Қазақстан • 28 Қараша, 2021

Үшінші сектор: тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік

294 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстан Азаматтық альянсының ұйымдастыруымен өткен «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты даму мүддесіндегі әріптестікке 30 жыл» Х Азаматтық форумы Алматы қаласында қорытындыланды. Отыздан астам пікірталас алаңында үкіметтік емес ұйым өкілдері, халықаралық сарапшылар адамзат дамуының түйткілді мәселелерін талқылады.

Үшінші сектор: тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік

Тәуелсіз Қазақстан тарихында коммерциялық емес ұйымдардың жұмысы өткен ғасырдың 90-жыл­дарынан бастау алады. Демо­кратиялық үрдістерді жүзеге асы­руда азаматтық қоғамның ма­ңызды бөлігі ретінде үшінші сек­тордың рөлін арттыру мәселесі мемлекет тарапынан қолдауға ие.

Ауыл-аймақтардағы азаматтық бастамаларды дамыту, адам құ­қықтары мен бостандықтарын қор­ғау, инклюзия және экология та­қырыбын қозғаған пленарлық отыры­ста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. «Азаматтық қоғам құру – біз үшін негізгі басымдықтардың бірі. Соның жарқын мысалы – Елбасының бастамасымен 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Форум. Диалогтің бұл моделі көптеген мәселені талқылау және ұсыныстар әзірлеу үшін тиімді пікірталас алаңына айналды. Форум азаматтық бастама­лар­ды қолдау үшін жүйелі шара­лар қабылдауға ықпал етеді. Сон­дай-ақ стратегиялық және заң­намалық құжаттарды дайын­дауға жәрдемдеседі. Өткен жы­лы менің Жарлығыммен «Аза­маттық қоғамды дамыту» тұ­жы­рымдамасы бекітілді. Бұл құжат билік органдары мен қоғамдық ұйым­дардың әріптестігін күшей­туді көздейді», делінген Пре­зи­дент құттықтауында.

Мемлекет басшысының құт­тық­тауын оқыған Президент Әкім­шілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев отыз жыл ішінде үкіметтік емес ұйымдармен конструктивті диалог және тәуел­сіздікке жетудегі азаматтық қо­ғамның үлесіне тоқталды. «Бұл игі істің басы Семей  полигонын жабудан басталып, еліміздің Ата Заңын қабылдаумен жалғасын тапты. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың саны 14 есеге дейін өсіп, бүгінде елімізде 22 мыңнан астам ұйым жұмыс істеп келеді», деді Дәурен Абаев. Азаматтық сек­тордың қарқынды дамуын мем­лекет тарапынан үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру мәсе­лесі жолға қойылғандығымен байланыстыра келіп, Дәурен Абаев осы жылдарда бұл салаға 140 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін жеткізді. Өткен жылы Президент Жарлығымен азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі он жылдық тұжырымдамасы қа­былданды. Құжаттың басты мақ­саты үкіметтік емес ұйымдар жұ­мысын дамытуға қолайлы жағ­дайлар жасау, мемлекет пен қоғам­ның өзара іс-қимыл жолдарын қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен бірге халықаралық ұйым­дармен ынтымақтастықты нығай­ту, донорлық және қайырымдылық қыз­метке қатысатын бизнес құры­лымдары мен азаматтар үшін әлеуметтік-экономикалық шараларды ынталандыру мәселелері де қамтылған.

Жиынның модераторы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Форум аясындағы диалог – елдегі азаматтық бастамаларды қолдаудың жаңа кезеңі. Биылғы жылдың маусым айында ел Президенті азаматтардың құ­қығы мен бостандығын әрі қа­рай қамтамасыз ету шаралары туралы қаулы етті. Осыдан отыз жыл бұрын Тұңғыш Президент – Ел­басы бастап, Президент жал­ғас­­ты­рып отырған бұл үрдіс ал­дағы уа­қытта да өз жалғасын та­ба­тын болады. Үкіметттік емес ұйым­­дар арасындағы диалог бір ғана фо­руммен шектеліп қал­май, өңір­лерде мемлекеттік орган­дар және азаматтық қоғам ара­сын­­дағы он күндік шаралармен бас­тау алды. Осы орайда атал­ған Форум еліміздің азаматтық қо­ғам белсенділігінің маңызын аша білді», деп атап өтті. Аида Ба­­лаеваның айтуынша, еліміз­дің да­муына бағытталған қоғам­ның алғы­шарттары Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы Н.Назар­баев­тың бастамасымен алғаш І фо­румда талқыланған бола­тын. Сол кезеңнен бергі ара­лықта әлеуметтік мәселелерге қо­ғамның назарын аудару үшін жұ­мыс істеп жатқан ұйымдар қата­ры артып келеді. Әсіресе үкімет­тік емес ұйымдардың пандемия кезіндегі белсенділігін ерекше атап өтеміз. Бүгінде тұжы­рым­даманы дамытудың бірінші кезеңі жүзеге асуда. Осы бағытта ұйым­дастырушылық жұмыстармен қатар қоғамдық кеңестер, во­лонтерлік, қайырымдылық қыз­меттер туралы заңнамаға толық­тырулар енгізілетін болады. Қоғамдағы өзекті мәселелерді ше­шуге ықпал ететін үшінші сек­тордың белсенділігін арттыру мақ­сатындағы жұмыстар алдағы уа­қытта жалғаса береді.

Азаматтық қоғам өкілдері кез­­десуінің маңыздылығына тоқ­тал­ған Азаматтық альянс пре­зи­денті Бану Нұрғазиеваның ай­туынша, Қазақстанның аза­мат­тық қоғамы мемлекеттік сая­сат­тың, сонымен бірге барлық ха­лықаралық ұйымның қол­дау көрсетуімен аяғынан нық тұр­­ды. Олардың қатарында саяси
пар­тиялар, діни бірлестіктер, кә­сіп­одақтар, бұқаралық ақпарат құ­рал­дары бар. Ал азаматтық қо­ғам­ның бастамашысы қоғамның тұ­рақ­тылығына, дамуына үлес қосу­ды мақсат ететін ҮЕҰ болып табылады.

Үкіметтік емес ұйымдардың өңірлердегі белсенділігі туралы «Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы тұ­рақты даму» ҚҚ директоры Серік Жүнісов айтып өтті. Оның айтуынша, ауылдық аймақтарды дамыту мәселесі өзекті. Өйткені бұл мәселе қазақстандықтардың 40 пайыздан астамының мүддесін көздейді. Адам құқығын қорғауға қатысты ойларын ортаға салған «Сана-Сезім» әйелдер құқығын қорғау орталығының жетекшісі Шахноз Хасанова ана мен бала құқығын қорғау, қарттарға қамқорлық, адам саудасы құрбандарының құқығы мәселесінің өзекті екендігін жет­кізді. Азаматтық бастамалар­ды дамыту мен халықаралық ұйым­дардың миссиясына қатысты Азаматтық қоғамды дамыту қа­уымдастығының атқарушы директоры Жәмила Асанова сөз қозғады. Еліміздегі инклюзивті ор­таға мемлекеттің қамқорлығы жайында «Шырақ» мүгедек әйел­дер қауымдастығы» ҚҚ жетек­шісі Ләззат Қалтаева айтып өтіп, қо­ғамның мүгедек жандарға қарым-қатынасына, олардың өзін-өзі дамыту ерекшеліктеріне назар аудару қажеттігіне тоқталды.

Форумда ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында жолға қо­йыл­ған ынтымақтастық мәселе­сінің маңыздылығы халықаралық сарапшылардың пікірлеріне ар­қау болды. Қазақстандағы аза­мат­тық қоғамның дамуына қол­дау білдірген БҰҰ Бас хатшы­сы­ның кеңесшісі Мирьяны Спо­лярич Эггер халықаралық ықпал­дас­тықтың өзектілігі, бүгінде ұйым­ның Орталық Азия аймағындағы елдердегі демократия, адам құ­қығын қорғауға бағытталған жобалары туралы сөз етті. Бұл – кезең өңірді тұрақты дамытудың кепілі.

