Өткен аптада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Дала дидары» өнер фестивалінде Ұлан және Глубокое аудандарының көрмесі ашылды. Әр ауданның өнері өзінше ерекше. Бірі озып, бірі кем түсіп жатыр деуден аулақпыз. Байқау болған соң оны арнайы құрылған әділқазы мүшелері жыл соңына қарай анықтайды.
Бұл жолғы фестивальда әдеттегідей аудан туралы бейнебаян ұсынылды, әншілер әуелете ән шырқады. Сахнаға Ұлан ауданының «Бескөл», Глубокое ауданының «Сарын» фольклорлық ансамбльдері шығып, өнер көрсетті. Жеке дауыстағы әншілері де құйқылжыта ән шырқап, күмбірлете күй төкті.
Шараның екінші бөлімінде вернисаж қонақтары музейдің үлкен және бағаналы залдарындағы екі ауданның көрмесін тамашалады. Көрермендер көрмені тамашалап қана қойған жоқ, Амангелді Смағұлов, Нұржан Есхожин сынды қолөнер шеберлерінің домбыра, астау жасау сәттерін көрді, қызықтырған сұрақтарын қойды. Көпшіліктің назары жүннен түскиіз басып, гобелен, яғни кілем-сурет тоқып отырған Гаухар Қалиеваның шәкірттеріне ауды. Ұлан ауданы Мамай батыр ауылынан келген Әсем Арынқұл құрғақ жүннен түскиізді жаңаша түрлендірсе, Іңкәр Бауыржанқызы кергіште кесте тоқып, таңдай қақтырды елді. Ал Мамай батыр ауылының оқушысы Әлихан Әділханов өзіне комикс жанры ұнайтынын айтты. Айта кетсек, елімізде комикспен айналысатын суретшілер ілеуде біреу. Жас та болса, күрделі жанрды қолға алған Ә.Әділхановтың жұмысына кәсіби суретшілер оң бағасын беріп жатты.
Шығыс Қазақстан облысы