Үкімет • 16 Желтоқсан, 2021

Сақтандыру саласы оңтайландырылады

276 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен отырыста Палата депутаттары сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Сақтандыру саласы оңтайландырылады

Бұл заң жобасы өмірді сақтандырудың жаңа әлеуметтік маңызды өнімдерін ендіру жолымен сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту, сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың және қор нарығында инвесторлардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту, сақтандырудың кепілдік берілетін сыныптарының тізбесін кеңейту, сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығының көрсетілетін қызметтерін цифр­ландыру, қазақстандық компаниялардың тәуекелдерін тиімді хеджирлеу үшін құқықтық жағдайлар жасау мақсатында әзірленген.

Заң жобасының негізгі мақсаты – сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту. Осы мақсатта жаңа өнімдер енгізу, қызметтерді цифрландыру, тұтынушылар мен инвесторлардың құқығын қорғау, заңнаманы үздік халықаралық практикаға сәйкес келтіру талап етіледі. «Заң жобасының бірінші блогы сақтандыру секторын кешенді дамытуға бағытталған. Сақ­тандыру секторы сақтандыру актив­терінің тұрақты өсуін және жоғары қаржылық орнықтылықты көрсетіп отыр. Нарық активтері соңғы үш жылда 76 пайызға өсіп, 1,7 трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімнің 2,3 пайызын құрайды. Заң жобасында жинақтаушы сақтандыруды дамыту үшін жаңа әлеуметтік маңызды сақтандыру өнімдерін енгізу көзделеді. Бұл мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі ауқымында жинақтаушы сақ­та­ндыру және бірлескен ерлі-зайыпты зейнетақы аннуитеті», деді Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы М.Әбілқасымова.

Агенттік басшысының айтуынша, білім беру жинақтаушы сақтандыру өнімі баланың жоғары оқу орнында оқуына ақы төлеу үшін ақшаны кепілдікпен жинақтауға мүмкіндік береді. Бұл өнім қосымша сақтандыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бірлескен ерлі-зайыпты зейнетақы аннуитеті ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстарының зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік бермек. Егер ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жинағы жетпей, ал екіншісінде артық болса, олар зейнетақы жинақтарын бірге қосып, зейнетақы аннуитетін сатып алады. Сонымен бірге төлемдерді өмір бойы алуға мүмкіндік алады. «Заң жобасының екінші бағыты сақтандыру саласын одан әрі цифрландыру арқылы сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру. 2009 жылдан бастап көлік иелері міндетті сақтандыру шартын онлайн режімде жасай алады. Қазіргі уақытта бұл шарттардың 100 пайызы электронды түрде жасалады. Цифрландырудың келесі кезеңі – сақтандыру оқиғаларын онлайн реттеуді енгізу. Кез келген адам сақтандыру ұйымдарының кеңсесіне бармай-ақ сақтандыру оқиғасы туралы өтінім жіберуден бастап, сақтандыру төлемін алуға дейінгі барлық қызметтер жиынтығын ала алады. Заң жобасының маңызды жаңалығы – міндетті авто­сақтандыру бойынша икемді тарифтеу тетігін енгізу. Қолданыстағы сақтандыру тарифтері заңнамалық тұрғыдан 2007 жылы белгіленді және сол кезден бері жаңартылған жоқ», деді М.Әбілқасымова.

Заң жобасында жіктелген сақтан­дыруды дамыту ұсынылған. Соған сәйкес, халықты кәсіби қателіктерден және кәсіпкерлердің сапасыз қызметтерінен қорғау қарастырылмақ. «Заң жобасында кепілдік берілетін сақ­тандыру кластарының тізбесі кеңейтіледі. Бүгінгі күні сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры бес сақтандыру түріне ғана кепілдік береді. Қор кепілдігі заң жобасында ұсынылып отырған барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сақтандыру кластарына, оның ішінде бірлескен зейнетақы аннуитеттері мен өмірді сақтандыру өнімдеріне қатысты қолданылады. Заң жобасында Сақтандыру омбудсменінің клиенттердің сақтандыру ұйымымен келіспеушіліктерін сотқа дейінгі реттеуі көзделеді.

Заңнамалық бастамалардың келесі блогы Қазақстанның қор нарығын одан әрі дамытуға бағытталған. Қор нарығын капиталдандыру жыл басынан бері 40 пайызға ұлғайып, 47,3 трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімнің 67 пайызын құрады», деді агенттік басшысы.

Қазақстандық брокерлер үшін клиент­тің инвестициялық бейінін міндетті бағалау туралы талап енгізілмек. Инвес­тор­лардың құқығын қорғаудағы тағы бір маңызды бастама – компанияларда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірқатар ұсынысын берді. Атап айтқанда, жеңіл жол-көлік оқиғалары кезінде және зардап шеккендер болмаған жағдайда, автокөлік иелерінің өзара келісімі бойынша полиция шақырусыз және сот шешімінсіз хаттама ресімдеп, яғни сақтандыру төлемін жеделдетілген және оңайлатылған түрде алу туралы. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың ұсынысын қолдай отырып, осы заң жобасы жоғарыда айтылғандай сақтандыру төлемінің жеңілдетілген сызбасын қолдана алатынын, яғни, полиция хаттамасын ресімдемей және әкімшілік соттың шешімінсіз болатынын айтты. Палата Төрағасының пікірінше, дәл қазір мұндай жағдайларда жүргізушілер бюрократиялық рәсімдерден аулақ болып, жағдайды өз қалталарынан шеше­тінін жақсы біледі.

Сонымен қатар отырыста депутаттар азаматтардың қор нарығына қатысу аясын кеңейту қажеттігі туралы мәселесін көтерді. Нұрлан Нығматулин жеке инвесторлардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту, ол бірінші кезекте біздің отандық қор нарығымызды дамыту үшін қажет екенін айтты.

2012 жылы Елбасы азаматтарымыздың IPO арқылы жекешелендіру процестеріне қатысу міндетін қойғанына назар аударған Палата Төрағасы «ҚазТрансОйл», «Кегок» және «Кcell» акциялары іске асырылғанын, бірақ бұл процеске, оның ішінде жекешелендіру процестеріне халықтың қатысуының ашық және қауіпсіз тетігі болмағандықтан, жеке инвестор нарыққа келмегенін алға тартты.

Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы биыл Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес туралы отырысында әрбір азаматтың ұлттық байлықтың бір бөлігін алу мүмкіндігі болуы үшін акцияларды бірінші кезекте жеке тұлғаларға – Қазақстан азаматтарына өткізе отырып, «Халықтық IPO» бағдарламасын қайта бастау міндетін қойғанын атап өтті. «Қор нарығы, шын мәнінде, қазіргі кездегідей капиталды қайта бөлу орны ғана емес, халықтың қосымша табыс көздерінің бірі болуы керек», деді Палата Спикері.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорына қатысты сауал жолдаған еді. Басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың берген жауабы депутат­тардың көңілінен шыққан жоқ. «Бір айдың ішінде халықтың алдына шығып, неге көп сұраққа жауап бере алмағандарыңызды енді түсіндім. Бір мәселеге жауап бере алмайсыз. Тікелей сұраққа сол жақтан да, оң жақтан да кіретін жолды іздеп жүресіз. Депутат тікелей сұ­рады ғой. Екі мәселені шешу керек ол үшін. Біздің заң, сіздердің бұйрықтарыңыз бо­йын­ша! Қалай басқарып жүрсіз? Соны білмей­сіз», деп сынға алды Мәжіліс Төрағасы.

Жалпы отырыс барысында Палата комитеттері «Әскери полиция органдары туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын жұмысқа алды. 

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік орган басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.