Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2021

«Бастауда» қандай картиналардың бағы жанды?

390 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласында IX «Бастау» халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Фестивальдің қазылар алқасы кино мерекесін қорытындылап, бірнеше номинациялар бойынша жеңімпаздарға жүлделерін табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

«Бастауда» қандай картиналардың бағы жанды?

«Bastau Debuts» байқау бағдарламасында Амин Найфенің «200 метр» атты картинасы басты жүлдеге лайық деп танылды. «Үздік фильм»  аталған картина бірнеше елдің (Палестина, Иордания, Катар, Италия және Швеция) қатысуымен түсірілген және Таяу Шығыстағы отбасының оқиғасын баяндайды. Мұстафа мен оның әйелі Салва екі ауылда тұрады. Елді мекендер 200 метр қашықтықта орналасқанына қарамастан, қабырғамен бөлінген. Бірде телефон қоңырауы естіледі, енді отбасы үшін бәріне дайын әкесі қабырғаның арғы бетіне өтуі керек. Ол үшін 200 метр 200 шақырым қашықтыққа айналады.

116574

Юрий Быков бастаған халықаралық қазылар алқасы бұл фильмге «Үздік режиссура» сыйлығын да берді. Сонымен бірге конкурстық бағдарламада «Үздік актер» сыйлығын «Белый кит» фильміндегі Дайнюс Гавенонис (Ресей), «Үздік актриса» марапатын «Кто спит в серебристо-сером» фильмінде ойнаған актриса Инин Ма (Қытай) жеңіп алды. «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» қазақстандық Әлішер Жәдігеровтың «Отау» картинасына бұйырды.

254685

«Кез келген фестиваль лотерея сияқты. Сондықтан бүгін жүлдеден тыс қалған азаматтарға өз қабілеттеріңізге, кино түсіруге деген талпыныстарыңызға ешқашан күмәнданбаңыздар дегім келеді. Ең бастысы кино сыйлық үшін түсірілмейді. Осыны әрдайым есте сақтаңыздар», деді қазылар алқасының төрағасы Юрий Быков жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

149966

Фестивальдің ең үздік қысқаметражды фильміне тиесілі сыйлық Тәжікстаннан келген режиссер Манзарали Шералидің «Обуза» картинасы берілді. Ресейлік Татьяна Федоровскаяның төрағалығымен өткен Bastau Shorts бағдарламасында қазылар алқасы келесі номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтады.

 «Үздік қысқа метражды анимациялық фильм» - Шокир Холиковтың (Өзбекстан) «Қыз бен бұлт» фильмі;

«Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» - қазақстандық режиссер Нұрбол Ерболұлының  «Түйме» картинасы;

«Ерекше атап өту» номинациясы - ресейлік Андрей Натоцинның «Катя» фильмі;

«Ерекше атап өту» номинациясы - Беларусь режиссері Юрий Семашконың «Когда я был генерал» картинасы.

13289

 Деректі фильмдер секциясында «Үздік толықметражды деректі фильм» номинациясы бойынша Украинадан келген Андрей Лисецкийдің «Иван жері» атты жұмысы жеңіске жетті. Украиналық Мария Шевченконың «Родимое пятно» картинасы «Үздік қысқа метражды деректі фильм» номинациясын ұтып алды. Ал қазылар алқасының арнайы жүлдесі қазақстандық режиссер Тілек Ырысбектің «Жұмагүлдің әлемі» картинасына бұйырды.

948856

Халықаралық студенттік қазылар алқасы өзбекстандық режиссер Шерзод Назаровтың «Жібек жолында» картинасына фестивальдің «Үздік қысқаметражды фильмі» марапатын тапсырды. Сондай-ақ, студенттік қазылар алқасының арнайы сыйлығын режиссер Эльза Гаудждің (Латвия) «Локдаун» фильмі жеңіп алды. Ал қазақстандық режиссерлер Ділшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» және Айдана Бауыржанқызының «Әке, ән айтып берейік пе?» жұмыстары қазылар алқасы тарапынан ерекше аталып өтілді.

15656

Биыл кинофестиваль қатысушылары мен қонақтары бес күн ішінде әлемнің отыздан астам елінің режиссерлері түсірген 80 фильмді тамашалады.

15646

Дәстүрлі түрде өтетін кино мерекесін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Тұран Университетінің, Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Универститетінің, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен «Tanaris Production» және A Team кинокомпаниялары ұйымдастырды.