Қазақстан • 02 Желтоқсан, 2021

Баспанаға мұқтаж полицейлердің жайы қалай?

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігінің жеке тұрғын үй қоры жоқ, сондықтан тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлерді қамтамасыз ету мәселесі әрдайым өзекті, деп жазады Egemen.kz.

Баспанаға мұқтаж полицейлердің жайы қалай?

2014 жылы ішкі істер органдары қызметкерлерінің белгілі бір санатына тұрғын үйді жалдауға (жалға алуға) арналған өтемақы төлемдері құқығы берілді. Бастапқы кезеңде 6 мыңнан астам полиция қызметкері осы құқыққа ие болды.

2019 жылы тізім патрульдік полиция лауазымдарымен және учаскелік инспекторлармен (оның ішінде кәмелетке толмағандар істері бойынша) толықтырылды. Сол кездегі қызметкерлердің жалпы саны 9 мыңнан астам адамды құрады.

Биыл 1 қаңтардан бастап тұрғын үй төлемдерін алуға құқығы бар лауазымдар тізімін учаскелік полиция инспекторларының көмекшілері, арнайы мекемелер мен айдауыл қызметінің, Мамандандырылған күзет және кинологиялық бөлімшелердің, қылмыстық-атқару жүйесі сотталғандарының медициналық бөлімшелері мен еңбекті ұйымдастыру бөлімшелерінің, кезекші бөлімдердің және жедел басқару орталықтары қызметкерлері толықтырды. Осылайша, тұрғын үйге мұқтаж полицейлер саны тағы 8364 бірлікке ұлғайтылды.

Қазіргі уақытта бұл сан 27,5 мың қызметкерге дейін өсті. 

2021 жылғы 1 сәуірде Мемлекет басшысы заң қабылдады, оған сәйкес ІІО қызметкерлері үшін тұрғын үй төлемдерінің тетігі әскери қызметшілермен ұқсас белгіленді. Бұл тетік бойынша қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан және жарақат алған қызметкерлердің отбасыларына төлемдерді сақтау жөніндегі заңнамалық норма көзделген.

– Қазіргі уақытта тұрғын үйге мұқтаж полиция қызметкерлерінің 70%-дан астамы осындай төлемдермен қамтамасыз етілген. Қазір «Отбасы Банкі» басқармасымен екіжақты келісім жасасу мәселесі пысықталуда, бұл полицейлерге банктің арнайы тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға және олар үшін қолайлы шарттармен тұрғын үй алуға мүмкіндік береді, – деп хабарлады ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев.