Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2021

Алматы инфрақұрылымындағы айтулы жаңалықтар

255 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Сондай-ақ мегаполистің Тәуелсіздіктің 30 жылындағы табыстарына тоқталды.

Алматы инфрақұрылымындағы айтулы жаңалықтар

Әкімнің айтуынша, Тәуел­сіз­дік жылдары қала эконо­микасы 1993 жылғы 2,1 млрд теңгеден 2020 жылы 13,5 трлн теңгеге дейін өскен. Тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдауда баса көңіл бөлгені белгілі. Соның нәтижесінде Алматыда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 94,6 есе, шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің саны 9,3 есе артқан. Халық саны 1,8 есе өсіп, қазір 2 миллионнан асты. 30 жылдың ішінде денсаулық сақтау ұйымдарының саны 1,5 есе (58-ден 88-ге дейін) ұлғайды. Қала тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 74 жасқа жетті. Тәуел­сіздік жылдарында білім алуға қолжетімділік айтарлықтай өсіп, мемлекет 61 балабақша мен 45 мектеп салды. Бизнес 450-ден астам балабақша мен 84 мектепті іске қосты. Тұрғын үй құры­лы­сы­ның көлемі 7,5 есе ұлғайып, 26,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынды.

Б.Сағынтаевтың сөзіне қара­ған­да, биылғы көрсеткіштер жаман емес. Мәселен, бірінші жар­ты­жылдықта Алматы экономикасы 5,5 пайызға өсіп, 5,8 трлн теңгені құраған. Бюджетке түсетін түсімдер 28,7 пайызға, яғни 2,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Осы жылдың 10 айын­да негізгі капиталға салынған инвестициялар 15 пайызға өсіп, 873 млрд теңгеден асты.

– Құрылыста 22,2 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Бөлшек сауда көлемі 12,7 пайызға артып, 3,3 трлн теңгені құрады. Көтерме сауда 2,3 пайызға – 8,7 трлн теңгеге дейін өсті. Жыл басынан бері өнеркәсіпте 18 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Жыл со­ңына дейін индустриялық ай­мақта 4 жаңа жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұлардың қа­тарына ПТР-тест өндірісіне қатысты маңызды жоба да бар, – деді Б.Сағынтаев.

Қала экономикасының
өс­уін қамтамасыз етуде шағын және орта бизнес жетекші рөл атқарады. Ол экономиканың қызмет көрсету, сауда, құрылыс және өнеркәсіп секілді салаларында шоғырланған. Жыл басынан бері шағын бизнеске несие беру көлемі 1,4 есе өсті. Қалалық бағдарламалар бойынша несиелеу бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға өскенін атап өткен жөн.

– Қабылданған шаралар арқы­лы жыл басынан бері шамамен 55 мың жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде, жұмыссыздық 5,1 пайызды құрады. Үшінші тоқсанда орташа айлық жалақы 20 пайызға көбейіп, 283,7 мың теңгеге жетті, – деді әкім.

Б.Сағынтаев Алматыдағы эпи­де­миялық жағдай тұрақтал­ғанын жеткізді. Қазір қала «жасыл аймақта».

– Қаланың денсаулық сақтау жү­йесі тұрақты және жаңа жағ­дайларға дайын. Қазіргі таңда денсаулық сақтау объектілерін жабдықтау көрсеткіші 91,5 па­йызды құрайды. Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері 100 пайыз жабдықталған, – деді әкім.

Шаһар басшысы мектепке дейінгі ұйымдарда орын тап­шы­лығын төмендету үшін 3 мемлекеттік балабақшаның құ­ры­лысы аяқталып, 72 жеке бала­бақша ашылғанын алға тартты. Нәтижесінде, 3 жастан 6 жас­қа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 91 пайызға жеткен.

– «Қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша 8 мемлекеттік мектеп салынуда. Оның 3-еуі осы жылдың желтоқсан айында тапсырылады. Жыл соңына дейін 8,2 мың орынға арналған 17 қосымша құрылысты да пайдалануға бе­ре­міз. Оның 11-інде балалар оқып жатыр. Бұдан басқа, оқу жы­лының басынан бері 2,6 мың орындық 13 жекеменшік мек­теп ашылды. Жалпы, жыл со­ңы­на дейін 16 мыңнан астам жаңа оқушы орны құрылады. Бұл тапшылықты 47 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жуырда беделді De Montfort университетінің филиалы ашылды. Онда студент­тер­ді бизнес, IT, қаржы және құқық секілді бағыттар бойынша оқыту жүргізілуде. Назарбаев Уни­верситетінің Жасанды интел­лект мектебінің құрылысын бастаймыз, – деді әкім.

Мемлекет басшысы Жол­дауда карантин жағдайында ха­лықтың табысын сақтауға басымдық бер­ді. Бүгінде 156 мыңнан астам ал­ма­тылық жеңіл­діктер мен жәр­демақылар алуда. Бұл мақ­сатқа биыл 25,7 млрд теңге бөлінген.

– Саны артып келе жатқан ха­лықты тұрғын үймен қамта­ма­сыз ету мақсатында жыл соңына дейін 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беріп, мемлекеттік бюджет есебі­нен 3,9 мың пәтер саламыз. Өткен кезеңде барлығы 3 516 отба­сы бас­панамен қамтылды. «Ша­ңырақ» қанатқақты жобасы басталды. Бұл 2 114 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүм­кіндік берді. «Алматы жастары» бағдарламасы бойын­ша 910 отбасы, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 431 отбасы, коммуналдық тұр­ғын үй қорынан 61 отбасы пәтер­мен қамтамасыз етілді, – деді Б.Сағынтаев.

Әкім «Жаңа Алматы» кешенді жоспарын іске асыру аясында қаланың шеткі ай­­­мақтарындағы көлік, бизнес және әлеуметтік инфра­құрылымды жақсарту бо­­йынша 286 жоба орындалып жатқанын айтты. Бүгінде тұр­ғын­дар­дың 98,5 пайызы орта­лық су жүйесіне қосылған, үй­лердің 99,2 пайызына газ тартылған.

– Экологиялық ахуалды жақ­сарту үшін келесі жылдан бастап екінші Жылу электр орталығын газға көшіру бойынша құрылыс-мон­таждау жұмыстары бастала­ды. Мемлекет басшысының жақында Алматыға жасаған жұ­мыс сапары кезінде капсула салынды. Президент айтып өткен­дей, жаңа қондырғының са­лынуы Алматының бүкіл энер­гия кешенін кең ауқымда жа­ңар­туды бастауға мүмкіндік бе­реді. Екінші Жылу электр ор­та­лығын жаңғырту зиянды заттардың көлемін 7,5 есе азайтады. Қазірдің өзінде 15 экопост орнатылды, жыл соңына дейін тағы 4-еуі кезекпен қойылады. Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы 3 жылжымалы экопост пен зертхананы іске қосамыз. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 3 жылда 1 млн ағаш отырғызу жөніндегі «Жасыл Алматы» бағдарламасы екінші жыл іске асырылуда. Қазірдің өзінде 570 мың түрлі көшет отырғызылды. Жыл соңына дейін 190 мыңнан астам көшет отырғызуды жос­парлап отырмыз, – деді ол.

Б.Сағынтаев көлік инфра­құ­рылымы жақсарып келе жат­қанын айтты. Алматының шеткі аймақтарындағы 274 көшеге 65 шақырым жаңа жол салынған. 30 шақырым жолға күрделі жөндеу және 200 шақырымнан астам жолға орташа жөндеу жасалған. Абай даңғылы, Саин және Әуезов көшелерін 6,6 шақырымға ұзарту жұмыстары жүріп жатыр. Осы айда Абай даңғылындағы жол қозғалысы ашылмақ. Төле би көшесін Ясауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту бас­тал­мақ. Нәтижесінде, биыл қалада 300 шақырымнан астам жол са­лы­нып, жөндеу жұмыс­тары жүр­гізілген.

3 көлік жолайрығы салынуда. Құлжа күре жолы – Бұқтырма жол­айрығында бір эстакада бо­­йынша қозғалыс ашылды. Рыс­құлов – Емцов жолайрығы бойынша жыл соңына дейін барлық бағытта қозғалысты ашамыз. Жыл басынан 7 шақырым велоинфрақұрылым жайлас­тырылды. Вело және жаяу жүр­гіншілер инфрақұрылымын дамы­ту стратегиясы әзірленді. Жел­­тоқсан айының соңына де­йін Сарыарқа және Бауыржан Момышұлы станса­ла­рын техни­калық іске қосу жос­пар­ланған. Болашақта метро Наурызбай ауда­ны арқылы Райымбек даңғы­лы­на дейін баратын болады. Алматы агломерациясының аума­­­ғын­да қала маңындағы және қа­ла ішіндегі желілерді бірыңғай жүйеге біріктіруді ескере отырып, Талғардың аудандық шекарасынан Алматыға дейін жеңіл рельсті трамвай салу мәселесі пысықталуда. Осы жылдың қазан айынан бастап әуежайдың ауданы 50 мың шаршы метр болатын жаңа терминалының құрылысы басталды. Бұл әуежайдың өткізу қабілетін 2 есе ұлғайтады, – деді әкім.

Б.Сағынтаев ендігі жерде креа­тивті индустрияны, туризмді және цифрландыруды дамытуға ерекше назар аударылатынын айтты. Туристік саланы дамыту үшін 84,1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Биыл 54,3 млрд теңгеге 3 қонақ үй са­лынған. Қазақстанның креативті эко­номикасының ор­та­лы­ғы ре­тін­де Алматының әлеуе­тін дамыту үшін креативті индус­трияның кәсіпкерлеріне қол­дау көрсетілуде. Бұл ретте Almaty Finance және «Алматы мик­ро­қар­жы ұйымы» желісі бойын­ша қаржыландырылған 9 жоба табысты жұмыс істеуде. Сондай-ақ креативті индустрия­лар са­ла­­­сындағы алғашқы табыс­ты инфра­құрылымдық жоба – ALATAU креативті хабы ашыл­ған. Онда күнделікті 700-ге жуық адам жұмыс істейді.