Театр • 02 Желтоқсан, 2021

Сәулелі өнердің сәукелесі

351 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Еуразия жүрегінде еңсе тіктеген елорда азаттықты аңсап өткен ата-бабалары­мыздың асыл арманын ақиқатқа айналдыр­ған алып шаһар. Бұл қалада Қазақ елінің қайсар қасиеті мен мәңгілік мәдениеті, өзгеге бергісіз өзіндік өркениеті ұштасып жатыр. Ғұндардың астанасы болған байырғы Бозоқ пен бүгінгі Нұр-Сұлтанның арасында салқар сабақтастық, балталаса бұзылмайтын байланыс бар. Ұлы даланың жүрегі болып дүрсілдеп, байтақ елдің тамырына қан жүгірткен бас шаһар сәулелі өнердің сәукелесіне айналды.

Сәулелі өнердің сәукелесі

Азаттықтың алтын қазығы

Елбасының даралығы мен даналығы­ның арқасында бой көтерген бүгінгі ел ас­та­насына әлем сүйсінеді. Есілдің жа­ға­­сын­да еңсе тіктеген елордаға қарап хал­қы­мыздың ғасырлар бойғы арман-мұра­ты орындалғанын аңғара аламыз. «Бағана­лы орда, басты орда – күн дидарлы астананың» өзіндік даму жолы, бағы­ты мен бағдары айқындалды. Жылдар жылжыған сайын көрікті қаланың ажары адамзатты арбап, сәулетті архитектурасы көпшіліктің көз жауын алып келеді. Саз­герлер сол жұмбақ сұлулықты халық сүйіп тыңдайтын әуезді әнге айналдырса, аузы дуалы ақындар жыр-жауһарын жар­қыратып, арайлы қалаға аяулы алқа тақты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау шырайлы шаһар туралы «Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Ел қатарлы одақтан бөлініп шыққаннан, тәуелсіздік алғаннан, Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданғаннан, Туды, Гимнді, Гербті бекіткеннен ел бірден шын  мәніндегі тәуелсіз мемлекет бола қал­майды. Шынтуайтында, жаңағы жайлар­дың бәрі кез келген мемлекеттің міндетті атрибуттары. Тәуелсіздіктің басты белгісі – өзіңнің тағдырыңды өзің шешуге қабі­лет­тілігіңнің келуі. Тәуелсіз саясат жүр­гі­зе алуың. Соған шамаңның жетуі, мүмкін­дігіңнің келуі. Еуразияның қақ ортасында біз орнатқан Астана – Қазақстан хал­қы­ның дербес таңдауы. Астана – елдің бо­ла­шаққа салған көпірі. Жаңа қоғамның сим­волы. Біз іс жүзінде жаңа мемлекет орна­туды астанамызды жаңадан салудан баста­дық десек те артықтығы жоқ», деген болатын.

Расымен де, жас мемлекеттің тарихи кезеңдегі жарқын жолы ел астанасын жаңа­дан тұрғызудан бастау алған бо­ла­тын. Тәуелсіздіктің елең-алаңында елді бірлік пен ынтымаққа, келісім мен тату­лық­қа шақырған елорда әрбір отанда­сы­мыз­дың ортақ шаңырағына айналды. Елба­сының осынау есіл еңбегі елеусіз қал­ған жоқ. Егемен елдің ұрпағы Тұңғыш Пре­зидентіміздің атқарған ауқымды жұ­мы­сын, қыруар еңбегін әрқашан ардақ тұтады.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 20 нау­рызда Парламент палаталарының бір­лес­кен отырысында сөйлеген сөзінде «Жаңа елордамыздың бой көтеруіне Тұңғыш Президентіміздің сіңірген еңбегі ерекше. Астананың құрылысы Елбасының тарихи ерлігі саналады. Бас қаламыз Тәуелсіз еліміздің шынайы бет-бейнесіне, халқымыздың мақтанышына айналды. Елорда жаңа мемлекеттің идео­логиясы ретінде киелі ұғымға ие болды. Астанамыз, шын мәнінде, өткеннің құндылықтарын дәріптей отырып, күллі әлемге Қазақстанның жаңа бейнесін паш етті. Елордамыз саммиттер және басқа да маңызды халықаралық кездесулер өтетін ірі орталық ретінде қалыптасты», дей келе Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсету қажет екенін алға тарта отырып, «Біздің елордамыз оның есімін иеленіп, Нұр-Сұлтан аталуы тиіс», деген болатын.

Содан бері екі жылдан астам уақыт өтті. Елордамыз сәт санап гүлденіп, түр­леніп келеді. Айрықша архитектурасы мен келісті келбеті Нұр-Сұлтан қала­сын әлемге әйгіледі. Алайда елорданы тек асқан сұлу ажары ғана емес, осы ша­һар­­да қолға алынып жатқан бірегей бас­тамалар да ерекшелеп тұрғаны анық. Әсіре­се мәдениет, өнер, театр саласында ауыз толтырып айтуға болатын жемісті жетістіктер бар. Мәселен, биылғы 28 қазан мен 1 қараша аралығында елорда аумағында ТЕАТР ALL Nur-Sultan theatre week атты театр фестивалі өткен болатын. Аталған театр апталығында Нұр-Сұлтан қаласының және шетелдің 11 ұжымы өнер көрсетіп, бес күнде бас қала­ның тұрғындары бас-аяғы 20-дан астам қойылымды тамашалады.

Ерекше жандардың басын қосқан ерекше ұжым

Бұл – елорданың мәдени өміріндегі жалғыз жаңалық емес. Биылғы қазан айының бел ортасында Нұр-Сұлтан қала­сында Qanattylar инклюзивті театры қанат қақты. «Біз ерекше қажеттілігі бар қала тұрғындарына толық қолдау көрсетуге тырысамыз. «Жастар» театрында Qanattylar инклюзивті театры ашылды. Инклюзивті театрдың артық­шылығы – ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеу­меттендіру, әлеуетін ашу, шығар­машы­лықпен айналысуға мүмкіндік беру. Олар өткізілген сабақ есебінен де өзіндік оңалту алады. Осылайша, сахнада көру, есту, сөйлеу проблемалары бар адамдар, сондай-ақ арбамен жүретін адамдар өнер көрсетеді. Театр базасындағы ерекше адамдар сахналық өнермен, хореографиямен айналысады, мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. Осындай инклюзивті театр ашу ұсынысымен маған Арнұр Ысқақов жүгінді, ол мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемалары туралы жақсы біледі. Бұл идеяны қолдап, жүзеге асыра бастадық. Біз үшін ерекше қажеттілігі бар қала тұрғындарын оңалту және әлеуметтендіруге жағдай жасау өте маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оңалту орталықтарының желісі едәуір кеңейтілді, жаңа үйлердің бірінші қабаттарында әлеуметтік нысандар (оңалту орталықтары) ашылуда. Осы жылдың жазында көру қабілеті бұзылған балаларға арналған балабақша ашылды (Сарыарқа ауданы, Кенесары көшесі 9/1). Сондай-ақ паралимпиадалық жаттығу орталығымен бірлесіп, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт кешенін саламыз», дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Шаһар басшысы айтып отырғандай, Qanattylar инклюзивті театры ең алдымен ерекше қажеттілігі бар адамдар­ды әлеу­меттендіру мақсатында қол­ға алын­ған бастама. Әрине елорда аума­ғында мүм­кіндігі шектеулі жандардың мүм­кіндігін шектемейтін бастамалар баршы­лық. Мәселен, биыл қараша айының соңын­да Нұр-Сұлтан қаласындағы пар­а­лим­пиадалық жаттығу орталығында ерек­­ше қажеттілігі бар жандар арасында «Ға­жайып жұлдыздар» шығармашылық бай­қауы ұйымдастырылды. Шығармашы­лық сайыс ән, би (жеке, топтық), өлең, му­­­зы­калық аспаптарда ойнау, ми­ниа­тю­ра, stand-up, қолөнер сынды барлы­ғы 7 ба­­ғыт бойын­ша өткен еді. Байқауға елі­міз­­дің түк­пір-түкпірінен ерекше физи­ка­­­­лық қажеттіліктері бар 200-ден ас­­­там адам қатысты. Мұндағы мақсат – па­р­­­­­а­лим­­­пиадалық құндылықтарды қас­тер­леп, инклюзивті қоғамдастық құру және мүгедектігі бар жандар арасында таланттарды анықтау болды.

Алайда аталған театрдың жөні, мәні мен мағынасы тым бөлек. Ерекше жандар театр арқылы өзінің әлеуетін ашып, шынайы шығармашылықпен айналысуға таптырмас мүмкіндік алып отыр. Осы арқылы оңалту амалдары да қоса жүріп жататыны анық. Себебі өнер – адамның қиялына қанат қақтырып, асқақ арманға, биіктерді бағындыруға, өмір сүруге жетелейді. Жасыратын несі бар, кей жандар арбаға таңылдым, есту, көру қабілетімнен айы­рылдым деп салы суға кетіп, жарқын болашақтан біржолата күдер үзіп жатады. Мұндайда мамандардың психологиялық қолдауы, дем беруі аса маңызды мәселе. Одан да маңыздысы – ондай адамдарды ортақ идея аясына топтастырып, белгілі бір бағыт нұсқау, шабытына шабыт қосу. Міне, елорда төрінде іргесі қаланған жас театрдың көздегені де осы. Ерекше қажеттілігі бар жандардың жанына жылу сыйлап, көңіліне дем беру, маңызды іске жұмылдырып, өмірдің нұрлы, шуақты сәттерімен ұштастыру.

Ел аумағында бұрын-соңды болмаған театр

Ең бастысы, мұндай театр ел аумағын­да бұрын-соңды болған емес. Әрине қоғамдық бірлестіктер мен алуан түрлі үйірмелер мұндай қадамды жасады. Алайда толыққанды театр құрып, штат ашып, қызметкер қабылдап, жалақы тө­леп жатыр деп айта алмаймыз. Елорда­да қанат қаққан Qanattylar инклюзивті теат­р­ы­ның ең басты ерекшелі де – осы. Бір қарағанда, ерекше жандардың басын қо­сып, көзіқарақты көрерменнің көз жасын тамызатын қойылым қоюдың еш қиындығы жоқ болып көрінуі мүмкін. Алайда бәрі біз айтқанымыздай оңай шаруа емес. Театр – жоқ жерден пайда болып, қолдап-қоштаусыз құрыла салмайды. Көреген басшылық, түсінушілік, бұл аз десеңіз қарапайым адамгершілік қажет бұл істе. Мұндай қасиет Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бойынан табылып, алдына алып арман, маңызды мақсат арқалап келген азаматтың ұсынысын жерде қалдыр­ған жоқ. Қолдады. Қоштады. Есесіне, елор­да төрінде ел таңырқап қарайтын тамаша театр пайда болды.

«Театр құру туралы алғашқы қадам сонау 2018 жылы пайда болған еді. Сол жылы Мәдениет министрлігінің қолдауымен фестиваль ұйымдастырдық. Аталған фестивальға ТМД аумағынан төрт театр арнайы ат басын бұрып, іргелі іс-ша­рамызға қатысты. Сол кезде ел аума­ғ­ында бірде-бір инклюзивті театр таппа­дық. Осы фестивальде Qanattylar театры алғаш «Қызыл алма» спектаклімен өнер көрсетті. Алайда сол кезде театр Qanattylar емес, «Активлайф» деп атал­ған еді. Бірақ 2019-2020 жылдардағы пандемияның салдарынан қызметіміз тоқтап қалғанын жасырмаймын. Сөй­тіп биыл жыл басында Нұр-Сұлтан қала­сы­ның әкімі Алтай Көлгіновтің қабыл­дауын­да болып, өз ұсынысымды жасадым. Қуантарлығы сол, шаһар басшысы бастамамызға бірден қолдау білдіріп, арманымызды іске асырды», дейді Qanattylar инклюзивті театрының жетекшісі Арнұр Ысқақов.

Бүгінде Qanattylar театры қаз басып аяғына тұрып, буыны енді қатып келе жатқан өнер ордасы. Соған қарамас­тан, қоғамды елең еткізетін ерекше тақы­рыптарға, жүрекке қозғау салатын соны соқпақтарға ұмтылып үлгерді. Мұндайда көптің арасынан дөп түсіп, таланттарды танып, үлкен сахнаға жетелеп шығару да оңай емес. Театр жетекшісінің айтуынша, бүгінде өнер ұжымының құрамында 20 адам бар. Олардың арасында сурдо­аудармашы мен хореографтан бөлек, естуі мен сөйлеуінде кемістігі бар 10, арбаға таңылған 6, көру қабілетінде ақауы бар 3 адам бар. Сондай-ақ өнер ордасы «Жастар» театрының шаңырағынан өз орнын тауып, қажетті техникамен, жүріп-тұруға қажет жеке көлікпен қамтылған. Бұл жақсылық енді еңсе тіктеп келе жат­қан жаңа театр үшін ауқымды қолдау болғаны анық.

Өмірден алынған өзгеше қойылым

Театр құрылған соң, көрерменді қы­зықтыратыны оның тың репертуары екені белгілі. Qanattylar инклюзивті теат­ры мұндай жаңашылдықтан да кенде емес. Биыл жас театр мамыр айында жаңа қойылым қою мәселесін қолға алды. Ең алдымен ұжым «Жастар» театрының режиссері, Қазақ мəдениетінің қайраткері Нұрфат Вахитовпен ақылдасып, бірне­ше драматургпен кеңеседі. Жаңа қойы­лым­ның бағыты, жанры, айтылатын ойы туралы ой бөліседі. Ақылдаса келе қойылымда өрбитін оқиға шынайы өмір­ден алынуы керек деген тоқтамға келеді. Осылайша, жарты жыл әзірліктен соң Qanattylar театры шымылдығын ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбайдың «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық қойылымымен түрді.

Қазанда көрерменге жол тартқан өзіндік өзгешелікке, қайталанбас сәттерге толы «Қанаттылар» қойылымы бұдан соң сахналанбайды деген сөз емес. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын, ерекше жандардың ерекше қасиетін тамашалағысы келген Нұр-Сұлтан қа­ла­сының тұрғындыры мен меймандары аталған қойылымды биылғы 5 жел­тоқ­сан күні «Жастар» театрының қабыр­ғасында тамашалай алады. Мұндай жаңашыл­дықты «көрген де арманда, көрмеген де арманда». Қазанда жол түсіп, бара алма­дық, қапы қалдық деген жандар үшін бұл да қайталанбас мүмкіндік екені анық. Өмірдің қиын сәттерін бастан кешіп жат­қа­нына қарамастан, жігер жанып, қайсар­лық танытып, барлық қасаң қағи­даларды бұза-жарып сахнаның сәніне ай­нал­ған ерекше жандардың шеберлігі ешкім­ді бей-жай қалдырмайды деп сенеміз.

Шеберлікке баулитын ұстахана қажет

Бүгінде театр ұжымында 20 адам бар. Алайда сол 20 адамның барлығы театрдың, актерлік шеберліктің қыр-сырын толық меңгеріп кетті деп айта алмаймыз. Себебі елімізде ерекше жандарға арналған қандай да бір білім ордасы, актерлікке баулитын жеке кафедра жоқ. Сол себепті де театр басшылығы бұрын-соңды сахна көрген, өнерге жаны жақын, құштар адамдарды іріктеп, арнайы шақыртты. Осылайша, «көш жүре түзеледі» демекші, Qanattylar театрының мүшелері алдымен бойдағы айрықша қабілеттерінің, содан соң мамандардың көмегімен сахна мәдениетін, театр өнерін игеріп жүр.

Театр жетекшісі Арнұр Ысқақов алда­ғы уақытта Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің қабырғасында ерекше жандарды актерлік шеберлікке баулу жөнінде ұсыныс барын айтады. Бұл ұсыныс тиісті министрлік тарапынан қолдау тауып жатса қаншама актердің бағы ашылар еді. Алайда Qanattylar театры бұл ұсыныс қашан бекиді деп кідіріп жатқан жоқ. Ұжым бар ынта-жігерін салып, түрлі қойы­лым әзірлеп, дайындық жұмыстарын жалғастырып, өз шеберліктерін өздері шыңдап келеді. Тіпті театр алғаш шымыл­дығын түрген сәттен бері өзге де ерекше жандардың арасынан ұжым мүшесі болуға ұсыныс жасағандар бар. Театрдың штат саны кеңейетін болса, жаңа актерлер де сахнадан табылатыны анық.

