Тарих • 12 Желтоқсан, 2021

Қалмаққырған етегінде Қаратайдың бейіті

784 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Таятқан Шұнаққа таяғанда әудем жердегі төбеден Көкжарлы Қаратай бабамыздың бейіті көрінді. Арқаны артқа тастап, неше шақырым жүргенімізді есепке де алмаппыз. Алматы мен Өскеменнен жиналған Қаратай батырдың ұрпақтары баба әруағына құран бағыштап, зиярат етіп қайтпақ ниетте жолға бір ай бұрын қамданғанбыз.

Қалмаққырған етегінде Қаратайдың бейіті

Жолай Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақсу Аюлы ауылына бұрылып, өлкетанушы, жазушы Кәмел Жүністегін жол бастаушы етіп алдық. Әйтпесе, тарам-тарам дала жолынан межелі жерімізді дәл табуымыз мүмкін емес екен. Осы өңірдің ой-қырын, тарихын жақсы білетін Кәмел Жүністегі 2000 жылдары Қаратай бабамыздың бейітін табуға тікелей атсалысқанын да жақсы білеміз. Оны білетініміз, Қаратайдың ұрпақтары 2001 жылы алғаш рет баба басына барып, құрбандық шалған, ас берген. Кейін жазушы Қайырды Назырбаев «Қаратайдың зираты қалай табылды?» деген көлемді мақала жазып, біз оны жата-жастана оқып шыққанбыз. Іле-шала Қазақстанның Құрметті журналисі Әділбек Құмарғажиннің орыс тілінде «Мой Каратай ата (последам пыльного похода) атты мақаласы жарық көрді. «Ер қимылдайды арманнан, ер арманы ел болу» демекші елдікті аңсаған әрі би, әрі батыр Қаратай бабамыздың ұрпағы екенбіз деп, рухтанып, жігерленіп қалғанымыз да шындық. Содан бері тұп-тура 20 жыл өтіпті. Сол уақыт ішінде ұрпақтары Катонқарағай ауылының кіреберісіне Көкжарлы Қаратайдың менмұндалатып тұлға мүсінін қойды. Ендігі бір ойымыз, Кәмел ақсақалдың әңгімесін, сапарымызды бейнетаспаға тартып алайық дегенбіз. «Сурет және бүкіл ғұмыр» демекші таспаға басылған фото, бейне тасқа қашалғанмен бірдей. Екіншіден, Қарағанды даласындағы бабамыздың жатқан жеріне әркімнің аяғы жете бермейді.

...Ағадыр ауылын басып өтіп, шойын жолдың бойындағы Киіктіге келіп тоқтадық. Бұдан әрі ауыл жоқ. Медиен дала, құба белдер. Бағытымызды бағамдайтындай шошайып өскен бір тал жоқ. Кәмел ағаның нұсқауымен тілерсектен шаң шұбатып, оң түстік батысты бетке алдық.

– Әлі бір-екі сағаттық жол бар, – деді Кәмел Жүністегі ыңғайлана отырып...

Кәмел ағаның жасы сексеннен асқан. Жүзіне қарап, сексеннің сеңгіріндегі ақсақал дегенге сеніңкіремейсің. Қимылы ширақ, тың. Қаншама қиындық көргенімен, құдайдың берген қуаты ғой. Сонау кеңес үкіметі тұсында партия құрғаны үшін, Сібірдің түрмелерін түгендеп шыққандардың ішінде Кәмел ағамыз да бар еді.

– Жол қысқарсын, сізді тыңдайық. Қарағандының құла даласындағы Қаратайдың бейіті екенін қайдан білдіңіз? – деп сұрақты төтесінен қойдық.

Жо-жоқ, күмәнданып сұрап отырған біз емес. Тек қана тарихи фактіні білгіміз келген. Ал оны бір білсе, тарих қатпарларында сөніп бара жатқан жыраулардың жырларын, күйшілердің күйлерін топтастырып, кітап етіп қаттап жүрген Кәмел ақсақал біледі. Және ол не жазса да, не айтса да тарихи деректерге әбден көз жеткізіп барып айтады.

– Мен неге тарихты зерттеуге кірістім?! Алдымен осы сұраққа жауап берейін, – деп әңгіменің тиегін ағытты. – Жиырма екі жасымда «ЕСЕП» деген жасырын партия құрдық. Тарқатып айтсам, «елін сүйген ерлер партиясы». Содан Ібір-Сібірдің түрмелерін түгел көрдік. Құдай сақтап, тірі келдік. Бірақ, достарым күресті тоқтатқысы келмеді. Бұрынғыдай ашық күресе алмайтынымызды білдік, үнемі аңдуда болдық. Енді күрессек, жаза өте қатал болатынын ішіміз сезді. Шетімізден атып тастауы әбден мүмкін. Сол үшін күресті бейбіт жолмен жалғастыруды жоспарладық. 1932 жылғы аштық, 1937 жылғы репрессия салдарынан қырылып қалған халқымыз туралы зерттеулер жасау қажет еді. Ол заманда қазақтың болашаққа деген үміті жоғалып бара жатқан. Тарихын қойып, бүгіні не боларын білмеген. Алайда сол заманда аты аталмай қалған жыраулар, батырлар, өнер иелері қаншама еді. Міне, осыны зерттегіміз келді. «Жинаған материалды маған бересіңдер, мен іске асырамын» дедім белсенді азаматтарға. Бұл жұмыс та оңай емес еді. КГБ-ның қызметкері арнайы келіп, «үйіңнен бір парақ қағаз тауып алсақ, 10 жылға кетесің» деп қатаң түрде ескерткендері бар. Түрмеден 1967 жылы келгеміз. Жылына екі-үш рет үйді тінтіп отыратын. Тіпті, 1980 жылы мамыр айында балаларымды дәрілеп, талдырып тастап, үйдің астаң-кестеңін шығарып кеткен. Жә, оның бәрін айтып не қыламын, – деп жүйткіген көліктің терезесінен алысқа көз тастады да әңгімесін қайта жалғады. Біз болсақ, ұйып тыңдап келеміз. Тыңдап қана емес, айтқандарын үнтаспаға жазып алып отырмыз. Тоқтай қалған жерде бейне жазбаға түсіріп әлекпіз. Ондағы ойымыз танымдық, тарихи сапарымызды жерлестерге насихаттау...

– Сөйтіп, өңірдегі батырларды, ақындарды, жырауларды зерттей бастадық. Тар заманда Шортанбайдың жырын оқығанды қойып, атын атағаны үшін талайлар сотталып жатты. Босаға ауылындағы Анарбек деген жыршы Шортанбайдың екі-ақ шумақ өлеңін айтқаны үшін 18 жыл түрмеде отырды. Осының бәрін біле тұра жанды шүберекке түйіп, іске кірістік.

– Қаратай батырдың мазары бертін табылды ғой, – деп көліктің артқы орнында отырған Заңғар Кәрімхан әңгімені сабақтай түсті.

– Иә, соны айтайын деп отырмын. Алғаш рет Ағыбай батырдың басына 1967 жылы келдім. Жолдан Хасен жыршыны алып алғанбыз. Ол осы аймақты жақсы білетін. Келе жатып, көрінген тауды да, ағып жатқан бұлақты да сұрап келемін. Бір төбеге келгенде мына тау қалай аталады дедім. Қалмақ қырған деді де, Хасен ақсақал оқиғасын айтып берді. Айтуынша, ең соңғы соғыс 1771 жылы осы жерде болған екен. Еділ бойынан Жоңғарияға қайта шегінген қалмақтар осы жерге дейін жетіпті. Сонда Кіші жүздің Әбілқайыр ханның әскері де қалмақтардың соңына түсіп отырған. Ол туралы капитан Рычковтың кітабында жазылған. Орыстардың бір дивизия әскері де соңына түскен. Қазақтар да қалмақтарды қаумалап отырған. Сол Қалмақ қырған тауында болған соғысқа Қаратай батыр да қатысып, кескілескен ұрыста қаза болған. «Бұл батырдың түбі Найман, есімі Қаратай» деді Хасен жыршы. Бұл бірінші естуім, – дей бергенде көз ұшынан оқшау тұрған төбе көрінді. Айтқанындай, етегінен киіз үйге ұқсас мазар қарауытты.

Әңгімемізді сап тыйып, шошайған мазарға қарай мойын создық. Бабамыздың басына жақындай бере бойымызды жинақтап, іштей ниет еттік. Шежіреден тартсақ, Қаратай Найманның бесінші ұрпағы. Найманның Белгібайынан Сүгірші туған. Оның Балталы, Бағаналы, Ергенекті деген үш ұлы болған. Ергенектіден Саржомарт, Бура, Көкжарлы тарайды. Қаратай бабамыз Көкжарлының (7 ұлы болған) тұңғыш ұлы. Одан Бораншы, Беске, Шоңмұрын туған. Міне, осы үшеуінен тараған біздің табанымыз бүгін бабамыз жатқан Таятқан Шұнаққа тиді.

Дөңнің басына жерленіпті. Ежелде ерлікпен қаза болған батырларға құрмет көрсетіліп, биіктеу жерге жерлеп, басын көтеретін. Әр-әр жерден үйінді тастар байқалды. Тегі олар да сол шайқаста мерт болған жауынгерлер болса керек. Мазардың сыртында «Найман Көкжарлы Қаратай. ХVII-XVIII ғ.ғ. Батыр бабаға катонқарағайлық ұрпақтарынан» деп жазылған гранит тас орнатылған екен. Мазар ішіне кіреберіс есігіндегі найманның белгісіне көз түсті. «Бісміллә» деп тар есіктен жүрелеп, ішіне ендік. Үш адам жерленіпті. Бізді қарсы алған шырақшы Хамит ақсақал Көкжарлы Қаратай рухына құран бағыштап, біз іштей дұға еттік, бет сипадық. Осы жерде Хамит шырақшы өзінің естігенін, көңілге түйгенін айтып берді.

– 1771 жылы Абылай сұлтан 100 мың қазақтың қолымен қалмақ әскерін осы жерде қарсы алған екен. Қалмақ ханы да осы жерде қырғын ұрыс болатынын білді. Ол қалған халқын да аман сақтағысы келді. Қалмақ қолбасшысы бұл жерге жеткенде «170 мың халқым қалды, құдай жаратқан халықты жоқ қылып қайтеміз?! Қырық батырға қырық батыр шығарайық. Кімнің батырлары жеңіске жетеді, соның әмірі жүреді» деп бір мәмілеге келеді. Қазақтың қырық батыры қалмақтың батырларын қырып салғанмен, сол шайқаста Қаратай қаза болған. Сонда Абылай сұлтан «мынау тауды Қалмақ қырған деп атайсыңдар. Көкжарлы Қаратайды кішілеу төбеге жерлейсіңдер, күмбезін тұрғызасыңдар!» деп әмір берген. Абылай заманында батырларға күмбезді киіз үй тәрізді етіп көтерген, – деп Хамит ақсақал Қаратайдың соңғы шайқасы туралы тарихи-танымдық әңгімесін айтқан.

Ниет қылып, құран бағыштаған соң Алматыдан ат арытып келген Қаратайдың ұрпақтары Құрмет Оразаев, Қайрат Ахметов, Бауыржан Құдабаев, Өскеменнен келген Мерей Қайнарұлы, Әділ Сайлаубектер осыдан 8-9 шақырым жердегі Ағыбай батырдың басына бет түзедік. Мұнда шырақшы Хамит ақсақалдың шаңырағында дастархан жайылды, құрбандық шалынды. Жазушы Кәмел Жүністегінің жолдағы бастаған әңгімесі осы жерде, дастархан басында жалғастырды. Жолсоқты болып, шаршағанымызбен, ақсақалдың әңгімесін қызыға тыңдадық.

– Бағана Қаратайдың осында жерленгені туралы алғаш қайдан естігенімді айттым. 1977 жыл. Анарбек жыршы 18 жыл отырып, түрмеден ешкімге сенбестей болып шыққан. «Саяси халық жауы» деген мойнымызда қамыт ілінген біздерге ғана сенеді. Сенген соң шығар, Кенесары ханның бас идеологы болған, оның өлеңдерін әскери ұран ретінде пайдаланған Шортанбай жыраудың жырларын сарнап отырып айтып берді, жазып алдым. Анарбектің емшілігі де, тәуіптігі де бар еді. Анарбектен Қалмақ қырған тауының түбінде соғыс болыпты, сол жерде бейіт тұр. Сол кімдікі деп сұрадым. «Ол Қаратай деген батырдың бейіті» деді ойланбастан. Бұл екінші рет естуім. Естігенде де қаражаяу адамдардан емес, оқыған, тоқыған, көкірек көздері ояу азаматтардан естіп жүрмін, – деді сөзін нығыздай Кәмел Жүністегі.

– Үшінші естуімді айтайын; 1979 жылы Қыздарбек күйшіні қайта зерттей бастадық. Оны зерттеу оңай емес. Қыздарбектің бүкіл шәкірттерін 1931 жылы атып тастаған. Сол себепті де мұны қозғауға болмайтын жабық тақырып. Бірде Қыздарбек туралы материал іздеп, Мойынтыға келдім. Осы жердегі Қази деген ақсақалмен кездестім. Мен келсем, тоқсанға келген Қази ақын сарнап отыр. Әңгіме айтып отырып, «е» деші дейді. Сөйтсем «е-е-е» деп құптау керек екен. Әңгімелесе отырып, Қыздарбек күйші жөнінде көп материал берді. Сөйтті де жақын тартып; «қазақтың сөзін теретін қазақ жоқ қой деп ойлап едім. Бар екенсің. Бір сөз айтайын, жадыңа сақтап ал! Қалмаққырған деген жерде бір бейіт бар, білесің бе?» деді. Естуім бар дедім. «Ол Қаратай деген найманның бейіті» деді. Осымен үшінші адамнан естідім, – деді дастархан басындағы бәрімізге кезек қарап. Біз үнсіз ғана бас изеп тыңдап отырмыз.

– 1984 жылы Ағыбайдың басына көктас қояйық деп, тасты Ағадыр ауылына жеткіздік. Көктас бір жылға жуық сол жердегі менің досым Ерғалының үйінде жатты. Ағыбайдың басына апарып қоятын адам жоқ. Ешкімнің жүрегі дауаламайды. Мен күндіз-түні аңдудағы адаммын. Үйден шығуым проблема. Бір күні көз байланғанда көліктің шамын жақпай шығып, Ағадыр ауылына тарттым. Сол жерде жаныма Серік Ысмақов деген шежірешіл ақсақалды ертіп жолға шықтық. Ол жолай талай бейіттерге тоқтап, бәрін түсіндіріп отырды. Ағыбай батырға жетпей жолдың оң бойындағы бейітті Қаратай батырдың бейіті деп нұсқады.  «Ал мынау жақта бір бейіт бар, аттың басы қоса қаланған. Бұл кімдікі десек, Мамыт деген батырдыкі» деді... Сонымен қош! 2001 жылы «Қаратай батыр осында жатыр» деген әңгіме қайта шықты. Оны әу баста зерттеген Әлихан Бөкейханов еді. 1918 жылы Семейде Алаш Орда съезі болған. Сонда Әлихан Шыңғыстайдан келген Әбдікерім досынан«бабаңның басы қайда жатыр, білесің бе?» деп сұраған. «Шұнақ дей ме, осы Арқада, анығын білмедім» деп сасқан көрінеді Әпекең. Сонда Әлихан «Сенің бабаң Таятқан Шұнақта» жатыр деген. Көрдіңдер ме, Әлиханның зерттегенін бірің білсең, енді бірің білмейсіңдер. Қаратай XVIII ғасырда қайтыс болған. Ал Әлихан 1904 жылдары зерттеу жүргізді. Яғни, шамамен 150 жыл өткен соң. Ол екі ортада төрт-бес ұрпақ ауысып кетті. Қазақ бағынбас үшін орыспен де соғысып жатты. Аласапыран заман тоқтаған жоқ. Егер сол төбенің басында бейіт тұрмаса, сол маңды мекендеген халық Қаратайдың бейіті екенін ұмытып кетер еді. Сол себептен халық Әлиханға мынау тұрған Қаратай батырдың бейіті деп көрсеткен.

– 2001 жылы маған Қалихан Ысқақ хабарласты; «сенің білмейтінің жоқ, Қаратай батырдың бейітін тауып бер» деп бұйыра сөйледі. Тұра тұр дедім, біз дәукес халықпыз. Алдымен зерттеп алайық дедім. Ақпанның соңында хабарласқан. Мен бүкіл мектеп директорларына, «селсоветтің» басшыларына «сол маңдағы бейіттерді тізімдеп беріңдер» деген мазмұнда хат жаздым. Әрине түгендеп беретін адамдар да сол кезде шамалы еді. Содан соң сол жерде туып өскен Мағжан молданы жаныма алып, Сарыбұлақ өзенінің бойындағы бейіттерді сүзіп өттік. Ақыры Қалмақ қырғанға да жеттік. Осы жерде Мағжан молда «мынау төбенің басындағы бейіт Қаратай батырдың бейіті. Ол Зайсан жақтың адамы»деп қысқа қайырды.

Жолдаған хатым бойынша талай адамдар өздерінің білетіндері жазып жіберіп жатты. Талай мектепке директор болған, «поссоветтерді» басқарған Мұрат Көккөзов сол маңның бейіттерін картаға түсіріп алып келіпті. Оны он шақты жыл бұрын ақсақ Әділ деген кісімен бірге жүріп, карта етіп сызған екен. Сол картада Көкжарлы Қаратай батырдың бейіті көрсетіліп тұр. Бұл керемет дәлел. 2002 жылы сол жерде туып өскен Қуаныш Мәхарманов деген азаматпен кездестім. Ол 1965 жылға дейін сол жерде тұрған, сол жердегі мектепте оқыған. Оның айтуынша, мектеп аттың басы тұрған бейіттің маңында болған екен. Ол бейіт Мамыттыкі деген екен Қуаныш Мәхарманов.

Терезенің арғы жағы бүгінде иен дала. Бұрын ауыл болды дегенге сену қиын. Сөйтсек, мынау құла түзде ауыл да болған көрінеді.

– Сөйтіп жүргенде Ақселеу Сейдімбеков «Қазақтың ауызша тарихы» деген кітабын алып келіпті үйге. Екеміз көп әңгімелестік. Оқып шықтым. 275 бетінде «Қаратайдың қара талы деген өзен» деп, «шағын кішкентай бейіт – Қаратайдың бейіті» деген үзінді көрсетіліпті. Сөз арасында төбенің басындағы кішкентай бейіт Қаратайдыкі деп Ақселеу нақтылап айтқан еді. Көрдіңіз бе, мұның бәрі түбегейлі зерттеу. Содан кейін барып қана катонқарағайлық азаматтар келіп, батырдың басына көк тас қойды, – деп әріден бастаған әңгімесінің нүктесін қойғандай болды.

Ертесі таңбалы тастар мен Мамыт батырдың басына соқтық. Бұрындары оның моласында ақ сөңкесі шыққан аттың басы тұрған екен. Бертінде су шайды ма, ит-құс көтеріп кетті ме, ғайып болыпты. Моланың төбесі де ойылып ортаға түсіпті. Маңдай жағынан қойдың бас сүйегін байқадық. Алыстан ағараңдап тұратын аттың басын маңайдан іздеп көріп едік, таппадық. Тарихтан белгілі, Мамыт Ағыбай батырдың оң қолы болған. Ағыбай өмірден өткен соң да ел басқарғанын көне көздер әңгімелеп отырған.

– Аттың басы анық көрініп тұратын, – деп Кәмел Жүністегі орнын көрсетті. – Мамыт атақты адам. Қазақ халқы кім-көрінгенге бейіт көтермеген. Біреудің бейітіне жерлемеген. Қаратайдың қасында Мамыт жатыр деген өсек шыққан. Ол бекершілік. Екеуінің арасы 150 жыл. Ешқашанда ел басқарған адамды біреудің бейітіне апарып жерлемеген. Осыны түсіну керек. Мамыт Ағыбай батырдың оң қолы болса, Ағыбай Кенесарының бас қолбасшысы, – деді Кәмел ақсақал әңгімесінің нүктесін қойғандай.

Қаратай мен Ағыбай батырлардың кесенелері еңселі, сонау қозы көш жерден қарайып көрінеді. Біздер Қаратай ұрпақтары келер жылы батыр бабамыздың мазарының жанына кеңінен қоршап, келген жұрт емін-еркін демалып, тәу етуіне мүмкіндік жасауды ойластырып жатырмыз. Мамыттың басына да белгісін қойса, құба құп болар ма еді.

Көңіл тоқ. Арқадан бір жүк түскендей елге аяңдадық. Қалмақ қырғанның бауырындағы Қаратай мазарының тұсынан өтіп бара жатып бет сипадық. Ләйім, баба рухы ұрпақтарын қорғап-қоршап, желеп-жебеп жүрсін деп іштей дұға тіледік. Катонқарағай елі батыр баба есімін еш уақытта ұмытпақ емес. Әлі талай ұрпағы Таятқан Шұнаққа із салады.

Дәулет Әшімхан

«Ел Шежіре» қоғамдық қорының президенті