Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2021

Мұрат Әйтенов: Шымкентте инвестиция көлемі 55 пайызға артты

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұрат Әйтенов: Шымкентте инвестиция көлемі 55 пайызға артты

Онда үшінші мегаполис әкімі Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы мен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. 

Шымкентте өткен он бір айда барлық салада экономикалық өсім динамикасы байқалды. Экономиканың негізгі секторларына жеке тоқталар болсақ, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнім көлемінің индексі 6,3 пайызға, инвестиция көлемі – 55 пайызға, құрылыс жұмыстары – 9,6 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер алаңы – 63,6 пайызға, бөлшек сауда көлемі – 9,8 пайызға артқан. 

Мұрат Әйтенов тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, оларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру жөніндегі міндеттер бірінші кезекте атқарылуы тиіс жұмыстар ретінде белгіленіп, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға айрықша көңіл бөлінгенін жеткізді. 

«Бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуіміз қажет. Бүгінде Шымкентте 5 елді мекен кестеменге ауыз су берілсе, 7 елді мекен жеткізіп беріп отырмыз. 2021 жылы 16 млрд теңгеге су құбырының құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 25 мыңнан астам адам сапалы ауыз сумен қамтылады. Жоспар бойынша 2023 жылы ауыз су мәселесі толығымен шешіледі. 16 елді мекенде электр энергиясының сапасы төмен. Биыл 9,8 млрд. теңгеге 19 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде қамту деңгейі 95 пайыздан 97 пайызға жетеді. Биыл газбен қамту бойынша 5,9 млрд теңгеге 18 нысанның құрылысы жүргізілуде. Қаланы газдандыру мәселесі 2025 жылы толығымен шешіледі», деді қала әкімі. 

Биылғы жылы тұрғындарды кәріз жүйесімен қамту деңгейі 52 пайыздан 54 пайызға жетеді. Даму жоспары бойынша 2025 жылы кәрізбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетпек.