Катонқарағайдан шыққан кәсіпкерлер бұл мақсатқа 2,3 миллиард теңгенің қаржысын салуды көздеп отыр
Шығыс Қазақстан облысында бірнеше жыл бұрын «Туған жерге – тағзым», «Туған елге – тарту» атты акциялар өткізіліп, облыс орталығында, аудандарда осы өңірден шыққан ғылым, мәдениет, әдебиет саласының көрнекті қайраткерлері, өнер саңлақтары өздерінің кір жуып, кіндік кескен туған жерлерінде бас қосып, әртүрлі шараларға қатысып, туған аудандарын ұлықтауға атсалысқан еді. Оларды шалғайдағы жергілікті тұрғындар қызу қолдап, ел мақтанышына айналған өнер, білім салаларының қайраткерлерімен кездесуге арналған шараларға белсене қатысқан.
Жақында облыс орталығы Өскемен қаласындағы Достық үйінде Катонқарағай ауданының инвестициялық форумы «Туған елге – тарту» деген атпен өткізілді. Форум жұмысына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ж.Омар, катонқарағайлық жазушы Д.Әшімханұлы, сондай-ақ, Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен қалалары мен облыс аудандарынан келген бір топ кәсіпкер қатысты.
Аудан әкімі Дәурен Тілеубаев форумды аша отырып, жиналғандарды ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырды және кәсіпкер жерлестеріміздің назарын қандай бағыттарға инвестиция салуға болатындығы туралы мәселелерге аударды. Катонқарағайдан шыққан кәсіпкерлер бұл мақсатқа 2,3 миллиард теңгенің қаржысын салмақ. Мемлекет шалғайда жатқан ауылдарды дамытуға қаржы жағынан үлкен көмек көрсетуде. «Жұмыспен қамту-2020», «Сыбаға», «Жайлау» секілді мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осы бағдарламалардың көмегімен жүздеген қосымша жұмыс орындары ашылуда. Алайда, бұл жұмыстардың көпшілігі науқандық, маусымдық немесе уақытша жұмыстар болып, тұрғындарды, әсіресе, ауданнан кетіп жатқан жастарды тұрақтандыру проблемаласын түпкілікті шеше алмауда. Қазіргі кезде аудандағы демографиялық жағдай өте өткір. Аудан мектептеріндегі оқушылар саны жыл сайын 300 балаға азаюда, бір кезде аудан орталығы болғанда 10 мыңнан астам адам тұратын Катонқарағай ауылында қазір 4600-ақ адам қалған. Шекаралық ауданның мұндай күй кешіп отыруы әркімді ойландыруы тиіс. Сондықтан да, біздің бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты – сіздерді қызықтыра отырып, қаржыларыңызды туған аудандарыңызға салуға, сөйтіп, жаңа өндіріс көздерін, жастар үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға тарту. Ауданда іскер, белсенді адамдар үшін инвестиция салатын қызмет аясы жеткілікті. Атап айтқанда, олар – ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуден өткізу, туризм, энергетика, санаторий-курорттық сауықтыру, Катонқарағайдың брендіне айналып, ерекше жарнамалауға ділгер болып отырған қымыз бен балды арнаулы ыдыстармен, сыйымдылығы әртүрлі құтылармен шығару. Орасан бай өсімдіктер дүниесі фармацевтиканы дамытуға қолайлы. Күш-жігер жұмсауға тұрарлық басқа да бағыттар аз емес. Таңдаған жобаларыңызды табысты жүзеге асыруға біздің тарапымыздан барынша күш-көмек көрсетіледі, деп атап көрсетті Д.Тілеубаев.
Форумда Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика, туризм салаларының, Катонқарағай ауданаралық ауруханасының өкілдері бірлесе, ынтымақтаса жұмыс істеу жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Бизнесмендер талқыланып отырған мәселеге өз тараптарынан қызығушылықпен ынта білдіре атсалысты.
Облыстық мәслихаттың депутаты Лұқбек Тумашинов өз әріптестерін болашақта үлкен нәтижелерге қол жеткізетін шағын болса да нақты істен бастауға шақырды.
Марат Татаев белгілі бір уақыттан соң тағы да жиналып, ауданға инвестиция тарту жөніндегі атқарылып жатқан істерге қорытынды жасап отыруға ұсыныс жасады.
Форум жұмысы соңында кәсіпкерлер Катонқарағай ауданының әкімімен кәсіпкерлердің мал шаруашылығын дамыту, туристік базалар, шағын ГЭС-тер салу, балды құтыларға құйып шығару, Қаратай батырға ескерткіш орнату туралы жеті түрлі меморандумға қол қойды.
Қайырды НАЗЫРБАЕВ.
Шығыс Қазақстан облысы.