­дық­тарды тастау керегі тайға таңба бас­қандай етіп жазылған. Сары контейнер қағаз, пластик қалдықтарға, көк контейнер шыны ыдыстарға, ал жасыл контейнер тамақ қалдықтарына арналған. Ендігі кезекте халық түсініп, түйсініп қалдықтарды сұрыптап тастаса игі.

– Экологиялық ахуал әлемде ушығып тұрғандықтан, қоршаған ортаны таза ұстап, табиғи өнім тұтынғанымыз жөн. Егер тұрғындар қалдықтың бәрін бір контейнерге салса, жоба жұмысына айтулы кедергі келтіреді. Айта кетсек, әр кон­тейнердегі қоқысты әртүрлі жүк көлігі зауыт­қа жеткізіп тұрады, – деді «ӨКМ Опе­раторы» компаниясының дирек­торы Медет Құмарғалиев.

Оның айтуынша, тұрғындардың макулатура, пластик, шыны және металл қалдықтарын қоқыс өңдеу зауытына тапсырып, табыс табуға да мүм­кін­діктері болмақ. Елімізде қағаз, шыны қал­дықтарды өңдейтін зауыттар бар. Бірақ олар шикізатқа зәру көрінеді. Сондықтан зауыт жұмысы қай жағынан болсын, тиімді болары анық. Қалдықтың 30 па­йызы өңделсе, қалған тағам қалдықтары өңдеуге жарамайды. Олар қолданыстағы полигонға тастала бермек. Келесі жылдары қоқыс өртейтін зауыт салынуы мүм­кін. Демек екі-үш жылдың ішінде өскемендіктер үшін қоқыс полигонының қажеті болмайды. Рас, қалада қоқыс полигонының мәселесі көп жылдан бері шешімін таппай келген. Ендігі кезекте табиғатты таза ұстау мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобаға халық болып атсалысу керек.

 

ӨСКЕМЕН