01 Наурыз, 2014

Бәрімізде бір Отан, баста бізді, «Нұр Отан»!

7086 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін

СЕНІМІН СЕРІК ЕТКЕН

c88d0b5f294aa4ff217ef0db31281204«Нұр Отан» партиясының 15 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің жер-жерінде азаматтарды партия қатарына салтанатты түрде қабылдау жүргізілді. Кеше «Нұр Отанның» Астана қаласындағы Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те осындай жаңа үлгідегі партия билеттерін 9 азаматқа табыс етті. Олар: Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық-заң универ­ситетінің президенті Мақсұт Нә­рікбаев, Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Бейсенғали Тәжияқов, «ҰлттықБауыржан Байбеклар» АҚ Call орталығының 1 дәрежелі маманы (І топтағы мүгедек) Крис­тина Романова, Алматы облысы әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы Асы­лы Осман, М.Өскенбаев атын­­дағы Маңғыстау облыстық филар­мониясының әншісі Аида Байгелова, Талдықорған ауыл шаруашылығының ұстасы, интернационалист-жауынгер Асхат Қасенов, №6 Хромтау гимна­зиясының бейнелеу өнері мен сызу пәнінің мұғалімі Абзал Құрманов, «Қазхром» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауыты №1 ферроқорытпа пеші цехының көрікшісі Алтынбек Асанов, Теміртаудағы Әлия Молдағұлова атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының дзюдодан спорт шебері Анна Старченко. Жиында сөз алған Б.Байбек: «Бүгін – «Нұр Отан» партиясы үшін үлкен тарихи оқиға. Себебі, біздің партиямыздың құрылғанына 15 жыл толды. Сол себепті, барша­ңыз­ды партияның осындай мерейтойымен құттықтаймын. Өздеріңіз білетіндей, 1999 жылғы 1 наурызда Елбасы бастаған үлкен партия дүниеге келді. Ол «Отан» пар­тиясы еді. Осы жылдардың ішін­де «Нұр Отан» партиясы үлкен саяси күшке айналды. Бү­гінде біздің қатарымызда 900 мың нұротандық бар. Партияны қолдайтын миллиондаған азамат еңбек етуде. «Нұр Отан» партиясы халықпен бірге барлық сындардан, қиындықтардан өтіп, осындай белеске көтеріліп отыр. Елбасы өзінің бір сөзінде «Нұр Отан» партиясы үлкен, нағыз саяси күш ретінде халықты, халықтың күш-жігерін «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған үлкен мақсаттарға жету үшін біріктіру керек екенін айтқан болатын», дей келе, партияның алдындағы басты мақсат –Мемлекет басшысының, мемлекеттің саясатын халықпен бірге, халықтың арасында насихаттау, халықтың күш-жігерін бір арнаға тоғыстыру, бір мүддеге біріктіру екеніне тоқталды. Сондай-ақ, Б.Байбек: «2006 жылы бұл партия «Нұр Отан» деген атқа ие болды, 2007 жылы Елбасы партияның Төрағасы болды. Бүгінде партияның 6 мыңнан астам бастауыш ұйымдары бар. Біздің жұмысымыз негізінен 4 қағида бо­йынша жүргізіледі. Олар: ашықтық, жауапкершілік, нәтижелілік, есеп­тілік. Біз үлкен саяси күш ретін­де өзіміздің партиямыздың арасында пікірталасты, партия­лық ішкі талқылауларды күшей­туі­міз қажет. «Нұр Отан» партия­сының жаңа Саяси доктринасы қалың бұқара арасында кеңінен талқыланып, қабылданған бола­тын. Біздің барлығымыз Қа­зақ­­станның болашағы үшін бір мүддеге жұмылып, алдағы күн­дерге жауапкершілікпен қа­рауымыз керек. Нұрсұлтан Назар­баев жыл басында өткен партия съезінде Қазақстанның негізгі құн­дылықтары мемлекеттік тәуел­сіздігіміз, еліміздің келісімі мен ауызбіршілігі, татулығы, мемлекет экономикасы мен елдің әлеуметтік әлеуетінің жақсаруы екенін атап өткен болатын. Сол себепті біз, нұротандықтар әрдайым бірге болып, халықтың мүддесін бір арнаға тоғыстыруымыз керек», деді. Бұл күні партия Төрағасы бірін­ші орынбасарының қолы­нан осындай жаңа үлгідегі парт­билеттерін алған азаматтар сөз сөйлеп, өз ойларымен бөліс­ті. Мәселен, М.Нәрікбаев жиналғандарды партияның мерейтойымен құттықтай келе, өзінің партия қатарына кіру себебін түсіндірді. «Бұл баяғыдан жүректе жүрген дүние. Ойда жүрген дүние. Маған және мен сияқты басқа азаматтарға биліктің де, мансаптың да қажеті жоқ. Менің «Әділет» партиясынан кеткеніме 2 жылдай болды. Оның себептері үлкен. Себебі, «Әділет» партиясы өзінің көппартиялы жүйедегі миссиясын орындады деп есептеймін. Әрине, үлкен жетістікке жете қойғанымыз жоқ. Бірақ, «Әділет» партиясы көтерген көптеген мәселе «Нұр Отан» партиясының барлық құжаттарында көрініс тапқан. Сондықтан, бұл партияға келу себебім мынадай: менің әлі де айтатын сөзім, халыққа жеткізгім келетін ойым бар екен. Ел ішінде болып жатқан оқиғаларға қатысып, өз пікірімді айтып жүргім келеді», деді өз сөзінде М.Нәрікбаев. Ал А.Осман: «Елбасымыз, пар­тия Төрағасы Нұрсұлтан Н­­аз­ар­­баевтың кешегі Жолдауында айтылған тарихи мәні зор «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын ең бас­ты саяси күш – «Нұр Отан» екеніне көзім жетті. Алдымыздағы осындай ұлы мақсаттарды орындауда сіздермен әрқашан бірге болу үшін халықтың сеніміне, тәуелсіздіктің тірегіне айналған «Нұр Отан» партиясына өтуге бел байладым», десе, А.Қасенов: «Егер, еліміздің ең басты байлығы – біздің көпұлтты үйіміздің бейбітшілік пен келісім мекені екенін айтатын болсақ, онда сол бейбітшілігіміз бен татулығымызды сақтап, нығайтуға атсалысып жүрген ұйымдардың бірегейі – «Нұр Отан» партиясы. Сол себепті, партия қатарына кіру туралы ой туындап, үйдегі отбасы мүшелерімен ақылдаса отырып, шешім қабылдадым», деген сөзін жеткізді. Жаңа үлгідегі партбилет плас­ти­калық карточка іспеттес. Бет жағында партия билетінің нөмірі, азаматтың аты-жөні және оның партияға кірген мерзімі көрсетілген. Ал сырт жағында партия билетінің құпия саны мен республика бойынша тегін хабарласуға болатын call-орталықтың телефоны (2)597850 жазылған. Сондай-ақ, жаңа партиялық билеттер бірыңғай электрондық мәліметтер базасында біріктіріледі, ол мәліметтерді сәйкестендіруге қолайлы және мекенжайыңды ауыстырған кезіңде де оңтайлы, есептілік жүргізуге ыңғайлы, сонымен бірге, партия мүшелерімен қарым-қатынас жасауға жеңіл. Бүгінде еліміздің өзге де аймақ­тарында партияның 15 жылдығына орай, партиялық билеттерді салтанатты түрде табыс ету рәсімдері өтті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».   ________________________________ Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ. ERA_9514

