Спорт • 26 Қараша, 2021

Есенкелдіні еске алды

726 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбеде грек-рим күресінен 2002-2004 жылдары туған жастар арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ескенкелді Батырғаринді еске түсіруге арналған дәстүрлі турнир өз мәресіне жетті. Бұл жарыста еліміздің бірқатар аймақтары мен көршілес Қырғызстаннан келген балуандар бақ сынады.

Есенкелдіні еске алды

Небәрі 24 жыл ғұмыр кешкен ер мінезді Есенкелдінің есімі жан­күйерлердің есін­де. 1971 жылы Ақтөбе облы­сындағы Шал­қар қаласында туып-өскен ол Ал­матыдағы Қа­жымұқан атындағы спорт мектеп-интернаты мен Қа­зақ­­­тың дене шынықтыру және спорт институтында ше­­берлігін шыңдады. Әри­­не, тоқсаныншы жыл­дар­дың басында бұл ба­луан­ның боз кілемде жасын­дай жар­қылдағаны барша­мыз­дың жадымызда. Аса жеңіл сал­мақта күрескен қол­тоқ­пақ­тай ғана қазақ жігіті жас­өс­пірімдер ара­­сындағы әлем біріншілігінің күміс жүл­дегері атанып, қырағы бапкерлердің назарына ілікті. Содан кейін-ақ ересектер дуына еркін қосылып, талай дүрмекте дара талантымен оқшауланды.

1

1990-1991 жылдары Ба­тыр­ғарин Әлем және КСРО кубок­­тарының иегері, КСРО ха­­лықтары спартакиада­сы мен Бүкілодақтық универсиа­даның жеңімпазы, Одақ чем­пионатының күміс жүлдегері атанды. Басқа да дүбірлі додаларда топ жарды. Бір ға­жабы, аса дарынды балуан бұл белестердің барлығын 20 жасқа жетер-жетпес ша­ғында-ақ ба­ғындырды. Жал­пы, Есенкелді грек-рим кү­ресінен Ақтөбе өңірінен шыққан тұңғыш ха­лықаралық дәрежедегі спорт шебері еке­нін де айта кетуге тиіспіз. Ара­да 20 жыл өткен соң ғана Ас­қат Құдайбергенов пен Әсет Әділов сол деңгейге жет­се, бүгінгі таңда әлем чем­­пионатының күміс және қола жүлдегері, құр­лықтық жарыстарда сан мәрте жеңіс тұғы­рына көтерілген Мей­рам­­бек Айнағұлов атой салып жүр. Ақтөбелік балуандардың осы жарқын жеңістерінің алтын бас­тауында қыршын кеткен Есен­­келдідей азаматтың тұр­ғанын кейінгі ұрпақ ұмыт­пауы керек. 

– Есенкелдінің екпініне қарап, көпшілік «Келешекте ол Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында топ жаруға тиіс» деп топшылады. Бірақ адамның айтқаны емес, Алланың бұйрығы болады екен. Нарық қыспаққа алған тұста отбасын асырау үшін досым үлкен спорттан қол үзіп, түрлі кәсіптің тұтқасын ұстады. Араға екі жылдан аса уақыт салып, тұрмыстық жағдайы түзелген соң боз кілемге қайта оралды. Келген бетте Қазақстан чемпионы атанды. Бұл – 1994 жыл еді... Содан Атланта Олимпиадасында атой салсам деп армандады. Басқа да байрақты бәсекелерде қазақ­тың туын биікте желбіретуді аңсады. Бірақ ол жоспарлары жүзеге аспады. Нағыз жалындап тұрған шағында досым із-түзсіз жоғалып кетті, – дейді кезінде Батырғаринмен бірге күрескен досы әрі жерлесі, белгілі спорт комментаторы Аспандияр Есенжолов.

Осыған дейін Есенкелді Батыр­ғаринді еске алу турнирі Шалқарда ұйымдастырылып келген еді. Кейінгі кезде ол облыс орталығында өтіп жүр. Биылғы бәсекеде Бір­лескен кү­рес әлемі (UWW) ұйымының талабына сай 10 салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті медаль сарапқа салынды. Бұл жарыста Қыр­ғыз­стан құрамасы командасы мүшелерінің даярлығы өте жоғары деңгейде екені анық байқалды. Алатаудың арғы жағынан келген балуандар бас жүлденің үшеуін олжалады. Олар – Разақ Бай­шекеев (63 кг), Әбдіғазиз Ас­қарбек (67 кг) және Жеңіс Жұ­мабек (87 кг). Ал қалған сал­мақтарда талдықорғандық Ербол Камалиев (55 кг) пен Дамир Тұрсынов (82 кг), Есет батыр колледжінің түлегі Диас Сайлауов (60 кг), қа­ра­ғандылық Олжас Ерғали (72 кг), қостанайлық Диас Жә­лелов (77 кг), жамбылдық Те­мірбек Ертілеу (97 кг) және шым­­кенттік Нұртас Қыдыр­бай (130 кг) алтын тұғырға көтерілді.