ҚОҒАМ ҰЙЫТҚЫСЫНА АЙНАЛҒАН ҰЙЫМ
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын (ҚХА) құру туралы Жарлығы шыққанына 19 жыл толды. Осыған орай кеше Бейбітшілік және келісім сарайында аталған айтулы күнге байланысты салтанатты жиналыс болып өтті. Оны Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов ашып, жүргізіп отырды. Жиналысты ашқан кіріспе сөзінде Ералы Лұқпанұлы Ассамблеяның 19 жылдағы тарихына қысқаша шолу жасады. Осы уақыт аралығында Ассамблея дамудың үш кезеңінен өтті. Біріншіден, ол қоғамдық ұйым ретінде орнықты, екіншіден, құқықтық негіздерін қалыптастырды және үшіншіден, конституциялық орган мәртебесін иеленді. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемдік өркениет таныған, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің тұғырлы тұрағына айналған институт, деді Е.Тоғжанов. Қазір ол – 800-ден артық этномәдени бірлестіктердің басын біріктіріп, халық дипломатиясының шынайы органына айналған азаматтық қоғамның бірегей институты. Осылай деген Төраға орынбасары ҚХА-ның қоғамдық келісімнің негізінде еліміздің саяси тұтастығы мен халқымыздың бірлігіне және ұлттық бірлік пішімінде барлық этностық, мәдени, тілдік және конфессиялық көптүрліліктің басын бір арнаға тоғыстыра білгеніне тоқталып өтті. Мұндай бағаны өзіміз ғана емес, шетелдік сарапшылар да беріп отыр. Ассамблеяның конституциялық мәртебесі, оның президенттік басқару вертикалына үйлескендігі Елбасының халықтың біртұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған саяси ерік-жігерінің мызғымайтындығын көрсетеді. Сонымен бірге, Ассамблеяға саяси партиялармен қатар, Парламентте өкілдік алуына конституциялық негізде кепілдік берілуі – оның жалпы ұлттық мүддені көздейтін саяси емес орган ретіндегі салмағын көрсетеді, деді Е.Тоғжанов. Келесі кезекте шешен Төле бидің: «Береке мен байлық бірлігі мықты елде ғана болады. Берекелі ел ғана болашағын болжай алады», деген аталы сөзін ауызға алып, Елбасының биылғы Жолдауында жарияланған Мәңгілік Ел ұлттық идеясы – Қазақстан келісімі келісті, берекелі ел болған соң ғана жарияланып, халқымыздың болашағына бағдар, ұрпағына міндет пен үлкен мақсат болып отырғанын атап өтті. Мәңгілік Ел идеясы – Қазақ елі үшін заңдылық, себебі, бұл – қазақ халқының мыңдаған жылғы тарихынан, Тәуелсіздік жылдары жүріп өткен жолынан, бүгінгі нақты істер арқылы қол жеткізген жетістіктерінен туындаған ұлттық идея, деді Ассамблея Төрағасының орынбасары. Е.Тоғжанов келесі кезекте Мәңгілік Ел – бұл біздің ортақ құндылықтарымыз, әділетті және өркендеген елде өмір сүруге деген ұмтылысымыз, біздің ортақ үйіміз – Қазақ елінің көркеюі екендігін атап көрсетті. Бүгінгі күні еліміздің барлық өңірлерінде Елбасының Мәңгілік Ел идеясын талқылаулар жүріп жатыр. Қазірдің өзінде еліміздің 9 аймағында Президенттің бастамасын талқылаған көрнекті шаралар өтіп, онда барлық әлеуметтік топтар өкілдері патриоттық актіге қолдау білдірді. Елбасының осы идеясын бойға сіңіру, оны жан-жақты байыту – бүгінгі күні барша қоғам мен Ассамблеяның алдында тұрған міндет. Президенттің қоғамдық келісім мен ұлттық біртұтастықты нығайтуға бағытталған бұл міндеттерін орындаудан ешкім де шет қалмайды. Мәңгілік Ел болу үшін Қазақстанның Тәуелсіздік құндылықтарын нығайта беруіміз керек. Екіншіден, деп жалғады сөзін Төраға орынбасары, еркін, өркендеген елде өмір сүру үшін аянбай еңбек етуге тиіспіз, үшіншіден, жарасымды бірлігіміз арқылы қасиетті қазақ жерінде парасатты қоғам орнатуымыз керек. Мәңгілік Елдің жеті қағидасының бірі – қоғамдағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, ал олардың ұйытқысы Елбасы Н.