Тарих • 06 Желтоқсан, 2021

Атамды ақтағым келеді

303 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Отызыншы жылдары «Халық жауы» деп айыпталғандардың көбі керісінше, халықтың бостандығы үшін құрбан болғаны мәлім болды. Қалай дегенмен, тағдырға түскен таңбаны өшіру оңайға соқпас. Жуықта редакциямызға «атамды ақтағым келеді» деп Тарбағатай ауданы, Тұғыл ауылының тұрғыны Альмира Құрманбекқызы хабарласқан.

Атамды ақтағым келеді

Атасы Әмірғали Жаманов 1930 жылы Зайсан ауданы, Май­қапшағай кеден бекетінде жа­зық­сыз атылып кеткен екен. Шежі­реден тарқатсақ, Найманның Мұрынынан тараған ағайынды Еден мен Бөден ертеде Ақсуат өңіріндегі жайылымға сыймай Зайсанға көшіпті. Зайсан жайлы жер болса керек, Еденнің ұлы Әмірғалиға мал бітіп, үйір-үйір жылқы өсіріпті.

– Әмірғали атамыз туралы әкем жиі айтып отыратын. Алты әйелі болған десетін. Ең кіші тоқалы Динадан Жұмаш және менің әкем Құрманбек туыпты. Жұмаш атаның ұлдары Қабанбай ауылында тұрады. Әлі көз алдымда, апам 1970 жылы, мен 3-сынып оқып жүргенде қайтыс болды. Атам Әмірғали Жаманов 1888 жылы туып, 1930 жылы 42 жасында «халық жауы» деген жаламен атылған. Себебін сұрасақ, біріншіден қытай тілін білген. Содан өкімет «қытайдың тілісің» деп айыптаған екен. Екін­шіден, бай болған. Атам атыл­ған жылы әкем Құрманбек қырқынан да шықпапты. Құрбан айтта туған соң есімін жарықтық әкесі өзі қойыпты, – дейді Альмира Құрманбекқызы.

Ол ескілеу фотосуретті қолыма ұстатты.

Әкесінің бейнесі бар суретті Құрманбек ақсақал ешкімге көр­сетпей, көзінің қарашығындай сақ­тап келген. Рәсімдегі азамат­тар­дың ішінде Әмірғали Жаманов пен оның інісі Хамза да бар. Айтуынша, суреттегі ер азаматтардың он то­ғызы түгел атылыпты. Аман қал­ға­ны Хамза аталары ғана (жасы он сегізде болған соң аман қалса керек).

– Фотода тымақ киіп отырған Әмірғали атам. Оның қасындағы ақ гвардиялық офицердің ұлы Сергей. Атылғандардың бәрі Зай­санда тұрған көрінеді. Мынау су­ретті газетке шығарсаңдар, мүм­кін зайсандық оқырмандардың бірі аталарын танып қалып, оларды ақтап алуға бірге кірісерміз, – деп тілегін білдірді Альмира Құрманбекқызы.

Әмірғали Жаманов атылып кеткен соң бала-шағасын інісі Хамза тәрбиелеп өсірген. Ол түзеу-еңбек лагерінен келген соң Ертіске қорықшы болып орналасып, өмір бойы сонда жұмыс істеген. НКВД «халық жауының» ұрпақтарына іздеу салған жылдары ағасынан қалған Жұмаш пен Құрманбекті «өз балаларым» деп атына жаздырып алған. Хамзаның өз кіндігінен тараған ұрпақ болмаған. Өмірдің ыстық-суығын басынан өткізген ол 1968 жылдың қысында аттан құлап, мұз үстінде екі сағаттай жатып қалған. Содан оңалмаған. Асқазанына ас батпай, бірнеше ай төсек тартып, дүниеден өткен.

– 1968 жылы Хамза атам Көкжыра ауылында ауырып жатты. Мен Зайсаннан атама газдалған су тасыдым. Асқа зауқы соқпаған соң газды су ғана ішетін. Апам таңертең автобусқа отырғызып жібереді. Зайсанның автобекетінің жанындағы дүңгіршектен газды суымды алып барамын. Сол автобуспен кері қайтамын. Бірінші сынып бітірген кезім, – дейді Альмира Құрманбекқызы балалық шағын еске алып.

Әмірғали Жаманов ұрпақ­та­ры­ның ендігі арман-тілектері атасын ақтау. Алайда, қолдарында тіл­дей қағаз жоқ. Істі неден, қа­­лай бастарын білмейді. Бір қуан­тар­лығы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жа­па шеккен қазақстандықтарға қа­тыс­ты тарихи әділдікті қалпына кел­тіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы» деген еді. Ендеше, әділдік орнау үшін қоғам болып жұмыс істеуіміз керек. Жазықсыз айып тағылғандары ақталуы тиіс.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы