Қоғам • 29 Қараша, 2021

Неміс сарапшылары конфессияаралық дамудың қазақстандық моделін бағалады

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының қолдауымен ұйымдастырылған бейнеконференция форматындағы іс-шараға қатысты. Мұнда «Бейбітшілік пен келісім үшін конфессияаралық диалог» атты дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Неміс сарапшылары конфессияаралық дамудың қазақстандық моделін бағалады

Пікірталастарға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы сенаторлар Кеңесінің мүшесі, «Мәдениет арқылы әлем» Халықаралық қауымдастығының президенті Төлеген Мұхамеджанов, ГФР сыртқы істер министрлігінің Дін істері жөніндегі халықаралық саясат бөлімінің басшысы Эбба Шоль, «Ғылым және саясат қоры» неміс талдау орталығының аға ғылыми қызметкері Сабина Ридель, сондай-ақ сарапшылар, журналистер, ҚР және ГФР үкіметтік емес құрылымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты. Өз сөзінде Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Шәріпов Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық толеранттылық дәстүрлері туралы айтып, азаматтардың діни бостандықтарын сақтауды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің тұрақты жұмысының негізгі бағыттарын түсіндірді.

«Еліміздегі барлық салада жүргізілген және жүргізіліп жатқан реформалар қоғамды түбегейлі өзгертті. Біз өз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын қуатты мемлекет және біртұтас халық ретінде атап өтудеміз. Осы уақыт ішінде біздің республикамыз саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуды бастан өткерді. Сондай-ақ өзінің бай рухани-мәдени мұрасын жандандыруда елеулі табыстарға қол жеткізді», деді дипломат.

Өз кезегінде, Н. Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан маңызды және беделді алаң – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін, оның ішінде неміс діни қауымдары өкілдерінің қатысуымен өткізген Қазақстан мен әлем бойынша конфессияаралық диалогты нығайтудағы Елбасы Н.Назарбаевтың рөлін ерекше атап өтті.

«Қазақстан рухани дипломатия қағидаттарын жаңғырту мен дамытуға бағыт алып, халықаралық аренада өз ұстанымын нық бекітті. Оның жарқын дәлелі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың жаһандық бастамалары болды. Ондай ауқымды жобалар елдің танымалдығын арттырып қана қоймай, әлемдік қоғамдастықтың жаңа мүшесі ретінде Қазақстанға деген сенімнің іргетасын қалады. Сонымен қатар өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға, әлемде конфессияаралық және дінаралық диалогты ілгерілетуге елеулі үлес қосты», деді Орталықтың Басқарма Төрағасы.

Еліміздің діни сенім бостандығын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатының арқасында Қазақстан бүгінде 18 конфессия мен 100-ден астам этнос атынан өкілдік ететін 3800-ден астам діни бірлестік үшін қауіпсіз әрі жайлы үй болып табылатынын атап өткен жөн.

Іс-шараның жалғасы ретінде шақырылған сарапшылар ұлттық бірегейлік, дінаралық және мәдениетаралық қатынастар сияқты тақырыптар бойынша пікір алмасты, сондай-ақ Германиядағы мемлекеттік-шіркеу қатынастарының тарихын қазіргі қазақстандық қоғамдағы және басқа елдердегі даму модельдерімен салыстырды.

Атап айтқанда, профессор С.Ридель мен шығыс еуропалық және халықаралық зерттеулер неміс орталығының ғылыми қызметкері Б. Эшмент Қазақстанның түрлі этнодіни топтары арасында берік жалпы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру үшін мемлекеттің зайырлы сипатына, діни ұйымдардың қаржылық тәуелсіздігіне, өзара құрметке, плюрализмге және төзімділікке негізделген конфессияаралық және этносаралық диалогтың маңыздылығына қатысты ортақ пікірге келді.

«Дінге байланысты мәселелер әркімнің жеке ісі ретінде қаралғанымен, түрлі этностардың өкілдері өздерін қазақстандықтар ретінде сезінуде», деп Б.Эшмент өзінің таяудағы зерттеуінің нәтижелерін қорытындылады.

Естеріңізге сала кетейік, дөңгелек үстел Қазақстан басшылығының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаттарын ілгерілету жөніндегі бастамаларын қолдау тұрғысында ұйымдастырылды. 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының рөлі» тақырыбындағы съездің алдағы VII отырысы өтеді.