Руханият • 14 Желтоқсан, 2021

Ұлт тұмары

1369 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Тұмар – адамзат санасына ежелден бекіген қасиетті ұғым. Қазақ халқы «тұмардай сақта», «тұмардай тұтып, қастерле» деген сөздерді атадан балаға аманат етіп айтудан жалыққан емес. Естен көшкен ежелгі дәуірлерде ұрпақ санасына өшпестей бекіген осынау қасиетті ұғымға ден қоюдың арқасында тіліміз бен дініміз, діліміз бен салтымыз, ұлттық ұстынымыз бен халықтық қалпымыз сақталған, сақталып келеді. Елдің тұтастық кел­бетін, ұлттың өмірлік ұс­та­нымын бекітуде орны ай­рық­ша, тұмардай қастерлі, тұ­мар­­дай қасиетті ұғымның бірі, бірегейі – Тәуелсіздік. Ел­дің Тәуелсіздігі! Жердің Тәуел­сіз­ді­гі! Ұлттың Тәуел­сіздігі! Тілдің Тәуел­сіздігі!

Ұлт тұмары

Өзінің әлемдік жылнамадағы өмір сүру тарихын тым әріден – тамыры тереңде жатқан ғасырлардан бастайтын Алаш елі­н­ің жаңа дәуірдегі жаңа тұрпатты Тәуел­сіз мемлекет құру міндеті иығына түс­кен біздің ұрпақ – бақытты ұрпақ!

Біз...

Бабалар аманатына қанат бітіріп, «мың өліп, мың тірілген елдің» өрісін ке­ңей­туге, өркенін өсіруге бойда барын сарқа жұмсаған, жұмсай жүріп ғаламдық аламанға атын қосқан ұрпақпыз!

Біз...

Қос ғасыр тоғысындағы алапат өзге­ріс­­тердің от-жалынымен жағаласып, ұлты­мыз­дың өлгенін тірілтіп, өшкенін қайта жаққан, Тәуелсіздіктің тұмарын түйіп, тұ­ғырын бекіткен, тағдырлы дәуірдің та­мыр­шысы болған ұрпақпыз!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын оқып отырып, осындай аласапыран ойлардың жетегіне түстім. Ой-қиялыммен ел тарихында тағдыршешті рөл ойнаған, Ұлы Дала ғана емес, ұлы ғаламды қоса алаңдатқан Тәуелсіздік тұсауы кесілген өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына қайта оралғандай күй кештім. Осы кезеңде жазылған «Азаттық жыры» дейтін өлеңімнің мына бір жолдары жадымда жаңғырды.

«...Сүйдік.

Күйдік.

Кештік қайғы. Өртендік.

Намыстандық.

Қалыс қалдық. Жеркендік.

Ғалам ұлы таразылап жұртымды,

төрімізге қонды келіп, өр теңдік!

Теңдік үшін өртендік!

 

Көгімізге көкпеңбек қып ту ілдік,

Көк Түріктен қайта түлеп туылдық.

Ой да,

Қыр да,

Ой-сана да жасарды,

Бостандықтың жаңбырына

жуындық.

Көкпеңбек қып ту ілдік!

 

Тәңір бізге бетін бұрды. Сеземін.

Бой көтерді «Қазақ» атты Өз Елім.

Бабалардың Рухы ойнап кеудемде,

көк жалын боп от оранды өзегім...

Келді, міне, кезегім!..» –

деген бабалар рухына үнсіз бас иіп тұрып, қағаз бетіне қонған осы бір жолдарды қайта оқыдым.

Бәрі күні кеше болғандай...

«Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұм­садым.

Ерлік пен елдікті ту еткен, жасампаз­дық­ты жалау еткен халқымыздың дербес мемлекет құрғанының отыз жылдық торқалы тойы қарсаңында тәуелсіздіктен тағылым алу үшін бүгін туған халқыммен ой бөлісуді жөн көрдім» деген Елбасының жүрекжарды сөздері ойымның өрісін ашты.

Он толғанып, жүз екшеліп, қағаз бетіне түскен осынау тұтас бір дәуір хақындағы ой-толғау төркінінде жатқан әр сәтті, әр оқиғаны, әр кезеңді зерделеген сайын, бүгінгі шекарасы шегенделіп, әлемнің түкпір-түкпірімен дипломатиялық байланысы жүйелі түрде бекемделген, ел бас­қару құрылымдары да орныққан, ай­мақтық, құрлықаралық, ғаламдық оқи­ға­лардың қай-қайсысында да өз орнын анықтаған тәуелсіз жұртымыздың қос ғасыр тоғысындағы, Абай тілімен айтқанда, «соқтықпалы, соқпақты» жолын қалай, немен бастап, іргелі дәуір көлденең тартқан «күрмеуі қиын» күрделі өткел­дер­ден қалай, қайтіп өткенін елестеттім...

Алматы қаласы...

1990 жылдың көктемі...

Әлемнің арғы-бергі дәуірлердегі империялардың жалғасындай болып, тарих сахнасынан ығысуға бет алған Кеңес Одағының соңғы кезеңі. КСРО дейтін алып кеңістіктің жүрек соғысы жиілеп, тынысы ауыр тартқан тұс. Бала­ма­лы негізде сайланған Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымының құра­мы­на енген халық депутаттары. Сеңдей соғылысқан Жоғарғы Кеңестің кең залы. Байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген көкіректері жалынға толы осынау 360 депутаттың жүрісі мен тұрысынан өзге­руге бет алған жаңа дәуірдің – тәуел­сіздену дәуірінің мінез-құлқы бай­қа­ла­тын­дай еді... Сайлаушылар алдында өз плат­формаларын айтып, көсіліп сөйлеуге әбден үйреніп алған шешендердің қамшы салдырмас қалпы. Осынау кең залға қарап тұрып, бойымды бір дірілдің кезгені есімде... Жиырмасыншы ғасырдың ұлы тарихынан шығып, осы залға кіріп кел­гендей болған тарихи тұлғаларды көр­ген­де қатты толқыдым... Олар кімдер дейсіз ғой? Кешегі қазақ халқының ата­ғы мен батырлық рухын әлемге жай­ған Желтоқсан көтерілісінің тұсында қас­қая қарап, Мәскеуге міз бақпай сөзін айт­қандар... Аттары аңызға айналған қа­зақ ғылымы мен руханиятының, қазақ әде­биеті мен өнерінің көшін бастағандар... Ел-елдегі, жер-жердегі еркін сөз бен еркін ойдың туын ұстап, халық жүрегіне жол таба бастаған жаңа буынның өкілдері...

Қазақ елінің Тәуелсіздігін жариялауда ерекше рөл ойнап, шешуші міндет атқарған халық депутаттарын алғаш көргендегі осындай бір ахуалды бастан кешкенімді ұмыта алмаймын...

Қазақстан Республикасының Прези­ден­ті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ха­лық­қа Жолдауында: «Биыл егемен ел бол­ғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуел­сіз­дік – біздің ең қас­терлі құн­ды­лы­ғымыз! Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саяса­ты­ның арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды.

Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел бо­лып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бе­кі­тіп, еңсемізді тіктедік. Халық­ара­лық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, ор­нықты даму жолына түстік» деп, Тә­уел­сіз ел ретінде дамыған отыз жылға, сондай-ақ осы кезеңнің, яғни егемендік дәуірінің бас қаһарманы – ұлан-асыр тарихи оқиғалардың басында болған ұлтымыздың ұлы перзентіне – тұғырлы тұлғаға салмақты сөзін арнап, тарихи бағасын бергені ел есінде. Мемлекет басшысы айтқан осынау адал сөз, әділ ой төркінінде еңбекті, ерлікті бағалаумен бірге, «еститін мемлекет құру» жолын таңдаған жаңа Қазақс­тан­ның тұлғатану ұстанымы тұрғанын да көрмеу мүмкін емес. Өз басым бұл сөздер төркінінде сол бір қиын-қыстау күрделі кезеңде Тұңғыш Президент ай­наласына шоғырланып, елдік туы қасы­нан табылған, Тәуелсіздік дейтін ұлттың тұмарындай болған киелі, қа­сиет­ті ұғымның жолында жұдырықтай жұмылған, сөйлесе сөзде, ойласа істе қамшы салдырмас ірі мақсат пен іргелі ойдың қара көрігіндей болған қарқара бітімді дәуір тұлғаларына да берілген баға деп қабылдадым. Бәрін түгендеп, тегіс айту мүмкін емес. Дегенмен... Құқықтық қоғам құруға бет алған кезеңдегі қазақ юриспруденциясының қос абызы, қос академик Салық Зиманов пен Сұлтан Сартаев, тәуелсіз жұртымыздың алғашқы әскери доктринасын жасап, осы бағытта түрен салған, Елбасымен тізе қосып, көп іс атқарған Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов, ұлт саясатын реттеп тәуелсіз ел құнды­лық­та­рын түгендеуге аянбай тер төккен көр­некті тұлғалар Әбіш Кекілбаев пен Өзбекәлі Жәнібеков, Шерхан Мұртаза мен Балғабек Қыдырбекұлы, Әнуар Әлімжанов пен Олжас Сүлейменов, Мыр­за­тай Жолдасбеков пен Қуаныш Сұл­танов есімдерін бөліп айтқым келді...

Иә.

Өзінің ұлт, мемлекет болып қалыптасу жолын тарихтың терең тамырлы қатпар-қойнауларынан алар Ұлы Даланың басынан не өтпеді? Біздің халқымыз нендей қиын-қыстау күндерді басынан кешпеді? Арғы дәуірлердегі осынау ұлы байтақ төрінде өмір сүрген бабаларымыздың тіршілігі мен мақсат-мұратынан мол хабар айтар тайпалық мемлекеттер мен түркілік тұтастықтың туын желбіреткен ұлы қағанаттардың пайда болу, өмір сүру, салтанат құру дәуірлерін еске ала отырып, «алты бақан алауыз» болып, ыдырау, күйреу, сөйте-сөйте халқымыздың тағдыр-талайы «көлденең көк аттыларға» жем болған кезеңдерді қалай ұмытуға болады?!. 

Ұлы Даланың басынан алмағайып мінезді ауыр ғасырларды өткеріп жүріп, жаңа тұрпатты, тәуелсіз мемлекет құруға біржола бет бұрған кезеңнің алғашқы жылдарының екі үзігі есіме түсті.

Қиын кезең...

1994 жылдың наурызы.

Америка Құрама Штаттары.

Вашингтон...

Өз қолы өз аузына жетпей, эконо­микалық құлдырауға ұшырап, дәуір қиын­дығын бастан кешкен Қазақстан дейтін әлемнің саяси картасында жаңа-жаңа пайда болған тәуелсіз елдің намысы мен жігерін көкірегіне тұмар қып түйген қазақ Президенті бастаған ресми топтың ОПИК-тегі бас қосуы...

Бірі білсе, бірі білмейтін Азияның түк­піріндегі белгісіз елге мұрын шүйіре жо­ғарыдан қараған қалталылар мен кә­сіп­керлердің менмен қалпы көз алдыма елестеді. Қолдағансып отырып, пайдасын түгендеген топ алдында қазақ Пре­зи­дентінің аузынан шыққан мына бір сөз әлі күнге есімде. «Бізді мүсіркеудің қажеті жоқ. Біз сіздерге қайырымдылық аясында шектелер қайтарымы жоқ көмек сұрап келмедік. Нақты байланысқа шығар іскерлік пен кәсіпкерліктің үлгілерін ұсына келдік. Садақа сұрағаннан сақ­та­сын... Сіздер бізге «балық аулап береміз» деген ойдан аулақ болыңыздар. Бізге «балық аулауды үйретіңіздер» деген нақылға бара-бар сөзі ұлы жұрт бизнесмендерінің назарын жалт бұрғаны жадымызда...

Тәуелсіздік осындай батыл ұсыныс, баянды байланыстардан бастау алып еді...

Орынды сөз орнықты ойдан басталатыны көп дәлелді керек етпейді.

Есіме 1994 жылдың қазаны түсіп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Италия мен Сауд Арабиясына барған ресми сапарының аясында Римде өткен бір кездесудегі сөзіне қанат бітіп, Алаш жұртының рухын көтерген сәті еске түсті... Онда да журналистермен, кәсіпкерлермен болған кездесу. Кеңес Одағы секілді алып елдің өзін тұралатқан жоспарлы экономика мен гиперинфляцияның балшығына белшеден батқан елге инвестиция тартуға жол ашқан қанатты сөз Рим, Италия, әлем баспасөзінің аузымен лезде алты құрлыққа тарап еді. «Карл Маркс өз өмірінде баршаға белгілі екі шы­ғармасын – «Коммунистік манифест» пен «Капиталды» жазды. Маркс баяғыда дүние салды. «Капиталы» сіздерге тиді де, «манифесі» бізге қалды» деген әзіл аралас ұтқыр сөз зал ішін риясыз күлкіге бөлегені есімде...

Сөз – ұлы құрал. Тауып айтсаң – жо­лың­ды ашады. Таппай айтсаң, құтың қа­ша­ды. Сол күні Нұрсұлтан Әбішұлының бойы мен ойынан бабалардан қалған өткір сөз бен шешендік өнердің аруақты жалғасын көр­ген­дей болып едік.

Кешегі күннің «тар жол, тайғақ кешу­ле­рін» ойладым...

Ойлап отырып...

Осыдан отыз жыл бұрын «шыр» етіп өмірге келген нәрестелердің «орда бұзар отыздың» биігіне шығып отырғанын еске алдым. Адамның, ғаламның, заманның өзгергенін, осыдан отыз жыл бұрын мына жарық дүниеге сәби болып келген әлгі баланың баласы бірі бақшаға барып, тілін сындырып, сөйлеу мен ойлаудың алғашқы сатысына аяқ басса, бірі мектепке барып, «Әліппе» бетін ашып, бұрынғыдай басқа жұрттың тарихын «өз тарихым» деп әуре болмай, өзінің атажұртының тарихын өзінің ана тілінде оқып, біліп жатқан Тәуелсіздік дәуірінің немерелерін ойладым.

Міне, уақыт дейтін құдіретті ұғымның адам санасына жүргізіп жатқан ықпалы!

Міне, Тәуелсіздік дейтін киесі мен қасиеті көзге түспей, қатар жүріп, адам ойы мен санасын тәрбиелеп жатқан өрісті, өнегелі ұғымның үлгісі!

Міне... Азаттық дейтін ардақты сөздің болмысы мен жаратылысы!

«Тәуелсіздікке барар қиын жолдар­да­ғы сансыз көп шайқастар мен көте­рі­ліс­тер­де қаншама қаһарман баба­ларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан біз жаңа заманда қан-төгіске жол бермей, қа­сиет­ті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзім­ділік, ақыл мен парасат арқылы қол жет­кіз­дік», дейді Елбасы өз мақаласының бір тұсында.

Миллионсанды аудиторияның тара­зы-талқысына сан түсіп келген осы бір төркінінде қорғасындай салмақты, өмір­дің өзіндей ащы шындық жатқан тағдыршешті сөйлемдер тасасынан осыдан отыз жыл бұрынғы Қазақстан ақиқаты мен қазақ қоғамының аса ауыр сәт-сағаттары тіл қатқандай болды... Өйткені... Сырттың алпауыт күштері мен іштегі өтпелі дәуірдің қоғамды «ала қойдай» дүрліктірген бөтен пиғылды мақсаттары өз елінде өзі қырық пайызға жетпей, «көзімен жер шұқып келген ұлттың» тағдырын тәлкек етуге күш салып жатты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтқанда, Қазақстан атты елдің тағдырын қиындатып, «Югославия сценарийін» қайталауға ұмтылғандар болды... Мұны біз, сол тұста Тұңғыш Президенттің қиын кезде қасынан табылған ХІІ шақырылымның депутаттары жан-жүрегімізбен сезіндік... Оқ пен жалынға, жігер мен намысқа суарылған кезеңнің әр сәті, әр сағаты менің жүрегімнің әлі күнге тұсында тұр.

Осы күнгі Алматы қаласындағы ескі Үкімет үйінің колонналы дөңгелек залы құж-құж... Әркім өзінше мықты... Әркімнің өз айтары бар... Төрде – от пен суға қатар түсіп, ел мен елдік туын ұстаған Президент!.. Елбасының жігерлі сөздері. Суырылып шығып, мінбеден жарыса сөйлеген шешендер... Ара-тұра «Осы бізге Тәуелсіздік керек пе? Енді... Кімнен тәуелдіміз?» деген кекесінді да­уыс­тар жетіп жатты... Үзілген уақыт ленталарындай болған осы бір көріністер 1991 жылдың 16 желтоқсанын еске салады. Тәуелсіздік туралы конституциялық заңның қызыл қырғын сайысы. «Тәуел­сіз­дік – ел үшін керек!» деген саңқ еткен дауыс. Назарбаевтың дауысы! Іле-шала залдан естілген Салық Зимановтың сабырлы дауысы. «Президент дұрыс айтады! Үш күн талқыға түскен Заң Қазақстан үшін керек! Бұл Заң бүгін қабылданбаса, ертең әлемнің күллі мемлекеттері біздің мемлекеттігімізді мойындамайды. Бұл Заң – әлем алдындағы тәуелсіз мемлекет екенімізді дәлелдейтін тарихи құжат!» деген дауыс әлі күнге құлағымда тұр.

Тәуелсіз жұртымыздың тағдырын оң жолға бастаған сол күндер менің жүрегімнің жылы төрін жаңғыртып отыр. Қажыр мен қайратқа толы жаңа дәуірдің лебі ескен сол дөңгелек зал, ойлап отырсам, қазақ үшін, Қазақстан үшін нағыз киелі төр екен. Менің ойымша, ақ сөйлеген, жүрек сөйлеген, елдік тұтастыққа ұмтылғандардың ойы, тілегі айтылған үлкен залды, жалпы осы жиырмасыншы ғасырдың көзіндей болған сәулетті ғимаратты ұлт пен ұрпақ мақтан тұтар Тәуелсіздік дәуірінің көзіндей киелі төрге айналдыруды ойлауымыз керек болар?!

Тәуелсіздіктің бастауы болған кезең шынайы демократия мен татулықтың, жұдырықтай жұмылған саяси бағыттың тегеурінді күш екенін танытты. Еркін ой мен ұлттық мүдденің қойын-қолтық табысуына замана шыңдаған болаттай берік, аса көрнекті саясаткер, мемлекетшіл ірі тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа мейлінше жақын жүретін харизмалық қасиеттері себепкер болды. Ыдырап жатқан алып империяның айбары мен ашуын­ қазақ лидерінің өз сөзімен айт­қан­да, «сабыр мен төзімділікке, ақыл мен пара­сат­қа» негізделген ұстамды саясаты ырық­тап отырды. Оны әлем елдерінің көр­некті саясаткерлері мен мемлекет басшылары ғана мойындап қойған жоқ, біресе – Солтүстіктегі «горькая линия­ны» айтып, біресе Шығыстағы «левый берег», «правый берег» Иртыша деп, автономия сұрағансып, біресе Орал қа­ла­­сының көшелерін темір тұяғымен теп­кілеп, қазақ жерін, сол тұста ойран-ботқаға айналдырғысы келген Ор­та­лық кө­семдерінің өзі мойындағанын тарихтан білеміз... Бұл бірте-бірте тұрлаулы та­рих­тың еншісіне айналып бара жатқан айдай ақиқат, даусыз шындық! Шынайы тарихты ешкім, ешқашан өзгерте алмайды.

Тағдырлы Тәуелсіздігіміздің тұсауы кесілген 1991 жылдың 16 желтоқсаны алыстаған сайын жүрек төрін әлдебір сабырлы сағыныш билеп, кешегі «аттың жалы, түйенің қомында жүрген» аласапыран кезеңде тұсауы кесілген киелі ұғым туралы «жүз ойланып, мың толғанасың...» Көк туы көгімізде желбірегеніне отыз жыл болған осынау Тұмардай қасиетті ұғым­ның халқымызбен мың жасағанын, мәңгілік жасағанын Ұлы Жаратушыдан тілейсің іштей.

Ертең – Ұлы той!

Отыз жылдық!

Бұйырса, ел іргесі бүтін болып, Ұлы Дала өз тілінде сөйлеп, өз тілінде түс көріп, бесіктегі нәрестесін де өз тілінде «бесік жырымен» тербетсе, қырық жыл­дығын да, елу жылдығын да, жүз жыл­ды­ғын да, екі жүз жылдығын да, мың жыл­ды­ғын да атар... Ылайым Еліміз аман, Жеріміз бүтін болсын!

Ойланайықшы! Аспан несімен әдемі?! Мың-миллион жұлдызымен әдемі... Да­ғыс­танның ұлы ақыны Расул Ғамза­тов­­тың сөзімен айтқанда, «Жер бетін жай­лаған әр тілдің өз жұлдызы болатыны» тәрізді, әр ұлттың да жарқырап жанар өз жұлдызы болады. Соны өшіріп алмау үшін күресу – әр ұлттың, әр ұрпақтың парызы! Соңғы кезде айтылып жүрген «жер бетін бір мемлекет пен бір үкімет құзырына бағындыру» дейтін қатерлі жобаға жол берілмеуі керек! Аспанда жалғыз жұлдыз болуы мүмкін емес! Аспан мыңдаған жұлдызымен әдемі! Әсем! Мәңгі! Жер беті жүздеген ұлттың жа­рысып қатар өмір сүруімен мәнді, ма­ғы­налы.

Соның бірі – Ұлы Даланы мыңдаған жылдардан бері мекен етіп келе жатқан Қазақ елі!

Иә...

Байлауы мықты бағаналы жұрттың, Ордасы берік өрісті елдің өнегелі сөзі Елбасы аузымен айтылды.

Уақыт өткен сайын Ұлы Даланың құнары мен ұлттық болмысымыздың тұ­ма­ры Тәуелсіздік екеніне көз де, көңіл де жете түсуде...

Торқалы той жаңа жеңістеріміздің басы болсын!

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты