Руханият • 30 Қараша, 2021

Көне мұралар – халық қазынасы

1904 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласында: «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыс атқа­рыл­ды. Еліміздің тарихи жылна­масындағы ақ­таң­дақ­тарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдар­ла­масы табысты іске асырылды. Бірақ бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжат, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағат дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын», деген болатын.

Көне мұралар –  халық қазынасы

Құнды кітаптар қоры толықты

Осы орайда, Елбасы тапсыр­масы негізінде 2017 жылы елор­да төрінде Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қолжаз­балар және сирек кітаптар ұлт­тық орталығы құрылған еді. Бұл орталықтың негізгі қызме­ті – Отанымыздағы және шетел­дердегі Қазақстан тарихы мен мәде­ниетіне қатысты қолжазба­лар мен сирек кітаптар және құ­жат­тардың кө­шірмелерін жинау, сақтау, оларды қалпына келтіру, арнайы зерттеу арқылы ғылыми айналымға енгізу, қажет еткен жағ­дайда көпшілік ортаға ұсыну болатын.

Жоғарыда атап өтілген мақсат-мұрат үрдісін қанағаттандыру һәм орталықтың мұрағат қорын толықтыру мақсатында бұрын­ғы Құжаттану және архив ісі жө­ніндегі ғылыми техникалық ақпа­раттық орталықтың бай қоры жаңад­ан құрылған Ұлттық орта­лық­тың қазынасына айналса, Ұлттық академиялық кітапхана қорынан да сирек кітаптар алы­ныпты. Бүгінде орталық қорын­да – еліміздің тарихы мен мәде­ниетіне қатысты тың деректерге толы 10 мыңнан астам мұра жи­нақ­талса, бұлардың 300-ден астамы араб, парсы, түркі тілдеріндегі қол­жазбалар мен сирек кітаптар екен.

Осылардың ішіндегі ең көнесі – Қожа Ахмет Ясауидің араб тілін­де жазыл­ған «Диуани хикмет» қолжазбасы және Махмұт Қашқаридің «Диуани луғат ат-түрік» кітабы. Сонымен қатар ортағасырлық ақын-ғұламалар Ниджами мен Бедилдің қолжазба өлеңдері, түркі халықтарының ежелгі шежіресін жазған ғұлама-тарихшы Әбілғазы Баһадүр хан­ның «Түрік шежіресі», 1928 жы­лы Ташкентте басылған Ал­тын Орда тарихына қатысты «Шай­­бани хан дастаны», Шәкә­рім Құ­дай­бердіұлының 1924 жы­лы Семейде жарық көрген А.С.Пуш­кин­нен аударған «Дуб­ров­ский әңгі­месі», оның сыртында ХІХ-ХХ ғасырларға тән Құран, Ислам ақи­далары, фикх мәсе­лелері, хадистер, хикмет сөз­дер мен тарих, әдебиет, география, этнография, логика саласын қамтитын қол­жазбалар мен сирек кітаптар бар.

Кеңес дәуірін қамтитын 1929-1940 жылдар аралығында латын графикасымен жарық көрген кі­таптар, физика, математика, хи­мия, геометрия секілді мектеп оқулықтары, 1912-1929 жыл­дар аралығында төте жазумен басылған қазақ және орыс клас­сик­терінің еңбек­те­рі, қазақ оқымыстылары – Ш.Уәли­ханов, Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұр­сын­ұлы, Ы.Алтынсарин, Ә.Бө­кей­хан, М.Дулатов, Ж.Ай­мауы­тов, М.Тыныш­баев, М.Жұ­ма­баев, С.Сей­фул­лин, т.б. ағартушы­лардың еңбекте­рі, орыс және ше­тел ғалымдары А.Лев­шин, Г.По­та­­нин, Г.Миллер, Н.Рыч­ков, В.Рад­лов, В.Бартольд, т.б зерттеу­лері, әл-Фарабидің әр жылдары баспадан шық­қан кітаптары, Абай Құнанбай­ұлының шығармалары, Петр І мен Екате­рина ІІ кезінде жазылған Ресей империя­сы заңдар жинағының 600-ге жуық данасы сақталуда. Бұл құжаттар қазіргі кезде заң және құқық саласын зерттеушілердің үлкен қызығушылығын тудыруда.

Сондай-ақ 1890 жылдан бас­та­ла­тын Ақмола, Торғай, Сыр­да­рия, Орал, Семей облысы, Же­тісу өңірі бойын­ша ауыл ­ша­руа­­шылығы, демография, мал ша­руашылығы, т.б. саланы қамти­тын мәліметтер жинағы сирек кітаптар қорын толықтырса, төте жазумен жазылып, әлі зерттелмеген энциклопедиялық еңбектер де баршылық. Бұл жерден латын, қытай, орыс тілінде шыққан оқулықтарды да табуға болады. Сирек кездесетін кітаптың алты мың жарымы негізгі залда орналасса, қалған үш мың жарымы қоймада тұр. Ондағы қолжазбалар жеке-жеке қапталып, стандартқа сай сақталған. Кейбір дерек­тердің электронды варианты да жасалған. Бір кемшін тұсы – бұл мұра­ларға  цифрландыру әлі жасалмапты.

 Шетте жатқан шедеврлер

Сөз басында айтап өткені­міздей, Ұлттық орталық Елбасы тарапынан тапсырылған «Ар­хив-2025» бағдар­ламасын толығы­мен жүзеге асыру үшін шекарадан тыс жерлерде жатқан еліміз тарихына қатысты құжаттарды зерттеп, жинаумен тыңғылықты шұғылдануда. Осы мақсатта – араб және парсытанушы ғалымдар тобын құрып, жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде, халықаралық дең­гейде ғылыми-мәдени бағытта: Сауд Арабиясы Корольді­гіндегі орыс-араб зерт­­теу­лері ақ­парат қорымен, Ыс­танбұл қала­­сында орналасқан Ислам ынтымақ­тастығы ұйымы жанын­дағы Ис­лам тарихы, өнері, мәдениетін зерттеу орталығымен, Мешхад қаласын­дағы Астан Кудс Раза­ви кітапханалар, музейлер, құ­жат­тар орталығы ұйымымен, Өзбекстан Республикасы Әл-Би­­руни атындағы Шығыстану институтымен, Халықаралық Ис­лам академиясымен, Армения Республикасының Месроп Меш­то­ц атындағы «Матенадаран» көне қолжазбалар ғылыми-зерттеу институтымен ынтымақтастық байланыс орнатылыпты.

Нәтижесінде, шетел мұрағат­тарында сақталған сирек мұра­лардың бірқатар тізімде­месі жа­сақ­талып, оларға түсінік­те­ме, аңдатпа аннотациясы әзір­леніпті. Атап айтқанда, Жүсіп Ба­ла­сағұнның «Құтадғу білік» дастаны ХІ ғ. (Әл-Беруни атын­дағы Шығыстану институты мен Вена Ұлттық кітапханасы), Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабы ХІІ ғ. (Санкт-Петербург Шығыстану институты), Насреддин ибн Бурханаддин Рабғузидің «Қысас ул-әнбия» кітабы ХІV ғ. (Санкт-Петербург Шығыстану институты), Құтыб­тың «Хұсрау Шырын» дастаны ХІV ғ. (Париждің Ұлттық кітап­ханасында сақтаулы), Қадыр­ға­ли Жалайридің «Жамиат-тауа­рих» жинағы («Жыл­­намалар жинағы») ХVІІ ғ. (Санкт-Петер­бург универ­ситеті кітап­ханасы) және т.б құн­ды туын­дылардың көшірме-факси­ми­лесі әкелініп, олар көп­шілік көзайымына айналды.

Оның сыртында, Түркияда­ғы Ислам тарихы, өнері мен мә­дениетін зерттеу орталығының қызметкері, профессор Ә.Мүми­новпен бірлескен жоба негізінде Түркия елінен мұсылман әлемінің үшінші халифасы хазірет Осман­ның кезінде жазылған Құранның көшірмесі әкелінсе, Сауд Ара­бия­сы орталыққа 500 мың кітап жи­нақ­­талған хард диск тарту етіпті.

