Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2021

«Сыр журналистикасының тарихы» жарық көрді

595 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылордадағы Достық үйінде «Сыр журналисти­касының тарихы» 5 томдық жинағының тұсауы кесіліп, оған Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының жетекшісі Ғалымжан Елшібай, «Түркістан медиа холдингі» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсен, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев қатысты.

«Сыр журналистикасының тарихы» жарық көрді

Аймақтағы зиялы қауым өкіл­дері бас қосқан жиында об­­лыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет жинақтың мән-ма­ңызына тоқталып, аймақтағы БАҚ тарихын түгендеудегі жер­­гілікті «Сыр медиа» ЖШС маман­дарының еңбегін айрық­ша атап өтті.

– Дәстүрлі БАҚ пен бүгінгі медиа дамудың жаңа сатысына көтерілген қазіргідей кезеңде аймақ журналистикасының та­рихын түгендеу құптарлық іс. Өңір журналистикасының бұрынғысы мен бүгінгісін бейнелеген бестомдықтың Тәуел­сіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында оқыр­манға жол тартуы зор қуаныш, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жинақтың І томында «Сыр бойы», «Кызылординские вес­ти», «Ақмешіт жастары» газет­терінің, «Сыр медиа» ЖШС тарихы топтастырылған. Екінші томда «Ақмешіт апталығы» мен аудандық 7 басылым туралы деректер жинақталса, үшінші кітап аймақтағы электронды БАҚ, баспахана тарихы және республикалық БАҚ тілшілері туралы. Жинақта тәуелсіз басылымдар жөніндегі мәлімет пен Сыр бойынан шық­қан белгілі журналистер тәжі­рибесі, шеберлік дәрістері топтастырылған.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп газет бетінде әр кезеңнің тыныс-тіршілігі айқын көрініп тұра­тындықтан кітап ел шежі­ресі деп атауға лайық деген ой айтты. «Кезінде Кеңес бас­­­пасөзінің тарихын жаттап өстік, шетел баспасөзінің өт­кенінен де хабарымыз бар. Бүгінгі бестомдық осыған дейін ескерусіз қалып келген ұлт­тық журналистика тарихын тү­гендеудегі толымды еңбек болып тұр» деді сенатор.

Жиында Қазақстан Жур­налистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев, белгілі журналист Бибігүл Жексенбай ой-пікірлерін ортаға салды.  Ұлт­тық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Амантай Шәріп Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығына орайластырылған бас­тама басқа аймақтар мен журналистер даярлайтын белді оқу орындарына үлгі болуы тиістігін атап өтті.

– Қолымызға жаңа тиіп отыр­­ған кітапты парақтап шы­­­­ғуға ғана үлгердік. Соның өзін­де еңбектің тек естеліктер емес, ғылыми негізді жұмыс болғанына көзіміз жетіп, көңі­ліміз толып отыр. Ең бастысы, облыстан шығатын басылымдар, электронды БАҚ, қазіргі жаңа медиа қамтылған. Ондағы материалдар мазмұнына сараптама жасалған, – деді ғалым.

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев облыс әкімдігі қолдауымен жа­рық көріп отырған жинақты дайындауға серіктес мамандарымен бірге әріптестердің барлығы атсалысқанын атап өтті.

– Біз осы уақытқа дейін «Сыр бойы» газетінің алғашқы редакторы Жиенғали Тілепбергенов деп келдік. Ал Ресейдің мем­ле­кеттік кітапханасынан та­былған мәліметте бірінші нө­мірде ре­дактор ретінде Ба­тыр­­ғали Калюковтың аты көр­сетілген. Калюков пен Ті­леп­бергеновтің арасында ба­сы­лымға жетекшілік еткен азаматтар да бар екен. Аудан­дық архивтердегі көп мәлі­мет­тердің жойылып кеткені де біраз қиындық тудырды. Ай­мақтан шыққан журналис­терге арналған том Қалжан Қо­­ңыратбаев, Мұстафа Шоқай секілді ардақтыларымыздан бас­талып отыр, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Іс-шара соңында «Сыр жур­налистикасының тарихы» 5 томдығының лентасы салтанатты түрде қиылып, қалың оқыр­манға жол тартты.

 

ҚЫЗЫЛОРДА