Назарбаев құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы екені даусыз. Біз бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арнап, бір жыл бойы жүргізілетін «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» атты мега-жобаны іске асыратын республикалық акция бастағалы отырмыз. Былтыр мұндай шара аймақтық деңгейде бүкіл республиканы қамтыған болатын. Онда барлығы 483 шара өткізілген, соның 9-ы фестивальдар, 16-сы концерттер, 13-і конференциялар мен дөңгелек үстелдер, 22-сі кездесулер, 23-і акциялар және т.б. Бұл шаралар барлығы 1,5 млн.-дай адамды қамтыды. Осылай дей келіп, Ералы Лұқпанұлы биылғы жылғы мега-жоба Ассамблеяның қол жеткізген табыстарын қоғамдық санаға сіңіруді жалғастыратынын және Президенттің ҚХА-ның ХХ сессиясында жүктеген жаңа міндеттеріне орай оның ел дамуындағы жаңа рөлін көрсететінін назарға салды. Барлық жұмыстар облыстарда, еңбек ұжымдарында, жоғары оқу орындарында, ұйымдар мен мекемелерде болады, деді ол. Одан әрі осындай шаралардың шеңберінде былтырғы жылы этномәдени бірлестіктердің атқарған бірнеше нақты жұмыстарын атап өтті. Соның ішінде Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданындағы Баскөл ауылындағы татар этномәдени бірлестігінің мүшелері барлық тұрғындарға ұйытқы болып, 1 мың түп ағаш отырғызған. Ақтөбе облысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде бөлінген 5 млрд. 600 млн. теңгеге 1241 әлеуметтік жоба іске асқан. Ақмола облысында 730 млн. теңгеге 47 әлеуметтік жоба жасалған және т.с.с. Сөзінің соңында Е.Тоғжанов Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын лайықты тартулармен қарсы алу қажеттігі туралы айтты. Осыдан кейін сөз салтанатты жиналысқа қатысушыларға берілді. Алғашқы болып сөз Ассамблея мүшесі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, халқымызға танымал ақсақал Мырзатай Жолдасбековке берілді. Ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елдегі жағдайды еске алды. «Қуанған да, қорыққан да бірдей» дегендей, елдің есі шығып кеткен жылдар еді ол. Неше түрлі митингілер, шерулер, ақылға сыймайтын қозғалыстар болды. Соның бәріне төтеп бере білген Елбасы елдегі тыныштықты да сақтай алды. Мемлекеттің түпқазығы етіп ол халықтың бірлігі мен ынтымағын атады. Сөйтіп, осы саясат біздің негізгі ұлттық саясатымызға айналды, деді М.Жолдасбеков. Одан әрі ол Президенттің сол саясатты іске асырудың негізгі амалы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құрғанын еске алып, іс жүзінде мұның дана шешім болғанын жеткізді. Осы, халықтың бірлігі мен татулығының арқасында Қазақстанның өркендеп келе жатқанын айта келіп, ол ынтымағы ыдыраған елдердегі зобалаңдарды да ауызға алып өтті. Алысқа бармай-ақ қазіргі Украинада болып жатқан оқиғаларды алайықшы. Елдің тыныштығы бұзылып, экономикасының тұрақтылығына нұқсан келді. Сондайды көріп отырып, тыныштықтың бағасын білесің және халықтар арасындағы татулықтың ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты ұйымды құрған Президентке риза боласың. Бұл ұйым, түптеп келгенде, кіші Біріккен Ұлттар Ұйымы міндетін атқаруда, деді ол. Болгар этномәдени бірлестігінің төрағасы Олег Дымов сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы мен ықпалын атап айтты. Ассамблея еліміздегі ең қиын-қыстау кезеңде, көше толы толқыған, ертеңіне алаңдаған адамдардың сеңдей соғылысқан кезінде үлкен тапқырлықпен өмірге келген ұйым болды. Көптеген саяси пайдакүнемдер ұлттық, тілдік мәселелерді жалаулатып, елдің тыныштығын бұзып, өздеріне ұпай жинап жүрген кездерде Ассамблея дұрыс жолды сілтей алатын ұйым екенін көрсетті, деді. Одан әрі ол Ассамблеяның елдегі тұрақтылықты сақтау жолында атқарылған істердің ұйытқысы болғанын санамалап берді. Сөз кезегі өзіне тигенде Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов Елбасының Мәңгілік Ел ұлттық идеясына тоқталып, соның ішінде қазақ тілінің маңызын арттыру мәселесі туралы айтты. Жаһандану заманында ел болып сақталудың басты нысанының бірі ретінде қазақ тілінің айтылуы – жүрекжарды сөз. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды деп айтты Президент. Осыған қол жеткізуге алғышарт жасайық, деді депутат. Бұдан кейін де бірнеше шешен сөз сөйледі. Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтов өзінің өлеңін оқыды. Жиналыс барысында Қазақстан халқы арасындағы татулық пен тыныштыққа сіңірген еңбегі үшін Астанадағы Мемлекеттік орыс драма театрының директоры Еркін Қасенов пен немістердің «Возрождение» қоғамының төрағасы Игорь Бергке Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі тапсырылды. Жиналыс қорытындысында Ассамблея Төрағасы Н.Назарбаевты ұйымның құрылған күнімен құттықтаған хат қабылданды. Салтанатты жиналысқа Ассамблея мүшелері, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар басшылары мен қоғам қайраткерлері, журналистер, этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысты. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Мен жақында 90 жасқа толдым. Бұл өмірде көргенім де, түйгенім де аз емес. Менің замандастарым Ұлы Отан соғысы майданында есейді. Соғыста біз ұлтымыздың кім екенін сұрамайтынбыз, себебі, біз бір үйдің балалары – бауырлар сияқты бір-бірімізді жаудың оғынан сақтап қалуға әрқашан дайын болатынбыз. Мысалы, мен басқарған взводта тоғыз ұлттың 20 шақты өкілі жауға қарсы бір адамдай шығатын. Ешкім біреудің артында жан сауғалаймын деп тіпті ойламайтын да еді. Міне, сол қандықол майдандас достарымыздың басында біз достықты өмір бойы дәріптейміз, халықтардың ең биік жеңісі – бірлік пен келісімді өмір бойы қорғаймыз деп ант бергенбіз. Себебі, Ұлы Отан соғысындағы жеңіс – ол бірліктің арқасында жеткен жеңіс! Мұны ешқашан ұмытпау керек. Сондықтан, 1995 жылы Президенттің Ассамблея құру туралы ұсынысын мен қызу қолдадым. Бұл туралы Елбасы одан да бұрын, 1992 жылы Тәуелсіздігіміздің 1 жылдығына арналған, елімізде алғаш рет өткен Қазақстан халқының І форумында айтқан болатын. Биыл, міне, сол Ассамблеяның құрылғанына 19 жыл толып отыр. Бұл институт еліміздің қоғамдық-саяси алаңында өзінің нақты бағытын айқындап, орнын бекітіп алды. Ассамблея, Елбасының төрағалығы арқасында Қазақстанның тұрақты дамуына өз үлесін қоғамдық келісімді сақтау, халықтың өзара сыйластығын арттыруға бағытталған жұмыстары арқылы қосып отыр. «Береке басы бірлікте» екенін әрдайым қайталап отыруымыз керек. Қазақстан сияқты алдына биік мақсат қойған ел, Мәңгілікке бет алған ел өзінің қалыптасқан достық ниетін Ассамблея сияқты құрылым арқылы басқа да елдерге тарату керек. Сондықтан, мен Ассамблеяға өзімнің жасымды тілеймін. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы қашанда біздің ауызбіршілігіміз бен келісімімізге байланысты. Ұлтты сүюдің үлгісі болып отырған Елбасымыз ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелей берсін! Қазақстан әлем тарихына бейбітшілігімен, келісімімен, жарасымды достығымен енсін! Елбасының өміршең идеяларын іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері аянбай еңбек ететіні сөзсіз. Леонид ГИРШ, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН АУЫЛЫММЕН МАҚТАНАМЫН
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Қазақ жері – бір шетінен екінші шетіне дейін құс қанаты талатын ұлан-ғайыр кең өлке. Жерінің кеңдігі сияқты, халқының да пейілі кең. Елімізді мекендейтін ұлттар мен ұлыстар саны 130-дан асады. Қазақстан – түрлі этностардың құт-мекені. Олар мұнда көп уақыт бұрын келген және олардың келуіне түрлі жағдайлар себеп болған. Қоныс аударып келгендерді жергілікті қазақтар, қай ұлт екеніне қарамастан, достық көңілмен қарсы алды. Қолда барымен бөлісті. Түрлі этностардың көршілестігі олардың мәдениетінің дамуына да оң әсер етті. Бір-бірлерінің мерекелеріне қатысу, әдет-ғұрпымен танысу еліміздегі этностардың мәдениетін байыта түсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елімізде тұрақтылық орнаған. Бүгінде елімізді мекендеген этностардың барлығында этномәдени бірлестіктер құрылған. Сонымен қатар, Қазақстан аумағындағы кейбір көпсанды ұлттар тілінде мектептер ашылып жұмыс істесе, бірқатарының тілінде газеттер шығып, радиохабарлар таратылады. Кейбірінің ұлттық театрлары да бар. Нақты айтқанда, елімізде этностар тілінде 11 газет шығарылып, 12 тілде радиохабарлар беріліп тұрады. Бүгінгі егемен Қазақстанның көпұлтты халқы болашаққа деген ізгі сеніммен өмір сүріп, жаңа құлшыныстарға ұмтылып отыр. Өз денсаулығын қорғап, саламатты өмір кешуге де талпыныс танытуда. Сөйтіп, жеке басы мен отбасы бақытын сақтай отырып, жаңа қоғамымыздың беріктігі мен жасампаздығын арттыру үстінде. Павлодар облысындағы, Лебяжі ауданының Тілектес ауылы да көпұлтты. Яғни мұнда неміс, украин, белорус, молдаван, орыс, ингуш, мордва, болгар – барлығы тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бірінің қызығын бірі тойлап, қоян-қолтық араласуда. Бұл ұлттардың барлығы Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеруге келіп, осы жерде қалып қойған. Қазақпен етене араласқаннан кейін барлығы қазақтың әдет-ғұрпын, дәстүрін жақсы біледі, тіпті, арасында қазақша сөйлегенде қазақтың өзін жаңылдыратындары да бар. Әсіресе, жасы 80-ге келген Паулина апайды ауыл қазақтары қазақшалап Бәтима дейді. Ол кісінің жұбайы қазақ, бірақ ол дүниеден ерте өткен. Сондықтан жеті баланы апамыздың өзі асырап, бағып-қағып өсірген. Бәтима апамыз үнемі қазақша сөйлейді, тілекті де керемет айтады. Сонымен бірге, айт мерекесінде үстелінен үнемі шелпек айырылған емес, бауырсағы да өте дәмді. Мұның өзі қазақ халқымен қатар, оның дәстүрін де сыйлаған емес пе? Сол сияқты Магомед ағайымыздың ұлты ингуш, ол да үнемі қазақша сөйлейді. Бізге ең керегі түсіністік пен бірлік қой. Мен өз ауылыммен, онда бір шаңырақ астында ешкімді жатырқамай, жатсынбай ынтымақта өмір сүріп жатқан ауылдастарыммен мақтанамын. Жалпы, өзімнің Отаным – Қазақстанды мақтан тұтамын. Елімізді мекендеген барлық ұлттар ұлтаралық келісімді, азаматтық тыныштықты, рухани бірлікті сақтап, одан әрі нығайта берсін дегім келеді. Мәңгі жасасын! Сабина АЙТҚАЗИНА, Тілектес орта мектебінің 8-сынып оқушысы, «Қаламгер» үйірмесінің мүшесі. Павлодар облысы, Лебяжі ауданы.БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫНДАЙ
Кеңес Одағы тұсында еліміздің «120 ұлттың лабораториясы» деген қосымша атауы болғаны әмбеге аян. «Көп ұлтты» ауылдар да болды. Қиян алыс, қиыр шет – құм ішіндегі Түгіскен-Тоғызкент ауылы (Сарысу ауданы) өзіне сол тұста телінген «интернационалдық» мәртебесіне қазір де шық жуытпай отыр. Грек Савва, түрік Назар, чешен Лем секілді азаматтардың өздері де, ұрпақтары да жергілікті тұрғындармен етене-туыс болып, біржола сіңісіп те кеткен. Олар өткен ғасырдың 90-жылдарында еліміз аумағындағы ұлт шашырандылары тарихи отандарына көш бетін бұрып жатқан тұста да ірге қозғалтпады. Көп жылдар бойы автоклуб меңгерушісі болып қызмет етіп, аудан мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосқан Владимир Эбель Германиядағы туыстары қанша жерден қолқалап шақырса да ықтияр бермеді, мәңгілік мекенін де осы киелі топырақтан тапты. Туған жер, өскен-өнген ортаға, Отанға деген сүйіспеншіліктің, адалдықтың бұдан асқан мысалы қайда бар! Кіндік кесіп, кір жуып өскен жерді сүю, ұлықтау сезімі ойықтық неміс ағайындардың да бойында жетіп артылады. Олардың да біразы тарихи отандарына көшкен. Андрей, Оскар, Альма бастаған топ тарихи отандарына табан іліктірісімен, бұл жақтағы ауылдастарын ұмытпай, түрлі сәлемдемелерін жылма-жыл жіберіп те тұрды. Ауылдықтарға қолдарындағы барымен қарайласқан түрлері ғой! Сол бір ауыр да қиын кезең көбіміздің есімізде. Андрей, Альмалардың айтуымен, олардың ұл-қыздары бұрнағы жылы Ойық ауылына (Талас ауданы) келіп, бір кездегі сыныптастарының үйінде біраз күн ерулеп жатты, ауылды, туған үйлерін аралап көріп, мауқын басып, тәуелсіздік жылдарында ауылдың бүтіндей өзгере түскеніне, тұрғындарының бақуаттылығына көңілдері толды. – Сендер бес-он жылда әбден байып алыпсыңдар. Астарыңда бір-бір жеңіл көлік! Әр сенбі, жексенбіде көкпар, той! Қандай бақыттысыңдар! – деп сыныптастарының өміріне қызыға-қызыға кетіпті олар. Көп ұзамай олардың екі-үшеуінің кері оралғанынан да хабардармыз. Өзге ұлт өкілдерінің, оның ішінде орыс пен немістің еті тірілеу, іскер, техникаға, бірді екі етуге бейім келетіні белгілі. Олардың туған жеріне туын тігіп, ірге қозғалтпай отырғандарының ішінде тұрмысы жүдеулері жоқтың қасында. Эбель қарияның да ұлы Тоғызкенттегі қара шаңырағының түтінін өшірмей, мыңғыртып қой-ешкі өсіріп отыр. Оның да таңдаған өмірлік серігі қазақтың қаракөз бір аруы. Ол әкесіне ұқсап өнер қумады, бірақ. Нәсібін басқа кәсіптен тапты. Бүгінде ауылдағы № 25 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің бас есепшісі. Осындағы орта мектепте оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін жары Айжан Сейдахметова екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Балаларының есімдерін де Рауан, Асылан, Ақерке деп қазақша қойыпты. – Жасым биыл 41-ге қарады. Мен туғанда ауылымызға кезекті гастрольдік сапармен концерт қоюға Сарысудан түлеп ұшқан өнер майталмандарының бірі, танымал биші Байдаулет Сазабеков келе қалады ғой! Соның құрметіне есімімді нағашы атам Байдәулет деп қойыпты. Міне, осылай бір пәсте Байдаулет Владимирович Эбель болдым да шықтым! – дейді ол. Оның бауырлары Геннадий, Роман, Юрий, Мараттар да үйлі-баранды, еліміздің түрлі қалаларында өздері таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етеді. Қазақшаға судай бәрі де, сөйлеп кетсе, қазақтардың өзін сүріндіреді. Осындайда жуықта «КТК» телеарнасынан қалалық бір орыс келіншегінің қазақшаға тілін сындыру үшін ұл-қыздарын жазғы демалысында ауылдағы таныс қазақ отбасыларының қолына беріп қоятынын айтып: «Балаларым жаз бойы таныстарымның үйінде болып, қолқанаттыққа жарап, ширап, шыңдалып қана қоймай, ауыл тіршілігімен танысып, қазақ тілінде сөйлеуді де жап-жақсы меңгеріп қалды», дегені ойға орала береді. Шынында да, ауыл біле білгенге ділді, тілді, дінді түзеудегі басты тәрбиеші де ғой! Тоғызкенттегі Алексей Семеновичтің отбасымен де бұдан он-шақты жыл бұрын таныс-біліс болғанмын. – Е, Леханы айтамысың? Ол қазақпен қазақ болып кетті ғой! Қазақтан еш айырмасы жоқ. Жұбайы Лида екеуі тоғыз бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Лиданың анасы орыс болғанмен, әкесі қазақ қой. Былайша айтқанда, өзіміздің қызымыз! Мына күйеу бала да, жиендер де қазақша сайрап-ақ тұр! – деп сыр айтты оның құдайы көршісі әрі досы Әбдіхалық Сайлыбаев. Кезінде ауданда рентгенолог маман жеткіліксіз болуы себепті Алексей бұл жаққа арнайы жолдамамен келіп, біржола тұрақтап та қалған екен. Сол күні күн кешкіре мал өрістен қайтарда Леха – Алексейдің тоғыз ұлымен «танысудың» сәті түскен. Тоғыз ұл бірдей далаға өріп шығып, кішкентайлары мая шөптің үстінде, ересектері етекте, «мал көздеп» тұр екен. Малсақтығын қоя қал енді! Сәлден соң екі-үшеуі жүз қаралы уақ малды алдарына салып айдап келді. – Көршім малды-жанды. Жүзіктің көзінен өткендей пысық өзі, – деп қойды Әбекең риза пейілмен. Бұл бұдан он жыл бұрынғы жай ғой. Бүгінде Әбдіхалық Тараз қаласына, Алексей Жамбыл ауданының Бесағаш ауылына қоныс аударып келген. Бұрынғы көршілер, олардың балалары әлі де етене, жақын-жуық араласады екен. Айтпақшы, Алексей Семенович бес баласымен қаладағы танымал құрылыс мекемесіне жұмысқа тұрыпты. Бірі краншы, екіншісі жүргізуші, үшіншісі құрылысшы дегендей, «Биномның» біраз жүгін отбасы болып иіндерімен көтерісіп жүрген жайлары бар. Өз ісінің жетік мамандары қай салада да қажет қой. Бір ауылдағы түрлі ұлыс өкілдерінің ортақ үй – Отанымызға, ана тілдерін, салт-дәстүрлерін, өнерін сақтап дамытуға жан-жақты жағдай, мүмкіндік жасап отырған мемлекетке деген сүйіспеншілігі, перзенттік борышқа адалдығы, ұл-қыздарының бойына сіңірген тәлім-тәрбиесі, міне, осындай. Бір қараған кісіге, бір атаның балаларындай, өздері. Баймаханбет АХМЕТ, журналист. Жамбыл облысы.