Жоғарыдағы құнды жазба деректер­дің мазмұнын талдап, жан-жақ­ты сипаттама жасау үшін бірқатар ғылыми-практикалық жұмыс атқарылып, араб және парсы тілі мамандарының атсалысуымен қордағы 300-ден аса араб, парсы, көне түркі тілдеріндегі қолжазбалар мен сирек кітаптарға ғылыми аннотация беріліп, нәти­же­сінде «Книжное собрание На­цио­нального центра рукописей и ред­ких книг» атты ғылыми каталог дайындалғаны құптарлық. «Алдағы уақытта қолжазбалар жә­не сирек кітаптарды қолдану және зерттеу бойынша әдістемелік жасау, жүйелеу және классификациялау бойынша әдістемелік материалдар әзірлеуді жоспарлап отырмыз», дейді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы директорының орынбасары Қайыр­жан Күзембаев мырза.

 Реставрациялау ісі жолға қойылды

Қандай да бір көне мұра қорын сақтаушы мекеме ішінде реставрациялау жұмысы жүргізілуге тиіс. Бұл – өте қажеттілік. Осы орай­­да, Қолжазбалар және сирек кі­тап­тар ұлттық орталығы ішінде жи­­нақталған көне мұраларды мұр­тын бұзбай сақтау үшін арнайы «Реставрация зертханасы» жұмыс істеп тұр. Бұл зертханада көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды тазалау, дезинфекция және дезинсекциялау арқылы қалпына келтіру жұмыстары, түптеу, консервация жұмыстары жасалуда.

 Мұндағы мамандар реставрациялау арқылы көне қолжазбаны бастапқы деңгейіне келтірмесе де, кітапты зиянды заттардан тазалап, оның сақталуына жағдай жасау арқылы құрып кетуден сақтау қажеттігін өтеп отыр. Кө­не жазбаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары ұзақ процесс екені белгілі. Жұмыстың маман денсаулығына зиянды жақтары да жеткілікті. Кітаптағы шаң, әртүрлі бактерия мен саңырауқұлақ арнайы қорғанысты қажет етеді. Осыған қарамай реставраторлар соңғы бір-екі жылда 76 көне кітаптың жаңғыртпасын жасап үлгеріпті. Бұл мақтарлық һәм мақтанарлық дүние.

Бұл – басы. Болашақта бұл жерде жаңғыртуды қажет ететін мұра көп. Кейбір он шақты ға­сырдың жүзін көрген кітаптарды жаңаламаса әсте болмайды. Халықаралық ста­тистикаға сенсек, АҚШ-та 20 пайыз көне құжат құрып кетудің алдында тұрса, Ресейде бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін жетуі мүмкін екені айтылуда. Ал Қазақстанда бұл дерек белгісіз. Себебі қандай да бір көне жазба, сирек құжат һәм кітаптың реставрацияны қажет ету-етпеуін маман ғана айта алады. Кітап рес­таврациясы – өз алдына үлкен ғылым. Оған химия, физика, экологияның да қатысы бар. Өйткені кітаптың дұрыс сақта­луы қоршаған ортаның ылғал­дылығына, температурасына, жарықтың түсуіне де байланысты.

Бір айта кетерлігі, елімізде рес­тавратор мамандарға арналған қазақша оқулық әлі күнге жоқ. «Бұл олқылықтың орнын болашақта толтырамыз», дейді Ұлттық орталық мамандары. Дәл қазір әлемде рес­тавратор мамандарды кәсіби деңгейде Иран, Түркия, Ресей даярлайды. Атаған елдермен орнатқан ынтымақтастық шеңберінде орталық мамандары Армения, Оңтүстік Корея, Түркия, Иран елдеріне барып, біліктілік деңгейін жетілдіруде.

Сөзімізді түйіндеп айтар бол­сақ, Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық мақаласында атап өт­кен­­дей, «Мақ­сат­қа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» еке­нін ескерсек, ұлттық санамызды жаңғыр­татын құрал осындағы көне жазбалар мен құнды мұралар екені анық.