Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2021

Ғылымды дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті

461 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ұлттық ғылым академиясының жетістіктері: білім мен ғылымның жаңа стратегиясы» тақырыбында Алматы аймақтық ректорлар кеңесінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғылымды дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті

Отыз жыл ішінде еліміздің ғылым мен білім саласындағы атқарылған жетістіктеріне баға беру және алдағы міндеттерді айқындауды мақсат еткен алқалы жиынға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҰҒА Президиум мүшелерідепутаттар мен ғалымдар қатысты.

Жиынның модераторы Алматы аймақтық Ректорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы, ректоры Тілектес Есполов бүгінгі таңда білім мен ғылым мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының, сондай-ақ инновациялық жүйе мен адами капиталдың басты факторына айналғанын атап өтті.

Ғалымдар қатысқан алқалы жиында министр Асхат Аймағамбетов ғылыми қауымдастықтың, Ұлттық ғылым ордасының отандық білімді, ғылымды дамытуда ерекше рөлге ие екендігіне тоқталды. «Тұңғыш ПрезидентЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғылым мен инновацияны екінші орынға қойған ел, ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайтындығы» туралы қағидасын басшылыққа алған еліміздің Ұлттық ғылым ордасы отандық білімді, ғылымды дамытуда ерекше рөл атқарып келеді. Осы қағиданы басшылыққа алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ғылымның дамуына «Тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет» деп міндеттегені белгілі. Осы орайда ғылым мен білім саласында оң өзгерістер байқалады. Мысалы, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, «Білім туралы», «Ғылым туралы»заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.«Қазақстан Республикасының білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 2025 жылға дейінгі жоғары білімін интернационалдандыру стратегиясы бекітілді. Бірыңғай Орталық Азиялық жоғары білім кеңістігін құру туралы Декларация, Болон үдерісі хатшылығының Қазақстан Республикасының жоғары білім берудің ұлттық біліктілік шеңберін өзін-өзі сертификаттауы туралы есеп қабылданды, яғни қазақстандық жоғары оқу орндарының дипломдарын барлық Еуропа елдерінде мойындайтын болады. Заңнамалық деңгейде жергілікті атқарушы органдардың гранттар бөлу нормасы бекітілген, аккредиттеу органдарында, білім беру ұйымдарында 40-тан астам нормативтік құжаттар енгізілді», деді министр өз сөзінде.  

Бүгінде ғылым саласында 23 мыңдай адам жұмыс жасайды. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындардың өсуі байқалады. Осы өзгерістердің нәтижесінде профессорлық-оқытушылық құрамның еңбек ақысы және студенттердің шәкіртақысы 2 есеге, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 1,5 есеге өсті. Ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғамдар болып қайта құрылды. Бұл оларға академиялық еркіндік алуға, автономияға көшуге және мемлекеттік-жеке меншік серіктестік тетіктерін пайдалана отырып, өзін-өзі қаржыландыру қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік береді.

Өңірлердегі 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтары құрылып, үш жоғары оқу орны зерттеу университеттері мәртебесіне ие болады. Назарбаев Университетінің тәжірибесі негізінде екі озық жоғары оқу орны ашылмақ, бұл министрліктің айтарлықтай жұмыстарды жүйелі жүргізіп жатқанының куәсі. Ғылым мен білімді дамыту бойынша қабылданған осы шаралардың барлығы ел экономикасы мен руханиятының тұрақты дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Жиын барысында ғалымдар еліміз ғылымының дамуына алпыс жылдан астам қажырлы еңбегін, зор үлесін қосқан академик Мұрат Жұрыновтың 80 жасқа толуына байланысты ерен еңбегін атап өтті. Осы орайда министр Асхат Аймағамбетов Тұңғыш ПрезидентЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев пенМемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық ғылым мен білімнің дамуындағы қажырлы еңбегі үшін құттықтау хаттарын табыс етті.

Белгілі ғалым, академик, Президиум мүшесі Досым Сүлеев баяндама жасап, академик Мұрат Жұрыновтың еліміздің өркендеуі мен экономикасының, білім мен ғылымның қарқынды дамуы, жаңа инновациялардың енгізілуіндегі еңбегіне тоқталып өтті.

Парламент Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов академикке Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин және Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын жеткізсе, Алматы қаласы әкімдігінің атынан әкім орынбасары Ержан Бабақұмаров «Еңбегі үшін» медалін, ал ҰҒА вице-президенті Ғалымқайыр Мұтанов «Қазақстан Жоғары мектебінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы, Рахман Алшанов Қауымдастықтың орденін табыс етті. Университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен Мұрат Жұрыновқа «ҚазҰАЗУ Құрметті профессоры» атағын Басқарма төрағасы-ректоры Тілектес Есполов тапсырды.

Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, іс-шараға қатысушылар талқыланған мәселелер бойынша ортақ пікірге келіп, Қазақстандағы ғылым мен білімнің рөлін жаңа сапалы деңгейге көтеруге және елдің инновациялық дамуындағы серпіліске ықпал ететініне сенім білдірді.