Тәуелсіздік • 13 Желтоқсан, 2021

Достыққа негізделген қарым-қатынас

947 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Еліміз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін-ақ көп ұзамай егемендігімізді мойындаған мемлекеттердің қатарына алып көршіміз Қытай мемлекеті қосылды.

Достыққа негізделген қарым-қатынас

Сөйтіп, 1992 жылы 3 қаңтарда дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Көршілес елдер арасындағы ынтымақтастық, достықтың нығаюына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының бұрынғы төрағасы Цзян Цзэминьнің сіңірген еңбегі ерекше.

Сол себептен дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері екіжақты байланыс қарқынды, тұрақты ілгерілеп ке­леді. Мәселен, 2001 жылы Тату көр­ші­лік, достық және ынтымақтастық тура­лы Шартқа қол қойылды. 2005 жылы Стратегиялық әріптестік қатынастарды орнату және дамыту туралы Бірлескен декларация қабылданды. 2015 жылы Жан-жақты стратегиялық әріптестік қа­ты­настардың жаңа кезеңі туралы бірлескен декларацияға қол қойылды. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары екі мемлекеттің сыртқы саясатының сабақтастығын растап, жоғары деңгейдегі саяси әріптестікке жаңа серпін берді. Ұзақ жылдарға бағытталған стратегиялық серіктестікті дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

Қытаймен қарым-қатынас туралы сөз болғанда аталған елдің жаңа тари­хында ерекше орын алатын аса көр­некті мемлекет қайраткері Цзян Цзэминьге тоқталмау мүмкін емес. Ол 1989–2002 жылдар аралығында Қытай Коммунистік партиясы Орта­лық Комитетінің бас хатшысы, ал 1993–2003 жылдары Қытай Халық Рес­пуб­ликасының Төрағасы қызметін атқарды. Цзян Цзэминь, жергілікті сарапшылардың пікірінше, Дэн Сяопин реформасының ашықтық курсын сенімді түрде аса дәйектілікпен және жемісті жүргізген талантты саяси басшы атанды. Сол үшін де ол әуелі өз елінде, сонымен қатар халықаралық қоғамдастықта да үлкен беделге ие болды, дәрежесі артты.

Бұл кезеңде Қытай патриархалдық артта қалып қойған елден экономикасы аса жедел даму үстіндегі мемлекетке ай­налды. Цзян Цзэминь қысқа уақыт ара­лығында Мао Цзэдунның елдегі «Мәдени революциясынан» мұра болып қалған ішкі және сыртқы теріс, жағымсыз түсініктен, факторлардан құтылуға қол жеткізді. Көрші елдермен қарым-қатынасты қалпына келтірді, нығайтты. Америка Құрама Штаттарымен өзара түсіністік тауып, байланыс орнатты. Соның нәтижесінде Тайваньмен ара­қа­тынас жақсара бастады. Көп жылғы табанды келіссөздердің нәтижесінде 1997 жылы 1 шілдеде Англия басқарған Гон­конг Қытай Халық Республикасының құрамына қайтарылды. Қытай тарапынан «Бір ел – екі жүйе» деген ұстанымға 2047 жылға дейін кепілдік берілді.

Ал 1999 жылы 20 желтоқсанда көп жылдар Португалияның қарамағында болған Макао аралы да ҚХР-дың құрамына енді. Елде жүргізілген аса же­місті, нәтижелі де кең ауқымды ре­фор­малардың, «ашық есік» саясатын жүргізудің арқасында 2001 жылы Қытай Халық Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымының құрамына кіруге мүмкіндік алды. Сол жылы Мәс­кеу­де өткен кезекті сессиясында Ха­лықаралық Олимпиада комитетіне кіретін мүше елдер Бейжіңді 2008 жылғы жазғы Олим­пиа­да­ның астанасы деп жария­лап, арнайы шешім қабылдады.

Тарихқа шамалы зер салар болсақ, Кеңес Одағының тарап, Қазақстанның дербес тәуелсіз, егемен мемлекет болу кезеңі де Цзян Цзэминьнің Қытай елін басқаруымен тұспа-тұс келді.

Осы орайда айта кетерлік бір жайт, ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бері Кеңес Одағы мен Қытай арасында дау-жанжал, кейде әскери қақтығыс та туғызып келе жатқан шекара мәселесі аса өзекті проблемаға айналған болатын. Бұған дейін осы шиеленіскен жағдайды ҚХР мен КСРО келіссөздер арқылы екеуара шешудің жолын таппай келсе, енді шекара мәселесіне байланысты бірнеше мемлекет, атап айтқанда, Ресей мен Қа­зақстан және өзге де Орталық Азия елдері жеке-дара келіссөздер жүргізетін болды. Бірақ Ресейден басқа елдерде осы аса күрделі мәселені шешуге қажетті мұ­ра­ғат­тық құжаттар, келісімшарттар, та­рихи документтер болмады.

Міне, осындай жауапты кезеңде Ресей тарапы, оның Сыртқы істер министрлігі қолда бар Қытай мемлекетімен ғасырлар бойы шекараға байланысты жасаған келісімшарттарды, құжаттарды, жалпы мұрағатты пайдалануға Қазақстан тарапына мүмкіндік жасады. Оған Ресей Президенті Б.Н.Ельциннің Президент Н.Ә.Назарбаевқа деген ерекше сенімі мен сый­ластығы негіз болды. Сонымен қатар Ресей осы мәселе бойынша Қытай тарапымен болған келіссөздерде Қазақстанға үнемі қолдау көрсетіп отырды.

Міне, қалыптасып отырған осындай жағдайда өз ұстанымына берік және саяси жігері мықты Цзян Цзэминь 1996 жылы Шанхайда өңірлік «Шанхай бестігі» ұйымын құруға ұсыныс жасады әрі соған өз беделімен ықпал етті. Қазір осы Шанхай Ынтымақтастық Ұйы­мы халықаралық қоғамдастықта үлкен дәреже мен мәртебеге ие болып отыр. Бұл ұйым өңірдегі шиеленістерді болдырмауға зор үлес қосты, өзара сенімге, ынтымақтастыққа, жан-жақты қарым-қатынасқа және оны дамытуға жол ашты.

Қазақ елінің басшысы Н.Назарбаев осындай тарихи кезеңде Цзян Цзэминь­мен ерекше сыйластық, сенім, достық қарым-қатынас орната білді. Сол түсініс­тік­тің, достық қарым-қатынастың жемісті нәтижесіндей, екі ел арасындағы ең күрделі мәселе – шекара мәселесі қысқа мерзімде оңтайлы шешімін тапты. Бұл жағдай Қазақ елі Тәуелсіздігінің тұ­ғы­рын, шекарасының бекемдігі мен ор­нық­ты қауіпсіздігінің негізін қалады. Бұл, шынында да, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тарихи же­ңісі екені даусыз. Мұны алдағы уа­қыт­та келер ұрпақ терең зерделеп, баға­лай жатар.

«Қазақстанның ең басты сыртқы саяси міндеттерінің бірі – шығыстағы көршіміз Қытай Халық Республикасымен бейбіт қа­рым-қатынас орнату еді. 1993 жылдың қазан айында Қытайға жасаған алғашқы рес­ми сапарымда екі ел арасындағы өзара дос­тық қарым-қатынастың негіздері туралы Бірлескен декларацияға қол қойыл­ды.

Тараптар барлық даулы мәселені ешқандай күш қолданбай және қандай да бір формадағы қатерлі әрекеттерге, бір-бірінің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қимылдарға бармай, бейбіт тәсілдермен шешетінін көрсетті. Келіссөз барысында маған ҚХР төрағасы Цзян Цзэминьмен жеке достық қатынас орнатудың сәті түсті, ол «Қытайдың Қазақстанға ешқан­дай аумақтық наразылығы жоқ, шека­ра­лық мәселелер бізге тарихи мұра екен­ді­гі және оларды келіссөздер арқылы шешуге болады» деген тұжырыммен аяқталды», деп еске алады Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында.

