Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2021

Егемендік – ерен сый

4048 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылын тойлау дегеніміз – салтанатты іс-шаралар өткізу ғана емес, ең алдымен, ойлау, ойлану, өткен жолды саралау. Бұл ретте, биылғы мерейлі жыл Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты.

Егемендік – ерен сый

Ендеше Елбасының «Тәуелсіздік тағы­лымы» атты мақаласы арқылы егемен елдің жүріп өткен жолын саралауы, оны өскелең ұрпаққа өсиет ретінде жет­­кізуі маңызды мәселе деуге болады. Сон­­дықтан Елбасының өткен кезең­дегі оқи­ғаларды ойға алып, Тәуел­сіздіктің қан­дай қиындықпен жария­ланғаны, сол жыл­дардағы Парламенттегі айтыс-тартыс туралы айтып отырғанында үлкен мән бар.

«Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құр­ды. Талай жұрт алапат соғыстар мен ар­па­лыс­қан айқастарда үдере көшіп, бор­дай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайы­лып кеткен замандарда қазақтар түрік жұрты­ның ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды», дейді Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Расымен де, ұлтымыз Ұлы дала төсін­де ұлық ұлыс құра отырып, ба­йыр­ғы қонысын да, салт-дәстүрі мен мә­де­­ниетін де, тілін де, қайсар рухын да сақ­тап қалды. Замана дауылы диір­мен­нің тасындай шыр айналған тұста да халқы­мыз­дың ұнтақталып үгіліп, қиын­дықтан белі бүгіліп кеткен жоқ. Солай бола тұр­ға­нымен, егемендік елімізге аспаннан салбырап түсе салмағаны да анық. Бұл жөнінде Елбасының мақаласында да жан-жақты баяндалған. Ең бастысы, Тәуелсіздік халқымыздың ғасырлар бой­ғы аңсаған арманы, ұлттың ұлы мұраты, екінің бірінің бағына бұйыра бермейтін баға жетпес байлығы. Ал оған дәуірлер бо­йы жалғасып келе жатқан тарихи дәс­түр мен қазақ халқының азаттыққа деген құл­шынысының, талпынысының, отандастарымыздың жылдар бойы үрдісі үзілмеген қайсар күресінің нәтижесінде қол жеткіздік. Егемендік – сол ұлттық ұмтылыстардың заңды қорытындысы.

 

Айдос САРЫМ,

Парламент Мәжілісінің депутаты