01 Наурыз, 2014

Ел экономикасының ертеңі тұрақты

293 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше Үкімет басшысы Серік Ахметовтің қатысуымен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда министр Ерболат Досаев Министрліктің 2013 жылғы жұмысының қорытындысы және 2014 жылдың басым міндеттері туралы баяндама жасады. Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін нақты іс жү­зіне асырып, әлемдік нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан 2013 жылы еліміздің экономикалық өсуі 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз етілді. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 13,0 мың АҚШ долларын құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 6,7 пайызға артты. Баяндамашы атап көрсеткендей, ІЖӨ өсімінің 65 пайызы көрсетілетін қызметтер есебінен, атап айтқанда, саудада – 12,7 пайыз, көлік саласында – 7,5 пайыз, байланыста 14 пайыз өсу есебінен қамтамасыз етілді. Тұрақты макроэкономикалық жағдай ел экономикасының өсуіне тікелей ықпал етті. 2013 жылы инфляцияның жылдық деңгейі соңғы 15 жыл ішіндегі ең төменгі межеге жетіп, 4,8 пайызды құрады. Қазақстанның халықаралық резервтері айтарлықтай өсті. 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағ­дай бойынша халықаралық резерв­тер мен Ұлттық қордың актив­тері 95,2 миллиард АҚШ долларына жетіп, 2012 жылмен салыс­тырғанда 10,7 пайызға артты. Эконо­мика және бюджеттік жоспар­лау министрлігінің есепті кезең­дегі қызметі негізінен «Қазақ­стан-2050» Стратегиясының алғашқы кезеңін іс жүзіне асыруға бағытталды. Осы орайда мүмкін болатын дағдарыстық жағдайларға жедел және тиімді жауап беру мақсатында 2013 жылы көп деңгейлі дағдарысқа қарсы іс-қимыл жасаудың нақты қадамдық жоспарлары жасалынды. Осы жоспар шеңберінде тұрақты бақылауда ұстайтын 15 нақты индикаторлар белгіленді. Министрліктің алдағы уақытта атқаратын жұмысы негізінен «Қазақстан-2050» Стратегиясын, Мемлекет басшысының үстіміздегі жылы халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын және Елбасы 14 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде алға қойған нақты міндеттерді іс жүзіне асыруға бағытталады. Бұл ретте макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, экономиканың сенімді өсімін қамтамасыз етуге бірінші кезекте басымдық беріледі. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекетінің құрамына кіру жөніндегі тұжырымдамасын белгілеп берді. Тұжырымдама еліміздің 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасындағы 5 стратегиялық бағытты айқындады. Осыған байланысты министрлік бұл тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2020 жылға дейінгі шаралар жоспарын белгіледі. Сонымен бірге, министрлік еліміздің ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатындағы салааралық үйлестіруші ретіндегі міндеттеріне барынша басымдық береді. Үстіміздегі жылы ІЖӨ өсімі 6 пайыздық деңгейде қамтамасыз етілуі керек. Осы мақсатқа жету жолында белгіленген шаралар нақты және жүйелі түрде орындалуы қажет. Елімізде іскерлік белсенділікті қолдау мақсатында Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен 2014-2015 жылдары Ұлттық қордан 1 триллион теңге қаржы бөлінеді. Бұл қаржы негізінен қайта өңдеу өндірісін дамыту үшін шағын және орта бизнес субъектілерін жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз етуге, индустрияландырудың басымдық берілген бағдарламалар бойынша іс жүзіне асырылатын жобаларды қаржылық қолдауға, екінші деңгейлі банктердің «жұмыс істемейтін» несиелерін сатып алу арқылы банк секторын сауықтыру мақсаттарына жұмсалатын болады. Ел экономикасының дамуын қамтамасыз етуде тиімді салық саясатын жүргізудің маңызы зор. Еліміздің салық саясатын жетілдіру және оның тиімділігін арттыру мақсатында министрлік қолданыстағы салық жеңілдіктеріне ревизия жасайтын болады. Қазіргі кезде еліміздің Салық кодексінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 281 жеңілдік қарастырылған. Осы тексеріс қорытындысында Салық кодексіне өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс белгіленеді. Осыған байланысты заң жобасы биылғы жылдың қыркүйек айында Парламентке ұсынылатын болады. Министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде жасаған баяндамасында Ерболат Досаев мемлекеттік активтерді басқару саясатын, мемлекеттік басқару және жоспарлау жүйесін жетілдіру мәселелеріне де жан-жақты тоқталды. Баяндамашы өз сөзінде 2014 жылы елімізде өткізілетін маңызды халықаралық шараларды атап өтті. Биылғы жылғы мамыр айында Астана қаласында Азия Даму банкі Басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы 47-ші отырысы өткізілетін болады. Оған 3,5 мыңнан астам делегаттар қатысады деп күтілуде. Сонымен бірге, мамыр айында дәстүрлі VII Астана экономикалық форумы өткізіледі. Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу және оған дайындық барысы шеңберінде «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешені құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын белгілеу жұмысы аяқталып, көрме кешенінің құрылысын салу жұмысы басталады. Кеңейтілген алқа мәжілісінде Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов, Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсова, Азия Даму банкінің Қазақстандағы өкілдігі басшысының міндетін атқарушы Әсел Чынгышовалар сөз сөйледі. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін Премьер-Министр Серік Ахметов қорытындылап, министрліктің алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталып, нақты тапсырмалар берді. Бүгінгі алқа мәжілісі министрліктер бойынша өткізіліп отырған соңғы кеңейтілген алқа мәжілісі екенін айта келіп, Үкімет басшысы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің экономиканы одан әрі дамыту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаларды үйлестіріп отыратын ең маңызды орган екенін атап көрсетті. «Елбасы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Үкіметке нақты тапсырмалар берді», деп атап көрсетті Серік Ахметов. Одан әрі Үкімет басшысы Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерге байланысты министрлік маңызды мемлекеттік бағдарламаларды толықтыруы қажет екендігін еске салды. Ел экономикасының дамуы негізгі базалық салалардың жұмысына байланысты екенін ескерткен Премьер-Министр Қашаған кен орнында орын алған проблемаларға да тоқталып өтті. «Қашаған бұл өте тамаша жоба, ол ең озық технологияларға негізделген. Бірақ бұл жобаны жүзеге асыру барысында күрделі табиғи қиындықтар кездесіп отыр. Жерасты қысымдарына құбырлар шыдамай, Қашаған жобасы уақытша тоқтап тұр», деді Үкімет басшысы. Биылғы жылдың екінші жартысында Қашаған кен орны толық қуатында жұмыс істей бас­тайды. Одан әрі Премьер-Министр ауыл шаруашылығы саласының аса маңызды бағдарламасы – «Агробизнес-2020» бағдарламасына назар аударды. Бұл ауыл шаруашылығы саласы үшін өте маңызды бағдарлама екендігін айта келіп, елімізде қайта өңдеу өндірісін дамыту мәселелеріне тоқталды. Одан әрі теңге бағамының өзгертілуіне тоқтала келіп, Үкімет басшысы үстіміздегі жылғы бюджетке ерекше көңіл аудару қажеттігін ескертті. «Бұл ретте барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемінде орындалуы керек. Сондықтан Экономика министрлігі аз уақыттың ішінде ағымдағы жылғы республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі жұмысты орындауы керек», деді Үкімет басшысы. Сонымен бірге, Премьер-Министр кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне де жан-жақты тоқталды. «Елбасының Жарлығына сәйкес 2 сәуірден бастап шағын және орта бизнесті тексеру мәселелері тоқтатылады. Тексерістерді жетілдіру мәселелері бойынша жаңа сая­сат қалыптасатын болады. Бұл жұмыс Үкіметтің тұрақты бақылауында және Елбасы Жарлығы шеңберінде түбегейлі және үлкен өзгерістер енгізілетін болады», деп атап көрсетті Премьер-Министр. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».