Спорт • 16 Желтоқсан, 2021

«Астана» футбол орталығы ерекше турнир өткізді

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Арена» стадионында клуб тарихында тұңғыш рет отбасылық үлкен мейрам болып өтті. «Астана» футбол орталығында тәрбиеленетін жасөспірімдердің ата-анасы, аты аңызға айналған футболшылар мен жанкүйерлер арасында турнир ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.

«Астана» футбол орталығы ерекше турнир өткізді

Аталған турнир Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.

Турнирдің ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат  Байжанов, Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының Спорт директоры Павел Демьян және «Астана» футбол клубының Бас директоры Тастанбек  Есентаев сөз сөйлеп, жастарға тілегін арнады. Турнирдің құрметті қонағы ретінде негізгі құрам ойыншылары Исламбек Қуат, Рамазан Кәрімов және Мәди Жақыпбаев қатысты.

Ресми бөлімнен кейін 11 команда ойынға кірісті. Туринирге қатысушылар арасында қазақ футболында есімі көпке мәлім Қайрат Нұрдәулетов пен Мұрат Тілешов болса, «12 Ойыншы» мен «Old Boys» фан-клуб жанкүйерлері де бір топқа бірігіп, турнирдің көркін қыздырды. Одан бөлек, трибунада жиналған қауым арасында «Астана» футбол клубының кәдесыйлары мен түрлі сыйлықтар ойнатылды.

Турнирдің жабылу салтанатында «Астана» футбол орталығының 2003 жылғы түлектері марапатталды. Еске салсақ, 2003-2004 жылғы жасөспірімдер командасы биыл ел чемпионы атанып, келер жылы УЕФА Жасөспірімдер лигасына жолдама алған болатын.

Серіктестер мен демеушілер ұсынған сертификаттар мен естелік сыйлықтар турнирге қатысқан жандарға табысталды.

Турнирге қатысқан әр жанға «Астана» футбол клубы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған, бір отбасыдай жұмылып, игі шараға атсалысқаны үшін алғыс жолдап, болашақта осындай іс-шаралардың клуб тарихында жалғасын табатынына сенім білдіреді.

1