Пікір • 07 Желтоқсан, 2021

Ұрпаққа айтылған өсиет

481 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын құныға оқып шықтық. Мұны Тұңғыш Президенттің ауқымды ой-толғауы дегеніміз дұрыс шығар. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында азаттықтың қадірін әрбір азамат ұғыну үшін, сезіну үшін осындай мақаланың маңызы өте зор. Әсіресе, оны тәуелсіздіктің басы-қасында болған, негізгі саяси шешімдер қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаевтың жазғаны өте орынды.

Ұрпаққа айтылған өсиет

Жалпы, кез келген мемлекет, ұлт алға қадам басуы үшін ең алдымен жүріп өткен жолына назар салу қажет. Тарихқа бойлап, не нәрсе қолдан келді, қандай нәтижелер бар соны сараптау керек. Өткенге көз жүгіртіп, қазіргіні таразыламай, оған шынайы, адал бағасын бермей болашаққа бой түзеу қиын.

Бұл тұрғыдан алғанда Ел­ба­сы­ның мақаласы шынайы шықты. Мақалада Нұрсұлтан Назарбаев XX ғасырда болған оқиғаларды, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісін, 1920-30 жылдары болған, қазақтың жартысын жалмаған екі бірдей ашар­шылықты, дүние­жүзілік со­ғыстарды, одан кейінгі қиын сәттерге көз жүгірте отырып, со­лардың себептеріне, алғышарт­тарына үңіліп, қарапайым азамат ретінде, осы елдің өкілі ретінде оны жеке басының сезімі арқылы, отбасының тарихы арқылы жеткізгені ерекше әсер етеді.

Ұлт-азаттық көтеріліске оның да туыстары атсалысқаны, үлкен ағалары Екінші дүние­жүзілік соғысқа қатысқаны, Елбасының өзі де қиын сәттерді басынан өткергені, Семей полигоны, тың өлкелерді игеру секілді мәселелерге қатысты деректер де мақаланың шынайылығын аша түседі. Соның бәрін өзінің жеке азаматтық көзқарасы арқылы жет­кізуге тырысқаны да осы оқиға­ларды ішкі жан-дүниесінен қалай өткергені тұрғысынан жеткізгені де үлкен әсер етеді.

Жалпы, мақалада тұжы­рым­дал­ған негізгі ой – осы тәуел­сіздік­ке қол жеткізу өте ауыр, қиын жолмен жүзеге асқаны. Қазіргі таңда әлемде 2000-ға жуық халық бар. Соның небәрі 192-сі ғана өз мемлекетін құрған. Қал­ға­нының өз мемлекеттілігі жоқ, өз тағ­дырын өзі шеше алмайды. Еге­­мен ел емес. Сондықтан тәуел­сіз­­дікті қадірлеп, қастерлеу аса ма­ңыз­ды. Мұны мақалада тарихи тұр­ғы­дан да айтып өткен. Бұл біріншіден.

Екіншісі, осы тәуелсіздіктің отыз жылында Қазақстан қандай жолды жүріп өтті. Бұл да оңай болған жоқ. Көптеген саяси, эко­­но­микалық, әлеуметтік, идео­­ло­гия­лық дағдарысты ең­сердік. Әри­не, қателіктер бол­ған шығар. Бірақ салыстырмалы түрде келген­де Қазақстанның же­тістігі жетерлік. Басқа елдер секіл­ді аумақтық тұтастығынан айры­лып қалмағаны, үлкен қан­төгіске бармағаны, түрлі өте қиын сәттерге жол бермегені – жасал­ған ерен еңбектің нәтижесі.

Жоқтан ештеңе жасала қалмайды. Тәуелсіздік өзінен-өзі бола салған нәрсе емес. Бұл да ұстамды, байсалды саясат жүргізудің нәтижесі. Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау өз алдына. Ядролық қарудан бас тарту секілді түрлі түйткілді мәселелерді шешу, Қытай мен Ресей секілді көршілес елдермен тату қарым-қатынас орнату, шекара секілді сезімтал мәселелерде ұпайымызды жіберіп алмай, оңтайлы шешкеніміз, салыстырмалы түрде Қазақ елінің экономикалық-әлеуметтік жағ­дайының қаншалықты жақсар­ғаны, ТМД елдері ішінде жетекші нәтижелерді көрсетіп отырғаны – мұның бәрі төккен тердің ақысы.

Сондықтан осындай мәсе­лелерді бағамдап, қадірлей білу тұрғысынан мақала зор маңыз­ға ие. Айналып келгенде, тәуелсіздік­ті біліп, түсіну, сезіну біздің басты құндылығымыз. Азаттықты сақ­тап қалудың бірден-бір жолы – оны сезіну, қадірін білу. Мақа­ланың соңында айтып өткендей, тәуелсіздік бақыт құсы секілді. Оны бағалаған, қадірін білген ғана өзінің қолында ұстай алады.

Менің ойымша, мақала белгілі бір дәрежеде қазаққа, соның ішінде жас буынға айтылған аманат, өсиет іспетті. Елбасының ой тұжырымы қай мәселеге келгенде ұсақтанып қалмауымыз керек екенін көр­сетеді. Қазақ­тың қазіргі берекесінің, бірлі­гі­нің, тұ­рақ­тылығының, жар­қын бола­ша­­ғы­­ның кепілі – ұйым­шыл­дық, бір­лік, ортақ тағдырды сезіну, түсі­ну. Ал мұның шырқау шегін­де тұр­ған тәуелсіздік пен егемен­дік. Сон­дықтан менің ойымша, 30 жыл­­­дық тұсында осындай мақа­ла­ның жа­риялануы өте қажет. Қазір­гі жағ­дайға қалай келдік, қан­дай қиын сәттерден өттік, тарихы­мыз қандай болды? Соларға ой жіберу іспетті.

Тәуелсіздік алған тұста қазақ хал­қының үлесі 40 пайызға жете-қа­был еді. Қазір құдайға шүкір, 70 па­йыздан асты. Бұл да жақсы көр­сет­кіштің бірі. Сондықтан қол жет­кіз­ген жетістіктерді оң бағалаған жөн.

 

Расул ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы