Қазақстан • 30 Қараша, 2021

Құқықтық мемлекеттің басты қағидасы – заңға бағыну

3385 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан бүгінде дербес мемлекет ретінде ішкі және сыртқы саясатта үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Дүниежүзілік қауымдастық алдында зор беделге ие, бағыт-бағдары айқын ел ретінде танылды. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсап келген егемендік дербес елдің басты құндылығына, негізгі мерекесіне айналды, деп жазады Egemen.kz.

Құқықтық мемлекеттің басты қағидасы – заңға бағыну

Бұл тарихи күнде еліміздің заң саласы мамандарының үлесі зор. Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында бас қосқан жиында мамандар тәуелсіз елдің заң шығару, құқық жүйесіндегі жетістіктерді басшылыққа алды. Алқалы жиынды академияның ректоры Өмірәлі Жалаири ашып, жас мемлекеттің іргесінің бекем болуы заңнамасының мықтылығында деп атап өтті. Академия басшысы еліміздің заң шығару ісіндегі озық тәжірибелерге тоқталып, «Құқықтық мемлекет құрудың бағдар етіп ұстанған елдің басты қағидасы заңға бағыну, заңның үстемдігі. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңы қабылданды. Ата Заңымыздың арқасында саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселеде көптеген жетістіктерге жеттік. Құқықтық мәселелерге басымдық бере отырып, бұл бағытта посткеңестік елдерден озық келеміз.  Конституциямен қатар Қылмыстық, Азаматтық, Еңбек кодексін әзірлеудегі жетістіктерімізді көрші елдер мойындап отыр», – дейді Өмірәлі Жалаири. Сонымен бірге Қазақстан дала заңдарының негізінде билер сотының маңыздылығына мән беріп сөйлеген академия басшысы бұл бағытта өлім жазасын тиюды,  бітімгершілік мәмілеге келудің озық үлгілері жайында айтып өтті. Билер сотының алдағы уақытта көптеген басымдықтарын қолданысқа енгізетін болсақ, онда елімізде қылмыс атаулы азайған болар еді.

Ресей, Өзбекстан, Монғолиядан сарапшылар қатысқан жиында Тәуелсіздіктің қастерлі ұғым ғана емес, жас ұрпақ бойында отансүйгіштік қасиеттерді дамытып, тарихымызды тереңнен тануға ықпал ететін ұлы күш екендігіне мән берген сарапшылар әрбір қазақстандық үшін қастерлі ұғымды қадірлеп, мемлекеттің бейбітшіл рухын көтеріп, оның дамуына атсалысу әрқайсымыздың парызымыз екендігіне тоқталды.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы еш боямасыз тарихи оқиға. Бұл заманауи тәуелсіз мемлекет құра білген Қазақстан халқының тарихи жетістігінің жарқын дәлелі», – деп атап өтті Тұңғыш Президент қоры атқарушы директорының орынбасары, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы, Еуропа кеңесі Венеция комиссиясының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Игорь Рогов. Айтулы мереке қарсаңында осы үш онжылдықта мемлекетіміздің жеткен жетістіктерін ғылыми тұрғыдан саралау қажеттілігі тұр. Өйткені егемендік жолында отандық заңгерлердің еткен еңбегі орасан. Тәуелсіздік алған кезеңде Қазақстанда кәсіби мықты құқықтық мектеп қалыптасты. Құқықтық мемлекет құру жолында Конституцияны әзірлеуде Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сынды заңгер ғалымдардың үлесі зор. Ғалымдар шетелдер тәжірибесіне сүйеніп қана қоймай, білімі мен тәжірибелерінің жоғары екенін көрсетті. Бүгінде еліміздің заңгерлері Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тапсырған міндеттерді орындау жолында занауи әлемдік тегеуріндер мен ел ішіндегі мәселелерді шешуде жоғары біліктілік танытып келеді.

Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің басшысы Қуаныш Жапақов ведомство жұмысы туралы айтып өтті. «Тұңғыш Президент Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстанда жемқорлықпен күрес тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап жолға қойылды. Үнемі жетілдіріліп отыратын арнайы бағдарлама қабылданды.  Бүгінде біздің мақсатымыз – пара алғандарды тергеу емес, жемқорлықтың алдын алу қадамдары әзірленді. Мысалы, пара берушілердің, сондай-ақ оны қабылдайтындардың жазасын қатаңдату, заңсыз сыйақы беру және басқа да шаралар туралы хабарлайтын комплайн-қызметтерді күшейту ісі қолға алынды. Осы үш онжылдықта Қазақстан құқықтық мемлекет құра білді әрі  бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды дамып келеді», – деді ведомство басшысы.

Осы жиында Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов, «Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институты» РМК директоры, заң ғылымдарының кандидаты Рамазан Сарпеков, тағы басқа сала мамандары егеменді елдің заңнама жүйесі, мемлекеттің егемендігін қамтамасыз етуде қылмыстық-құқықтық  механизмдер, сот жүйесі, құқық саласын цифрландыру мәселелерін кеңінен талқылады.