Әлем • 06 Желтоқсан, 2021

Жаһандағы ең қымбат қалалар

332 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

The Economist басылымы жы­л сайынғы дәстүрі бо­йын­ша ең қымбат, яғни өмір сүру, тіршілік ету үшін көп қаржыны талап ететін қалалар тізімін жариялады. Аталған агенттік соңғы екі жылда жұрт күтпеген нәтижелерді ұсынуда. Сарапшылар қымбат қалалар тізімінің өзгеруіне коронавирус індеті әсер етті дегенді айтады.

Жаһандағы ең қымбат қалалар

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

The Economist басылымы ұсын­ған биылғы ең қымбат қалалар тізі­мінде Тель-Авив ең алдыңғы орында тұр. Израиль астанасы былтырғы тізімде бесінші сатыдан көрінген еді. Одан кейінгі орындарға, нақтылай айтқанда алғашқы бестікке Париж, Сингапур, Цюрих пен Гонконг қа­ла­лары жайғасқан.

Еске сала кетейік, аталған басы­лымның ең қымбат қалалар тізі­мін­де көрсетілгендей, 2019 жылы Сингапур, Париж, Гонконг үшеуі де бірінші орында қатар тұрған. Одан кейінгі орындарды сәйкесінше Цюрих, Женева, Осака, Сеул қа­лалары еншілеген.

Париж бен Гонконг 2020 жылы тұрған сатыларынан не жоғары, не төмен жылжымай, өз орындарын сақ­тап қалса, Сингапурдың орнына Цюрих жайғасқан.

Сингапур болса, аталған үш қа­ладан кейінгі орынға жайғасып, одан кейін Осака орналасқан. Биыл ең қымбат қала деп танылған Тель-Авив былтырғы тізімде Осакамен бірге бесінші орында тұрған-ды.

Негізінен, ең қымбат қалалардың рейтингідегі орындары өзгере қой­май­ды. Тек кестедегі орны сәл тө­мендеп не көтерілуі мүмкін.

Биылғы жаңалық – ең қымбат қалалар қатарына Нью-Йорктың қосылуы. Әдетте АҚШ қалалары арасынан тек Лос-Анджелес қымбат қалалар сапынан көрінетін. Биыл әлемді өзіне қаратқан Нью-Йорк те қалталылар қаласына айналған.

Көпшілік Франция астанасы мен Сингапурдың тізімдегі орындарынан төменге сырғып кеткеніне таң қалды. Бұлармен қатар Рим де рейтингіде айтарлықтай төмендеген. Былтыр 16-орында тұрған Италия астанасы биыл 48-орынға сырғып түскен. Бұған елдегі азық-түлік пен киім-кешектің арзандауы себеп көрінеді. Бангкок пен Лима да «арзандаған». Былтырғы рейтин­гімен салыстырғанда, биыл ай­тар­лықтай төменде.

Лондон тізімде – 19-орында. Ал Ресей астанасы Мәскеу 96-орынға жайғасыпты. Дегенмен Мәскеу тез «қымбаттап» келе жатқан қалалар рейтингіне қосыпты. Өйткені бір жыл ішінде Мәскеу бірден 10 сатыға жоғарылаған. Былтыр Мәскеу 96-орыннан 106-орынға түскен екен.

Қымбаттау деңгейі таң қал­дырған тағы бір шаһар – Тегеран. 12 айдың ішінде Иран Ислам Республикасының астанасы 79-орын­нан 29-орынға бір-ақ шы­ғып­ты. Қаланың қымбат мекенге айналуы заңды. Өйткені АҚШ санкциялары онда өмір сүру деңгейіне айтарлықтай әсер етіп жатқанын БАҚ жиі жазып жүр.

Зерттеу авторлары рейтингіні дайындау барысында қаладағы тауар, қызмет көрсету бағасы есепке алынғанын алға тартады. Осылайша, әлемнің 173 ірі қаласындағы өмір сүру деңгейіне шолу жасалған.

Салыстыру кезінде ортақ ва­­люта ретінде АҚШ доллары бел­гіленген. Бұл елдегі инфля­ция деңгейін де анықтауға мүмкіндік берген. Ав­торлар бір жыл ішінде жанармай бағасының өсуін анық­тады. Олар бензин бағасы был­тырға қа­ра­ғанда орташа есеппен 21 па­йызға арт­қанына таң қалғанын жасырмайды.

Ал Тель-Авивтің тізімде алғашқы болуына не себеп деген мәселеге аз-кем тоқталайық. Бірінші кезекте елдегі валюта – шекелдің долларға қатынасының нығаюы аталған қаланың тізімдегі орнын алдыңғы қатарға шығарған. Бұдан бөлек, елде тауарлар айтарлықтай қымбаттаған. Сараптама нәтижесінде былтырға қарағанда 10 пайызға қымбаттағаны анықталды. Елде, әсіресе, азық-түлік бағасы өскен.

Көлік пен алкоголь ішімдік­те­рінің бағасы бойынша Тель-Авив 2-орынды иемденді. Жеке бас гигие­насы құралдары бойынша 5-орында. Ал қаладағы ойын-сауық қыз­мет­терінің қымбаттығы бойынша 6-орында тұр.

