Қоғам • 08 Желтоқсан, 2021

Сәкен Абдолла: Азаматтардың құқығы мен бостандығын лайықты қорғау – басты міндет

1067 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Осыдан 25 жыл бұрын, 1996 жылдың 19 желтоқсанында ел судьяларының алғашқы съезі өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев съезд делегаттары мен барлық судьялар корпусына қарата айтқан сөзінде: «Мантия киген адам азаматтарға қара қылды қақ жарған әділдік пен адалдықтың, ақиқаттың ақ туын жоғары көтеріп, мәртебелі заңның қорғаушысы бейнесін паш ететін тұлға болып танылуы тиіс.

Сәкен Абдолла: Азаматтардың құқығы мен бостандығын лайықты қорғау – басты міндет

Әділ сот төрелігінің саласына білімді де құзырлы мамандардың келуі аса маңызды. Сонымен қатар олар адам тағдыры үшін үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезінуі, азаматтардың құқықтары мен бостандығына нұқсан келтірмей, заңды мүдделерін еш ымырасыз қорғауы қажет» деген еді. Міне, бұл талаптардың бүгінде орындалуы қалай? Ширек ғасыр уақыттың ішінде еліміздің сот жүйесінде орын алған өзгерістер мен жаңалықтар Жоғарғы соттың судьясы, Судьялар одағының төрағасы Сәкен Жүсіпахметұлы Абдолламен арадағы сұхбаттың өн бойына өзек болып өрілді.

– Құрметті Сәкен Жүсіп­ахметұлы, 2021 жылдың 19 жел­­тоқсанында «Қазақ­стан Судьялар одағы» рес­пуб­ликалық қоғамдық бірлес­тігі­нің құрылғанына 25 жыл толады. Сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуында Судьялар одағы­ның алатын орны мен міндеті қандай?

– Иә, судьялар қоғамдас­ты­­­ғының мерейлі мерекесінің ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық тор­қалы тойымен тұспа-тұс ке­луі­нің біз үшін маңызы зор. 1991 жылдың желтоқсанында қа­былданған «Мемлекеттік тә­уелсіздік туралы» Консти­ту­ция­­лық заң мемлекеттік билікті бөлу принципін енгізіп, сот жү­йе­сіне мемлекеттің басты құн­ды­лықтары – Конституция негіз­дерін, азаматтардың құ­қық­та­ры мен бостандықтарын қор­ғау жүк­телді.

Ашығын айтар болсақ, елі­міздің сот жүйесінің тамыры те­реңге тартқан бай тарихы бар. Ол қазақ халқының тұр­мысындағы сот төрелігінің қайталанбас үлгісі – билер сотынан, әйгілі «Жетi жарғыдан» бастау алады. Біз Ұлы даладағы ата-бабамыз ұстанған сот төрелігінің алтын ғасы­рын шын мәнінде мақтан тұтамыз. Бұл тарихи құжат судьялар­дың қазіргі буыны үшін тәуелсіз, парасатты және әділ соттың жар­қын үлгісі іспеттес.

Тәуелсіздік алғаннан кейін өз тарихының жаңа парақта­рын ашқан еліміздің сот жүйесінің ­алдында тың реформалар жүр­гізу, сот жүйесінің тиімділігін арт­тыруға бағытталған нақты да тү­бегейлі шараларды жүзеге ­асы­ру талабы тұрған еді. Оған қоғам мен азаматтардың ара­сын­дағы құқықтық қарым-қаты­нас­тардың барған сайын қанат жа­йып, кеңейе түсуі, әлемдік тренд­­тердің пайда бола бастауы себеп болды. Міне, осындай ке­­зең­де, яғни 25 жыл бұрын, қо­ғам­­дық өзін өзі басқару ор­га­­ны­ның құрылуы судьялар қоғам­­дастығын бір мақсатқа жұ­мыл­дыра білді. Мұның сол кезең­дегі ең дұрыс әрі маңызды қадам бол­­ғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді.

Судьялар одағының ұйым­дас­тыруымен өткен сегіз съезде сот құрылымы мен сот өндірісін ықшамдау, заңнамалық базаны жетілдіру, құқық қолдану тәжі­рибесінде бірізділікке қол жет­кізу, судьяларды іріктеу және су­дьялардың мәртебесін бекіту, олардың кәсіби біліктілігін арт­ты­ру, мінез-құлқының мо­раль­ды-этикалық нормаларын жақ­сарту, мүдделері мен құқық­та­­рын қорғау сияқты өзекті мәсе­­ле­лер көтерілді. Соттарды ма­­ман­­дан­дыру, судьялардың жүк­­те­­месін азайту, процестердің жа­рыс­­па­лы­лығын қамтамасыз ету тура­лы да сөз болды. Бір сөз­­бен айт­қанда, судьялардың съез­дері өт­кір тақырыптарды тал­қы­­лау­дың ашық алаңына айна­лып, сот жүйе­сінің әрі қарай дами түсуіне нақты бағыт-бағдар сілтеді. Судьялар одағының не­гіз­гі міндеті мен рөлі де осы болатын.

Әрине, Судьялардың І съе­зінің сот жүйесіндегі алар ор­ны ерекше. Өйткені мұнда құрыл­тайшылық құжаттар, Жарғы, филиалдар мен комиссиялар туралы ережелер, Судья мінез-құлқының этикалық кодексі қабылданды. 1999 жылы өткен Судьялардың ІІ съезі соттардың материалдық-техникалық жағынан қамтама­сыз етілуін Әділет министрлігі­нен Жоғарғы соттың жанындағы Соттық әкімшілендіру коми­те­ті­нің құзырына беру туралы ма­ңызды мәселелердің көтері­луімен ерекшеленді. Бұл сот жү­йесінің түбегейлі тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін аса қа­жет болатын. Соттарды маман­дандыруға, судьяларды таға­йындаудың ашықтығын қам­тамасыз етуге, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының сот жүйесі және су­дьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңның қабыл­дануына алғашқы қадамдар жасалды.

2001 жылы өткен Судьялар­дың ІІІ съезінде алқабилер инс­титутын, мамандандырылған эко­номикалық және әкімшілік соттарды, қылмыстық жазаны ырықтандыру мен ізгілендіру, өлім жазасын орындауға мораторий енгізу бастамалары кө­терілді.

2005 жылы өткен Судьялар­дың IV съезінен соң бақылау органдарын оңтайландыру, сот өндірісін ықшамдау, судьяларды іріктеу талаптарын күшейту, халықаралық стандарттарға сәй­кес тұтқынға алуға соттың санкция беруін енгізу шаралары қол­ға алына бастады.

2009 жылы өткен Судья­лар­дың V съезінің делегаттары тергеу әрекеттеріне соттар тарапынан бақылау жүргізуді кеңей­ту, ювеналды соттарды құру, ме­диация институтын дамыту, элек­тронды технологияларға көшу мәселелерін көтерді.

2016 жылы өткен Судьялар­дың VII съезінде судьялар мі­нез-құлықтарының Бангалор прин­циптеріне негізделген Су­дьялардың жаңа әдеп кодексі қа­былданды. Маңызды ұсыныс­тардың бір парасы 2020 жылдың қазан айында өткен Судьялардың VIIІ съезінде талқыланды. Соңғы жылдары сот төрелігін жүзеге асырудың бірқатар маңызды жобасын жүзеге асыра отырып, сот жүйесінің әлеуетін нығай­та түскен «Сот жүйесінің 7 тасы» бағдарламасының негізінде оң­ды өзгерістердің орын алғаны бай­қалады.

Судьялардың әр съезінің сот реформасының кезекті кезеңіне өтуге ықпал беріп отырғанын ерекше айтып өткім келеді.

– Съездерде Судьялардың әдеп кодексін қайта қарау қа­жеттігі неден туындады? Оның қандай да бір міндетті си­паты бар ма және қандай мәсе­лелерді реттейді?

– Судьялардың сот төрелі­гін атқаруына байланысты қо­ғам тарапынан қойылатын талап­тың күн санап өсе түсуі олар­дың кәсіби міндетін атқару бары­сындағы, күнделікті тұрмыстағы, отбасындағы, қоғамдағы мі­нез-құлық тәртібіне жоғары сұ­ра­нысты қалыптастырды. Өйт­кені судья тәулік бойы судья болып қала береді, оның әр басқан қадамы, әрбір іс-әрекеті көпшіліктің назарынан тыс қал­мақ емес.

Судьялардың I съезінде қа­был­данған кодексте судьялар­дың этикалық мінез-құлқының белгілі нормалары мен аспек­тілері қамтылмай қалған 7 бап­тың ережелері уақыт өте келе ес­кіріп қалды. Негізделген тыйымдар мен шектеулердің болмауы құқық бұзуға алып келді. Осы­ған орай Судьялар одағы­ның Ор­талық кеңесі 2016 жылы өткен Судьялардың VII съезі­нің делегаттары қабылдаған жаңа Әдеп кодексін жасап шығар­ды. Кодекс Еуропалық кеңес­тің Венециалық комиссияның оң қорытындысына ие болды. Оған енгізілген ережелер тек этикалық нормаларға ғана емес, сондай-ақ судьялардың тиісті мәдени деңгейі мен өнегесіне қойылар талаптарға қатысты болды. Бұл жерде әңгіме судьяның мәртебесі, тәуелсіз сот төрелі­гін жүргізетін жоғары міндеті мен оның кәсібилігі мен жоғары адамгершілігінің арасындағы балансты ұстап тұруына байланысты болып отыр. Мінез-құлықтың этикалық стандарттарын бұзған судьяларға ешқандай аяушылық пен жеңілдіктер болмауы тиіс, дейтұрғанмен олар­дың құқықтары негізсіз шектелмеуі де қажет.

Осыған байланысты Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында судьялар қоғамдастығы мен ха­лықаралық сарапшылардың ой-пікірлерін, Судьялардың VIІI съезінің шешімдерін ескере отырып, Орталық кеңес кодекске түсініктеме жасап шығарды. Құжат Судьялардың әдеп кодек­сінің негізгі ережелерін Кон­с­титуцияны, республика заңна­маларын және судьялардың мі­нез-құлқының этикалық стандарт­тарын реттеудің халықаралық тәжірибесін негізге ала отырып, бап-бабымен егжей-тегжейлі түсіндіреді. Түсініктемеде судья­лардың мінез-құлқын бағалай­тын этикалық нормалар мен ере­желерге түсіндірме беріледі. Судьялар одағы филиалдары­ның шешімдері бойынша түскен шағымдарды қарау тәжірибесі­нің сараптамасы адам құқығы саласындағы халықаралық-құ­қықтық актілер мен шетелдік сарап­шылардың қазақстандық Судьялардың әдеп кодексі туралы пікірін ескере келе, кодекс нормаларының сақталу немесе бұзылу мысалдарын біріктіруге мүмкіндік берді.

Жалпы алғанда, Түсініктеме судьялардың тиісті мінез-құлқын жақынырақ түсінуге бағытталған, сондай-ақ оларға және судьялар этикасы жөніндегі комиссияларға туындаған мәселелерді шешуде көмекке келеді. Бұл мәдени және адами жоғары талаптарға сай болуға, сондай-ақ Судьялардың әдеп кодексінің нормаларын пайдаланудың бірегей тәжі­ри­бесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

– Дегенмен бұқаралық ақ­парат құралдарында, әлеу­меттік желілерде судьялардың жұмысына наразылық білді­рушілер де кездесіп жатады. Мұндай фактілерге Судьялар одағы қалай жауап береді?

– Барлық облыстық филиал­дарда судьялардың әдебі жө­нін­дегі комиссиялар жұмыс істейді. Олар – азаматтардың арыз-ша­ғымдары мұқият тексерілетін алғашқы саты. Бұл мәселелер сондай-ақ Судьялар одағының Орталық кеңесі мен Соттық қа­зы­лар алқасының да назарында болады. Осылайша, сот жүйесін­де судьялар қатарын беделіне нұқ­сан келтірген тұлғалардан тазалау бойынша қатаң шаралар қолданылатын сатылар мен құралдардың айқын механизмі құрылған. Мұндай фактілердің көп еместігін, алайда олардың болып тұратынын және тиісті бағасын алатыны туралы айтып өткен абзал. Бұл орайда соттағы қатесі мен тәртіп бұзудың ара-жігін анықтап айыра білудің маңызы зор.

Сонымен қатар Судьялар ода­ғының жазалаушы орган емес екенін естен шығармаған жөн. Біз судьялар корпусының кәсі­би абыройын көздің қарашығын­дай сақтауын, отандық сот тө­релігінің ең үздік дәстүрлерін сақ­тауын және көбейте беруін қолдаймыз. Бірақ бұл жерде сот төрелігінің төңірегінде дау-жанжал тудыруға ниетті адамдардың жағымсыз іс-әрекеттерін айтпай кетуге болмайды. Ашық әрі қол­жетімді болуға тырысқан сот­тар сот процесінің кейбір қа­ты­сушыларының негізсіз сын пі­кір­лерінің, істің қорытындысын өзде­ріне қолайлы етіп көрсету мақсатында бұрмалау арқылы қоғамда резонанс туғызу, қоғам­дық пікірді өз мақсаттарына пай­далану арқылы судьяға пси­хологиялық қысым жасау әре­кет­терінің алдында әлсіз болып қалады. Мұндай жағдайда тәуелсіз сот төрелігін жүргізуге қатер төніп, судьяның ар-намысы мен іскерлік беделін қорғау, тұлғаларды мұндай іс-әрекеттері үшін құқықтық жауапкершілікке тарту қажет болады. Судьялар ода­ғы судьяның тәуелсіздігін осын­дай қосарланған стандарттардан, кәсіби міндетін атқару­ға теріс әсер ететін жағымсыз жағ­дайларды қолдан жасаудан қорғаудың тиімді тетіктерін құру туралы мәселені көтеріп келеді.

Біз объективті, әділ сынды және нақты ұсыныстарды қол­дай­мыз. Ақпарат алаңында бар­лығы құқықтық шектен аспауы, дамыған елдердегі сияқты әдептен озбай, судьяларға жаппай жала жабу мен сот билігінің беделіне нұқсан келтіруге жол берілмеуі тиіс. Сол себепті қо­ғамда құқықтық мәдениетті кө­теру бойынша сан қырлы жұмыс жүргізілуі тиіс. Осыған орай Судьялар одағы филиалдарында адвокаттар мен құқықтық қо­ғамдастықтың, журналистер мен блогерлердің арасында ашық әңгіме жүргізіп, талқылау және пікір алмасу мақсатында пікірталас клубын ашу туралы ұсынысымызды білдірдік. Бұл бағытта атқарылған бірқатар ша­ра өз жемісін беруде. Судьялар­дың қабылдаған шешімдерді ұғынықты да қарапайым тіл­мен түсіндіріп, жазып беруі енгі­зілді. Судьяларды қызметке қа­был­даудағы іріктеу процесі үміт­керді психологиялық, по­ли­графологиялық күрделі тес­ті­леуден өткізу арқылы қатаң­датылып, барынша ашық бола түсті.

– Азаматтардың құқық­та­рын қорғау мақсатында соңғы уақытта қабылданған қандай шараларды атап өте аласыз?

– 2021 жылдың 1 шілдесі­нен бастап Қазақстанда тұң­ғыш рет әкімшілік әділет құрыл­ды, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді, судьялық корпусы қатаң іріктеліп, тың­ғы­лықты даярлықтан өткен 21 жаңа мамандандырылған әкім­шілік сот жұмысқа кірісті. Әкімшілік соттарды енгізуге даяр­лық жұмыстары ұзақ жылдар бойы жүргізіліп келді, шетелдік тәжі­рибелер мұқият зерделенді. Конференциялар, осы саладағы танымал шетелдік мамандармен іскерлік кездесулер өткізілді.

Әкімшілік соттардың жаңа­лығы мен ерекшелігі мынада – жауапкер мемлекетке қарсы шыға отырып, өзін дәрменсіз сезінбеуі тиіс. Әкімшілік соттар азаматқа өз құқықтарын бе­­кітілген ашық та анық механизмдер арқылы мүмкінді­гін­ше тез әрі тиімді қол жеткізу­ге көмектеседі. Әкім­ші­лік сот­тар­дың идеясы мен мақ­саты – мемлекет пен оның лауазым­ды тұлғалары адамдардың өзі­мен соттасуына себеп болар жағ­дайларды барынша азайту. Бұл – халықтың билік инсти­туттарына сенімінің кепілі және құқықтық мемлекетте болмауы тиіс даулардан сот жүйесінің демалуына әсер етуші құралы ре­тіндегі ең жақсы стратегия. Жаңа сот­тардың алғашқы нәтижелері кө­ңіл қуантарлық.

Бұдан бөлек VIIІ съезде су­дьяға тиісті аумақтағы мем­ле­кеттік органдардың мүд­делі лауа­зымды тұлғалары тара­пы­нан қысым жасауын бол­дыр­мау, өңірлердегі сот­тар­дың судья­ларын бірдей жүкте­мемен қам­тамасыз ету үшін «эксау­мақтық соттылық» қағидасын енгізу мә­селесі көтерілген болатын.

Процессуалды заңнамадағы бұл өзгерістердің Жоғарғы сот пен Судьялар одағының бастамасымен Судьялар одағы Орталық кеңесінің 2021-2024 жылдарға арналған кешенді жұмыс жос­парына енгізілуі Судьялардың VIII съезінде қойылған міндеттер аясында жүзеге асқанын атап айтқанымыз жөн. Бұлар – электронды технологияның дамуына, сотта қарауды талап етпейтін (сотқа шағыну құқығымен) мате­риалдардың жекелеген санаттарын қарауда роботтандыруды қолдануға, сот процесін «дебюрократияландыру», «amicus curiae» – сотқа дейінгі хаттама институтын енгізуге, даусыз талап-арыздар санын азайту үшін сотқа дейін жүгінген дау­лардың санаты мен жазбаша өндірісін дамытуға қатысты өзгерістер. Міндеттердің ішіндегі «эвокацияға» (апелляциялық инстанцияның істі алғашқы инстанцияға қайтармай, тиіс­ті шешім қабылдауы) кезең-кезеңімен көшу істі қараудың мер­зімін қысқартып, сот актілерінің орындалуын тездетеді.

Өзіңіз білетіндей, қылмыстық процесс – адам құқығын қорғау бойынша ең бір жанға бататын санаттың түрі саналады. Осыған байланысты ақтау үкімін қайта қарау себептерінің шекті және толық тізімін жасауға болады. Бұл қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі өндірістің сапасын арттырады, кінәсіздік презумпциясы принципін сақтауды қамтамасыз етеді. Айыптау актісі мен қорғау актісін қылмыстық істің басқа материалдарын жал­ғамай-ақ сотқа жолдаудың жаңа процессуалдық тәртібі және бас­­ты сот талқылауы мен сот тер­­геуінің жаңа процессуалдық тәр­тібі қылмыстық істердің сот тал­қылауы мен сот тер­геуі­нің сапасын арттыра отырып, тараптардың шынайы жа­рыс­палылығын қамтамасыз етеді, азаматтарды заңсыз соттау фак­тілерін азайтады.

Заңнамалық актілерге және қол­даныстағы сот тәрті­біне өз­герістер енгiзу туралы бас­та­ма көтере отырып, Судья­лар ода­­ғы олардың қолда бар әле­ует­ке, сот жүйесінде жи­нақ­тал­ған тәжірибеге, судья­лар­дың кәсібилігіне және жауап­кер­ші­лігіне қоса адамның құқығы мен бостандығын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін тиімді қорғауға ықпал ететініне сенімді.

– Судьялар одағына Ха­лық­аралық судьялар қауым­дастығымен бірігу не береді?

– Биыл Судьялар одағының Халықаралық судьялар қауым­дастығының (ХСҚ) толық мүшесі болып кіргеніне 10 жыл толады. Біз Азия, Солтүстік Америка және Тынық мұхит елдерінің Тынықмұхиттық Өңірлік тобына кіреміз. Оның алдында стандарттар, критерийлер және индикаторлар жүйесінің сәйкестігі кесімінде үлкен дайындық жұ­мыстары жүргізілді. Өзіңіз біле­тіндей, бізге 2019 жылдың қыр­күйек айында ХСҚ-ның 62-оты­рысын өткізу сеніп тапсы­рылды. Тұңғыш рет Нұр-Сұл­тан қаласында әлемдегі ең ірі судьялар қауымдастығына (ХСҚ, 1957 жылдан бері жұмыс істейді) және жүзден астам елді біріктіретін сот әкімшілендіру қауымдастығына (ХСӘҚ) қарас­ты дүние жүзінің 100-ден астам елінен келген 500 делегат бас қосты. Беделді халықаралық форум Еуропа мен Азиядан келген белгілі сарапшылармен сот төрелігінің ағымдағы жағдайы мен болашағын талқылауға таптырмас мүмкіндік сыйлаған тарихи оқиға болды.

ХСҚ мен басқа да халық­аралық ұйымдардың жұмысына қатысу Судьялар одағына әлем­дік сот жүйесіндегі ғаламдық ре­формалаудың тынысын сезінуге, сот төрелігі саласындағы заманауи ағымдарды талқылауға, біз­дің үздік тәжірибе мен халық­аралық стандарттарды енгізуге құштарлығымызды көрсетуге мүм­кіндік береді. Біз үшін мұн­дай өзара іс-әрекет жасау бет-бейнемізді көрсетудің маңызды бөлігі, біздің сот жүйесінің же­тіс­тіктерімен бөлісу үшін зор мүм­кіндік болып табылады.

ХСҚ-ға кіру – Қазақстан сот жүйесінің жоғары деңгейі мен әлеуетінің объективті бағасы. Мұны шетелдік судьялар қа­уым­дастығының, құқықтық қоғам­дастықтың, дипломатиялық кор­пустың барлық өкілдері де атап айтты. Оның ішінде су­дья­лар қоғамдастығының қоғам­дық органының да еңбегі бар еке­ніне өте қуаныштымыз. Мерей­тойымыздың 25 жылдық биігінен көз салғанда, өзіміздің жауапты миссиямызды анық сезінеміз. Халықтың сот жүйесіне деген құрметі мен сеніміне жету жолында атқарар іс әлі де көп.

Осы сұхбатты пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды егеменді еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құт­тықтаймын!

– Әңгімеңізге рахмет.