Әлем • 16 Желтоқсан, 2021

Парижде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті

545 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парижде қазақстандық музыкалық мәдениеттің озық үлгілерін паш еткен «FORTE-TRIO» ұжымына француз жұртшылығы зор қошемет көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парижде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті

Шетелдік көрермендерді тамсандырған «FORTE-TRIO» мемлекеттік триосының бұл концерті Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған халықаралық гастрольдер аясында өтті. Қазақстандық әртістер Париж төрінде орналасқан әйгілі Сortot залында өнер көрсетті.

Ғасырға жуық тарихы бар, акустикасы ерекше бұл концерттік залды әлемдік классикалық өнердің жарық жұлдыздары ерекше бағалайды. FORTE-TRIO концерті туралы осыдан біраз уақыт бұрын Сortot залының сайтында жарияланған афиша көрермен назарына бірден ілікті. Трионың шеберлігі қазақстандық әртістердің өнерін тамашалауды асыға күткен көрермендердің көңілінен шықты.

Трио әртістері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұжымның негізін қалаушы Тимур Урманчеев (фортепиано), халықаралық байқаулардың лауреаттары Мұрат Нарбеков (виолончель) пен Шолпан Манкеева (скрипка) отандық музыкалық өнерді жоғары деңгейде көрсете білді.

Ұлттық және әлемдік классикалық репертуардан тұратын концерттік бағдарлама талғампаз шетелдік көрерменді бірден баурап алды. Әртістер халқымыздың ұлттық құндылықтары көрініс тапқан «Япурай» және «Көроғлы» туындыларын ұсынды. Сондай-ақ С.Рахманинов, К.Дебюсси, И.Брамс сынды әлемдік композиторларының үздік шығармалары орындалды. Трио Еуразия кеңістігінде орналасқан ұжым ретінде түрлі музыкалық бағыттарды шебер игергенін тағы да дәлелдей түсті. Ыстық ықыласын аямаған тыңдарман әртістерге зор қошемет көрсетіп, бірнеше рет биске шақырды. Концертке арнайы шақырылған Қазақстанның Француз Республикасындағы елшісі Жан Ғалиев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Бекхожин, ЮНЕСКО өкілдері концертке жоғары бағасын берді.

Трионың Франциядағы гастрольдік сапары 23 желтоқсанға дейін жалғасады. Келесі концерттер Theatre de la sinne (Мюлуз, 16 желтоқсан) театрында, Мэрияның тарихи сарайында (Нанси, 17 желтоқсан) және атақты «Моliere» залында (Лион, 22 желтоқсан) өтеді. Еске салсақ, «Forte Trio» – еліміздегі белгілі камералық-аспаптық ансамбльдердің бірі. Трионың шығармашылығы Қазақстанда да, шетелде де кеңінен танылған. Forte Trio Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының құрамын кіреді.