Өнер • 15 Желтоқсан, 2021

Түркістан театрындағы премьерада 400 жылдық тарихы бар Амати аспабы тартылады

535 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан музыкалық драма театрының жаңа премьерасы қысқа өмірінде артына мол мұра қалдырған Талаптан Ахметжановтың  «Сұлу мен суретші» шығармасының  желісінде сахналанады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан театрындағы премьерада 400 жылдық тарихы бар Амати аспабы тартылады

«Алаш» әдеби сыйлығы мен Валентин Пикуль атындағы және Оралхан Бөкей атындағы сыйлықтардың лауреаты, жазушы-драматург Талаптан Ахметжанның 60 жасқа толуы премьерамен тұспа-тұс келіп отыр.

Т. Ахметжановтың бұл шығармасы осыған дейін бірнеше сахнада қойылды. Сезім сырын жыр еткен қойылым Түркістан музыкалық драма театрында заманауи келбетке ие болады. Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Ол осымен үшінші рет театр сахнасында «Сұлу мен суретшіні» сахналайды. Үшеуі үш түрлі қойылуымен ерекшеленеді. 

э

Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова. Қоюшы суретшісі – Қабыл Халықов. Спектакльге арнайы музыка жазған Түркістан музыкалық драма театры музыкалық бөлімінің меңгерушісі, бас композиторы  Хамит Шанғалиев. Балетмейстер – Мадина Мұратпекова. Бұл спектакльдің басты жаңалығы премьерада әлемге әйгілі Амати (Antonius Hieronymus Amati) тарихи аспабымен Швейцарияның  Цюрих қаласында тұратын талантты музыкант Эльдар Сапараевтың келуі.

ж

1628 жылы жасалған 400 жылдық тарихы бар виолончель аспабымен қойылымның музыкасы сахнада  ойналады. 300 жыл Еуропаның корольдік  отбасыларының  жеке коллекциясында сақталған Amati тарихи аспабы қазір мұражайға қойылған. Әлемде мұндай аспап, бар болғаны үшеу-ақ. Түркістанның төрінде ойналатын Амати (Antonius Hieronymus Amati) тарихи виолончелі әлемнің мәдени мұрасы. Әлем мойындаған музыкант Эльдар Сапараев Амати аспабымен «Махаббат мұнарасына» жан бітіреді.

Басты рөлдерді Ақбота Рахат пен Жұлдыз Абдикаримова және Әділ Ахметов, Нұрқанат Жақыпбаев, Түркістан театрының актерлері ойнайды.