Бизнес • 07 Желтоқсан, 2021

Бизнестің өркендеуі – тұрақтылықта

449 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» мақала­сында ел үшін ең басты құндылық – Тәуелсіздік екенін, ол қазақтың бағына берілген мәңгілік сый екенін атап өтті.

Бизнестің өркендеуі – тұрақтылықта

Иә, Тұңғыш Президент айт­қандай, Тәуелсіздік – ата-баба­лары­мыздың азаттық жолын­дағы жан алысып, жан беріскен сан ғасыр­лық күресінің жалғасы. Жалпы, «Біз тәуелсіздікке қалай қол жеткіз­дік?» деген сауал­ға айтылар жауап сан қырлы. Ел ішінде «Біз тәуел­ді болатын ел қалмағандықтан тәуелсіз­дігімізді жарияладық» деген пікірді жақтайтындар жоқ емес. Шынтуайтында, тәуелсіз ел болу тәуелсіздікті жариялаумен шектелмейді. Тәуелсіздігін жария­ласа да алпауыт елдердің жемсауында жұтылып кеткен елдердің тарихы – соның дәлелі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті мақаласында тәуелсіздікті жариялауға дайындықтың қан­­дай жағдайда жүргізілгені баян­дал­ды. Бұл деректі Елбасы сөзі­мен сабақтасақ «Саясаттың қызуы көтеріліп, Горбачев пен Ель­циннің текетіресі шегіне жетіп, бір кездері темірдей тәртіп­ке негізделген орталықтағы бас­шылықтан береке кеткен сол тұста Қазақстан тарапынан жібе­ріл­ген жалғыз қателіктің өзі орны толмас трагедияға әкеп соқтыруы әбден мүмкін еді. Біз ашуды ақылға, асығыстықты сабырға жеңдіріп, үнемі әліптің артын бағып, аңысын аңдумен болдық».

Адамдар ғана емес, қоғам да тарихтан тірек іздейді. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Одан біз де қалыс қала алмаймыз. Елбасы атап өткендей, дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттап, бүгінге жетті. Енді осы қасиетті борышты келер ұрпаққа жеткізу – бізге сын. Демек, тәуелсіздік аманатына адал болу да бізге сын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік үшін күрес тәуелсіздікке дейін емес, тәуелсіздіктен кейін басталғанын жиі айтады. Біз мұны күнделікті өмірде өз тәжірибемізден білеміз. Бизнесте технологиялық тізбек деген ұғым бар. Ендігі мақсат сол технологиялық тізбектен өз орнымызды айқындау. Мұның айтуға ғана оңай екені белгілі.

Біздің буын, әсіресе өмірін бизнеспен байланыстырған буын – Тәуелсіздіктің экономикалық қырына басымдық беріп, буы­ны қатқан буын. Қазір бизнес өкілдеріне айтылар сын да, өкпе де көп. Импорттағы қазақ тауарларының кемшіндігі – бізге қарата айтылатын өкпеге негіз болатынын түсінемін. Менің бизнестегі достарымның әрқай­сысы үшін ішкі нарықтағы қазақ­стандық тауардың үлес сал­мағын көбейтуден артық мақсат жоқ. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Инвестицияның таби­­ғаты саяси тұрақты елдерге басымдық береді. Халықара­лық тәжірибе­де биліктің бейбіт жағ­дайда, өзара келісімімен ауы­суы – саяси тұрақтылық кепілі. Де­мек, бизнес интеграциясы үшін сая­си тұрақтылықтан артық еш­теңе жоқ. Бизнестің табиғаты тыныш­тықты қалайды.

Елбасы кешегі мақаласында Қазақстан тізгінін ұстаған екінші тұлға – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кез­дей­соқ ұсынылмағанын айтты. «Отыз жылға жуық ел басқарған кезімде мен жаныма қаншама аза­матты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Солардың ішінде Үкімет басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қасымнан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттік қыз­метке ұсындым. Сайлауда халық­тың басым көпшілігі оны қо­л­дады. Осылайша, біз халқы­мыздың ауызбірлігін, саясаттағы сабақ­тас­тығымызды күллі әлем қо­ғам­дастығына тағы бір қыры­нан таныта білдік», деді Елбасы.

Қазір де Мемлекет басшысы­ның бастамасымен бизнеске үл­кен қол­даулар көрсетіліп, нәсібін кәсіп­тен тауып жүрген азаматтар үшін көптеген бағдарлама қол­ға алынды. Қазір орташа есеппен 3,5 млн қазақстандық бизнес саласында жүр. Бұл – 19 млн халқы бар Қазақстан үшін үлкен күш.

 

Махамбет АСАБАЕВ,

кәсіпкер, KazComfort

ЖШС бас директоры