Әдебиет • 12 Желтоқсан, 2021

Әкім Тарази: Өзін жақсы білген адам, қоғамды анық таниды

1294 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

– Қадірлі Әкім аға, панде­мияның жағдайымен Сізге амандасып келмегелі көп болды, бү­гін бір кеңі­рек әңгімелесіп, шығармашылық, жазушының жан дүниесі жайында сұхбат құрсақ..

– Адаммен сырласу, әңгімелесу, ішкі әлемін аралау оңай емес қой. Маған ең қиын соғатын нәрсе –  алдыңда отырған жалаңаш көзді адамның жадағай, жаттанды сұрақтарына жауап беру. Мен кейіпкерлеріммен әңгіме­лесе­мін мысалы. Қасымдағы бос орында сол отырғандай сезіне­мін. Содан кейін оған неше түрлі сұрақтар қоямын. Әбден зерттей­мін. Кейде жазылып жатқан шы­ғар­ма тоқтап қалады. Сюжет қа­лай бұрылу ке­рек? Кейіпкер не істеу керек? Міне, ондай кезде де кейіп­керді «тергейсің». Басқа да амалдар жасап көресің. Әбден қиналасың.

Әкім Тарази: Өзін жақсы білген адам, қоғамды анық таниды

– Жазушылық азап па?

– Жазушылықтың азап екенін сезінбей, шын жазушы бола ал­май­сың. Сезінбейтіндер көп бірақ. Осылар секілді атақты болам, сыйлы болсам деп армандап, сол күйі кетеді. Онысынан түк те шықпайды. Бидай­былжырақ бірдеңелерімен жүреді өмірбақи. Сайын, мысалы, қиналғанда өзін өлтіріп ала жаздады. «Мен жаза алмадым» деп. Ол нашар жазғаннан емес, өзіне үлкен жауапкершілік артудан. «Қой, жазасың» дейміз, жазғанын тағы сынап тастаймыз. Сөйтіп, жүріп қандай мықты шығармалар жазылды. Менің достарым шетінен классик қой. Оқып, жазып жатқанда бір-бірі­мізге ескертеміз «мазалама» деп. Ол кезде арамызда айлап өлі ты­ныштық орнайды. Жазып бол­ған соң бір-бірлеп «іннен» шыға бастаймыз. Содан кейін сынау басталады. Біз бір-бірімізді аямай сынадық. Соны көп айтам. Қалихан тез шамданатын. Мінез! Бірақ реніш болмайды, екі-үш күннен кейін «оларың да жөн екен» деп келіп тұрады. Сынды бәрі бірден оңай қабылдай қойған жоқ басында. Кейін үйренді. Әу баста-ақ қатты туламай, дұрыс қабылдаған Рамазан Тоқтаров болды ұмытпасам.

– Сіз де сыналған боларсыз?

– Сынайды әрине. Сыналмай­тын ешкім жоқ. Сынаудың түрі көп қой, біздікі біліп сынау, жана­шырлықпен «түзелсін» деп сынау. Ал білмей, мұқатып, қызғанып сынау деген газет-журналдарда жүріп жатады. Ондайлардың иегінің астына жұдырық ойнатқың кеп тұрады. Бір-екеуін қағып та жібергенім бар. Содан кейін сырттап жүретін болды. Бұл да керек екен. Бір жағы жастық қой енді.

Әкім аға жұдырығын көрсетіп, әлдене­лерді есіне түсіргендей көзіме қарап жымиып қойды. Мен де ерік­сіз жайылып кеткен екі езуімді зорлана жиып сұрақты әрі қарай жалғадым. Сұхбат басындағы «жалаңаш көз» туралы бір ауыз сұра­ғым келген, оған әңгіме ауаны жазу­шылықтан ауытқып кете ме дедім де. Оны сұхбаттың соңына қалдырдым.

– Сондай азапты жазушылық сізге не  берді?

– Жазушылық маған дүниенің сырын ашты. Өзімді өзіме зерт­тет­ті, өзімді өзіме тергетті. Мен әлем­нің 38 еліне бардым. Көп ұлтты көрдім. Ондайда өз еліңе сыртынан да қарап көресің. Кей нәрсені өзгертуге болатынын, басқаша айтуға болатынын сезінесің. Кейде елді ілгері бастырмай артқа тартып тұратын пайдасыз нәрселер бар екенін көресің. Ол міндетті түрде шығармаңа енеді. Қазір қазақтар әлемнің түкпір-түкпірінде жүр ғой, соған қуанамын. Нұрсұлтан мемлекеттен ақша төлетіп, қаншама жастарды шетелге оқуға жіберді. Олардың бәрі болмаса да көбі елге көп пайдасын тигізеді әлі. Басқалармен араласады, көреді. Менің өзге ұлттардан достарым көп болды. Олардан да көп нәрсені үйрендім. Кейде турасын айтуға тура келетін жерлер болады, кейде өтірік аңқау болатын жерлер болады. Осы мінездер кейде әр ұлттың қарым-қатынасындағы ерекшеліктерді көрсетеді. Соның пайдалы жақтарын тоғыстыра білуің керек.

– Үйренгендеріңізді өмірде пайдаланған жерлеріңіз көп пе?

– Өте көп. Талантты адамға талантпен қоса ақыл берілсе, ол – үлкен қасиет, байлық. Ақылды болса талантын барынша жасырып ұстайды. Яғни бетегеден биік, жусаннан аласа бола білу керек. Сонда ғана көп дүние бере ала­сың. Дұшпаныңның да жанын ты­ныштандыра біл. Сен асқақта­ған сайын талантсыздарға ауыр тиеді. Олар­дың өмірдегі ең ерек­ше ләз­зат алатын шағы – талант­тың сүрінгені, құлағаны. Соны тілейді және олар соған ба­рын салады. Сондықтан бойыңды жасырып жүруді үйрен. «Жүйрік бойын жасырады» деген сөз бар ғой қазекеңде, тура солай.

Одан кейін жазушы өзге адам­­дар­мен сөйлескенде соның дең­гейін­де сөйлесуді біл. Төмен­деп те, биіктеп те сөйлеуді, қа­рым-қатынас жасауды білсең, шы­ғармашылығыңа пайдасы ұшан-теңіз. Мен көбінесе колхоз, совхоз директорларымен жолық­қанда барынша мәңгіріп, түк білмеген адамдай жүрем, сонда ол ұсақ-түйегіне дейін айтып ақтарылады. Бәрін ішке түйе бересің, содан кейін оның атын өзгертіп шығармаңа қоса бер, кейіпкеріңнің кем-кетігін толықтай бер. Оның атының не керегі бар маған, анау аты өзгерген соң өзі де білмейді. Ал біраз нәрсе білетініңді білдіріп қойсаң ол жабылып қалады, мүмкін қысылып, тосылып қалады.

– Кірпішбайлар образы солай сомдалады дейсіз ғой?

– Адамның мінезі, адамның жан дүниесі терең қозғалған шығарма өміршең болады. Өйткені адам бойында заман өзгерсе де өзгермейтін қасиеттер өте мол. Абай айтқан заманға күйлейтіндер мен заманды билейтіндер өзгеріссіз қала береді. Абай «билеу» деп тікелей билікті айтып отыр деме, өзін өзі билейтін, өзін өзі білетін адамды айтып отыр де. Өзін өзі жақсы білген адам, қоғамды анық таниды. Өзін қатты тексермеген, білмеген адам  әркімге әртүрлі сөздер айтады. Кінәлайды, жазғырады, тіпті біреуге зекіп ақыл айтады. Көп қой ондай. Өзіне тиісті шаруаны толық, дұрыс істей алмаған адам өзін өзі тексеріп, өз кемшілігін өз бетіне басса, онда жұмысы алға ілгерлейді. Көп адамның қолынан келмейді. Егер ол қолынан келсе жұмысының өнбеуінің өзінен тыс себептері болса да, одан айналып өтетін жол табады. Біздің кезімізде жазушыларға цензура қалай болды? Қиын. Көбінің соңында аңду бар. Ғабит ағаның кабинетінің айналасында жүрді тіпті. Бір қызы­ғы ол өзі ұялып, өтініш жазып ке­тіп қалды. Ғабеңнен қысылды, кісі­лігінен ұялды. Ондай да болады. Менің жоғарыда айтып отыр­ған достарымның бәрі қиын­нан жол таба білді. Өздерін аямады. Жол таппаса да, «өзімнің нашар­лығымнан» деп өздерін өздері жеді. Енді шығармаларын оқышы. Айтып отырмын ғой, шетінен классик! Мен кейінгі неше жылдан бері соларды қайталап оқумен келем. Бір жалықпаймын. Астын сызып тұрып, «Жарайсың, Қалихан! Мықтысың ғой, Сайыным!» деймін. Оны жазып қоям кітабына.

– Осындай сөздеріңізді олар тірі кезінде күткен шығар, аға?..

– Күтті.

– «Осы мақтауымды өздері естісе қуанар еді ғой» деген өкініш болмай ма?

Әкім аға сәл бөгеліп қалды. Қа­бағын шытыңқырап, үнсіз біраз отырды. Ыңғайсыз сұрақ қойып алдым ба, деп мен де қозғалақ­тай бастадым. Әкім аға сөзін жалғады.

– Өкінем!.. Тірі кездерінде айтуым керек еді. Қалихан қалай қуанар еді, «О, көке!» деп орнынан атып тұрып құшақтар еді ғой. Сайын... Бәрі кетіп қалды енді. Ерте кетті.

– Қабдеш аға да кетіп қалды, жақында?..

– Сен Қабдешті үйге ертіп кел­дің ғой, соның өте дұрыс болды.

2018 жылы астанада жа­зушы­л­ардың халықаралық конференциясы өтті. Сол жиналысқа Қаб­деш аға келгенін теледидардан көріп қалған Әкім аға Роза апайға «Қабдешті үйге шақыр» депті. Екеуінің араға ат салыс­пай кеткеніне 20 жыл уақыт өткен екен. Роза апай мағана хабарласып, Қабдеш ағаны алып келгенім бар. Екеуі құлақтарына дейін сипаласып амандасып, бір сағаттай әңгімелесіп еді. Соған орай бір сұрақ қойдым.

– Сонда Қабдеш ағаны неге шақырттыңыз?

– Сағындым. Көрейін дедім. Сайынды сағындым, Қалиханды, Рамазанды сағындым. Қабдешті көргенде солардың бәрін көргендей болдым.

– Сіз кейіпкерлеріңізді де аямайсыз. Әсіресе, небір жан баласына қимайтын аяулы қыздарды боқмұрын біреулер оп-оңай пайдаланып кете барады. Ішіміз ашиды оқып отырып, оқырманды да аямайсыз...

– Өмір ешкімді еркелетпейді ғой. Жазушы да оқырманын еркелетпеуі керек. Шын жазу­шы оқырманмен шахмат ойнай­ды. Сен біреумен шахмат ойнап оты­рып оп-оңай беріле салсаң, әрі қа­рай ойнай ма ол? Мен оқыр­ман­ды алдамаймын. Қайта оны тығы­рыққа тіреп, қиын жүрістерге баста. Көр­сін өзінің кім еке­нін, жа­зушы­ның шамасы қанша­­­­лық­­ты еке­­нін. Аяушылық болбыр­­лық­­қа әкеледі. Өмірде де, өнерде де солай. Шығарманы ширықтыра түс­кен сайын оқырманды да ширық­тырасың. Егестірсең де болады. Жақсы оқырман автормен ереге­седі. Басқа жазушы үшін мен өзім де оқырманмын. Мен олармен шахматты ерегесіп ойнаймын. Әлсіз тұстарын көріп қалсам, оны бетіне айтамын. Білесің ғой сен, кітапты сызып оқитынымды. Иә, мақтайтын жерімді де жасырмаймын. Міне, мынау – құрметті Антон Чехов.

Алдында тұрған Чеховтың кітабын ашты. Көкала ғып сызып тастапты. «Антекеңде де бір кемшілік бар екен. Көркем сурет­теуге беріліп кетіп, оқиға­ның ритмін әлсіретіп алады», «30.01.2015. Бүгін Антон Павел­ұлы Чеховтың туған күні екен. 155», «Черный монах» гениальный рассказ – деді Ә.Т. 01.02.2015», «Кейбір тұстарда Антон Павло­вич сочинениеден сын тапсырып отырған студент сияқты болып кетеді... жарықтық, генийім» деген сөздерді оқыды.

– Чеховтың прозасынан пьесалары мықты ма?

– Чехов драматург болып туған адам, бірақ пьесаларынан прозасы мықты.

– Неге бұлай сызып, жазып оқисыз?

– Мен кітап оқығанда оқырман жақпын, соларға көмек болсын деймін. Мен оқыған бұл кітапты да біреулер оқиды ғой. Сонда көреді. Қарашы міне, Чехов екеуіміз шахматты жақсы ойнаймыз. Аямайды ол да!

– Сіздің шығармадағы өз кейіпкеріңізге жаныңыз ашып, өлтірмей қалған немесе қиянат көрсеткеніңізге өкініп қалған тұстарыңыз бар ма?

– Өлу керек болса өлтірем, қалу керек болса қалдырам. Өкіне­тін жағдай болады. Мен өзімді де қайталап оқимын. Сынап оқи­мын. Мақтауым да болады. Бірне­ше жылдың алдында менің 85 жасқа келгеніме орай университетте «Қараш-Қараш оқиғасын» көрсетті. Неге екенін білмеймін, сол жолы оны бірінші рет көріп отырғандай көрдім. Әрі қатты толқыдым. «Қайран Сүйменқұл» дедім ішімнен. Өзім байқамаған екенмін, көзімнен жас шығып кетіпті. Роза таңғалып қарап отыр. Менің көзімнен жас шыққанына таңғалып қарап отыр екен. «Көке, неге жыладың?» деп қайта-қайта сұрады. «Ақымақтығыма жылап отырмын» дедім, «Болат Шәмшиев те ақымақ қой» дедім. Жаспыз ғой енді. Сүйменқұл Шоқморов қандай актер еді! Соны шетіне қабыршық мұз қатқан қарашаның суына қайта-қайта салдық қой, не деген ақымақпыз! Өкпесіне суық тигізіп алды ғой, оның өзіне дерт тауып алғанына біздің қайта-қайта суға салғанымыз себеп болмады ма екен, өмірден ерте кетуіне сол ақымақтығымыз себепші болды ма екен, деп өкіндім. Сүлік қара екеуі ағынды сумен арпалысып ағып бара жатады ғой, ағып бара жатады. Сонда ол екеуі менің көзімнен аққан жасымның ішінде ағып бара жатқандай болды. Бүкіл жастығым, ақымақтығым бәрі ағып бара жатты...

Осы тұста Әкім аға тағы көңілсізденіп қалғандай болды. Осылай деді де отырып қалды. Мен де үнсіз қалдым. Жалпы, Әкім аға асықпай, сәл үнсіз отырып, ойланып анда-санда бір сөз айтып қойып отыратын адам ғой. Көп сыралғы емес адам «неге үнсіз отырмыз» деп қипалақтап қалады. Мен міз бақпай, ойға шомып отыра бердім. Ойыма бір естелік түсті. Жазушылар одағында істеп жүргенде мінезі сапалақ бір жазушы ентігіп: «Әкім кабинетінде ме екен? Шығып кеткен жоқ па?» деп сасқалақтап кетіп бара жатады дейді. Содан Әкім ағаның кабинетіне келеді екен, амандасып алып орындыққа отырады екен.  Әкім аға сол бәз баяғы қалпында асықпай, жұмысын істеп отырады екен. Содан әлгі жазушы жарты сағаттай үнсіз отырып, шығып кетеді екен. Жұрт о кісіден сұрайды екен, «неге сонша алашапқын болып іздеп барып, үнсіз отырып шығып кетесің?» деп. Сөйтсе әлгі сапалақ ағамыз: «Әкімнің қасына барып отырсам өз-өзімнен байыз тауып, рахаттанып қалам. Әбден өз-өзіме келіп, жайланғанда барып өз жайыма кетем» дейді екен. Бұл жолы мен де қипалақтамай, ағаны асықтырмай жайланып үнсіз отырдым. Әкім аға, әңгімені әрі жалғады.

– Өмірде сондай да болады. Ол да өзін аямады. Сүйменқұлдай актер дүниеге сирек келеді. Тағдыр сондай қатал ғой. Оған сені мен ме­нің әміріміз жүрмейді. Оның бас­қарушысы бар. Ал адамның мін­деті – өзін басқару. «Мен итпін» деп өзін өзі жерге тығып сынамаған адам жазушы бола алмайды. Мен Толстойды неге жақсы көрем? Ол өзінің аяулы өмірін азапқа салған адам. Көптің көзімен қарасаң ол ақсүйектің баласы ғой, дүниесі мол! Не керек болды оған? Ол өзін зерттеді. Өмірінің мән-мағынасын іздеді. Ол өзін сынай алатын адам. Тазалыққа ұмтылды. Адам қайтсе таза болып қалады дегенге жа­уап іздеді. Тіпті ешкім қинамай-ақ өзінің кей шығармасынан арының алдында бас тарта алды.  Таза адам қашанда тазалығын жасайды. Бай болса да.

– Патша болса да ма?

– Иә!

– Солай ма? Кейбір адам бай­лыққа, билікке қолы жеткенде бұзылып кетіп жатады ғой?

– Жоқ, онда ол әу баста таза емес деген сөз. Тазалық деген қасиет қой!

– Сіз аға, туыстарыңызбен қа­лай қарым-қатынас жасай­сыз? Бір жақыныңызды жұмыс­қа тұрғызу керек болады, беде­ліңіз бар, өтініш айтады дегендей?..

– Жоқ, мен оларға көмектес­пеймін.

– Неге?

– Ол білікті маман болса, жақ­сы адам болса, дұрыс жұмыс­қа өзі­нің де қолы жетеді деп ойлаймын. Ал, мен беделімді салып жұмыс­­қа тұр­ғызсам, ол бірдеңені бүл­­дір­се, пара алса онда не болды? Ұяты – маған, зияны – қоғамға тиеді. Ал былай туыстармен қыдырып, аман-сәлем қып қарым-қатынас жасаймыз. Мен балаларым үшін де біреудің алдына барып, біреуге қоңырау шалған адам емеспін. Ұят қой. Құдайға шүкір, қазір екеуі де шетелде. Біреуі қызметте, біреуі оқып жатыр. Өздері тырысты. Жақсы оқыды.

Мен шәкірттеріммен де сондай қарым-қатынас жасаймын. Сабағымды беремін, тапсырманы сұраймын. Ақыл-кеңесімді айтамын. Адам керегін өзі іздеуі керек. Мық­ты шәкірт болса, жазғанымен дәлелдейді. Ізденген адам қазбалап сұрайды. Өзі керек етпеген адамға тықпалап бірдеңе үйретемін деу – бос әурешілік. Кейбіреулер шә­кіртте­рімен сонша жақын болып, әзіл­деп, ойнап-күліп жатады. Мен ондайды ұнатпаймын. Ұстаз деген қа­сиетті ұғым. Соны сақтай білу керек.

– Балаларды еркелетесіз бе?

– Жоқ! Еркелетпеймін де, ұрыс­­паймын. Бір жолы үшінші оқи­тын кезінде ғой деймін, Алпа­мысты мектептен алайын деп бар­­сам, екі-үш бала жабылып, төбе­лесіп жатыр екен. Жасырынып тұ­ра қалдым. Өзі көрсін дедім. Бі­раз алысты. Бір кезде тоқтады бәрі. Алпамыс жаға-жеңін түзеп, аула­ның сыртына беттегенде мен жаңа ғана келе жатқандай болып ал­ды­нан шықтым. Төбелестің болға­нын ол да білдірмеуге тырыс­ты, мен де білмегендей болдым. Біз де солай өстік қой. Менің әкем мектеп директоры болды. Талай төбелес болды, маған жақ болған емес, оны білген мен өз күнімді өзім көрем ғой. Жырылған ерінді жымқырып, төбелестің болғанын білдірмей кететінбіз.

– Сіз мейірбандық дегенді қалай түсінесіз?

– Оны Роза жақсы біледі. Бір үйдегі екі адамның екеуі де қатал, екеуі де мейірбан болса болмайды. Роза да қатты еркелете қоймайды, дегенмен «ана» деген сөздің өзі «мейірім» деген сөз ғой.

– Оқырманға өкпелейтін кездеріңіз бола ма?

– Болады. Мен ХІХ ғасырда өмір сүрген орыстың ірі ғалымы Никита Бичуриннің «Орта Азия­ны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы» және «Мың­қолдың төрт ханы» деген екі үлкен тарихи еңбегін аудардым. Кезінде оның үстінен біреулер арыз жазып, мұны «ұлтшыл» деп кінәлайды. Ал Никитаның ұлты шын мәнінде чуваш еді. Ол түркі тектес халық қой. Соны көлденең тартып, бұл бейшараны жер аударып жібереді. Сонымен өмірінің соңына дейін сергелдеңге түсіп, ақыры өлді ғой...

Қытайдың ең алғашқы тарих­шы­ларының бірі Цы Ма Чан жаз­ған бұл еңбек оны қатты қайран қалдырады. Бүкіл ынта-зейіні соған ауады. Сөйтіп, ол Қытайда табаны күректей 13 жыл жатып, қытай тілін әбден меңгеріп, осы еңбекті аударады. Аударғанда жай ғана аударма емес, «Никита Бичу­рин­нің сына сөзі» деп қажетті жеріне өзінің де көзқарастарын қоса отырып баяндайды ғой. Мен де оған «Әкім Таразидың сына сөзін» қосып отырдым. Керемет еңбек! Бұл кітапта қазақтың бүкіл руының аты бар, тіпті еш өзгеріс­сіз. Тұнып тұрған қазақ тарихы. Қытайдың анау тарихшысы өзінен кейінгілерге: «тарихшы шын тарихты ғана жазу керек» деген өсиет қалдырған. Мына еңбек сол ұста­ныммен жазылған ғой. Бұл еңбекті Цы Ма Чан бастап, өзі­нің шәкірті ме, екінші бір тарихшы аяқтайды. Яғни екі тарихшы жазған. Міне, 20 жыл уақытымды жұмсап аударған тарих туралы «осы екі кітапты оқыдым» деген бір қазақ көрмедім. Мен саған ай­тайын, Әкім Тарази осы екі кітап­­ты аударғаннан өзге ештеңе жазба­ған болса да қазақ мәдениет тарихына өте үлкен еңбек сіңірген адам болып қала береді. Оны неге оқымайды? Енжарлық па, басқа ма, білмеймін.

– Оқығандар Сізге жолық­паған болар, бірақ осы кітаптар туралы әлеуметтік желіде оқып, риза болғанын жазып жатқандар да болды.

– А, солай ма? Онда жақсы екен.

Сұх­бат­тың соңғы жағын көңілдірек әңгімеге бұрғым келді. Шай ішіп, тағы біраз отырдық. «Ен­ді бірне­ше қысқа сұрақ қойсам, бір-екі ауыз сөзбен жауап берсеңіз қай­те­ді» дедім. «Қой» деді Әкім аға.

– Қазіргі қазақ әдебиеті көңі­ліңізден шыға ма?

– Прозада тоқырау бар, өте жеңіл ойды қиын жазуға тырысады, керісінше, терең ойды жеңіл жазуға тырыспайды. Қазақтың поэзиясы қашанда мықты ғой, драматургияға ұмтылған жастар көп екен, соған қуанамын. Роза бәрін айтып отырады.

– Тәуелсіздіктен кейін қазақ қалай өзгерді?

– Арақ ішу азайды. Кеңес үкі­меті кезінде ішіп, шалқып жүр­­ген­­дей көрінгенімен, бәрінің кеуде­сінде шықпай тұрған бір күрсініс болды. Сырты күліп жүр­ген­мен, іші аласапыран еді. Бірақ Тәуелсіздіктен кейін өзін бос тас­тап жібергендей де жағдай бар секілді...

– Қазақтың несі ұнайды? Несі ұнамайды?

– Қазақтың қабағы ұнай­ды. Ашық! Жайдары, танымай­тын адамға көшеде «Ассалаума­ғалей­кум!» деп сәлем береді. Пейі­лі кең. Көп балалы болғанды қалап тұра­ды. Сонысы ұнайды. Уақытты қадірлемейді. Құр мақ­тан, бос сөзге әуес! Достыққа беріктері аз! Сонысы ұнамайды.

– Махаббат деген не?

– Ол өз еркіңмен өзіңді екінші адамға бағынышты ету. Өзіңді толық сеніп тапсыру.

– «Жалаңаш көз» қандай көз?

– Мен адамдарды көзіне қарап тани­мын. Адамның білімсіздігінің өзін көзі айтып тұрады. Денсаулы­ғын, қорқақтығын, алаяқтығын, бәрін.

– Денсаулығыңызды қалай күтесіз?

– Оның сырын Роза жақ­сы біле­ді. Тоя тамақ жеуді ұнатпай­мын. Асты талғап, тақыл-тақыл ғана ішемін.

– Абайды оқығанда қандай күй кешесіз?

– Досыммен сырласып отыр­ған­дай.

– Жастар үлкеннен ақыл сұрап жатады?..

– Менде ақыл айту жоқ, ақылдасу бар.

– Жазушы романтик бола ма?

– Жоқ. Романтик адам жазушы бола алмайды.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы­мен құттықтасаңыз...

– Алла қазақтың бағын тайдырмасын. Елдің бүтіндігіне бүкіл қазақ баласы ат салыссын!  Білімді, елдің, жердің қадірін білетін жанашыр жастарымыз көп болсын!

 Әңгімелескен 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