Тағы бір айтып өтетін жайт, The Economist басылымы қалалардағы баспана бағасын есептемейді.

Шаһар басшысы Рон Хульдаи Тель-Авивтегі тауарлардың әлі де қымбаттай түсетінін мәлімдеді. Өйт­кені Израильде бұдан өзге үлкен қаланың жоқтығы да Тель-Авивтегі қызметтердің қымбат болуына әсер етеді. «Мәселен, АҚШ-та Нью-Йорк, Чикаго, Майами, ал Ұлыбританияда Лондон, Ливерпуль сынды үлкен қалалар бар. Бір қалада өмір сүру қалтаңызға көп салмақ түсіріп, қым­бат болса, екіншісіне көше аласыз. Ал Израильде ондай таңдау жоқ», деді қала басшысы. Сонымен қатар баламаның болмауы Тель-Авив­тегі қымбатшылықтың өсе түсуі­не алып келуі мүмкін деген пікір айтты.

Рейтинг жасаушылар пандемия қымбат қалалар тізімін әлі де та­лай өзгертеді деп есептейді. «Жап­­пай вакцина алу нәтижесінде көп­теген ел экономикасы қалпына келе бастағанымен үлкен қалаларда ви­­рустың таралу деңгейі әлі де жо­ға­ры. Осы себептерден шектеу­лер алынбай тұр. Сондықтан көп қа­ла­да тапшылық пен бағаның өсуі бай­қалады», делінген зерттеушілер мә­лімдемесінде.

The Economist басылымы келер жылы бірқатар банк инфляция дең­гейін бақылауда ұстауға тырысып, тауар мен қызмет көрсету баға­сының өсуі тоқтайды деген болжам жасап отыр.

Рейтінгіден АҚШ, Африка, Шығыс Еуропа елдері өмір сүру үшін қолжетімді екенін, ал Батыс Еуропа елдерінде тауар мен қыз­мет көрсету бағасы қымбаттап жат­қанын байқауға болады. Бір қы­зығы Германия астанасы Берлин тізімде 50-орында тұрса, Франкфурт 19-орынға жайғасып, ел астанасынан басып озды.

Биыл тізімге 40 қала жаңадан енген. Мәселен, Шотландия орталығы Эдинбург тізімге еніп қана қоймай, 27-орын алды. Штутгарт пен Сан-Диего да алғашқы рет қымбат қала­лар қатарынан орын алып, алғашқы елулікке енді.

Жалпы, әр жылдағы рейтингіні салыстыра отырып, алғашқы орын­дағы қалалардың айтарлықтай ауы­са­ қоймайтынын байқауға болады. Цюрих, Женева, Сингапур мен Па­риж онжылдықтар бойы көш басын­да. Бірнеше жыл қымбат қала деп та­ны­лып келген Осло биылғы тізімде 11-орында.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл тізімге елдегі инфляция деңгейі ай­тарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар сыртқы саясат пен елдегі тұ­рақтылық та өмір сүру деңгейіне әсер етуші фактор.

Сарапшылар әр қаладағы көп қол­да­­нылатын 138 түрлі тауар ба­ғасын да салыс­тырды. Нәти­же­сінде, азаматтар күнде тұтынатын тауарлар мен азық-түлік бағасы мейлінше тұрақты еке­ні, ал екінші қажеттіліктегі тауар­лар бағасы көп қымбаттайтыны анық­­тал­ды.

Кейінгі екі жылда тауар баға­сының қымбаттауына тасы­мал­дау­дағы кедергілер әсер ет­кені анық. Пандемия басында дәретхана қа­ғазы мен макарон өнімдеріне сұ­раныс артып, тапшы, қат тауар­ларға айналғандықтан олардың да бағасы айтарлықтай қымбаттаған.

Темекі, демалыс индустриясына қатысты тауарлар баяу қымбаттаса, киім-кешек бағасы бірден аспандапты. Темекі бағасы былтырғымен салыс­тырғанда 6 пайызға қымбат­таған.

Қымбат қалалар рейтингісі ар­қылы өмір сүру арзан қалалардың да анық­талуы заңды. Биылғы өмір сүру­ге арзан қалалар қатарының көшін Дамаск (Сирия) бастап тұр. Одан кейінгі орындарда Триполи (Ливия), Ташкент (Өзбекстан), Тунис (Тунис), Алматы (Қазақстан) қала­ла­ры тұр.

Оңтүстік астанамыз The Econo­mist басылым талдауы нәти­же­сінде өмір сүруге  қолжетімді қала ретінде танылыпты. Былтырғы көрсеткіш бойынша арзан қалалар қатарында жоғарыда аталғандардан бөлек Ка­ра­кас, Бангалор, Карачи, Лагос, Буэнос-Айрес, Ченнаи мен Нью-Дели болды.

Айта кетейік, аталған рейтингті The Economist журналының талдау бөлімі 30 жыл бойы үзіліссіз жасап келеді.