Алға қойған мақсат көп

«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең». Qanattylar инклюзивті театры күні кеше шымылдық түріп, қанаты енді-енді қатайып жатқанына қарамастан ұжым­ның алға қойған мақсаты, тау қопа­рар талабы бар. Мұндай мақсат театр ұжы­мының жігерін жанып, бойға то­лассыз қуат бітіреді. Мәселен, биыл 14 жел­­тоқсанда театр ұжымы естуі мен сөй­леуінде кемістігі бар балаларға арнап ертегі қоюды жоспарлап отыр.

Несін жасырайық, ХХІ ғасырдағы қазақ театрларында балаларға арнап ертегі қою, бала қиялын дамыту мәсе­­лесі кенжелеп барады. Естуі мен сөй­леуін­де кемістігі бар балаларға арнал­ған қойылымдар былай тұрсын, басы аман, бауыры бүтін, он екі мүшесі сау бала­ларға да ертегі қойыла бермейді. Осындай олқылықтың орнын Qanattylar инклюзивті театры толтырып отыр. Сон­дық­тан театр ұжымының мұндай қада­мын театр сүйетін көзіқарақты көрермен ғана емес, ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған қарапайым ата-аналар да жоғары бағалайтыны анық.

Театрдың бұдан да үлкен арманы мен болашаққа негіздеген жоспары бар. Ол – ел аралап, гастрольдік сапарға шығып, отандас­тарымызды ерекше театр­дың өне­рі­­мен таныстыру. Әрине сахнада салтанат құрған әрбір өнер иесі­нің арманы бір театр, бір қаланың аума­ғында шектеліп қалмай, бойдағы талантын қалың бұқараға жеткізу емес пе? Сон­дықтан театр ұжымының бұл арманын өнерге жаны жақын әрбір азамат түсінуі тиіс. Бұған дейін айтқанымыздай, ел аумағында мұндай театр жоқ. Болған да емес. Ендеше, елордада бастау алған мұндай бастама гастрольдік сапарлар арқылы көпке үлгі болып, отандық өнердің көкжиегін кеңейтетіні, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ерекше жандарға сенімді серпін беретіні анық.

Нұр-Сұлтан қаласы осылайша сәт санап еліміздегі өнер мен мәдениеттің тұма бастауына, алтын қазығына айналып келеді. Елорданың мәдени, рухани тұрғыда дами түсуі еліміздің абыройын аспандатып, беделін биіктететіні белгілі. Ел игілігіне арналған барлық байыпты бастамалар бүгінде ел жүрегі – елордадан бастау алады. Ендеше, Qanattylar инклюзивті театрының өнер айдынында өз орнын табуы да ел тұрғындарына шалқар шабыт сыйлап, өзге өңірлерге үлкен үлгі болады деген сенім бар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Кез келген елдің тарихында ұлттың ұжымдық рухы тыныштық кезеңінен пассионарлық кезеңіне көшетін кездері болады. Сол кезде адамдардың жиынтық энергиясы, олардың интеллектуалдық және шығар­машылық күш-қуаты таңғаларлық нәти­же­лерге қол жеткізуге, бір ұрпақтың кезін­де басқа елдерде жүздеген жылдар кете­тін жолды еңсеруге мүмкіндік береді. Біздің тарихымызда мұндай кезең біздің елорданың – Астананың пайда болуымен басталды», дейді.

Расымен де, елорда бой көтергелі бері бас шаһардың шығармашылық күш-қуаты таңғаларлық нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Оған сан қырлы өнер тұлғаларының, таңғажайып театр ұжымдарының осы қаладан шығуы дәлел бола алады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бір сөзінде «Елорда – таланттар бағын ашатын, жаңа өмір бастап, арманын жүзеге асыратын орын», деген еді. Қала басшысы айтып отырғандай, елорда – таланттардың бағын ашып, армандарын жүзеге асырды. Мұны біз Qanattylar инклюзивті театрының бүгінгі аяқ алысына қарап айтып отырмыз. Алдағы уақытта аталған театр елорда тұрғындары мен қонақтарын тың туындыларымен таңғалдыра береді деп сенеміз.