Тәуелсіздік • 16 Желтоқсан, 2021

Бағымызды ашқан Тәуелсіздік

268 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қорқыт бабадан жеткен: «Өткен күн, кеше – тарих, келер күн, ертең – сыр, бүгінгі күн – сый» деген сөз бар. Біз – жаңа дәуірге қадам басып келе жатқан жас елміз. Бірақ өткенді ұмытпаймыз. Өйткені бабаларымыздың еліміздің игілігі үшін атқарған еңбектері ұрпаққа өнеге болып, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуге тамаша үлгі болып қала береді. Олай болса, кешегіні ұмытпай, үнемі еске алып отырсақ бүгінгіні бағалап, алдағыны ардақ тұтарымыз анық. Алдыңғы толқын аға буынның өмірінен хабардар болып жүрсе деген мақсатпен мен де өз ойыммен бөліскенді жөн көрдім.

Бағымызды ашқан Тәуелсіздік

Иә, «өткен күндер – тарих, болашақ – үміт» дегендей, Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Отыз жыл – бір азаматтың ғұмыры, еңбек жолы, болашаққа жол салар ізі. Дей тұрғанмен, еркін елдің дербес шаңырақ көтеру қуанышын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бер­мей­ді, тәуелсіздікке тағдырдың бере сал­ған сыйы ретінде қарайды. Бірақ тәуелсіздікті алу бар да, оны қалыптастыру – мүлдем бөлек дүние. Қажырлы еңбек пен қайтпас мінез ғана бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Осы ретте ордалы 30 жылда бастан өткерген қиыншылықтар мен кедергілер, атқарылған оңтайлы шаруалар жайлы айта кету орынды болар.

Жазушы, философ, тарихшы, француз ағартушыларының бірі Франсуа Вольтер айтқандай: «Үлкен қиыншылықтарсыз үлкен істердің де болуы мүмкін емес». Мәселен, біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде үш экономикалық дағдарысты басымыздан кешірдік. Енді, міне екі жылға таяу пандемия құрсауында қа­лып отырмыз. Ел әлі толық қалпына келе қойған жоқ. Ал біздің тәуелсіздік жа­рияланғаннан кейінгі 1991-1993 жыл­дар­ға жалғасқан дағдарыс соның ең бір ауыр тұсы еді. Сұрапыл инфляция дауылы салдарынан тұтыну бағасының деңгейі сол жылдардың ішінде 5573 пайызға көтеріліп, баға бар-жоғы үш жылдың ішінде 55 есеге өсіп кетті. Бұл ең керемет деген кәсіпорындардың өзі көтере алмайтын соққы болатын. 90-шы жылдардың ортасында еліміздің өндіріс мекемелерінің 40 пайызы тоқтап қалды. 52 млрд теңгеден астам жалақы төленбеді. Зейнеткерлер мен мүгедектер айлар бойы зейнетақыларын, жәрдемақыларын ала алмады. Өндірісті тығырықтан шығару үшін инвестиция керек болды. Бірақ социализм заңдарына негізделген өндіріске инвестиция келмеді. Қаржы беретін елдер өзінің капиталын сақтау үшін, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңға жүгінеді ғой, ал тәуелсіздік жариялағанда елімізде не инвестиция туралы, не басқа бір салалар жөнінде заң болмады. Техника мен технологиядан да қалыс қалдық. Бір ғана мысал. Мұнай саласында 1990-жылдары 5-5,5 шақырымдық терең ұңғылар қазылатын. Бұл Одақтағы ең үлкен тереңдіктердің бірі еді. Сол жұмыс тоқтай бастады. Өйткені ұңғы бұрғылау үшін тиісінше құбырлар қажет. Күкіртті сутегі сияқты зиянды қос­паларға, қысымға шыдайтын, төтеп беретін мықты құбырлар қажет. Оның бәрін шетелден сатып алатынбыз, алайда байланыстар толық үзілді. Осылайша жалпы экономикаға банкроттық қаупі төнді.

Бір сөзбен айтқанда, бұл кезең экономика жағдайы, адамдардың рухани дүниесі күйзелісінің ең биік шыңы болды. Осынау аса бір күрделі жағдайдан саяси партиялардың, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ қатардағы азаматтардың белсенді қолдауымен ел басшылығының жүргізген салиқалы ішкі және сыртқы саясатының арқасында шыға алдық. Біз негізі көп­шілік жағдайда оң өзгерістерді байқай бермейміз, олар бізге үйреншікті көрінеді. Бірақ оларға ондаған жылдардан кейін өскелең ұрпақ көзімен қарасақ, үлкен істерді аңғарасың. Сондықтан нағыз мақтанатын нәрсеге мақтана, қуанатын нәрсеге қуана білген жөн. Бұл көңілдің ақтығын, жү­рек­тің тазалығын білдіреді. Осы орайда, әлемдік деңгейдегі классик Абай Құнанбайұлының 150 жылдығын тойлау барысында ЮНЕСКО-ның сол кездегі Бас хатшысы Федерико Майордың айтқан мына құттықтау сөзі еріксіз еске түседі: «Сіздер көлеңкеде болдыңыздар, бірақ бұдан былай халықаралық қоғам­дас­тық­тың назары – сіздерде».

Мұндай мойындау кездейсоқ емес. Бұл – халықаралық қоғамдастықтың 1992 жылдан бастап Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдаған шараларды оң қабылдауымен түсіндіріледі. Мәселен, Мәскеудің ызғары қайта қой­маған уақытта Назарбаев Семей же­­рін­дегі кеңестік «ядролық полигон­ды» біржола жауып, орасан зор ерлікке пара-пар қадам жасады. Сәл кейін ядро­лық қарудан мүлдем бас тартты және мұны өзгелерге мойындатты. Сөйтіп, 1994 жылғы 5 желтоқсанда Будапешт қаласында тамыры Ұлы даладан бас­тау алатын дала қыпшақтары қалаған зәулім са­райда еліміз тарихына алтын әріп­пен жа­зы­латын тосын оқиға тіркелді. Қа­быр­ға­лары алтынмен апталған, төбеден төмен қарай ілінген салмағы орасан зор люстрамен көмкерілген бас айналатындай нән залдың ортасында біздің елдің Президентін қаумалай бес елдің басшылары – Ельцин, Лукашенко, Клинтон, Кучма, Мейджор «Қандай да ядролық қару еш уақытта Қазақстанға қарсы қолданылмайды» деген кепілді растап қол қойды. Сонымен қатар екі мың ядролық қаруды жоюға қажетті қаражат бөлініп, сонау Ұлы Отан соғысынан бері біздің мойнымызға ілініп келе жатқан қарыз қайтарылмайтын болып келісілді, бізге барынша ыңғайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға толық мүмкіндік туды. Осы сәтке куә болғандардың толқығаннан тұла-бойлары шымырлап, көздеріне жас келгенін, сондай-ақ әлемнің өзге елдері Қазақстанның бұл жарқын үлгісін қолдай отыра жаппай қарусыздануға жол ашылады деген сенімдерін ұмыту ешқашан мүмкін емес. Бірер айдан соң мұндай кепіл берушілер қатары Қытай және Франция елдерімен толықты. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық арена­дағы алғашқы әрі мәртебелі жеңісіне қол жеткізді.

Шекара мәселесі де осы жылдары еш дау-дамайсыз ұлттық мүддеге сай ш­е­шіл­ді. Іргелес екі алып көрші – Қытай және Ресеймен, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерімен шекара межелері нақ­ты айқындалып, біржола бекітілді. Бұл да Тұңғыш Президент пен Қазақстан мақ­та­на алатын жайт. Бұрынғы Премьер-министр Даниал Ахметов естелігінде былай дейді: «Есімде ерекше сақталғаны – Қытайға сапар. Шекараны делимитациялау құжаттарына қол қою керек болды. Біздің делегацияны Цзян Цземинь қабылдады. Сол кездегі қытайлық көшбасшының айтқаны менің әлі есімде. Ол: «Қытай тарихта ешбір елмен шекарасын шегендеген емес, бұл – біздің ұстанған ішкі-сыртқы саясатымызға қайшы әрекет. Бірақ мен қалыптасқан дәстүрді бұза отырып, Сіздің басыңызға деген зор құрмет пен ілтипаттың белгісі ретінде екі ел арасындағы шекараны белгілейтін осы құжатқа қол қоямын. Қытай тарабының Қазақстанға қатысты ешқандай жер талабы жоқ!» деп келте қайырды». Иә, бұл – біз үшін өте маңызды әрі қуанышты жағдай. Қалай дегенде де, шекараны бекемдеу, түптеп келгенде, Тәуелсіздікті бекемдеу деген сөз.

Жалпы алғанда, тәуелсіздік жылдары жас республикамыз әлемге ерекше саяси жетістіктерді әкеле алатынын толықтай дәлелдеді. Қазақстанның жеке бастамасымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің және Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуы, 2010 жылы ТМД елдерінің арасында бірінші болып Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп қана қоймай, он бір жыл қатарынан өткізілмей келген ЕҚЫҰ-ның Астана саммитін мейлінше жоғары деңгейде ұйымдастыруы, 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде енуі мен аталған ұйымға төрағалық етуі, Таяу Шығыстағы түйткілді мәселенің түйінін тарқату мақсатында 2013 жылы Астана қаласының таңдалып, Сириядағы шиеленіскен жағдайды сая­си жолмен шешуде «Астана процесі» ретінде танылған бітімгершілік жиыны, 2003 жылдан бастап әрбір үш жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, са­йып келгенде, Қазақ елінің мерейін өсіріп, халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Сондай-ақ елордада өткен ASTANA. EXPO-2017 болса энергияның экологиялық таза және жаңартылған көздерін дамыту жөніндегі дүние жүзі ғалымдарының ерік-жігерлерін біріктіруге күш салды. Өз кезегінде, 3 млн 977 мың 545 адам келіп көр­ген Халықаралық көрменің Астанаға, Қазақ­станға пайдасы көп болғанын айт­қан жөн. 1400 қазақстандық компания қатысып, құрылыс материалдарын берді әрі құрылыс жұмыстарына араласты. 640 млрд теңге қаражат игерілді. 1400 пәтер салынып, халықтың игілігіне жаратылды. Ең бастысы, инвестициялық ахуал жөнделіп, осы уақытқа дейін 120 елден 330 млрд АҚШ доллары көлемінде инвес­тиция тартылды.

Егемендікке жетіп, еңсе тіктеген тұста үнсіз атқарған іргелі істер туралы тарқатып айтар болсақ, көрсеткіштеріміздің жоғары екенін аңғару қиын емес. Мәселен, 1999 жылғы халық санағы бойынша Қазақстан халқының саны 14,9 миллион адамды құраған еді. Содан бергі кезеңде еліміздің демографиялық жағдайы жылдан-жылға жақсарып, халқымыздың саны бүгін 19 миллионнан асты. Бұл ретте, ұлт денсаулығын нығайту мемлекеттің бас­ты міндеті болды. Осы міндетті орындау үшін мемлекет бар күш-жігерін салды. Соңғы 30 жылда отандық денсаулық сақтау саласы айтарлықтай дамып, тіпті көшбасшы елдер де көз тіге қарайтындай дәрежедеміз десек, артық айтқандық болмас. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында медицина мамандарына көп көңіл бөлінетіні жөнінде айта отырып: «2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикалық орташа жалақыдан екі есе артық болады. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуге тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік», деп ескертті.

Ахмет Байтұрсынұлы сонау 1913 жылы: «Жұртқа білім үйретумен, кө­румен, білумен жайылады», деп бекер айт­паған. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан ауқымды шаралардың атқарылып жатқаны көңілге үлкен демеу. Мәселен, «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы – «келешек кілті тек білімде» деген сәулелі ойды адамдар жүрегіне дарытқан бірден-бір құжат. Сөйтіп, ел басқаратын, өндіріс жүргізетін, еліне аса қамқор болатын жас­тарды әлемнің ең үздік оқу орындарына жіберуге, тіл меңгеріп, қаржы, нарықтық экономика мен заңды оқытып, үйретуге мүмкіндік туды. Бұл бастама 30 жыл ішінде жақсы жемісін берді дей аламыз. «Болашақ» жобасы аясында сондай-ақ еліміздің барлық аймағында Назарбаев зияткерлік мектептері ашылып, онда нақты және жаратылыстану ғылымдарын оқып-үйренуге, креативті және сыни тұрғыда ойлауды дамытуға мән бере отырып, еліміздің интеллектуал элитасын тәрбиелеуге ыңғайлы жағдайлар жасалуда. Әрине, бұл басқа мектептер көлеңкеде қалып жатыр де­ген­ді білдірмейді. Мұның сыртында, цифрландыру жұмыстары аясында 2025 жылға қарай кемінде 100 мың білікті ІТ-маман даярлау міндеті де тұр.

Хадистерде айтылғандай, жол салу сауабы мол салмақты істің бірі екен. Тәуелсіздік жылдары қабылданған стра­те­гиялық шешімдердің нәтижесінде Қазақстан өңірлік логистикалық хаб­қа және транзиттік әлеуеті жоғары елге айналды. Ел аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліздің өтуі де көп жайды аңғартса керек. Оның бесеуі – темір жол дәлізі, алтауы – автомобиль дәлізі. Жалпы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында тә­уел­сіздік алғаннан кейін елімізде 2 566,5 шақырым темір жол салынды, қазір Қазақстан темір жолы магистралдық же­лі­сінің жалпы ұзындығы 21 мың ша­қы­рымнан асты. Бұл ретте біздің ел темір жолдың ұзындығы жағынан ТМД аумағында 3-ші орынға ие. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында республикалық маңызы бар 13,4 мың шақырым автомобиль жолдары салынып, реконструкция­ланды. Бүгін Қазақстандағы жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары желісінің ұзындығы 96,8 мың шақырымды құрайды. 1991 жылы бұл көрсеткіш 86 мың шақырымды құраған болатын.

Индустрияландырудың нәтижесінде Қазақстанда темір жол көлігін жасау кластері құрылғаны белгілі. Бүгіндері локомотивтер, электровоздар, жүк және жолаушы вагондары, термос вагондар өндірісі жолға қойылған. Таяу­да ТМД елдерінде баламасы жоқ «Фер­ро­транстрейд» зауыты іске қосылды. Сер­­пінді клеммалар мен бұрандалар шы­ға­ратын осынау зауыттың ашылуына Мемлекет басшысының өзі қатысты. «Бұл жерден халықаралық сапа стандартына сәйкес келетін компоненттерді шығарады. Жаңа өндіріс толық күшіне енгеннен кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы терминалдар мен бұрандаларды импорттамайтын болады. Кәсіпорынның отандық машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыратынына бек сенімдімін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тәуелсіздік кезеңінде өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 10,3 есе ұлғайды. 2020 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 10,5 мың доллар болды. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 3,4 па­йызды құрады. Нақты сектордағы тұрақты өсім 3,5 пайызға өсті, сондай-ақ карантин шектеулерін жеңілдету нәтижесінде қызмет көрсету секторының біртіндеп қалпына келуі экономиканың қайта өсуін үдетті. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 5,7 пайызға артты. Құрылыс саласы 9,7 пайызға ұлғайды. Елімізде тоғыз айдың ішінде 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 8 пайызға көп.

Экономиканы алға оздыру мақсатында Мемлекет басшысы жуырда 10 ұлттық жобаның тізбесін бекітті. Ендігі бас­ты міндет – орталық және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, ұлттық жобалар шеңберіндегі іс-шаралардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қам­та­масыз ету. Сөйтіп Дүниежүзілік эко­номикалық форумның бәсекеге қабі­лет­ті­лік рейтингінде инфрақұрылым сапасы бойынша Қазақстанның позициясын 40-орынға дейін жақсарту көзделуде.

Грек сөзінен аударғанда «патриот» сөзі отан, атажұрт дегенді білдіреді. Па­т­рио­тизм атажұртқа деген сүйіс­пен­ші­лі­кті, оған адалдықты, жан-тәнімен қызмет етуді көздейді. «Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, осы аз ғұмырда елге қызмет жасайық», дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Хакім Абай болса: «Берекелі болса ел, жағасы жайлау ол бір көл», дегенді еске салады. Сондықтан еліміздің жарқын болашағы ынтымақты еңбекте, ауызбірлікте әрі ынтымағы жарасқан елдің ырысы да мол болады. Ендеше таланттысы басшы, талаптысы қосшы болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, ұйысып еңбек етсек құт-береке дарыған қуатты да іргелі ел боларымыз хақ.

 

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

саясаттанушы