АСТАНАЛЫҚ ФИЛИАЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНДЕРІ

1999 жылдың бірінші ақпаны күні елордадағы Аграрлық универ­ситеттің акт залында қалалық партия ұйымының бірінші конференциясы өтіп, онда қалалық ұйымның басшылық құрамы мен партияның алғашқы съезіне делегаттар сайлағанымыз есімізде. Содан бері арада 15 жыл да сырғып өте шығыпты. Алғашқы жылдары партия қатарына көбірек мүшелер тарту үшін толып жатқан іс-шаралар жүргізген едік. Әр шараға дайындалу, өткізу барысында партияның елдің, қоғамның дамуына қажет жұмыстардан еш қайтпайтынын ісімізбен дәлелдей білдік. Қаланы көріктендіру, ағаш отырғызу, ардагерлер мен қарттарға, мүгедектер мен ауған соғысы ардагерлеріне, сондай-ақ, чернобыльдықтарға көмек­тер көрсету шаралары ар­қылы партияның халықпен етене жақын екендігіне жұртшылықтың көздерін жеткізуге тырыстық. Әр іс-шараның табысты өткеніне қанаттанып, партия қатарына кіруге өтініш берушілердің саны артқанына қуандық. Сәтті жасалған алғашқы қадам­дар қалалық партия ұйымын шыңдап, табыстарға жетелей түсті. Жылдар жылжыған сайын қалалық партия ұйымының іргесі нығайып, партия филиалында тіркелген адамдар саны 3 мыңды құрады. Кейіндеп олардың қатары 6 мыңға таяды. Осылайша, партия филиалы үлкен күшке айнала бастады. Қарап отырсам, осы жылдар партиямен бірге өзімнің де есейген, тәжірибе жинақтаған, елім үшін қызмет еткен табысты жылдарым болған екен. Партияның халық пен би­лік арасындағы үндестікті үй­лес­тірудегі жасаған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Со­ның арқасында халықтың пар­тияға деген сенімі артты. Қо­ғамдық қабылдауларға келіп, өз­дерінің мұң-мұқтаждарын жеткізген қарапайым адамдардың өтініштері партия филиалы тарапынан қолдау тауып отырды. Мысалы, 2008-2013 жылдар аралығында қалалық қоғамдық қабылдауға 45 760 адам келіпті, 34 320 азаматқа құқықтық кеңестер беріліпті. Ал олардың әрқайсысының артында адам тағдыры мен қиналғанда қолдау көрсетуді сұрағандардың проблемалары жатқаны белгілі. Елордамыздың жаңарып, жасаруы, тұрғындар санының өсуі, Астананың «Бейбітшілік қаласы» деп танылуы да осы жылдардың еншісіне тиеді. Қоғамдық қабылдаулар жұмы­сына сараптау жүргізе келе біз көбіне азаматтардың құқықтық сауатсыздығынан қиындықтарға тап болатынына көз жеткіздік. Көп ретте сауатты берілген құқықтық кеңестің өзі мәселені қалай оң бағытта шешудің жолы барлығын көрсетіп, тығырыққа тірелген азаматтарға жөн сілтей білдік. Оларға заңгер партия мүшелері тегін құқықтық кеңестер көрсетіп отырды. Қоғамдық қабылдау жұмыс істеген уақыттан бері атқарылған істің барлығы партияның халықтық сипат алғанын айшықтап берді. Халық шын мәнінде өз мүддесін осындай дәрежеде қорғайтын партияға сенім артты, сондай-ақ, бұл партия әлеуетінің қуатты екенін дәлелдеді. Сондықтан да бүгінде партияның қоғамдық қабылдаулары азаматтардың проблемаларын ойдағыдай шешуге күш салатын және нақты жұмыс істейтін құрылымға айналып отыр. Ирина ПОЛОРОТОВА, «Нұр Отан» партиясы Астана филиалы қоғамдық-саяси бөлімінің консультанты.

12

САЯСИ ҚҰРЫЛЫМ ҚУАТТЫ КҮШКЕ ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?

BV Ertaev 1Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы Бақытжан ЕРТАЕВПЕН әңгіме – Бақытжан Ертайұлы, негізгі тақырып «Нұр Отан» партиясына байланысты бол­ғандықтан, әңгімені партияның қа­лып­тасу жайынан бастағаныңыз жөн болар еді. – «Нұр Отан» партиясының өткен тари­хына назар салатын болсақ, ең алдымен тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы демократиялық үдерістер еске түседі. Сол жылдары елімізде көптеген салаларда реформалау жүріп жатты, саяси  партиялар мен үкіметтік  емес ұйымдар құрылып, жұмыс істей бастады. Ал егемендікке қол жеткізгеніне онша көп уақыт өтпеген елімізге халық мүддесіне  қызмет ететін, күш алып келе жатқан реформаларға қолдау  білдіретін саяси ұйым қажет еді.  Бұл мәселені  өзгелерден гөрі ертерек әрі тереңнен ойлаған адам Президентіміздің  өзі болды. 1999 жылдың қаңтарында  Қазақстан Рес­пуб­ликасының президенттігіне  кандидат­тық­қа ұсынылған Н.Ә.Назарбаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штаб мүшелерінің жиыны өткенінен көпшілік хабардар деп ойлаймын.  Осы жиында  қоғамдық штабтың сайлауалды  қозғалысын  саяси партияға айналдыру жөнінде жақсы идея айтылды.  Елбасы бұл бастамаға қолдау білдіре келіп, партияны «Отан» деп атауды ұсынды. Ал партияның бірінші съезі сол жылдың 1 наурызында өткен еді.  Бұл күн нұротандықтар үшін  ғана емес, бүкіл қазақстандықтар үшін де тарихи күн, тарихи оқиға болып табылады. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші съезде сөйлеген сөзі  сол жылдар үшін саяси партияның қызметінде  бағдарламалық құжат болды. – Саяси партияларды партиялараралық бәсеке шынықтырып, ерекшелендіретіні, көпшілікке танымал ететіні белгілі. «Нұр Отан» құрылған кезден бастап-ақ еліміздегі бірден-бір  саяси күшке айналды. Оның себебі неде? – Партия Төрағасы белгілеген партиялық жауапкершілік «Нұр Отанның» басшылығына ғана емес, оның барлық мүшелеріне зор жауапкершілік жүктеді. Партия мүшелері өздері өткізген акциялары мен іс-шаралары барысында партия көшбасшысының қамқорлығы мен қолдауын шынайы сезініп отырды. Әсіресе, ол еліміздің тарихында алғаш рет партиялық тізім бойынша өткізілген Парламент сайлауында анық байқалды. Нәтижесінде нұротандықтар Парламенттен де, мәслихаттардан да едәуір басым мандатқа ие болып, жеңіске жетті. Сайлаудағы жеңіс партияның қоғам алдын­дағы беделін көтерді, партия мүше­лері­нің қатарын көбейтуге ықпал етті. Өзіне жүк­телген міндеттер мен алға қойылған мақ­сатты орындауға құлшына кірісті.  Пар­тия Төрағасының тапсырмалары мен нұс­қау­ларын басшылыққа ала отырып, еліміздің барлық өңірлерінде партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыруда өзге саяси партияларға үлгі болатын іс-шаралардың ой­да­ғыдай өтуіне ұйытқы болды. Кезінде қоғамдық институттар тарапынан жіберілген кемшіліктерге  байланысты босаңсып кеткен жастар тәрбиесі мәселесі қайта қолға алынды.  Жастардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын және басқа да мәселелерін шешуге, оларға қолдау-көмектер  көрсетуге ерекше назар аударыла бастады. «Жас Отан» жастар қанатының құрылуы соның нақты көрінісі болып табылады. Бүгінде осы жас­тар ұйымы «Нұр Отанның» сенімді ізбасары болып жүр. Осылайша, бастапқы кезде-ақ біздің партия­мыз мемлекеттіліктің нығаюына, қоғамның бірігуіне және азаматтардың мүддесін қорғауға қызмет ететін саяси күш екенін дәлелдеп берді. Көпшілікті береке-бірлікке, ынтымаққа үндеп, бұл ұғымдардың көп этносты Қазақстан үшін қашан да қажеттілігіне  барынша көңіл бөлді. Қазіргі таңда соның жемісін бүкіл қазақстандықтар көріп келеді. – «Нұр Отанның» әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысы жылдарындағы  жұмыстары арнайы тоқталып өтуді қажет етеді деп ойлаймыз. – Әлемдік қаржы дағдарысының қолайсыз әсері сезіле бастағанда да, дағдарыс кезінде де Президенттің тапсырмаларын орындау үшін мемлекет қолдан келгеннің барлығын жасады. Ал партия Төрағасы нұротандықтарды дағ­дарысқа қарсы іс-шараларды жүзеге асы­ру­ға белсене қатысуға шақыра келіп, оны халыққа түсінікті етіп жеткізуді жүктеген еді. Бұлар партияның халықтық тұғырнамасында  көрсетілген. Нұротандықтар сол жылдары  партия алдына қойылған міндеттемелерін толық орындады деп сеніммен айтуымызға болады.  Соның арқасында еліміз қаржы дағдарысынан қиналмай өтті. Елбасы, сондай-ақ, партияның қарауына ел экономикасын дағдарыстан кейін дамыту жоспарының негізгі қағидаттарын да ұсынған болатын. Ол жеті бағыттан тұрды. Партия Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын жүзеге асыруда  көптеген жұмыстар атқарды. Өз кезегінде бұл партияның беделін өсірді, партия халыққа, халық партияға жақын­дай түсті.  Президенттің «Партия бәсекелестік жағдайында халықтың өмірін жақсартуға қабілетті болуға тиіс. Көпшіліктің қолдауына ие болу үшін ол халықтың үмітін ақтауға тиіс» деп атап көрсетуі сондықтан. «Нұр Отан» бүгінде осы үдеден шығып жүр.  Партияның құрылымдары мен белсенділері іске асырған жұмыстарды да ел Президенті жоғары бағалағанына талай рет куә болған едік. – Бақытжан Ертайұлы, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынды. Осы идеяның мәні мен маңызы жөнінде айтып берсеңіз? – Елбасымыз Жолдауында: «Мәңгілік Ел» – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып,  әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді», – деді.  Ата-бабаларымыздың ғасыр­лар бойы тілеген сол арманы ақиқатқа айналды. Мемлекеттік шекарамыз шегенделді.  Бүгінде еліміз кең-байтақ аумаққа ие.  Өткен ғасырларда ата-бабаларымыз осы жерлерді көз алартқан басқыншылардан ат үстінде жүріп, небір шайқастарда найзаның ұшымен,  білектің күшімен қорғап қалғаны тарихтан белгілі. Енді сол аманатты  көздің қарашығындай қорғау бүгінгі ұрпақ пен келешек ұрпаққа бұйырып отыр. Президент атап өткендей, Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. «Мәңгілік Ел» болу идеясын, сондай-ақ, оған қатысты жүзеге асырылатын іс-шаралар ең алдымен халықтың санасынан берік орын алуы тиіс.  Сонда әрбір қазақстандықтың  ел алдындағы, өз халқы алдындағы жауапкершілігі арта түседі. Шығыстан басталған осындай іс-шаралар  қазіргі кезде еліміздің өзге өңірлерінде жалғасын тауып жатыр. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы барлығымызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге, ауызбірлік пен ынтымаққа жұмылдыратын ұран болды десек, қателеспейміз. – Президент «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында Жаңа Қазақстандық Патриотизм елімізді дамытудағы жетістіктердің негізі болып табылатындығын атаған еді.  Енді осы мәселелерге тоқталсаңыз? – Қазақстандық патриотизм – ел азамат­тарының Отан намысы алдындағы зор жауапкершілігі. Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында еліміздің спортшылары Лондон Олимпиадасында 205 елдің ұлттық құрамалары арасында 12-орын алғанын жеке атап өтуі жайдан-жай емес. Себебі, еліміздің Мемлекеттік Туы мен Әнұраны екі жағдайда – Президентіміздің шетелдерге жасаған ресми сапары кезінде және спортшыларымыздың жарыстарда бірінші орын алған кезінде көтеріледі және  орындалады. Міне, осындай салтанатты шараларды көрген, оған куә болған кез келген қазақстандықтың бойында өз еліне деген патриоттық сезім оянатыны анық.  Енді біздер ұл-қыздарымызды, жастарды Жаңа Қазақстандық Патриотизмге тәрбиелеуіміз керек. Сонда еліміздің азаматтары өздерінің болашағына сенімді болады, өздерін өз елінің қожасы ретінде сезінеді. Оның жолын, бағыт-бағдарын Елбасымыз белгілеп берді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». 14-1

ЖЕДЕЛ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫМЕН

Едресов К.Е. 30 кантар«Нұр Отан» партиясының XV съезінде ұзақ мерзімге бағытталған және қоғам мен халқымыздың түсіністігін нығайтудың кепілі болып табылатын жаңа Саяси доктрина қабылданғаны белгілі. Жаңа бағдарламалық құжатта адам, бостандық, бірлік, әділдік, заңның үстемдігі, отбасы және дәстүр сияқты басым бағыттар нақтыланды. Саяси ұйымның 1999 жылғы І съезінде қабылданған бағдарламасында тұжырымдалған міндеттер мен талаптар ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. Партияның негізін қалаушы – Елба­сының басшылығымен ел халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арт­тыруға бағдарланған Тұғырнама өзінің өміршеңдігін талай мәрте дәлелдеді. Адам мүддесіне, олардың қамы мен қа­жет­тіліктеріне қызмет ету, азаматтармен үзбей үнқатысу жүргізу – партия­ның халықты қолдауының басты көзі. Сондықтан халық қалаулылары атанған нұротандықтар азаматтарға нақты көмек көрсетуді айнымас қағидатқа айналдырған. Бұл орайда тұрғындармен сайлау учаскелерінде кездесу, қоғамдық қабылдаулар өткізу, өтініш-тілектерін аяқсыз қалдырмау сияқты жұмыс фор­малары тәжірибеге енді. Соның ая­сында соңғы жылдары облыстық мәс­ли­хаттың депутаттары мыңнан астам аза­матты қабылдап, олардың бірқатар мә­селелерін жергілікті жерде шешіп берді. Өткен кезеңде «Нұр Отан» пар­тиясы Президенттің тапсырмала­рын дәйектілікпен орындайтын саяси күш ретінде орнығып, «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындауда жұмылдырушы рөлін атқаруда. Басты жетістігіміз ел Тәуелсіздігіне қызмет ету мен елімізді өркендету – жаңа ғасырдағы миссиямыз болып қала береді. Партияның мүшесі болып табылатын облыстық мәслихаттың депутаттарына жергілікті бағдарламалардың орындалуын қадағалау, индустриялық-инновациялық дамуға серпін беру, заң бұзушылықтардың алдын алу, басқа да көптеген міндеттер жүктелген. Депутаттық сауал, бағдарламалар әкімшілерін тыңдау, жергілікті бюджетті нақтылау тәжірибелерін пайдалана отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын әрі қарай дамыту жолдары жан-жақты қарастырылады. Депутаттар жұмысындағы негізгі мәселелердің бірі – әлеуметтік серіктестік. Сергей Леонтьев, Қуаныш Бишімов, Сергей Тимофеев, тағы басқа халық қалаулыларының бұл бағыттағы жұмыстарын ерекше атап өткен орынды. Депутаттық корпус құрамында беделді азаматтар аз емес. Олар қоғамдық жұмыстарды депутаттық қызметпен қоса белсенді атқарып жүр. Бақытжан Сәмиева жетекшілік ететін іскер әйелдер қауымдастығының нәтижелі қадамдары облыстан тысқары жерлерге де танымал. Ал Райхан Әбдірахманова «Нұр Отан» партиясының XV съезінде республикалық тексеру комиссиясының құрамына сайланды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Депутаттардың барлығы Қазақстан­ның қарқынды даму әлеуетіне қызмет етуді басты мақсаты санайды. Ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары да халық өкілдері ретінде өз учаскелерінде орнықты дамудың үлгі-өнегелерін көрсетіп келеді. Бәри Амоев, Геннадий Зенченко, Сейілбек Махметов, Алтынбек Сапаров, Юрий Шоль секілді депутаттардың ерен еңбектері мақтан етуге тұрарлық. Облыстық мәслихаттың депутаты Гюлага Илдырымов басқаратын «Новруз» ЖШС өз өнімдерімен халықты жыл бойы қамтамасыз етіп отыр. Төртінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттарының құрамы азаматтардың жоғары белсенділігімен баламалы түрде қалыптасты. Өкілетті органның өзегі ретінде депутаттық мандатқа тәжірибелі нұротандықтар сайланды. Олар бүгінде депутаттық фракцияның құрамында партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыру, өңірлік бағдарламаларды әзірлеу, әлеуметтік-экономикалық, индустриялық-инновациялық жобаларға ұсыныстар енгізу, қоғамды демократия­ландыру үдерістеріне белсене араласып жүр. Нұротандық депутаттардың бастамасымен өткізілген акциялар жұртшылық қолдауына ие. Елбасының тап­сыр­масы бойынша жақында «Кедергісіз аймақ» акциясы аясында 200-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азаматқа қамқорлық көрсету шарасы басталды. Оларды жұмысқа орналастыру, қаржылық демеу көрсету, әлеуметтік бейімделуге жағдай жасау көмектері жасалатын болады. Қазақстан Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев партияның ХV съезінде сөйлеген сөзінде еліміздің Стратегиясын жүзеге асыру, Қазақ елін дамудың сара жолына бастау ең қуатты да әлеуетті саяси күш – «Нұр Отанға» жүктеліп отырғанын айта келіп, нұрлы болашақ жолында қажырлылықпен еңбек етуге шақырған болатын. Наурыз айында құрылғанына 15 жыл толғалы отырған саяси ұйымның қалыптасу тарихы бәріміздің көз алдымызда. Тұңғыш съездің қалай өткені де көкейімізде жатталып қалыпты. Бүгінде белгіленген стратегиялық талаптарды орындау – партиялық бағдарламалардың негізгі өзегі. Үлкен өзгерістер мен жалпыұлттық бірліктің ұйытқысына айналған партия жедел жаңғыру жолымен ілгері баса беретіні анық. Қайырлы ЕДІРЕСОВ, облыстық мәслихат хатшысы. Солтүстік Қазақстан облысы.  

ХАЛЫҚТЫҢ ЖОҒЫН ТҮГЕНДЕЙДІ

озганбаев«Нұр Отан» партиясының 15 жылдығы қарсаңында оның байырғы мүшесі, партия Саяси кеңесінің мүшесі, Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік. – 1999 жылдың 1 наурызында «Отан» республикалық саяси партиясының алғашқы құрылтай съезі өтті. Сол съезд күні бүгінге дейін көз алдым­да. Оған барлық облыстар, аудан­дар және қалалардан 400-ге жуық делегат қатысты. Соның ішінде 104-і кәсіпкерлер мен бизнесмендер, 122-сі мемлекеттік қызметкерлер және басқалар болған еді. Қатысқан делегаттардың барлығы бірауыздан Президент Нұрсұлтан Назар­баев­ты партия төрағасы етіп сайлады. Міне, содан бері біздің партиямыз елдің ішіндегі және сыртындағы тұрақтылық пен тыныштықтың мызғымауына, экономи­калық дамудың үзілмеуіне, халықты әлеуметтік қолдау шараларының арта түсуіне Үкімет назарын аударып, елге қыз­мет етіп келеді. Соның арқасында ха­лық арасында зор беделге ие болып, үлкен ұйымға айналды. Қазір партияның 250 филиалы, 6300 бастауыш ұйымы бар. – Бұрын саяси партиялардың қа­та­рында болып па едіңіз? Болсаңыз, «Нұр Отанның» олардан қандай ерек­шеліктері бар? – Мен де өзімнің қатарластарым тәріз­ді коммунистік партияның қатарында бол­дым. Бұл партияның жоғары баспал­дақтарында өз функционерлері болған да шы­ғар, ал төменгі буындағы біздер оның қағи­даттарына барынша адал болдық. Ком­мунист деген сөздің өзі ары таза, жаны таза, қолы таза адал адам деген ұғымдармен егіз болатын. Біз сол ұғымдарды барынша қ­а­таң сақтауға тырыстық және сол асыл қа­сиеттермен өзімізді де, ұрпағымызды да тәрбиеледік. Қалай десек те коммунистік партия бізді саналы, мәдениетті болуға үй­ретті. Адами құндылықтар қатарына біз ешқашан ақшаны, байлықты санаған емеспіз. Қайталап айтайын, партияның негіз­гі принциптерінен, қатаң талаптарынан ауытқыған жоғары деңгейдегі басшылар партияның беделін ақыры түсіріп тынды. Қатардағы мүшелер бұл істен қатты тіксініп, ендігі жерде саяси партияның қатарына енбестей болған едік. Алайда, еліміз тәуелсіздік алғанда халыққа пайдамызды тигізу үшін «Нұр Отан» партиясының қатарына кірдік. Ол өзінің асыл мұраттарынан айныған емес, тек халыққа адал қызмет етіп келеді. Сондықтан да оның халық алдындағы беделі жоғары. – Сіз «Нұр Отанның» Саяси кеңе­сі­нің белсенді мүшесінің бірісіз. Өзіңіз ат­­қарған жұмыстар туралы да айта кетсеңіз? – Партия қайда жұмсаса сонда барамын деген сөз болушы еді бұрын. Солай дегендей, «Нұр Отанға» қолдан келген көмегіміздің барлығын жасаймыз. Партияның шешімдері мен алға қойған міндеттері мен мақсаттарын түсіндіру үшін белсенді насихат тобының құрамында бірнеше рет іссапарларға шықтым. Халық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партиясы болғандықтан да, «Нұр Отанға» сенеді, көпшіліктің ықыласы ерекше бөлек. Қоғамдық қабылдауларға көп қатыстым. Азаматтар құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметшілердің салғырт­ты­ғынан шешілмей келе жатқан мәселелері­нің оң шешілуіне үлес қостым. «Нұр Отанның» белсендісі болғандықтан, тіке­лей өзімнен де көмек сұрап хат жазғандар көп болды.  Әлі де хаттар келіп жатыр. Қол­дан келгенше олардың мәселелерінің де оң шешілуіне жәрдем берудемін.  Партияның ХІV съезінде биік мінберден сөйлеп, өзімнің ойларымды ортаға да салдым. – Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы ретінде қарт адамдардың «Нұр Отанға» деген сенімін жақсы білетін боларсыз? – Әлбетте. Біздің қарттарымыз өмір­дің қиын-қыстау өткелдерінен өткен білікті, тәжірибелі адамдар ғой. Олар кез келген мәселеге байсалдылықпен, үлкен ұстаныммен қарап, сабырмен салмақтайды. Ешқашан өрекпіп, жоқ нәрседен тулау деген біздің қарттарымызға мүлде жат құбылыс. Елбасы бастаған «Нұр Отан» партиясының халыққа жасап жатқан жақсылықтарын, әсіресе, әлеуметтік мәселелерді шешудегі белсенділіктерін олар көріп те жүр және осы еңбектерін жоғары бағалайды. Партияның ХV съезінде Елбасы Н.Назар­баев  «Халық көздегіні ғана емес, көңіл­дегіні де көреді» деп айтқан еді. Сол сөздер  айнадай ақиқат. – Жаңа бір сөзіңізде ХV съезд ту­ралы ай­­тып қалдыңыз. Бұл съездің өзге жиын­­дардан қандай айырмашылығы бар?   – Бұл съезд Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялағаннан кейінгі ең бірінші жиын болды. Онда Елбасы Стратегияның мүлтіксіз жүзеге асуы елдегі ең қуатты сая­си күш – «Нұр Отанның» белсен­ділігіне тікелей байланысты екендігін қадап айтты.  «Елімізді әлемнің ең қуат­ты 30 елі­нің қатарына қосу – алды­мыздағы үл­кен, ұлы мақсат. Бұл «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуға тиіс» деді. Бүгінде сол міндетті орындау мақсатында партия белсенділері қызу жұмыс үстінде. Солардың қатарында болғаным үшін өзімді бақытты санаймын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».  

ЕҢ ҚЫМБАТЫ – ЕЛ СЕНІМІ

Платонов-1Біздің өтінішімізге орай КТК телеарнасының меншікті хабарлар директоры, танымал тележурналист, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі Артур ПЛАТОНОВ өз ой-толғаныстарын ортаға салды. – Адамдардың не ойлайтынын, не айтатынын, күнделікті тыныс-тіршілігін, немен өмір сүріп, не нәрсеге үміттеніп сенім артатынын біліп отыру кез келген партияның жұмысындағы маңызды ұстаным болса керек. Әрине, уәде беруге бәрі маман, жұрттың барлығы дерлік осы заманда әдемі сөйлеп үйренген. Ал солардың уәдеде тұратындары, айтқан серттен шығатындары сирек, некен-саяқ. Бұл айтылғандардан өз азаматтарыңа деген құрмет деңгейі көрінеді. Ал енді сол адамдардан сұрап көріңіз­ші: биік мінберден мәлімдеген уәдесін кімдер орындады? Оларды кім қабылдап, мұң-мұқтаждары жайында кім әңгімелесті? Көпшіліктің түйткілдерін шешуге тырысып, көбін шешіп те жүрген кім екен? Иә, «Нұр Отанды» сынаушылар табылады. Соған құмарлар да бар. Сынауға тұрарлық кемшіліктер де жоқ емес. Өйткені, күрделі де қарбалас жұмыс тұрақты жүріп жатыр. Күтілген нәтижеге әрдайым қол жете бермейтіні де рас. Жұмыс істемейтіндер ғана қателеспейді. Қалай болғанда да бұл ақиқат өмір, нақты істер. Алға жылжу мен ілгерілеу көзге көрініп-ақ тұр. Әрине, іс-қимыл неғұрлым қарқындырақ болса екен дейсің. Жалақылар, зейнетақылар, жәрдемақылар, әлеуметтік төлемақылар тезірек өсуін қалайсың. Долларға тәуелді болмасақ қой, әлемдік қаржы дағдарысы бізге тек оң ықпалын тигізіп, зауыттар ондап емес, жүздеп салынса, жүздеген мың жұмыс орындары ашылса екен деп тілейсің. Ал 20 жыл бұрын қандай едік? Осыны еске алып, ойланатын сәтіміз бола ма? Ақшаны шыны банкілерде сақтаушы едік қой. Қытайдың арзанқол бұйымдарын ғана қанағат етуші едік қой. Ұялы телефон байлық белгісі саналатын. 200 долларлық жалақы бақыттың биік шыңындай көрінетін. Жолдарымызда жақсы жаңа машиналар мүлдем дерлік ұшыраспайтын. КСРО ыдыраған кездегі құлдыраған экономиканы бүгінгі өркениет өріне қара нарша сүйреп шығу үшін қандай толағай ерлік, кемеңгерлік құдірет қажет болды десеңізші. Сол кездерде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы өз партияластарының алдына алыс жылдарды қамтыған ауқымды да асқаралы міндеттер қойды, келешекті қыран көрегендігімен болжай білді. Біздің бүгінгі жеткен ғаламат табыстар, өмірлік ақиқаттар ол кезде көпшілікке орындалмас алыс армандай болып елестейтін. Күмән келтірушілер көп еді. Сол кезде ең бір күрделі әлемдік қаржы дағдарысында біздің, қиындықтарға қарамастан, әлеуметтік бағдарламалардың орындалуын қысқартпаған сиректердің қатарынан табылатынымызды кім болжапты? Иә, біреулер білместікпен, біреулер қасақана немесе бас пайдасын көздеп ақты қара деп атаса, бұл, әрине, әділеттілік пен байыптылыққа жатпайды. Партияны сынаудың да жөні бар. Сын негізді болсын, іскерлік ұсыныстар айтылсын, ортақ күш-жігерді осылайша Отанымыздың игілігі мен өркендеуі жолында біріктірейік. Осы арада ойлайсың, бәлкім, біреу­лердің жүрер жолы тұрмақ, көздеген мақсаттары да басқа болар. Олар Отанды қажетсінбейді. Олар тек өз құлқындарының құлы. Тіпті, кейбіреулердің пасық моралі