Тәуелсіздік • 16 Желтоқсан, 2021

Азаттық үшін арпалыс

887 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жанат құрбымыз үшін институтта бірге оқыған курстастарының жөні бөлек. Ағайын-туыс, әріптестер, достар жиналсын, курстастың басында бір жағдай болсын, жолы түсіп елордаға келсін, бәрі екінші орынға өздігінен ығысады. Жанаттың онысына үйренгенбіз. Бір қызымыз қайтыс болды, соған курстастар жиналып, дұға оқып қайтамыз деп алысқа жолға шығып кетсе, енді бірде биылғы наурызда курстастар бас қосамыз дегенбіз деп басқамызға рахмет айтады, әйтеуір жылына әлденеше рет студенттік кезді бірге өткізген достарымен жүздесуі әдетке айналған. Бірде «Олардың орны сен үшін неге ерекше?» деп сұрағанмын.

Азаттық үшін арпалыс

– Қазақша айтсам, «қандыкөйлек» дос­тарым ғой. Жастықтың ең бір тамаша студенттік шағын бірге өткізгенімізбен қатар оқудың соңғы курсында желтоқсанда алаңға бәріміз бірге шыққанбыз. Арамызда жасырынып қалып қойған жан жоқ. Жел­тоқ­санда бірге жанған, алаңдағының бәрін көзбен көріп, басынан кешкен, сол бірліктің арқасында бірімізді біріміз көрсетпеген күйі, адалдықтың жолынан айнымай дипломды да алып шыққанбыз. Адамдық, адалдық сыналар тұста сыр бермеген, патриоттықтары бүгінге дейін көздерінен көрінетін құрбыларым емес пе! – деді.

Сөйткен Жанаттың құрбыларын сөзге тартудың да сәті түсті.

Ләйла Ильясова айтады: «Тобы­­мыз­дағы қыздардың арасынан алдында ғана тұрмысқа шығып, күйеуі оқитын Алматы зооветеринарлық институ­тының жатақха­насында тұратын Сәуле Сейдалина пленум болғанын, онда Д.А.Қонаевтың орнына өзіміздің қазақ­стандық емес, сырттан біреуді әкелгенін, оған жұмысшылардың қарсы болып жатқанын айтты. Жанат Қажығалиева құлшынып сұрап жатыр еді, педагогика пәнінен беретін апай: «Қажығалиева, елді дүрліктірмей отыр!» деп біраз сөз айтып тастады. Сосын са­бақ басталып кетті. Бірақ жүрегіміз тын­шымай, біртүрлі болып отырдық. Сабақ­тан түсте шықтық та, әрқайсымыз өз бағы­тымызбен кеттік. Біз Жанат екеуміз жатақханадағы тұрағымызға жылжыдық».

Тобымыздағы біраз қыз түскі тамақ­тарын ішіп, А.С.Пушкин атындағы орта­лық кітапханаға барып, сабақтарын дайындаған екен. Олар кітапханадан шыққан кезде кеш батып кетеді. Көшеге шықса, жастардың бәрі абыр-сабыр, жүздері тотыққан, алаңға қарай бет алып барады екен. Сұрастыра келе, жастардың бәрі бейбіт шеруге шығып жатқанын, оның себебі ел билігіне сырттан келген Колбиннің отыруы екенін біледі. Содан қыздар да жаңағы бір топ жастарға ілесіп алаңға барады. Барса, «қызықтың көкесі» сонда боп жатыр екен. Бейбіт шеруге шыққан жастарды тарқата алмаған билік өкілдері жастарды алаңнан қуу үшін төбет итті босатқан, әскери машиналармен қуған, ақырында болмаған соң су таситын машинамен ыстық су шашқан. Көппен бірге арпалысып жүріп үстері малмандай су болған қыздар – Роза Тұрсынбаева, Салтанат Смайлова, Айнаш (фамилиясын ұмытыппын), Гүлнарай Назымбетова т.б. қыздар түнделетіп жатақханаға келгенде, оқиғаның барысын естіп, су малшынған түрлерін көргенде бәріміздің де қанымыз басымызға шауып, қатты намыстандық. Түнде ақылдастық: «Соңғы курс, оқудан шығып қалмауымыз керек. Сондықтан тізіліп сабаққа барамыз. Алаңға сабақтан бос уақытта шығамыз» дестік. (Сол айт­қандай, сабақтан қалмай бардық. Кейін тіпті қудалау кезінде Шолпан Бөлек­бае­ваны соққы алғандықтан аяғының ауыр­ғанына қарамастан, таксимен апарып, сабаққа отырғызып қойдық).

Ертеңіне 17 желтоқсан күні бәріміз сабаққа бардық. Ешқайсымызда көңіл күй жоқ, сабақ оқитын құлқымыз да жоқ. Басымыз салбырап, есіл-дертіміз алаң­ға бару болды. Сонда болып жатқан сұмдықты көзімізбен көрсек, өзіміз қатар­лы жастарға арашашы болатындай құлшы­ныста едік. Алғашқы сабақ – этика сабағы. Ағайымыз келіп сабақ өткен болды, бірақ ол кісіде де маза жоқ, көңілі жабырқаңқы, абыржулы еді. Ал біз сабақ оқымаймыз деп басымызды партаға қойып, жатып алдық. Әлібек ағай ұрысқан да жоқ, тұрыңдар деп дауыс көтерген де жоқ, тек жұбату айтумен болды. Екінші сабақта институттың проректоры Серік ағай Қирабаев келді.

– Жағдайларың қалай? – деп сұрады.

Біз бірауыздан:

– Жаман! – деп жауап бердік.

Ол кісі:

– Жағдайларың неге жаман, әкең өлді ме, шешең өлді ме, жаман дейтіндей, – деп біраз ақылын айтты.

Біз:

– Анда алаңда қаншама қазақ жастары қырылып жатыр, біз жайбарақат отыра береміз бе? – деп жыларман күйде жауап бердік.

Ағай:

– Сендердің қолдарыңнан не келеді, барсаң біреу өлсе, екінші боп өлесің, ертең оқу бітіргелі отырсыңдар, әке-шеше­леріңді неге ойламайсыңдар, – деп біраз түсіндірме жұмыстарын жүргізіп бақты. Ол кісіні қатты сыйлаушы едік. Сөзін тыңдасақ та, ішкі ойымыз алаң жақта. Екінші сабақтан соң факультеттің мұғалімдеріне бес минуттық жиналыс болды да, біз сол сәтті пайдаланып, алаңға шығып кеттік. Дәл сол сәтте біздің факультеттің жанынан бірталай жігіт өтіп бара жатып, «ҚазПИ-дің студенттері, сендер неге шықпайсыңдар, шығыңдар алаңға, жүріңдер бізбен бірге!», деген сөздері саңқылдап естіліп жатты.

Сәуле Сейдалина айтады: – Бәрі Ләйла айтқандай. Корпустан шы­ға бергенде алдымыздан сол кездегі филология факультеті деканының орынбасары Серік Мақпыров ағай шығып, қайда бара жатқанымызды бірден түсініп, «бармағандарың жақсы, бәрі жақсы болады» деді. Біз қарайламай шығуға бет алдық. Ағай Жанатты тоқта­тып, «Ақылың бар ғой, өзің де барма, группаңды да тоқтат», деді. Сол кезде Жанат: «Ағай, барамыз, бармасақ болашақ ұрпақтың бетіне қалай қараймыз» деді. Бірақ ағай оны жібермей, сөйлесіп тұра берді, біз тобымызбен сыртқа шықтық. «Барамыз, бармаймыз» деп біраз тұрдық та, баратын болдық. Красин көшесімен Абай көшесін бетке алып алға жүрдік. Ғылым академиясының қасына келгенде алдымыздан ҚазПИ-дің ректоры Қасымов, профорг Бүркіт Аяғанов, деканымыз Рубилина және басқа оқытушылар шықты. Олар «Қай институттың студенттерісіңдер, ҚазПИ ме?» деп қолдарын бір-бірімен ұстасып тосқауыл жасамақ болды. Роза Тұрсынбаева «ҚазПИ-міз бе, ҚазПИ емеспіз бе, әйтеуір қазақпыз» деген сөзі бізге ерекше әсер етіп оқытушыларды тың­да­май алға өтіп кеттік. Бүркіт Аяған: – Қыздар, жігіттер, тоқтаңдаршы, сендерге түсіндірейік, қайтыңдаршы, – деп жалынышты түрде тоқтатуға тырысты. Жоқ, бізді сол кезде ешнәрсе де тоқтата алмады. Шіркін, жастықтың мойын бұрғызбас жалыны десеңізші?! Сол сәтте алаңға бара жатқан қазақ жастары біртұтас едік, бір-бірімізді танымасақ та бауырдай едік.

Әңгімені әрі қарай Ләйла іліп әкетті.

– Сол жүргеннен тартып отырып, Абай даңғылына шықтық. Ол жерде тобымыз жан-жаққа шашырап бір-бірімізден ажырап қалдық. Абай даңғылы бойында жап-жас қыздар мен жігіттер қол ұстасып алып, көшедегі машиналарды тоқтатып, жүргізбей тұрғанын байқадық. Біреулер топ-топ боп өзара шүйіркелесіп тұрды. Біраз тұрған соң біз Анар Құтанбаева, Жанат Қажығалиева, Күнжарқын Алма­ғам­бетова, Шолпан Бұхарбаева, Карамат Әбдіхалықова, Рауза Ақтаева, Ләйлә Әлібекова, Сәуле Сейдалина, Әмина Нұрабаева, Нұрғайша Хасенова, Рахила Сүндетова, Пернеш Абуляйсова т.б. әрі қарай алаңға тарттық. Алаңға барсақ, ығы-жығы, адамның бәрі сол жерде. Бір кісілер биікке шығып (ненің үстіне шығып тұрғанын білмеймін), ұрандатып сөйлеп жатыр екен. Содан бәріміз айғайлап, бар даусымызбен «Менің Қазақстаным!» әнін шырқай бастадық.

Сөзді Сәуле жалғады.

– Түстен кейін алаңға Роза Бағланова шығып «Бұл істерің дұрыс емес, қайтыңдар», деп сөз сөйледі. Біз келіспей шуластық, кейбір жастар «апай, қайтесіз, өзіңіз қайтыңыз үйге» деп айғайлады. Сағат 3-ке қарай мен жақын тұрғандықтан үйге барып жылынып келейін деп үйге бет алғанда әскерилер 2-3 қатар қоршауда тұрып алыпты, әскери техникалар да тұрды. Мен араларынан әзер өтіп, АЗВИ-дегі жатақханама барып жылынып, тамақ ішіп болып, қайтып барайын дегенімде тұрған жатақханамызды ішінен жауып, оқытушылар шығармай тастады. Жігіттер 2-қабаттың терезесінен секіріп шығып, алаңға кетіп бара жатты.

Әңгімеге осы жерде қайта араласқан Ләйла:

– Роза апайдың кеткеніне біраз уақыт болғанда арт жақтан үлкен-үлкен әскери машиналармен бақайшағына дейін қаруланған жауынгерлер келді де, секіріп-секіріп түсе бастады. Бастарында каска, бір қолында үлкен қалқан, бір қолында  дубинка. Түсті де алаңға жиналғандарды ай-шайға қаратпастан ұрып-соғып қуа бас­тады. «Батырға да жан керек» демекші, жұрттың бәрі жапа-тармағай қаша бастады. Сол кездегі халықтың қашып бара жатқан кейпін үйір-үйір жылқылардың жер тарпып шауып бара жатқан сәтіндегі тоқтаусыз тасқынына теңер едім. Біріңді-бірің танып болмайсың, әйтеуір, бас сауғалау. Сондай тобырда бірінің басы жарылса, бірінің көзі шығып, қан-жоса боп жатты. Біз қасымыздағы қыздар – Жанат Қажығалиева, Рауза Ақтаева (марқұм боп кетті), мен, әйтеуір алға қарай бір қадам да баса алмай тірелдік те қалдық. Алаңның шетіндегі «Океан» деген дүкеннің үлкен терезесінің алдына (подоконникке) шығып кетіппіз. Әрі қарай жүретін жер жоқ, сол жерде қаттық та қалдық. Солдаттар болса, дубинкаларын сілтеп кеп қалды. Алла жарылқап, сол жерде тізбекте тұрған жұмысшы қазақтар (дружинник) біздің бейшара болған халімізді көріп, аяп кетті ме, білмеймін «Здесь одни девушки!» деп солдаттарды тоқтатып, сол дүкен орналасқан үйдің ауласына қарай шығатын арка бар екен, бізді тез-тез сол жерден аулаға қарай өткізіп жіберді. Солай аулаға шыққан соң, жылап-сықтап жүгіріп жүріп көшені тауып алдық та, жатақханамызға қарай жаяулатып тарттық. Себебі ол кезде көліктер де тоқтап қалған еді. Ертеңіне 18 желтоқсаннан бастап сабақ уақытша үш күнге тоқтады. Жатақхана жабылды. Ешкімге ешқайда шығуға рұқсат жоқ. Тек жанымыздағы дүкеннен тамақ алуға ғана шықтық.

Бірін-бірі толықтыра, жарыса сөйлеген қыздардың жүздері ерекше алаулайды.

– Арада бірнеше күн үзілістен соң сабақ басталды. Сол-ақ екен, кейін қудалау да басталды. Ішімізде топты бастап жүретін Жанатты тұрғызып қойып: «Кім қатысты?», «Кім бастады?» деп күнде жиналыс ашады. Ол да қасқиып тұрып: «Ешкім барған жоқ» деуден жалықпады. Бәріміз іштей тынамыз. Дүмпу басылған соң қорқыныш басым бола бастады. Өйткені сол оқиға кезінде суретке түсіп қалғандарды оқудан шығарып жатыр екен деген сөз құлағымызға жеткен. Өзіміз 4-курстамыз, оқуымызды бітіргелі отырмыз. Ата-анамыздың үмітін ақтауымыз керек. Әйтеуір, суретіміз шықпады ма, оқудан шықпай аман қалдық. Тобымыздан Гүлшат Смағұлова (марқұм) есімді Ұлы­таудың қызын суретте анық көрініп қалды ма, оқудан шығарды. Кейін әкесін де қызметтен алып тастағанын естідік. Жанат Қажығалиева мен Роза Тұрсынбаеваны қазақ тілі кафедрасы аспирантураға қалдырып еді, сол кездегі ректордың қызметін атқарған Ц.Л.Фридман: «Пусть поработет в Тургайской степи, поумнеет» деп кафедрада қалдырмай, ауылға жіберді.

Сол бір оқиғаны еске түсірудің өзі қан­шалықты ауыр десеңізші. Алаңға шыққан жастардың соққыға жығылып, ауыр таяқтан қан-жоса боп сүйретіліп бара жатқаны, үстері малмандай су боп аңырап жылаған қыздар, көз алдыңнан кино лентасындай бірінен соң бірі тізбектеліп өте береді. Күні кеше болғандай көз алдыңа қаз-қалпында тұра қалғанда жүрегің елжіремей, көзден жас парламай отыра алмайсың... Көпке дейін осы оқиғаға қатысқанымызды айтуға да қорқып жүрдік. Тек осы оқиғаға оң анықтама берілгеннен кейін ғана, ішкі сырымызды ақтара бастадық. «Аққа құдай жақ» демекші, әділдік қашан да өз бағасын алады! Енді мұндай сұмдық қайталанбайды деп сенеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсыншы. Біздің содан басқа тілегіміз жоқ.

Иә, сол жылғы  желтоқсан айы қатты, сақылдаған сары аяз болатын.