М. Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ-де Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күніне арналған Ұлттық пікірсайыс турнирінің ашылуы өтті.
Ұлттық турнир Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Елбасы академиясының қолдауымен өтсе, ұйымдастыру жұмыстарына Ұлттық пікірсайыс федерациясы жауапты болып отыр.
Турнирге іріктеу кезеңдерінен өткен 80 адам қатысуда. Дода американдық және британдық парламенттік форматта қазақ, орыс тілдерінде ұйымдастырылған. Ал үздік спикер Линкольн-Дуглас форматы бойынша анықталады.
Іс-шараның ашылу салтанатына Елбасы академиясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбай, ҚазГЗУ ректоры, Нұр-Сұлтан қалалық Мәслихатының депутаты Талғат Нәрікбаев, Ұлттық пікірсайыс федерациясының президенті Болат Бұхарбай қатысты.
«Соңғы жылдары елімізде барлық облысты қамтитын ұлттық деңгейдегі студенттік пікірсайыс турнирі өткізілген жоқ. Бұл доданың ерекшелігі – еліміз бойынша өз өңірлерінде жеңіске жеткен ең үздік командалардың қатысуы. Елбасы Академиясы алдағы уақытта да пікірсайыс қозғалысын қолдайтын болады», деп атап өтті Мұрат Жұманбай.
Елордаға жиналған үздіктер екі күн бойы қазақ және орыс лигаларында жүлделі орындарға таласпақ. Айта кетерлігі, республикалық турнирдің жалпы жүлде қоры 2 000 000 теңгені құрайды.