Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2021

Жайық бойындағы жарасым

208 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев қазақстандық патриотизм, аза­мат­тық теңқұқықтық қағидаттарын, мем­лекеттік тілдің біріктіруші рөлін, алуан түрліліктегі бірлікті ілгерілету, ұлтты тұрақты жаңғырту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

Жайық бойындағы жарасым

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 656,3 мың адам тұрады. Жайық бо­йында жарасым тапқан жұрттың ішінде 82 этнос өкілі бар екен. Мұндағы барлық халықтың 76,3%-ын қазақтар құрайды. Одан кейінгі ең ірі этностық топ орыс – 125 мың (19,3%), украин – 9210 (1,4%), татар – 8400(1,3%), беларусь – 1806, әзербайжан – 1668, неміс – 1257. Осы халықтың жартысына жуығы, яғни 47,4 пайызы облыс орталығы Орал қаласында тұрады.

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан об­лы­сында 54 этномәдени бірлестік бар. Олардың 31-і мемлекеттік орган­да тіркеуден өткен. Ал қалған 23 ұйым тіркеусіз жұмыс атқаруда. Облыс ор­та­­­лы­ғындағы Достық үйінде жаб­дық­­талған арнайы бөлмелерде 17 этно­мә­дени бірлестік орналасып, жүйелі жұмыс істейді.

Батыс Қазақстан облысы Қазақ­стан халқы Ассамблеясы ке­ңесі 196 мүшеден құралған. Ал республикалық Ассамблея кеңе­сінің құрамына Ақ­жа­йық өңірін­дегі этномәдени бір­лестік­тердің, құры­лым­дық бө­лімше­лер­дің, қоғамдық ұйым­дардың жетек­шілері, барлығы 29 мүше кіреді.

Этномәдени бірлестіктердің бас­та­масымен облыс орталығында әр эт­­­ностың «Достық алаңқайларын» жаб­­дықтап, ашу бойынша жұмыс жүр­гізілуде. Сонымен қатар Батыс Қа­зақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестік төрағалары мен өкілдері халыққа әлеуметтік көмек көрсету мақсатында түрлі қайырымдылық жұмыстарымен де белсенді айналысып келеді.

Батыс Қазақстан облыстық Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы рес­публика бойынша 2014 жылы алғаш­қылардың бірі болып облыста, аудан орталықтары мен ауылдық округтерде және кә­сіп­орындарда Қоғамдық келісім кеңес­те­рін құру жұмысын қолға алды. Бүгінде Қоғамдық ке­лісім кеңестері кез келген салада қордаланған мәселені шешуге белсене араласып, татулық пен тұ­рақтылықтың сақталуына жер­гі­лікті билік өкілдерімен белсене қызмет атқарса, ғылыми-сараптамалық ке­ңе­сі этносаясат саласындағы мәсе­ле­лердің шешілуіне ғана емес, этнос­аралық қарым-қатынасты зерттеуге үлес қосуда. Ал Ақсақалдар кеңесі қазақстандық патриотизмді нығайту, аза­маттық, рухани және мәдени қо­ғам­ды қалыптастыруда өз үлестерін қосты. Аналар кеңесі отбасы институтын қалыптастыруға ұйытқы болып, отбасы құндылықтарын дәріптеуде. Кәсіпкерлер қауымдастығы шетелдер­мен әріптестік қарым-қа­тынас орнату, өңірімізге инвес­ти­ция тарту мақсатында қызмет атқарса, «Та­ту­ла­су» орталығы бі­тім­гершілік жүйесін насихаттап, көптеген даудың тиімді шешілуіне мұрындық болып отыр. Ал «Тіл мұра» қоғамдық қозғалысы өңірдегі барлық ұлтқа мемлекеттік тілді тегін оқытып, тіл үйренгісі келген азаматтарға жағдай жасап отыр.

Пандемия жарияланғалы бері Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан хал­қы Ассамблеясы көптеген қайы­рым­дылық шара ұйымдастырды. Осы кезге дейін мұқтаж жандарға 190 млн теңгенің көмегі көрсетілген. Со­ның ішінде «30 қайырымды іс» рес­публикалық марафоны аясында об­лыс­тық Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері мен құры­лым­дық бөлім­ше­лері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, еріктілер «Қайы­рымдылық керуені» акцияларын өткізіп, 13 мыңға жуық аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетті.

Өңірдегі ұлтаралық ахуал қалыпты жағ­дайда. Әлеуметтік зерттеулер нә­ти­жесі көрсеткендей, сауалнамаға қа­ты­сушылардың басым көпшілігі, яғни 96,4%-ы облыста қалыптасқан этносаралық қарым-қатынасты тұ­рақ­ты әрі жақсы деп санайтынын айтқан. Сұрау салушылардың 96,2%-ы ұлтына байланысты кемсіту, құқығы бұзылу оқиғасына тап болмаған екен.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тұ­сында халқымыздың «Бір күнгі ұрыс жүз күнгі ырысты қашырады» деген қанатты сөзінің мәні мен мағынасын терең сезініп, татулықты ту етіп көте­ріп келеміз. Қазір Қазақстанды мамы­ражай мерекеге бөлеп отырған да дәл осы ынтымаққа қонған ырыс деп бі­ле­міз.

 

Ғали ЕСҚАЛИЕВ,

Батыс Қазақстан облысының әкімі, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы