Қазақстан • 26 Қараша, 2021

Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пункттерінің мәртебесі өзгереді

788 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мемлекеттік шекарада орналасқан автомобиль өткізу пункттерінің мәртебесін өзгертуге қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пункттерінің мәртебесі өзгереді

«2019 жылғы 7 қарашада Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ресей Федерациясының Көлік министрлігі арасында қазақстан-ресей шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмыс істеуі жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасына қол қойылды», деп хабарлады Асқар Мамин өз жауабында.

Оның айтуынша, бағдарламада Қазақстан-Ресей шекарасына өтудің 5 жеңілдетілген пунктінің мәртебесін өзгерту қажеттілігі туралы мәселені пысықтау бойынша іс-шаралар көзделген (Казталовка (БҚО) – Фомин (Саратов облысы), Молодость (БҚО) – Жоғарғы Басқұншақ (Астрахан облысы), Балқұдық (Атырау облысы) - Харабали (Астрахан облысы), Жиренқопа (Ақтөбе облысы) - Первомай (Орынбор облысы), Әйтеке би (Ақтөбе облысы) – Союзное (Орынбор облысы).

«Осыған байланысты Қазақстан - Ресей жұмыс тобы құрылды, олар аталған жеңілдетілген 5 өту пункті бойынша бірлескен көшпелі тексерулер жүргізді, қорытындысы бойынша екі елдің көлік ведомстволары министрлерінің орынбасарларының басшылығымен бейнеконференция өткізілді», деп атап өтті Премьер-министр.

Бейнеконференция барысында Ресей тарапы 5 жеңілдетілген өткізу пунктінің мәртебесін екі жақты өткізу пункттеріне келесі себептер бойынша ауыстырудың орынсыздығы туралы хабарлады:

  • Қарқындылығы төмен (тәулігіне 60 адамға дейін және 30-ға дейін жеңіл автомашина өтеді);
  • Өткізу пункттеріне қойылатын талаптарға сәйкес келтіру үшін қосымша қаржы қаражаты қажет;
  • Екі ел арасында 2025 жылға дейін жаңғыртуды талап ететін басым 25 өткізу пункті бар;
  • РФ шекаралас облыстарының әкімшілері қолдау көрсетпейді.

«Сонымен қатар, 2020 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысының 22 - хаттамасына сәйкес тараптарға «Жәнібек» - «Виневка» және «Орда» - «Полынный» өткізу пункттерінің мәртебесін «екіжақты» - «көпжақты» етіп өзгерту мәселесін пысықтау тапсырылды.

Бұл ретте, тірі жануарларды Батыс Қазақстан облысының Ауыл шаруашылығы аудандарына жеткізуді жеңілдету мақсатында Ресей тарапына «Жәнібек» - «Вишневка» және «Орда» – «Полынный» өткізу пункттерінің мәртебесін өзгерту жөнінде сұрау жіберілді, оларды жаңғырту Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарының шеңберінде 2020 – 2025 жылдар кезеңіне (тиісінше 2023 – 2024 жж.және 2024 – 2025 жж.) көзделген», деп түйіндеді А. Мамин.

Тараптар аталған жоспарға 2021 жылдың соңына дейін қол қояды деп күтілуде. Жоғарыда аталған тармақтардың мәртебесін Ресей тарапымен өзгерту жөніндегі жұмыс жалғасуда.