Экономика • 29 Қараша, 2021

Баға басын имей тұр

466 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Экономиканың нақты секторының соңғы жартыжылдық мерзімінде өсім көрсете бастағаны белгілі. Үкіметтің ресми дерегіне сүйенсек, 2021 жылдағы 9 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 3,4 пайызға ілгерілеген. Нақты сектордағы өсім 3,5 пайызды құраған.

Баға басын имей тұр

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Өсіммен қатар инфляция да жоға­рылап келе жатыр. Биыл қазан айының қорытындысы бойынша елде тауар мен қызметтер бағасы бір жылда 8,9 пайызға қымбаттаған. Инфляцияның айтарлықтай өсімі биыл маусым айынан бері қатты байқалған. Қымбатшылық азық-түлік өнімдеріне, басқа да тауар­ларға және ақылы қызметтерді шарпып тұр.

«Атап өтейік, қазан айында инфляция мамырдан бері алғаш рет баяулаған еді және қыркүйектегі деңгейінде қалған. Дағдарыстың жалғасуына себеп болып отырған бір фактор, осы – баға қымбат­шылығы. Алайда бұл жағдай бүкіл әлемде – дамыған елдерде де, дамушы елдерде де көрініс беріп отыр» деп жазады Ranking.

Жұртшылық азық-түлік тауарлары бағасының ерекше өсіп кеткенін аңғарып жүр. Баға 2020 жылдың қазанынан 2021 жылдың қазанына дейінгі аралықта 11,3 пайызға өскен. Бұл ретте қазандағы көр­сеткішті қыр­күйектегімен салыс­тырғанда инфляция (11,5 пайыз) баяулаған.

«Ет бағасының қымбаттауы да инфля­цияның жеделдеуіне себеп болды. Қазан айын­дағы көрсеткіші бойынша соңғы бір жылда 10,3 пайызға өсті. Сондай-ақ күнба­ғыс майы (бір жылда 56,2 пайызға) мен қант та (бір жылда 32,1 пайызға) қымбаттады. Мұндай жағдай әлемде де байқалып отыр. FAO деректері бойынша еттің әлемдік бағасы бір жылда орташа 12,1 пайызға, өсімдік майы мен қант 84,8 және 19,1 па­йызға өскен. Өз кезегінде Қазақстанда азық-түліктік емес инфляция 7,8 пайызға дейін жылдамдады. Бұған бензин (бір жылда 15,6 пайызға), дизель отыны (бір жылда 24,4 пайызға) және ұзақмерзімді пайдалану тауарларының қымбаттауы инфляцияның осы түрінің шарықтауына себеп болды. Сонымен бірге ақылы қызметтер бағасы 6,9 пайызға дейін артты» деп жазады Ranking.

Әлемде шикізат, энергия тасымалдаушылар және транспорттық жеткізу бағасының өсуі инфляциялық қысымды үдетті. Логистика мәселесінің де әлі бір қалыпқа түспеуі жағдайды оңалтпай тұр. Оның үстіне пандемия әсерінен туындаған тәуекелдердің де беті қайтқан жоқ. Әрине, мұның бәрі жиылып келіп инфляцияның «бағасын асырады».

Осы орайда Ranking Еуропада инфляцияның 13 жылдық максимумға дейін жеделдеп кеткенін айтады. Сөй­тіп, кәрі құрлықта баға қымбат­шы­лығы 4,1 пайызға жеткен. Бұл ұлы рецес­сия жылдарынан бергі ең жоғар­ғы көрсеткіш екен. Инфляция өсімі Бель­гия (3,8-ден 5,4-ке), Германия (4,1-ден 4,6-ға), Эстония (6,4-тен 7,4-ке), Ирлан­дия (3,8-ден 5,1-ге), Франция (2,7-ден 3,2-ге), Италия (2,9-дан 3,1-ге) және Литвада (6,4-тен 8,2-ге) қатты байқал­ған. Ал әлем экономикасының 20 пайызын еншілейтін АҚШ-та тауар мен қызметтер бағасы бір жылда 5,8 пайызға өсіпті.

Әлемдік үрдістер легі Қазақстанға да әсерін тигізбей қоймайды. Әрі сауда-серік­тес елдердегі ахуал бізге тым қат­тырақ әсер етеді. Мәселен, Ресейде инфля­ция соңғы бес жылда 8 пайыздан асып түсті. Біз көбіне Ресейден тауар та­сы­малдайтындықтан, отандық нарық­тағы баға өздігінен қымбаттай бермек.