Елорда • 10 Желтоқсан, 2021

Елордада екі тұрғын үй кешеніне газ жеткізілді

283 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы «Көктал-1» және  «Промышленный» тұрғын алабында орналасқан екі бірдей көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада екі тұрғын үй кешеніне газ жеткізілді

Ел астанасын газдандыру Елбасының ауқымды жобасы екені баршаға мәлім. Елдің игілігіне арналған жоба Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес.

«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 2019 жылдың қыркүйегінен бастап елорда аумағында газбен жабдықтау желілерін салу бойынша өте үлкен жобаны жүзеге асыруда. Екі жылдан астам уақыт өтті. Осы кезеңде қалада 650 шақырым газ тарату желілері салынды. Бүгінгі таңда 9 тұрғын үй алабын қосуға қолжетімділік қамтамасыз етілген, яғни 14 мыңға жуық абонент газға қол жеткізе алады. Бүгінде алғашқы екі тұрғын үй кешені газға көшірілді. Бірінші үй «Көктал-1», екінші үй «Промышленный» тұрғын алабында орналасқан. Бұл айтарлықтай үлкен үйлер, біреуінде шамамен 70, екіншісінде – 190 пәтер бар. Тұтынудың алғашқы кезеңінде тұрғындардың бұрынғы төлемақысымен салыстырғанда 3 еседен астам үнемдеу байқалады. Олар газға көшудің жайлылығын сезінді», деді Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Мақсат Есмағұлов.

168565

Көгілдір отынмен қамтылған тұрғын үй кешендері бірінің құрылысын жүргізген компанияның өкілі Оксана Реснованың айтуынша, үйге газ жеткізуге еш кедергі жоқ.
«Бұл үй табиғи газға қосылған. Соның арқасында біз газ жеткізу мәселесін шештік, бізде жоспардан кешігу сынды проблемалар жоқ, алдағы уақытта да солай болады деп үміттенеміз. Кезінде біздің үйді табиғи газға қосуға бастамашы болған қаламыздың әкімдігіне үлкен рахмет. Бүгінгі таңда бұл біз үшін өте үлкен жеңілдік», деп түсіндірді О.Реснова.

Тұрғын үй кешендерінің тұрғындары газға көшудің артықшылықтарын бағалады. Майра Нұралиева МТК-да алты айдан бері тұрып жатыр. Оның айтуынша, үй өте жылы, барлық жылу жүйесі заманауи стандарттарға сай жабдықталған.

«Үй өте жылы. Бізге газ жүргізіп бергені жақсы болды», деп пікірін білдірді көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің тағы бір тұрғыны Ахат Толымхан.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Алматы мен Сарыарқа аудандары газдандырылды. Газ тарату желілері 9 тұрғын алаптарында жүргізілді. Олар: «Көктал-1», «Көктал-2», «Железнодорожный», «Промышленный», «Агроқалашық», «Оңтүстік-Шығыс», «Интернациональный», «Мичурино», «Күйгенжар». «Қазақауыл», «Ақбидай» шағын аудандары. Сондай-ақ қаланың Потанин көшесінің ескі бөлігінде газ қосу үшін іске қосу-жөндеу жұмыстары жалғасуда.