тұрғысынан алғанда, табысы айдан анық көрініп тұрса да, билікті қорғау ерсі, ұят саналмақ. Ал сынап сөгу абыройлы сияқты. Осы ретте халыққа мемлекеттің саясатын дәлелді, айқын да ұғынықты түсіндіретін, қоғам қойып отырған сұрақтарға сақыл­датып тура жауап беретін азаматтар да аса көп деп айта алмаймыз. Игіліктерді, артықшылықтарды пайдалануға келгенде көп болып кетеміз де, нақты іске келгенде кенеттен аузымызға құм құйылып, үндемей қаламыз. Бізді сыбайлас жемқорлық үшін үнемі әділ сынап жатады. Президенттің бастамасы бойынша «Нұр Отан» партиясының жанынан Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес құрылған болатын. Оған беделді де байыпты, қадірменді адамдар кірді. Сан алуан көкейкесті тақырыптар қозғалуда. Елбасының соңғы тарихи Жолдауында алға тартылған міндеттерге сәйкес жемқорлыққа қарсы күрес жаңа сатыға көтерілді. Көп нәрселер жаңаша безбенделуде. Бұрын ас үйде ғана айтылатын нәрселер бүкіл елге жария етілді. Жоғары лауазымды шенеуніктер бұлтара алмайтын жағдайға жетті. Кеңесте олар ұялып кешірім сұрайтын, кейде өкініштерін білдіретін... Бірталай қылмыстық істер қозғалғаны да белгілі. Айтқандай, Рысқалиев пен оған сеніп тапсырылған облыс жайында біздің қоғамдық кеңесте алғаш рет айтылды. Мұнда өзіміздікі-өзгенікі, партия мүшесі-мүшесі емес деген нәрсе жоқ. Оған ешкім қарамайды. Мұнда мемлекет пен қоғамның мүддесі ғана бар. Ол мүдделер бәрінен жоғары тұруы тиіс. Мемлекет қаржысын ешкім ұрламауы шарт. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес арқылы партия жұмыс тиімділігін арттырғанын айғақтады. Партия мен Кеңеске қарапайым азаматтар тарапынан сенім ұлғайды. Олар мейлі министр, генерал, ұлттық компания басшысы болса да, құқына қол сұғылмайтындар жоқ екендігін көріп-біліп отыр. Жоғары лауазым немесе партия мүшелігі жазаланбауға кепілдік бере алмайды, жасаған қылмысы үшін жазадан құтқармайды. Егер адам құқық немесе ар нормасын аттаса, оған, тіпті, депутаттық орынтақ та көмектесе алмайды. Партия ұстанымында кіршіксіз таза абырой-бедел неғұрлым маңыздырақ бола түсті. Жауапты адамдар аймақтарға тұрақты шығып, халықтың өмірін, тұрмысын, тыныс-тіршілігін, мұң-мұқтажын мұқият зерттейтін болды. Халық қалаулылары Парламентте ешқашан әлеуметтік мәселелерге дәл қазіргідей көңіл бөлген емес, бюджетке егжей-тегжейлі қызығушылық танытқан емес, әралуан бағдарламаларды да қазіргідей шұқшия қадағаламайтын. Адамдар осының бәрін көріп отыр. Партия жөнінде өз тұжырымдарын жасап, бағаларын беріп отыр. Халық өз қаржыларының қайтарымын, түпкі нәтижені талап етуге хақылы. Елбасы үнемі айтып жүргендей, лауазым иелерінің өздеріне қызмет еткенін, есеп беруін талап етуге хақылы. Өз кезегінде іс басындағы азаматтар да жауапкершіліктерін арттырып, күш-жігерлерін ортақ міндетті шешуге жұмылдыра түсуде. Осы жағдай көкейге үміт ұялатады. Ең бастысы, халықтың сенімі мен қолдауы айқын сезіледі. Өйткені, берілген барлық уәделер әрдайым орындалып келеді, елеулі жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Нұротандықтар үшін ең қымбаты – халқымыздың сенімі. Жазып алған Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.