Технология • 09 Желтоқсан, 2021

Технологиялар нарығына бейімделу керек

159 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алматыда әлемдік деңгейдегі білім беру мен технологиялар саласындағы EdCrunch Glocal конференциясы өтті. Заманауи жетістіктерді білім жүйесінде қолданудың үздік тәжірибелерін дүние жүзінің 20-дан аса елінен жиналған сарапшылар талқылады.

Технологиялар нарығына бейімделу керек

Негізі қаланғаннан бергі 8 жыл аралығында EdCrunch Glocal алаңында кәсіби мамандар, бизнес саласының өкілдері білім саласындағы трендтер бойынша тәжірибе алмасып келеді. Іс-шараға Мәскеу, Тель-Авив және Сингапурдағы жергілікті студиялардың спикерлері арнайы интерактивті edcrunch.online алаңы арқылы қосылып, білім кеңістігіндегі жаңалықтарды талқылады.

Конференцияда Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғам­бетов заманауи технологиялардың әлеуметтік институттарға ықпа­лы туралы айтып өтті. Сарап­шы­лардың пікірінше, Edtech на­рығы қазіргі кезде 227 млрд долларды құраса, таяу келешекте бұл көрсеткіш бірнеше есе өседі.

«Біздің қазақстандық сегмент кейінгі жылы қарқынды өсіп келеді. Соңғы 2 жылда көп нәрсені қайта қарастыруға тура келді. Білім беру платформалары, Zoom, Teams онлайн-сабақтары әрбір қазақстандық оқытушының тәжірибесіне жылдам еніп кетті. Қазақ тіліндегі контент ұлғайып келеді. Жергілікті EdTech компаниялары контентті өз бетінше әзірлеп, үздік халықаралық ақпа­ратты да нарыққа бейімдей бас­тады. Цифрлы кеңістіктегі қол­даныс, меңгеру дағдыларының төмендігіне қарамастан, қиын жағдайда заманауи мүмкіндіктерді тез меңгере алдық. Ең бастысы, пандемияға дейінгі кезеңге кері жол жоқ. Білім саласы дами отырып, жаһандық трендтерді тез меңгере алады», деп атап өтті министр.

«Балалардың ерте дамуы», «XXI ғасыр мектебі және дағ­дылары», «Цифрлы университет, корпоративтік оқыту», «EdCrunch Stage, EdTech на­рық және инвестициялар», EdCrunch Night – edutainment event (білім беру шоуы) сияқты тақырып­тар­ды арқау еткен конференция­да Алматы қаласының әкімі Ба­­қытжан Сағынтаев қаланың білім жүйесіндегі технологиялық мүмкіндіктерге тоқталды. Бүгінде Алматыда мыңнан астам білім беру мекемесі жұмыс істейді. Осы орайда мектептерді заманауи қондырғылармен қамтамасыз ете отырып, цифрлы сервистерді дамыту, мұғалімдерге жағдай жасау талантты балаларды қолдау жалғасын таба береді.

«Жаңа білім беру тәжірибесін жобалау» тақырыбын талқылауға әлемнің көптеген елінен жинал­ған 400-ден аса спикер 100-ден астам пікірталас алаңында кез­десіп, педагогикалық дизайн сала­сындағы озық тәжірибелер, білім беру саласына жаңа технология­лардың әсері, ғылыми жетістіктер тақырыбын қамтыды.

Онлайн және офлайн формат­тағы конференцияға Скол­ково басқару мектебінің практика про­фессоры П.Лукша, Fincraft Group холдингінің президенті К.Рақышев, режиссер-сценарист, Bazelevs кинокомпаниясының негізін қалаушы Т.Бекмамбетов, Tan Media Group иесі А.Байтасов, «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Ә.Тасмағамбетова, «Яндекс» білім беру жобаларының продюсері А.Чуковская, Lancaster Group директорлар кеңесінің акционері және төрағасы Б.Ка­ниев, Altyn Qyran Foundation Қо­ғам­дық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы И.Салжанов, Aitas KZ холдингінің басшысы С.Толықпаев және басқа да бизнес өкілдері мен білім сарап­шылары қатысып, әлемдік білім кеңістігіндегі жаңа техноло­гия­лардың жетістігі туралы пікір­лерімен бөлісті.

 

АЛМАТЫ