Өйткені ғасырлар бойы шешімін таппай, екі ел арасында келіспеушілік пен қыр­ғиқабақтық туғызып, тіпті арагідік қа­рулы қақтығысқа алып келген аса күр­де­лі мәселенің бірі осы шека­ра мәселесі болғандығы тарихи шын­дық. Қазақстан мен Қытай арасын­дағы бүгінгі шекараның негізін қалаған алғашқы құжат 1864 жылы қазан айында Ресей мен Қытай қол қойған Шәуешек (Чугучак) хаттамасы болатын. Дегенменде ұйғыр-дүнген көтерілісінің нәтижесінде 1866 жылы пайда болған және ағылшындардың қолдауына ие болған мемлекетті жою мақсатында Ресей империясының әскерлері 1871 жылы Іле аймағына басып кіреді де, өз билігін орнатады. Соның нәтижесінде 1881 жылы 12 ақпанда Санкт-Петербургте екі тарап жаңа келісімге келіп, екі мемлекет Ресей мен Қытай арасындағы шекараны түпкілікті айқындайтын құжатқа қол қоя­ды. Осы құжатқа сәйкес Іле өлке­сі­нің біршама жері Цинь империясына қай­та­ры­лып беріледі.

Міне, осы құжат негізінде қысқа мерзімде тәуелсіз Қазақстан мен Қытай Ха­лық Республикасының арасындағы шекара сызығы айқындалып, бекітілді. Бұл аса маңызды мәселе, тағы да айта кетсек артық болмас, екі ел басшысы Цзян Цзэминь мен Нұрсұлтан Назарбаевтың өзара сенімі мен сыйластығының және достығының арқасында мүмкін бол­ға­ны ақиқат. Өйткені Қытай Халық Республикасының күні бүгінге дейін өзінің мыңжылдық көршілерімен, Үн­дістан, Жапония, Вьетнам, Филиппин және басқа елдермен шешімі табылмай отырған шекара мәселесі әлі де көп. Бұл жағдай ауық-ауық шиеленіске де әкеп соғып отыр. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлы Бейжіңге, 2008 жылғы тамыз айында жазғы Олимпиадаға қатысуға келген сапарында өзара қарым-қатынасы, достығы мен сыйластығы жарасқан ҚХР-дың бұрынғы басшысы Цзян Цзэминьмен кездеспей кете алмады. Мен ол кезеңде Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет атқаратын едім. Сол кездесуді ұйымдастыруға арнайы ұсыныс жасады. Цзян Цзэминь мырза да біздің елдің басшысымен кездесуді күткен болуы керек, 9 тамыз күні таңертең өзінің кездесуге дайын екенін ресми органдар арқылы елшілікке хабарлады. Белгіленген уақытта Н.Ә.Назарбаевпен бірге қала орталығында орналасқан мем­ле­­кеттік резиденцияның біріне келіп, ішке ендік.

Қытайдың бұрынғы басшысы Цзян Цзэминь ыстық ықыласпен, ерекше құрметпен Президент Н.Назарбаевты қарсы алып, құшақтасып амандасты да, қолын жібермей, жымиып қарап: «Нурсултан, как я выгляжу?!» деді таза орыс тілінде.

Емен-жарқын шынайы көңілімен күлімсірей қарап, жауап күтіп тұрған Цзян Цзэминьге «Прекрасно выглядите, господин Президент!» деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Осы жерде ХХ ғасырдың 50-жылдары Цзян Цзэминь КСРО-да болып, тәжірибеден, тәлімгерліктен өткендігін, Мәскеуде Сталин атындағы зауытта жұмыс істегендігін айта кету керек. Содан болар, ол орыс тілін жақсы меңгерген, тіпті мақалдап та, мәтелдеп те еркін сөй­леу деңгейіне көтеріліпті. Әсіресе, төңі­регіндегілердің айтуынша, ол Лев Толс­той­дың шығармаларын жақсы көреді екен. 1940–1950 жылдардың әндерін орыс тілінде мәнеріне келтіріп айтатыны да көпшілікке белгілі.

Жақсы көңіл күймен басталған әңгі­ме­сін Цзян Цзэминь одан әрі жалғас­тырып:

– Мен таңертең бір сағат бассейнде жүземін, содан соң көне қытай тарихымен және математикасымен айналысамын, түскі астан кейін ағылшын тілін оқимын, – деп бір алды да: – ал енді мені тыңда, – деді тағы да. – Мынау АҚШ Президенті Гарри Трумэннің университет студенттерінің алдында сөйлеген сөзі, – деп, оны ағылшын нұсқасында жатқа айта бастады.

