«Көкшетау» мәдениет сарайында «Мәңгілік Ел» республикалық акциясының эстафеталық жиынтық жиыны өткізілді. Бұдан бұрын ол аудандар мен қалаларда, оқу орындары мен еңбек ұжымдарында рухани өрлеу туғызған болатын.
Облыс орталығында басталған салтанатты шара «Мәңгілік Ел» ұранымен жаңғырды. Осындағы иін тірескен халықтың қолында логотиптік жалауша, мойнында көгілдір лента көз тартады. Жұртшылық «Мәңгілік Ел жолы» бейнебаянын тамашалап, ұлттық бірлестіктер ұйымдастырған көпсалалы көрмені аралап көрді. Балабақша тәрбиеленушілерінен бастап, халықаралық деңгейде танылған өнерпаздардың концерттік нөмірлерінің арқауы Елбасының тағдыршешті Жолдауын жаппай қолдау ауанын айшықты аңғартуымен ұтымды шықты.
Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Рашит Әкімов акция шымылдығында толғанысты сөз сөйледі. Қазақ елі тәуелсіздік жариялаған 22 жылда қыруар істер тындырып, ауқымды жетістіктерімен әлем назарына ілікті, деді ол. Бізді дүниежүзілік қоғамдастық дамушы мемлекет ретінде құрмет тұтып, бәсекелестік додасындағы адал әріптес санайды. Бұл біздің баршамыздың ұлттық мақтанышымыз. Мұндай ел болашаққа арналған ауқымды жоспарлар түзіп, оның игілігін көруге қабілетті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауында: «Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы», деп атап көрсетті. Осынау орасан жауапкершілік тұрғысындағы сыннан сүрінбей өтуімізге астаналық Ақмола облысы елеулі үлес қосатыны шүбәсіз. Өңір басшысының орынбасары осыған орай бірқатар негіздемелік деректер келтірді. Облыс 2013 жылы 105,9 пайыздық өңірлік жалпы өнім өсімі жөніндегі міндет үдесінен көрінді. Биылғы жылдың белгіленген белестері де жоғары.
Мінберге көтерілген Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, еліміздің білім беру ісінің үздігі Зере Қиықова, облыстық «Вайнах» чешен-ингуш қоғамдық бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев жиналғандарға жалынды сөзін арнады. Онда Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясынан туындайтын міндеттер жұртшылық жүрегін тебіреніс пен толғанысқа түсірді.
Патриоттық акцияға қатысушылар бұған дейін еліміздің бірнеше өңірін аралап, Қызылорда облысынан жеткізілген «Мәңгілік Ел» тілек кітабын қабылдап алды. Сондай-ақ, республикалық Назарбаев Орталығы өткізген жастардың шығармашылық байқауының бес жеңімпазын марапаттау шарасы өткізілді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.