Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2021

Атырау полицейлері суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарып қалды

446 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірім кеше, 12 желтоқсан күні 22:20 шамасында көпірден секірген,  деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау полицейлері суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарып қалды

«Полицияның кезекші бөліміне Атырау қаласындағы «Атырау» шағын ауданында орналасқан көпірден белгісіз адамның секіріп кеткені туралы хабар түсті. Оқиға орнына барған патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріполиция аға лейтенанты Исатай Тұрсынғалиев пен полиция сержанты Ғалым Қалбаев су үстіне жарық түсіру арқылы батып бара жатқан қыз баланы байқаған. Уақыттың тығыздығын сезген тәртіп сақшылары бірден құтқаруға кіріскен. Арқанды беліне байлаған полиция сержанты Ғалым Қалбаев қыз балаға қарай бағыт алып жүзген. Полиция аға лейтенанты Исатай Тұрсынғалиев көмекке келген әріптестері полиция аға лейтенанты Махамбет Қабасов пен полиция лейтенанты Құралбек Қалмағанбетовке арқанды ұстатып, Ғалым Қалбаевтың артынан жүзе бастаған. Тәртіп сақшылары қыз баланы 20 минут шамасында жағаға алып шықты. Ес-түссіз жатқан қызға жасанды тыныс алу жаттығуын жасаған. Тіршілік белгісі болғанымен, жасөспірім денесі қатты салқыннан әлсіреп қалған. Сондықтан, жасөспірімді қызметтік көлікпен №5 емханаға жеткізген» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Дәрігерлер 2007 жылғы жасөспірімге дереу көмек көрсетті. Аязды күні салқын суда жүзіп, жасөспірімді ажалдан арашалаған тәртіп сақшыларының да денсаулығы тексерілді.

«Ойланатын уақыт болмады. Бар ойым батып бара жатқан қызды құтқару болды» дейді полиция сержанты Ғалым Қалбаев.