Негізінде қытайлықтардың ағылшын тілінде сөйлегенде өздеріне тән акценті болады. Бірақ Цзян Цзэминьнен ондай акцент онша байқалмады. Тілді, шынында да, жақсы, терең меңгергені сезіліп тұрды. Президент мұқият тыңдады, сөзін бөлмеді. Цзян Цзэминь монологын аяқтаған соң, Нұрсұлтан Әбішұлы таңданысын жасырмай, жылы лебізін білдірді. Кездесу осындай бір ерекше көңіл күймен басталып кетті.

– Қымбатты Төраға, менің қадірлі досым! – деп бастады өз сөзін Н.Ә.Назарбаев. – Сізбен көп уақыт өткеннен кейін қайтадан кездесуге мүмкіндік туғанына өте қуаныштымын! Осы кездесу Сіздің еліңіздің аса маңызды жетістігімен, қуанышымен тұспа-тұс келіп тұр. Кеше ғана бүкіл әлем ХХІХ Олимпиаданың ерекше салтанатпен ашылуына куә болды! Мен де Ху Цзиньтао мырзаның шақыруымен осы шараға қатысып, ерекше әсер алдым. 11 мыңнан астам спорт шебері қатысқан Бейжің Олимпиадасы әлем спортының тарихында ерекше орын алатыны сөзсіз. Кешегі ұлттық аре­на­да жағылған Олимпиада алауының әлемдік эстафетасы Алматыдан басталды. Бұл – екі елдің арасындағы үлкен достықтың белгісі. Көп ұлтты Қазақстан халқы Олимпиада алауына өзінің жүрек жылуын­ қосып, құрметпен шығарып салды. Осы ретте 2001 жылы Мәскеуде ХХІХ Олимпиадасының астанасы Бейжің болып жариялануы Сіздің зор еңбегіңіздің, биік беделіңіздің арқасы екенін айтуға тиіспін, – Қазақстан Президенті өз ойын одан әрі тереңдете берді.

– 1996 жылы шілдеде Сіздің Қа­зақс­тан­ға жа­саған алғашқы ресми са­па­ры­ңыз менің әлі есімде. Ол сапар екі елдің бүгінгі жеткен стратегиялық әріп­тестігінің негізін қа­лады. Сонымен қатар Сіздің 1998 жыл­ғы шілде айындағы сапарыңызда біз Қазақстан-Қытай шекарасына байланыс­ты құжатты бірлесіп бекітіп, түпкі тарихтан­ қалған­ бұл күрделі мәселеге нүк­­те қойдық. Сізбен бірге жыл сайын рес­ми кездесулер өткізуге уағдаласқан ісіміз қазір де жалғасын тауып келеді. Сіздің Қазақ еліне, маған деген ерекше көңіліңізге, құрметіңізге шексіз ризамын! Тағы да Сізді – ескі досымды көргеніме өте қуа­ныш­­тымын. ­Сіздің өмір жолыңыз, жаңа ғана айтып өткеніңіздей, білімге, әрдайым жаңалыққа құштарлығыңыз бәрімізге үлгі. Деніңіз сау болып, ұзақ ғұмыр жасаңыз! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қытайдың бұрынғы басшысы Цзян Цзэминь шын жүректен шыққан Нұрсұлтан Әбішұлының сөздері мен жақсы тілегіне риза болды. Ол да өткен кездесулерде болған жайттарды қозғап, еске түсіріп отырды.

– Мен Президент Н. Назарбаевты 1993 жылдан білемін, таныспын, – деп бастады сөзін Цзян Цзэминь. – ҚХР Төрағасы ретінде көптеген елдің басшыларымен кездестім, бірақ ең көп кездескенім – Қазақстанның Президенті Назарбаев екен! Бүгінгі біз екеуміз осымен 15-ші рет кездесіп отырмыз. Осы кездесуге негіз қалаған, әрине, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының құрылуы болды! 2001 жылы «Хунцяо» резиденциясында «Шабыт тыныштығы» деп аталатын беседкада осы ұйымға кіретін мемлекеттердің басшылары жиналғанымыз есімде. Қазір ол жер Шанхайға келетін туристердің сүйікті орнына айналды. Ал сол беседканы мен Таң династиясының ұлы ақыны Ван Поның құрметіне салдырып едім. Енді соның өлеңін оқып берейін, – деп Цзян Цзэминь ескі қытай тілінде Ван Поның өлеңін жатқа айта бастады.

Ол ақын жырын шабыттанып оқып бітірген сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы: «Пре­зидент мырза, есте сақтау қабілетіңіз қан­дай мықты еді?!», деп таңданысын жасыра алмады.

Сол арада Цзян Цзэминь балалық шағын еске алып: «Әкем күніне бір өлең жаттамасам, мені түскі асқа ша­қыр­­майтын», деп тағы да әңгімесін жал­ғас­тырып кетті. Бір оқиғаны есіне алып, соны айта бастады.

– 1989 жылы Шанхай көлік универ­си­тетінде студенттік толқулар болды, – деді Цзян Цзэминь. – Әбден құтырып, қызынып алған жастар «еркіндік, демократия» деп айқайлап, ешкімді тың­да­ғысы келген жоқ. Үлкен бір залға

3 мыңнан астам студент жиналған екен, солардың алдына шығып, шыдамдылық танытып, бәрін тыңдап алдым да, демократия туралы өздерінің талабына сәйкес сөз қозғадым. Оны АҚШ-тың бірінші Президенті А.Линкольннің «Демократия принциптері» деген сөзін ағылшын тілінде толық жатқа айтудан бастадым. Себебі студенттерді өз тілімде сөйлеп, оларды сендіру, ойларынан, алған беттерінен қайтару, тоқтату мүмкін емес еді. Студенттерді қорқытумен, күшпен тарауларын талап етудің орнына, мен оларды дискуссияға шақырғым келді. Сол арада менің демократия туралы ұғымым олардан да терең екенін көрсетуім керек болды. Тым-тырыс болып тыңдаған студенттер маған ешқандай талап қоймай, шамалы уақыттан соң орындарынан біртіндеп тұрып, тарқап кетті, – деді.

Енді Цзян Цзэминь мырза Америка Президенті Линкольннің жаңағы демократия туралы сөзінен үзіндіні ағылшын тілінде жатқа айтып шықты. Бұдан кейін Алматыда Президент Н.Назарбаевтың отбасында қонақта болғанын, бірлесіп ән салғандарын да еске алды. Цзян Цзэминь университетте оқып жүрген кезінде Шыңжаңда болғанда өзіне «Әдемі роза гүлі» деген әннің қатты ұнағанын айтты. Көп жылдар өткен соң, 1996 жылы Алматыда ресми сапармен болғанында өзіне ұнайтын жаңағы «Әдемі роза гүлі» деген әннің қазақтың әні «Дудар-ай» екенін білгенін, сол жайды күле отырып, шынайы көңілімен жеткізді. Екі ел басшыларының әсерлі әңгімелерімен, естеліктерімен қатар өрілген бұл кездесу хаттама бекіткен уақыттан асып кеткен-ді. Осылайша, Қытайдың бұрынғы басшысы өз қонағы Нұрсұлтан Әбішұлын ерекше құрметпен және аса жылылық сезіммен қарсы алып, қимас көңілмен қоштасып, шығарып салды.

Кездесуден үлкен әсер алған Прези­дент Н.Назарбаев сыртқа шыққан бетте бәрімізге қарап: «Қандай қажырлы, жігерлі, талантты адам! Бәріміз де осы кісіден үлгі алуымыз керек, жасы жақында 82-ге толды, әлі қажыр-қайраты мол, ойы зерек!» деп, ескі досына деген шы­найы көңілін, ризашылығын білдірді...

2019 жылы 1 қазанда Қытайдың 70 жылдығы Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында аса салтанатты жағдайда аталып өтті. Сол кезде Елбасының ескі досы, 93 жастағы қажыр-қайраты мол Цзян Цзэминь де алаңның ресми мінберінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен бірге бірнеше сағат бойы тапжылмай қатар тұрып, салтанатты әскери шеруді, халықтық серуенді тамашалады...

 

Икрам АДЫРБЕКОВ,

Төтенше және өкілетті елші,
Түркі мемлекеттері
Ақсақалдар кеңесінің мүшесі