Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2021

Зулап өткен жылдарды еске түсірді

624 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Зулап өткен жылдарды еске түсірді

Достарым келсе қарсы алу үшін,

Қосылып бірге ән салу үшін,

Көгілдір Туға,

Егемен елге,

Туған жерімде тамсану үшін,

Оралдым саған, Ақжайық! – деген жолдар менің жүрегімнен шыққан шынайы қуаныш жыры еді! Еділінен айырылған ұлтымыз Жайығының бір жағалауын ғана мекендеген өлкеде бабалар зарын тыңдап  өстім ғой. Біздің ұрпаққа Еркіндік таңы бұйырды! Ол таңның  бейбіт  атқанынан өткен қандай бақыт болуы мүмкін!

Мұны есті азаматтар тегіс түсінуі керек.

Елбасымыздың  «Тәуелсіздік тағы­лымы» мақаласы зулап  өткен жылдарды қайта еске түсірді. Иә, бәрі рас, біз де бәріне куәміз.

Бейбіт аспан астында көк Туымыз желбіреді, кеудені керіп өз Әнұранымызды шырқадық. Көк түсті төлқұжатпен «Мен – қазақпын» деп сапарға шықтық. Жас ұрпақ әлем тілін меңгеріп, әлемдік оқу орындарына білім алуға аттанды!

Өмір жолы қиындықсыз болмайды, қазақ әйелі ұрпағының қамы үшін ала қап арқалап, базар жағаладық, ол күндер де жылжып өтті. Оның өтемі – диплом алған ұл-қызымыз, үйлену, бесік  тойлары.

Ұлы дала ұрпағына енді керегі еңбекқорлық пен татулық, білімділік пен туған елге деген махаббат.

Әр азамат елімді көркейту үшін не істе­дім деп тебіренуі керек. Әр шаңырақ иесі өз ұрпағы алдындағы борышын нақты түсі­нуі тиіс. Әр Ана өз баласының тәр­бие­сін уысынан шығарып алмауы қажет.

Сөзге шешен халқымыз былай деген:

Бала жетім болмайды,

Қасында болса Анасы.

Халық жетім болмайды,

Басқарса елді данасы.

Ұлы даламыздың төл  ұрпағы Еркіндік алған өз атамекенінде, байлығына өзі қожалық етіп, ендігі жерде жоқтық пен жетімдік көрмей өсіп-өнсе екен.

Менің тілегім – бейбіт күн!

 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты