Қазақстанның атын шығаратынына сенемін
Тәуелсіздікті бостандық, күш және рухани байлық деп түсінемін. Желтоқсанның екпінімен келген егемендіктің қашанда орны бөлек.
Биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық төл мерекесіне орай «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына ұсынып отырған жобам «(Анти) коммутаторларға қатысты ерекше алгебралардың құрылымдық мәселелері» деп аталады. Біріншіден, бұл жоба математиканың алгебра бағытына ең алғаш қазақ тілінде Төрткен және Төртқара терминдерін енгізген әйгілі академик Асқар Жұмаділдаевтың 2007 жылы жарық көрген ғылыми мақаласында аталып өткен теорияларға негізделіп, тереңірек зерттеуге бағытталды. Бұл жобаның нәтижелері теориялық сипатқа ие және математика бағытында ғана емес, физиканың көптеген ашылуында қолданысқа жарайды деген болжам күтілуде. Сондай-ақ зерттеу нәтижелері рейтингтік журналдарда жарияланады. Бұл нәтижелер Қазақстанның ғалымдары үшін алгебра бағытын ілгерілетуге қызмет етіп, Қазақстанның атын әлемдік деңгейге шығаратынына сенемін.
Бұл грант біз сияқты жас ғалымдардың артық дүниелерге алаңдамай, уақытымыз бен күшімізді тек ғылымға арнауға зор мүмкіндік беріп отыр. Сол себепті осындай мүмкіндік беріп, қолдап жүрген мемлекетіміз бен Президентімізге ризашылығымды білдіремін! Сонымен қоса, мені бакалавр дәрежесінен бері бар білгенін аямай үйретіп, осындай жетістіктерге жетуге себепші болған ғылыми жетекшілерім Асқар Жұмаділдаев пен Нұрлан Исмаиловқа да алғыс айтқым келеді.
Фарух МАШУРОВ,
Сулеймен Демирел университетінің аға оқытушысы, Қазақ-Британ техникалық университетінің
3-курс докторанты
Арманымызға қанат бітірді
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы 30 жастың жігерін жанып, армандарына қанат бітірді.
Сол жастардың қатарында өзім де бармын. Аталған байқауға «Тотыққан кобальт-никелі бар кеннен кобальт пен никельді кешенді бөліп алу технологиясын әзірлеу» тақырыбындағы жобамды тапсырдым. Бұл жобамда кобальт үшін кемінде 90% және никель үшін 95% бөліп алу дәрежелері болатын өңделуі күрделі тотыққан кендерден кобальт пен никельді кешенді бөліп алудың жаңа технологиясын әзірлеуді көздедім. Аталған технологияда зерттеулер салыстырмалы түрде улағыш дәрежесі төмен, арзан және қолжетімді реагенттерін (ноу-хау) пайдалану арқылы бөлме температурасында жүргізіледі. Соның нәтижесінде барлық технологиялық процесті арзандатуға, жеңілдетуге және пайдалануда күрделі аппаратуралық ресімдеуді болдырмауға мүмкіндік береді.
Экологиялық және экономикалық артықшылықтарға ие әрі өте қызықты жоба. Академик, профессор Х.Оспановтың басшылығымен металдарды гидрометаллургиялық жолмен тиімді бөліп алу әдістерін зерттедім, сол бағыттағы жұмыстарды одан әрі дамытқым келді. Қазіргі кезде профессор Бағдәулет Кенжалиевтің қарамағында Satbayev University жанындағы Металлургия және кен байыту институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеймін. Институтта жас ғалымдардың ғылыммен айналысуына барлық жағдай қарастырылған, бұл болашақта тың зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Мінеки, жоғарыда аталған жобамызды әрі қарай дамытуға қолдау бар. Ендігі жерде білімді ұрпақ тәрбиелеп, мемлекетімізді дамыту жолында еңбек етуге дайынбыз.
Кенжеғали МАМАНҰЛЫ,
Satbayev University жанындағы
Металлургия және кен байыту институтының
кіші ғылыми қызметкері
Асқақ мұрат алға жетелейді
Осыдан жарты жыл бұрын грантқа құжаттарымды тапсырған кезде жеңімпаз болатынымды мүлдем ойламаған екенмін. Бұл мен үшін зор мәртебе және ұмытылмас тарихи сәт десем, артық айтқандық емес. Ең алғашқы еңбек жолымды Қарағандыда бастасам, бүгінде елордадағы «Қазақ ұлттық өнер университеті» колледжінің оқытушысымын, «Актерлік өнер» мамандығы бойынша сабақ беріп, сапалы жұмыстар атқаруға талпынып келемін.
Жастарымыздың танымы терең тұлға болып қалыптасуы үшін мәдениеттің орны ерекше. Осы орайда өскелең ұрпақты театр өнеріне қызықтыру мақсатында «Театр. Шығармашылық. Талант» жобамен әзірледім.
Біз бұл жобаның аясында балалар мен жеткіншектерге арналған халықаралық театр фестивалін ұйымдастырамыз. Мұндай сайыс өрендеріміздің өнер көкжиегін кеңейтеді, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, отансүйгіштікті дәріптейді. Актерліктің қыр-сырын ұғынуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, алдына асқақ мақсат қоюға жетелейді.
Келешекте фестивальға қатысқан жеткіншектеріміздің арасынан Қазақстанның өнер қайраткерлері шығатынына сенімдімін. Арманым – болашақта балалар ойнайтын театр ашып, елімізді мәдениет, театр арқылы әлемге әйгілі ету.
Егемендіктің мерейлі жылында дарынды жастарға арнайы грант тағайындап, талабымызды қуаттап отырған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына зор ризашылығымды білдіреміз.
Думан ӘКІМ,
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының «Мәдениет» бағыты бойынша жеңімпазы
Жастарға тың серпін берді
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білімді, шығармашыл, бастамашыл жастарға үнемі қолдау білдіріп келе жатқаны бізді өте қатты қуантады. Бағым жанып, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына еліміздегі талантты жастармен бірге мені де лайық деп танығанда, ғаламат күйді бастан кештім. Мемлекетіміз тарапынан жастарға жасалып жатқан шарапатты шын сезінгендей болдым.
«Ұрпақ – ұлт болашағы» десек, келешегіміз үшін Президенттің жасап жатқан жарқын бастамалары қашанда біздей жастар үшін тың серпін берері сөзсіз. Бұл грантты жеңіп алу қаншалықты үлкен қуаныш болса, оның жауапкершілігі де соншалықты зор. Оны өз басым анық сезінемін және алдағы уақытта бұдан да жемісті жобалар жасауға барымды саламын. Өйткені біз тәуелсіздіктің құрдасы ғана емес, егеменді елдің ертеңіміз деп батыл айта аламын. Біздің әрбір жетістігіміз – ұлтымыздың кемел келешегінің кепілі. Сондықтан да талмай, тынбай еңбектеніп, еркін елдің ертеңі, жарқын болашағы үшін аянбай тер төгеміз. Өйткені біздің жеткен әрбір жетістігіміз Тәуелсіздікке жасаған үлкен тартуымыз болмақ. Өзгелер қазақ жастарын кемел білім, жарқын бастама, ұшқыр ой, жемісті жобалар арқылы танып жатса, бұл да Мәңгілік елдің іргесін берік, келешегін нұрлы етер жемісті қадамдардың бірі деп санаймын.
Осынау тарихи кезеңде өмірге келіп, Тәуелсіздікпен құрдас болып қана қоймай, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ таңын көзімізбен көру бақыты бұйырған буын – біз шын мәнінде бақытты ұрпақпыз. Ал бабалар аманатына адал болу – біздің ғұмырлық парызымыз. Сол жолда тынбай еңбектенеміз. Жастардың жанына жалын, бастамасына тың серпін сыйлаған Президентімізге осы үшін де зор алғысымды білдіремін. Бізге үміт артқан Мағжандай бабаларымыздың сеніміне дақ түсірмей, еліміздің ертеңі үшін адал еңбек ете алсақ, әр жетістігімізбен ұлтымыздың дамуына тамшыдай болсын үлесімізді қоса алсақ, бізден асқан бақытты жан болмақ емес.
Әлиғазы АЙДАРХАНОВ,
Hi School онлайн білім беру
орталығының жетекшісі