Қазақстан мен БҰҰ ара­сын­дағы ықпалдастық тәуелсіздік жылдарындағы іскерлік қа­дам­дармен тығыз байланыс­ты. БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі ашылған кезеңде алғашқы жұ­мыстар гуманитарлық көмектен басталған болса, халықаралық байланыстар бұл күнде қоғам дамуы бағытындағы әріптестікке ұласып отыр. Қазақстанның дамуы Орталық Азия елдеріне серпін берді. Халықаралық ұйыммен ықпалдастық Орталық Азиямен қатар Ауғанстан және аймақ елдерінен тыс аумақтардың тұ­рақты дамуына, адамзат өмірінің барлық саласына оң ықпал етеді.

Ресей Федерациясы Президент әкімшілігінің өкілі Алексей Власов алдағы уақытта байланыстар жанданады деп сенім білдірді. Бүгінде көрші ел тарапынан Қазақстандағы азаматтық қоғам институттарының тәжірибесі қызығушылық ту­ғы­за­ды. Әсіресе пандемия кезінде Қазақстан тарапы өзге шетелдерден жинаған тәжірибесімен бөлісіп, ұлттық жобалармен шектелмей, шекаралық аумақтарда еріктілердің белсенді жұмыс істеуіне ықпал етті. Осы бағытта азаматтық қоғам белсенділерінің қайырымдылық, экологиялық, пат­риоттық мақсаттағы 40-тан ас­там жобасы Астраханнан – Аты­рауға, Орынбордан – Оралға де­йінгі географиялық аумақта жал­ғасты.

Еуропалық одақ елшісінің орын­басары Мачей Адам Мада­лин­ски Қазақстандағы ықпалдас­тықтың осыдан отыз жыл бұ­рын гуманитарлық бағытта бас­тал­ғандығын жеткізді. Алдағы уақытта әріптестікті нығайту үшін жергілікті жерлерде адам құқығын қорғауға байланысты бірлескен жұмыстардың жалғасатынын атап өтті. Сонымен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюс­сельдегі кездесулерінде де Еуро­одақпен ықпалдастық мәселелеріне көңіл бөлінетіндігін жеткізді. Бұл өз кезегінде адам құқығын қор­ғаудағы мемлекетаралық бай­ла­ныстардың нығаюына ықпал етеді.

Жаһандық тегеуріндермен бетпе-бет келіп отырған елдерде қауіпсіздік, ішкі тұрақтылық мәселесі өзекті. Азық-түлік қауіп­сіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бағдарламалар жəне жобалар директоры Исмаил Абделхани аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін қозғаса, USAID-тың Демократия және денсаулық жө­ніндегі бөлімі аймақтық директоры Кристиан Фанг Америка-Қазақстан ынтымақтастығы туралы айта келіп, жарты ғасырдан астам тарихы бар ұйымның осы отыз жыл ішіндегі жобалары туралы айтып өтті. USAID өкілінің айтуынша, Америка – алғашқылардың бірі болып Қа­зақ­станның тәуелсіздігін мо­йын­­даған елдердің бірі. USAID бағ­дарламалары азаматтардың қауіпсіз, алаңсыз өмір сүруіне, құқығы тапталмай, инновацияларды пайдалана отырып білім алуына, азаматтық қоғамның бел­сен­ділігіне бағытталады.

Екі күн қатарынан өткен Фо­рум­ның үшінші сектор өкілдері­нің тиімді тәжірибе алаңына айнал­ғанына, оның алдағы уақыттағы даму барысына, кедергілермен күрес мәселесіне назар аударылды. Форумның тағы бір ерекшелігі еліміздің ең таңдаулы үкіметтік емес ұйымдарына «Таңдау»  сый­лығы берілді. Аталған сыйлық он жылдан астам тәжірибесі бар аза­мат­тық сектордың өкілдеріне он бес аталым бойынша табыс етілді.

Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын өзгерте алатын азаматтық бастамаларға атсалысу  – әр аза­мат­тың парызы. Өңірлердің дамуы, мемлекеттің алға басуы де­мо­кра­тиялық қоғамның басты талабы дейтін болсақ, алдағы уақытта форум аясында көтерілген мәселелер аймақтарға тың серпін беретініне сенім мол.

 

АЛМАТЫ